Полная версия
ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ
– Тарих қойнауына сүңгитін жорығымыздың басын қайсы кезеңнен қайырсақ екен? – деді Нар бауырларына бұрылып.
– Әрине, Алып Ер Тоңға заманынан бастаймыз, – деді Би алдындағы бабаның алып мүсініне қарап тұрып. – Өйткені, тарихи танымымызды кітаптың алғашқы беті сияқты ең ежелгі дәуірден бастаған дұрыс емес пе. Ал Алып Ер Тоңға заманы – біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасыр.
– Ендеше VII-ғасырдың қай жылдарына сүрен саламыз?
– Меніңше «Кеңістік сағатымызды» біздің дәуірімізге дейінгі 626—625 жылдардың аралығына туралайық. Өйткені, дәл осы жылдарда бабамыз Алып Ер Тоңғаны парсы патшасы Кейхосрау алдап қонаққа шақырып, оны нөкерлерімен бірге у қосылған шарапқа тойдырып, қырып тастамайтын ба еді. Біздің мақсатымыз, соның алдын алу, бабаларымызды апаттан құтқару емес пе.
– Иә дұрыс айтасың, – деді Ер тісін қайрап. – Біз бабамызды құтқар-уымыз керек. – Ойланып барып:
– Бауырлар, ежелгі дәуірден жеткен «Алып Ер Тоңға» дастан-ындағы мына жолдар естеріңде ме:
Алып Ер Тоңға келеді,
Жүз мың әскер ереді,
Оған Би мен Нар қосылады:
Жүз мың жебе кереді,
Жер қайысқан қол еді.
Тәңір сүйіп жаратқан,
Әлемді өзіне қаратқан,
Қаһарын жауға таратқан
Көк тәңірінің ұлы еді!
– Кәне, бауырлар, – деді Ер бауырларына кезек-кезек қарап. – Сағатымызды көне дәуір – біздің дәуірімізге дейінгі 626 жылдың Наурызына туырлайық.
Үшеуі де жеңдерін ысырып, «Кеңістік сағаттарының» айналарын бас-қылайды. Содан кейін оң қолдарын кеуделеріне қойып, ұран-дарын екпінмен айтады:
Біз – Тұранның ұлдарымыз,
Ерлік – басты ұранымыз!
Жорыққа сай, дайынбыз,
Текті елдің қыранымыз! —
Үшеуі де сағаттарының түймесін сырт еткізіп басып қалады.
***
Біздің дәуірімізге дейінгі 626 жылдың Наурыз айы. Парсы елінің Нейнәва қаласының маңындағы басы жайпақ, ат шаптырымдай жазық кең жота. Алып Ер Тоңғаның қалың әскері Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау үстінде. Көк жотаның бір қанат-ында күрес, жамбы ату, садақ тарту, тағы басқа сайыс өнері қызу жүріп жатыр. Сай жақтан көкпаршылардың қиқу салып даурыққан дауыстары естіледі. Жонның екінші қанатында қазан-қазан ет асылып, көже қайнатқан, саба-саба қымыз піскен қызылды-жасылды киінген әйелдер.
Жасыл жонның орта тұсындағы мереке үшін арнайы тігілген еңселі, кең асырда1 да думан қызған. Үсті мол тағамнан қайысқан үлкен дастарқанда төңіректегі тайпа көсемдері мен ақсақалдар, билер мен қол-басшылар жайғасқан. Төрдегі кең иықты, еңселі, алып денелі кісі өзгелерден ерекше көрінеді. Бәрі ақ сақалды, ақ киімді бір күйшіні ортаға алып, соның қобызбен егіле тартқан күйін қорғасындай балқып, қымыз ішіп балбырап тыңдау үстінде. Үздіге-создыға шыққан күй әуені қай-қайдағыны еске түсіріп, жауыгерлерді бір күрсінтіп алып еді. Жүректі езген көне күй буырқанып аяқталғаны сол еді, іштегі-сырттағы жауынгерлер: «Ой, бәрекелді, күйші ата! Туған елді еске түсіріп, бір жасап қалдық қой!» деп, қошемет сөздерін жаудырды. Лепес, тілектер сұйыла бергенде ішке бас күзетші кірді. Ол төрдегі алып денелі әлгі кі-сіге қарап тұрып:
– Хан ием, қияндағы жұрттан келген үш бозжігіт Сіздің алды-ңызға кіруге рұқсат сұрайды. Қалай бұйырасыз? – деді басын иіп.
– Рұқсат, кірсін.
Бәрі есікке қарап елеңдей қалған. Ер, Би, Нар аяқтарын кібіртік-теп басып ішке кіреді.
– Кәне, бұл жігіттерге көже құйыңдар!
Үш даяшы оларға бір-бір тостақтан көже ұзатты. Үшеуі ыдыс толы ұлыс көжені бір деммен төңкере ішіп, босаған тостақты қайтып берді.
– Бәрекелді! Ұлыстың ұлы күні жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын деген. Ал, енді бұйымтайларыңды айтыңдар.
Үшеуі бірден:
– Хан ием! Бізді өз қосыныңызға қабылдап алуыңызды өтінеміз. Сізге адал қызмет еткіміз келеді! – деді.
Бәрі күліп жіберді. Алып кісі:
– Сендерді «қияндағы жұрттан» дегенге, өзге елден келген жатжұрттық екен десек, түркіше сөйлегендеріңе қарағанда, өз тума-мыз екенсіңдер ғой. Қандай өнерлерің бар?
– Ән айтып, күй тартамыз… Ым…
Іштегілер қыран-топан күліп жатыр.
– Ал, жауынгерлік өнерлерің ше?
– Садақ ату, қылыштасу, күрес…
– Кәне, үшеуіне иақ беріңдер!
Үш қарашы үшеуіне оғымен үш мүйізді садақты ұстатты.
– Сырттағы, жамбыларды көрдіңдер ме?
Балалар арттарына қарап алып, бастарын изеді.
– Соларды атып құлатыңдаршы!
Үшеуі садақтарын оқтап, адырналарын жайлап тартып, жамбы-ларды асықпай, ыждахаттылықпен көздеп, атып қалады. Бірақ үшеуінің де оғы жамбыға тимей, жанай өтеді.
– На-ша-ар! Кәне, енді біздің жігіттерді шығарыңдар.
Ортаға үш жігіт шығады да, оқтаулы жақтарын бірден көтеріп, көздемей атып-атып жібереді. Үш оқ «зу-у» етіп, жамбыларды қағып түсіреді.
Алып кісі үшеуіне сынай қарайды:
– Қалай екен?!. Ал, енді үш балуанды шығарыңдар!
Асыр алдындағы парсы кілемдері төселген кең алаңға желкелері күжірейген, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған үш балуан шыға келеді. Бір қарағанда, кескін-келбеттері алып бұқадай бұл үшеуін бойлары сырықтай бауырлардың алып та, шалып та жығулары мүмкін емес-тей еді. Бірақ Нар екі жағындағы бауырларына кезек қарап, естілер-естілмес жайымен сөйледі:
– Бұлардың қолына түссек, үшеумізді үш бүктеп, лақ құрлы көрмей атып ұрар. Сол себепті, қолдарына түспеудің амалын жасап, каратэ тәсіліне салып, қарақұстарынан теуіп-теуіп құлатайық. Басқа амалдың бәріне бұлар мыңқ етпейді, – деді.
– Дұрыс айтасың, сөйтсек-сөйтейік!
Үш балуан үш жақтан анталап жақындай бергенде, бұлар олардың уысына түспей лақтай бұлт-бұлт етіп ойнақтап, сытылып шыға бере-ді.
– Үррит деген! Ептіліктерін қарай гөр!
– Қимылдарына көз ілеспейді, шіркіндердің!
Осылайша олар жолбарыстың алдындағы мысық сияқты ептілік көрсетіп жүреді де, кенет үшеуі келісіп қойғандай көз ілеспес шап-шаң қимыл-әрекетке барады. Олар мысықша көкке секіріп, шыр айналады да, бар екпіндерімен балуандардың қарақұсынан теуіп-теуіп өтеді. Қатты соққыдан есеңгіреген балуандар жерге кескен теректей гүрс-гүрс құлайды.
– Туһ, сайтан алғыр!!!
– Жарайсыңдар, жігіттер!
– Бұл жолы ерледіңдер! – деп қауқылдай даурығысты жұрт.
Алып кісі де таңданысын жасыра алмай басын шайқап, нөкер-леріне қарап:
– Пай-пай! Көрдіңдер ме бұл епті барыстарды! Жолбарыс деп жүргендерді сұлатты ғой! Бұл сайыпқырандарға үш торғауыт сауыт пен қару-жарақ беріңдер! Қосыныма қабылдадым! – дейді өктем үнмен.
Бауырлар «Ур-а-а!» деп бір-бірін қаусыра құшақтап, қатты қуа-нысты. Сол лепірген күйлерін жасыра алмай, үшеуі жұдырықтарын түйістіріп, түйілген қолдарын серпе көтерді.
Үшеуі сыртқа шығып, сауыттарын киініп қайтып келіп еді:
– О, бәрекелді! Жауынгерлік сауыттарың құтты болсын!
– Бұларды сайыпқыран батыр деуге енді жарады! – деп лепірді жұрт.
Бауырлар бұл жолы марапат-мақтауға оншалықты еліккен жоқ. Оның орнына:
– Дат, тақсыр! – деді тосыннан.
– Датың болса, айт!
– Біз сізге әрқайсымыз бір-бірден сауал қойсақ деп едік.
– Қойыңдар сауалдарыңды!
Бірінші Ер шығады алға:
– Тақсыр, осы өңірден бастап сонау Қапқаз бен парсы жұрты-ның терістігіне дейін сұғына жатқан елді Мидия, Мад елі дейді. Сол жұрт сіздің атыңызға байланысты қойылған ба? Соның анық-қаны-ғын білсек деп едік.
– Бұл сұрағыңа менің оң қол биім жауап берсін.
Оң қол би тамағын кенеп, өзіне сөз берген Алып кісіге қарап алып, сөзін бастады:
– Бұл кісіні ел-жұрты қошеметтеп Алып Ер Тоңға деп атағаны-мен, шын аты – Мәди. Ал парсылар бұл кісінің атақ-даңқынан, қаһары мен жеңімпаз, жаугершілік жорықтарынан үріккенінен «Афрасияб» деп атайды. Афрасияб парсыша – «жан түршігерлік қорқыныш пен үрей әкелетін адам» деген ұғымды білдіреді. Яғни, бұл кісінің аты аталған жерде парсылардың жылаған баласы сап тыйылып, өздері қорқыныш пен үрейге бой алдырады.
Дәл осы тұста Алып Ер Тоңға қабағын түкситіп, көзін алартып, ұртын торситады да:
– Қалай, мен қорқынышты құбыжыққа ұқсаймын ба? – деп, өзі шыдай алмай қарқылдап күліп жібереді. Қалғандары да қыран-топан күлкіге ерік береді.
Оң қол биі сөзін әрі қарай жалғайды:
– Біздің бұл парсы жұртын билеп-төстеп келе жатқанымызға екі мүшел, төрт жыл болды.
– Яғни, жиырма сегіз жыл! – деді Нар.
– Иә, дұрыс айтасың. Бір ұрпақтың өміріндей уақыт осы өңірді жайлап, билеп, қоныстанып отырғаннан кейін біздің жұртты «Мәди елі» демей не дейді?!
Енді алға Нар шықты:
– Көктен түскен қасиетті төрт кітаптың бірі Тауратта (Библияда) былай делініпті: «О, Израиілдің шаңырағы, мен сендерге алыс солтүстіктен қара нөпір халық әкелдім. Бұлар – көне халық, мәңгі жасайтын халық, оның тілін сендер білмейсіңдер, не айтқанын ұқпайсыңдар. Қалқаны – ашылған қабір сияқты. Қолдарында садақ пен найза. Олардың барлығы да – баһадүрлер. Сенің егініңді таптайды, қыздарың мен ұлдарыңды қорлайды, ірілі-ұсақты малдар-ыңды сояды, жүзімдіктерің мен бақшаларыңды отайды. Сен сенген қалаңның қамалдарын болат семсерімен жермен жексен етеді. Бірақ сол күндері, мен сендерді қолдап, жебеймін» – депті Яхва құдай-лары. Бұл туралы не дейсіздер? Сіздер, сақтар, шынымен-ақ олар айтқандай жауызсыздар ма?
Алып Ер Тоңға дәу басын шайқап, кеңк-кеңк күлді де, енді сол жағындағы нөкеріне қарап:
– Бұл сауалға, менің сол қол биім, сен жауап берші, – деді мейірлене.
Сол қол биі де бұл сауалды күтіп отырғандай шешіліп сөйлеп берді:
– Біз парсы жұртын ғана жаулап, қол астымызға қаратып қоймай, батыста сонау Вавилон, Ассирия, Палестина патшалық-тарының жерін де атымыздың тұяғымен таптап, тізе бүктірдік. Ал ар жағындағы Мысыр, Элам жұрты, мына түстік бүйрдегі Үнді жұрты бізге бас иіп, салық төлеп келеді. Егер қажет болса, оларды да баса көктеп, жерлерін жаулай аламыз. Бірақ біз олар айтқандай жауыз-дыққа, ұрлық-қарлыққа бой берген емеспіз. Рас, қарсылық көрсет-кендерін аяусыз жаншыдық, қарсылықсыз бас игендеріне рақым-шылық жасадық. Қорыққан бұрын жұдырықтайды дегендей, олар-дың салып жатқаны құр байбалам ғой. Сендер соны айтып жатқан боларсыңдар?
Нар қанағаттандым дегендей басын изеді. Енді алдыға Би шықты:
– Дүние жүзіндегі ең көне «Авеста» деген кітап бар. Бұл кітапта жер бетіндегі ең ежелгі, алғашқы дін – зороастр дінінің негіздері мен қағидалары жинақталған. Осы діннің ұйытқысы Заратуштра пайғам-бар мен Тұран даласының өкілдері, арий жұрты және сіз жайлы да әңгіме қозғалады. Менің сұрайын дегенім, Заратуштра пайғамбар мен сіздің араңызда қандай байланыс бар? Міне, сол жөнінде білсек деп едік.
– Ә, сен Зәрдаш пайғамбар туралы айтып тұрсың ғой, – деді Алып Ер Тоңға бурыл тартқан қаба сақалын тарамдап. – Ол біздің туған ғой, Бозаттының баласы. Хазар2 мен Арал маңында түйе бағып, ой қуып жүріп, пайғамбарлықты нәсіп еткен. Бір Тәңір – Күн Тәңіріне ғана сиынуды уағыздағаны үшін тұрандықтардың қысымына ұшырап, парсы жұртынан пана тапты. Сый-құрметіне бөленіп, дінін таратты. Жалпы оның уағызында көп пайдалы жайттар бар. Мен Зәрдаш бабамыздың хақ дініне осы жерде көз жеткізіп, бабамыздың ілімін өз халқына қайтаруды парыз санап жүрмін. Елді бір қаған билейтіні қандай хақ болса, жер-дүниені де бір Тәңірі билейтіні сондай хақ емес пе. Бізді осы бірлік бай-ланыстырып тұрған шығар. Ал, Әуезді кітап дегеніңді мен білмейді екенмін.
– Ер баба, «Авеста» деңіз, оны білмейтін де жөніңіз бар. Ол кітап сіздердің заманыңыздан V ғасыр кейін барып дүниеге келген ғой.
– Сен бала, көріпкелсің бе, мұның бәрін қайдан білесің?.. Е, мейлі, мұның бәрін кейін сұрастыра жатармыз. Ал, қазір…
Дәл осы кезде сырттан қарашы кіріп:
– Хан ием, Мысыр елінен елші келді. Қабылдауыңызды сұрайды, – деді басын иіп.
– Кір – сін! – деді Алып Ер Тоңға екпінмен.
Жанында екі зәңгі серігі бар ұзын бойлы қара сұр кісі кіріп келді. Ол сырты оймышталып, алтындалған папирус қағазының орамасын жазды да, үзіп – үзіп былайша оқып шықты:
– Жер жүзінің жартысынан көбін жаулап алған, жеңімпаз әміршім! Мысыр елінің патшасы Нехо перғауын Сізге жалынды -жалынды сәлем жолдайды. Сізге деген құрмет пен берілгендіктің өтеуі ретінде екі керуен асыл бұйымдар мен алтын-күміспен көм-керілген тарту-таралғыларды перғауынның мерекелік сый-тартуы ретінде қабылдауыңызды сұраймыз. Және сонымен бірге әр ай сайынғы алым-салықты да уақтылы жеткізіп тұруға міндеттенеміз. Соның өтеуі ретінде біздің елімізге әне-міне басып кіруге дайын тұрған қосыныңызды тоқтатуға бұйрық беруіңізді өтінеміз.
Сіздің атақ-даңқыңыз аспандап, қазынаңыз молая берсін деген ізгі тілекпен Нехо перғауын».
Елші айтып болдым дегендей қолын кеудесіне қойып, басын иді. Қолындағы ораулы папирусты Алып Ер Тоңғаның нөкеріне берді де, өзі бұрынғы орнына қайтып барды.
– Мейлі, Мысырға шабуыл жасауға асықпай-ақ қояйын, —деді Алып Ер Тоңға елшіге сынай қарап. – Дегенімен, Нехо перғауыныңа айтып бар, алым-салығын бұрынғыдан екі есе көбейтсін, сонда ғана өтініштерің орындалады.
– Болсын, тақсыр! – деді елшілер тағы да иіліп тағзым етіп. Сол күй-лері кері шегініп, шеткерірек барып тұрды.
– Даяшылар қайда, бұларға да кесені толтырып наурыз көже құйсын. Өздері жарытып тамақ ішпей ме, арық қатпа екен. Елдеріне біраз шыр жинап кетсін.
Айнала отырғандар патшаларының сөзіне тағы рақаттанып күліп алды.
Даяшылар оларға көже толы кесені ұсынып жатқанда, сырттағы қарашы қайта кірді:
– Хан ием, Кейхосрау шах хатшысын жіберген екен, алдыңызға кірсін бе?
– Бұл жиен нағашысын не себептен еске алып, керек етіп қалды? Кірсін.
– Кейхосроуды неге жиен дейді? – деді Нар Бидің құлағына сыбырлап.
– Өйткені, оның әкесі Сияуыш тұрандық қызға үйленген.
– Сияуыш Алып Ер Тоңғаның қолынан мерт болған жоқ па еді?
– Иә, кескілескен бір соғыста Алып Ер Тоңғамен жекпе-жекке шы-ғып, ажал құшты. Ал баласы Кейхосрау әкесінің орнына таққа отырыпты ғой.
Осы кезде сусар бөрік, түйе жүн қоңыр шапанды хатшы кіріп келді де, иіліп тағзым етті.
– Ұлы тәңірқұт! Кейхосрау Сізді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, дұғай-дұғай сәлем жолдады. Егер мүмкіндігіңіз болса, бүгін жиеніңіздің мерекелік дастарқанының құрметті қонағы болса екен деп, ілтифат етті.
Алып Ер Тоңға дөңгелек жүзі шырайланып, ақ жарыла күліп алды да:
– Енді, жиеніміз жайылып жастық, иіліп төсек болып жатса, нағашысы неге бармайды екен. Барамыз! Бар, солай сәлем айтып бар!
Ер Нардың құлағына еңкейіп:
– Осы дастарқанда емес пе, Алып Ер Тоңғаның адамдарын шетінен мас қылып, шараптарына у қосып қырып салатыны?
– Иә, осы дастарқанда.
– Ендеше сол жайды айтып, барғызбай қойсақ қайтеді?
– Жоқ, болмайды, – деді Би. – Біріншіден, «Тәңірқұттың екі сөйлегені – өлгені», тәңірқұт «барамыз» деп уәде берді. Екіншіден, осындай Ұлыстың ұлы күні тұрандықтардың дәстүрі бойынша, жауының да дастарқанынан бас тартпайтын салт бар. Кейхосраудың есебі де осы емес пе. Сондықтан, бұл жолы үндемейік, ал барған соң бір мәнісін табармыз.
***
Шахтың мейман күтетін кең залы. Дөңгелене жасалған кең үстел. Төрде нағашылы-жиен болып Алып Ер Тоңға мен Кейхосрау отыр. Алып Ер Тоңғаның оң жағына – тұранның игі жақсылары – уәзір, билер мен ақсақалдар, қолбасшылар мен нояндар, Кейхосраудан төмен парсының игі жақсылары жайғасқан. Ал, Ер, Би, Нар есік жаққа жақындау орналасқан. Үстел үстінде тұрандықтардың ұлттық тағамдары – үйме табақ ет, қазы-қарта, қымыз, бауырсақ, ірімшік, ұлыс көже тағы басқа тағамдар.
Би жанындағы бауырларына сыбырлайды:
– Бауырлар, байқадыңдар ма, дастарқандағының бәрі – тұрандықтардың ұлттық тағамдары. Демек, бұл – қонақтарына деген сый-құрметтің белгісі, қонақтарының көңілін көтеріп, жайлан-дырудың бір тәсілі. Ал, дастарқанның екінші бөлігінде меніңше, парсының ұлттық тағамдары мен шараптары әкелінеді. Сөйтіп, қонақтарын жақсылап сыйлап, қыздыра отырып, өздері де мерекелік көңіл күйге енеді. Сондай қызу отырыстың үстінде қонақтардың алдына улы шараптар қойылады… Түсіндіңдер ме, бауырлар?
– Түсіндік.
– Ендеше сылтауратып далаға шығайық. Сол жерде ақыл-дасармыз.
Үш бауыр орындарынан тұрып, күтуші жігіттерге далаға шығу-дың ым-ишарасын жасайды. Олар бірден түсініп, біреуі оларды сыртқа ертіп әкетеді.
***
Үшеуі дәретханада тұрып, бірден жоспарға кіріседі.
– Бауырлар, біздің ең басты мақсатымыз, ас үйге бару екенін білесің-дер ғой?
– Иә, білеміз. Жаңа келе жатқанда ас үйдің қайда орналасқанын байқап алдық қой. Осы үйдің батыс қанатында, төменде екен.
– Ендеше, мына ашық терезеден төмен түсуіміз керек. Бауырлар, белімдегі арқанды шешіп алыңдаршы, – Ер көйлегінің етегін жоғары көтереді. Нар мен Би оның беліндегі ораулы арқанды тарқатып, босатып алады. Оның бір ұшын терезе жақтауына байлайды да, екінші ұшын терезеден ары асырып жібереді.
***
Үшеуі дәліз бойымен еппен, мысықтабандап жүріп, асхананы тауып алады. Бірақ есігінің алдында бір күзетші тұр екен.
– Енді не істейміз? – деді Ер қобалжып. – Әлде оның көзін жоғалтамыз ба?
– Жоқ, болмайды, – деді Би. – Парсылар күдіктенсе, жоспар-ымыз жүзеге аспайды.
– Онда қандай амал бар?
Бауырлар ойланып қалды. Бір кезде Нар:
– Мен қазір күзетшінің алдына барамын да, адасып кеткенімді айтып, қонақ күтетін залдың қайда екенін сұрап, шалғытып тұра-мын. Сендер сол кезде байқатпай кіріп кетесіңдер. Ал, мен жөнелдім.
– Жолың болсын!
Нар күзетшінің алдына барып, адасып кеткенін айтып еді, ол қонақ балаға ұзын дәлізді көрсетті де:
– Осы дәлізбен тіке жүре берсең, оң жағыңнан жоғары көтер-ілетін текпешекті көресің. Сол арқылы келесі қабатқа көтеріліп, оңға бұрылсаң, оюлы алтын есікті көресің. Міне, сол өзің іздеген қонақасы беретін үлкен бөлме.
Нар рақмет айтып, дәлізге қарай аяңдады.
Дәл осы уақытта, Ер мен Би күзетшінің арт жағынан асханаға өтіп, аспазшылар мен даяшыларға байқалмай, үстелдің астына кіріп кетеді. Соның астында тұрып, үстел-жапқыштың арасынан сығалап, асханадағы бар жайды бақылап отырады.
Аз өтті ме, көп өтті ме, бір уақытта асханаға бас уәзір кіріп келеді. Ол бас аспазды оңаша шығарып, бір шынысауытты ұстатады да, құлағына сыбырлап бір нәрселерді түсіндіреді. Аспаз «түсіндім» дегендей басын изейді. Уәзір кеткеннен кейін бас аспаз шыны-сауыттағы сұйық-тықты іргеде қаз-қатар тұрған төрт құмыраға құйып шығады.
– Көрдің бе? – деді Ер бауырына қарап. – Құмыраларға у құйып шықты. Енді оларға шарап құяды да, қонақтарының алдына апарады. Әне, бас аспаз даяшы жігіттерге кетті. Біз оларды тезірек басқа құмыралармен алмастырайық.
Екеуі жүгіріп барды да, у құйылған құмыраларды алып, олардың орнына басқа құмыраларды ауыстырып қойды. Әлгі құмыраларды өздері жасырынған үстел астына апарып жасырды да, өздері еппен жылдам жүріп, асхананың шығар есігіне беттеді.
– Енді күзетшіден қалай шығамыз? – деді Ер.
– Былай болсын, – деді Би. – Біз үшеуміз егіз қозыдай ұқсас емеспіз бе? Мен қазір Нар болып күзетшіге барайын да, адасып кеткенімді айтып, жолды тағы сұрайын. Ол түсіндіріп жатқан кезде, сен сытылып шығып кетесің. Жарайды ма?
– Болсын, – деді Ер.
Би сыртқа шығып, күзетшіге жақындады. Күзетші көзі шара-сынан шыға таңданып:
– Сен мұнда қайдан жүрсің?! Мен әлгінде ғана саған жол көрсетіп едім ғой, – деді.
– Рас, көрсеттіңіз. Бірақ мен байқаусызда басқа жаққа бұры-лыппын. Содан адасып жүріп, асхананың қызметшілеріне арналған екінші есігінен кіріп кетіппін. Маған жолды асықпай қайта түсіндірсеңіз.
– Онда жүр, – деді күзетші Биді дәлізге таман ертіп әкеліп. – Жақсылап ұғып ал. Осы дәлізбен тіке жүре бересің, оң жағыңнан жоғары көтерілетін текпешекті көресің. Сол арқылы келесі қабатқа көтеріліп, оңға бұрылсаң, оюлы алтын есікті көресің. Міне, сол өзің іздеген қонақасы беретін үлкен бөлме. Енді адаспай тауып бар.
– Рақмет, – деді де Би дәлізге қарай аяңдады.
Ер сол уақытта күзетшіге байқалмай сытылып шығып кетеді.
***
Ала көлеңке бөлме. Бөлменің екі жағына ұзынынан қойылған сәкілерде тұрандықтар сұлап-сұлап қалың ұйқыда жатыр. Бір бүйірде жатқан бауырлар орындарынан тұрады да, Алып Ер Тоңғаның жанына жетіп барады. Қорылдап, қатты ұйқыға берілген оны үшеуі үш жақтан тартқылап, әрең оятады да, ақырын сөйлеп бар жағдайды түсіндіреді.
– Мүмкін емес! – деді Алып Ер Тоңға таңданып. – Біз тірі қалдық емес пе!
– Өйткені, біз улы құмыраларды ауыстырып қойдық. Содан тірі қалдыңыздар.
– Түк түсінсем бұйырмасын! – деп, Алып Ер Тоңға басын шайқайды.
– Көп кешікпей қаруларын жалаңдатып, парсылардың өздері де келіп қалуы тиіс. Сонда бәріне түсінесіз. Ол үшін біздің адамдар ояу күйде қаруларын сайлап, дайын жатулары керек.
– Онда бәрін оятыңдар! – деді Алып Ер Тоңға бір сілкініп. – Дайын болыңдар десеңдер, дайын жатайық.
***
Бір уақытта сырттан адамдардың топырлап жүрген дыбысы естіледі. Жатын бөлмеге соңына қарулы нөкерлерін ерткен Кейхосрау шах кіріп келеді. Қолдарындағы май шамның жарығын үйдегі жатқан адамдарға түсіріп, барлап қарайды.
– Әне, бәрі тарақан құсап тырапай асып қырылып жатыр, – деді бас уәзір қуанышты үнмен. – Демек, кешегі жеңімпаз жауларыңыз бүгін табаныңыздың астында, шах ием!
– Қайран, Афрасиаб! – деді Кейхосрау шах масаттанып. – Сен осылай қор өліммен жер жастанам деп ойлаған да жоқ шығарсың. Мен әкемнің кегін, халқымның кегін қайтардым! Бүгіннен бастап сақтардың, тұрандықтардың күні өшті. Ұлы парсылардың күні туды! Бүгінгі күнді мен «Сақалардан құтылған күн, Сақа байрамы!» деп жариялаймын. Ал, әскерім, қылыштарыңды қындарынан суырың-дар! Жайрап жатқан сақалардың басын аламыз!
Дәл осы кезде Алып Ер Тоңғаның да жолбарыстай айбынды, арыстандай айбатты дауысы шығады:
– Ал, арыстарым, алдаспандарың мен наркескендеріңді көтеріңдер! Парсылардың пасық бастарын біз домалатамыз!
Осыны айтуы мұң екен, сұлап жатқан тұрандықтар орындарынан ұшып-ұшып тұрып, қылыштары мен айбалталарын жарқ еткізіп, көкке көтереді. Парсылар не болғанын түсінбей, ауыздарын ашып, қалшиып тұрып қалғанда, тұрандық баһадүрлер оларға лап қояды.
Алып Ер Тоңға шах Кейхосрауды лақ құрлы көрмей жұлмалап жат-қанда, Ер, Би, Нар бас уәзірге бас салып, үшеуі үш жақтан жабылып, оны кескілеп тастайды.
Парсыларды баудай түсірген жеңімпаз тұрандықтар көп өтпей аттарына қонады. Ал атқа тақымдары тигеннен кейін оларға ешқандай жау төтеп бере алмайтыны белгілі емес пе.
***
Үшеуі сарай сыртында тұрандық сайыпқырандардың ат үстінде әрі-бері ойқастап, парсының аттылы, жаяу-жалпылы әскеріне «әңгір-таяқ» ойнатып жатқанын көріп, кеуделерін бір түрлі мақта-ныш па, әлде биік рух па, бір керемет күш билеп кетті.
Қайратты шашы тікірейіп кеткен Ер бауырларына кезек-кезек көзі ұшқын ата қарап қойып:
– Біздің де қолдан бірдеңе келеді екен ғой! – деді лепірген көңілмен.
– Иә, келеді екен! – деді екеуі оны қостап. Үшеуі әдеттегідей бір-біріне жұдырықтарын түйістіріп, артынша түйілген қолдарын көкке көтерді.
«Скиф Анахарсис Гнурдың ұлы және скиф пат-шасы Кадиудтың бауыры еді; оның шешесі грек қызы, сондықтан да ол екі тілді де білетін. Ол
скифтер мен эллиндықтардың дәстүрі, өмірді
жеңілдетудің жолдары туралы жазды және әскери айла-тәсілі жөнінде сегіз жүз өлең шығарды. Ерекше шешендігімен көзге түсті, «скифтік сөйлеу мәнері» деген мәтел оның осы қасиетіне байланысты қалыптасқан».
Диоген Лаэртский, «Әйгілі философтардың
өмірі, тағылымы және шешендік сөздері туралы».
«Ұзақ сапардан соң Анахарсис Скифияға
оралып, өз тумаларына эллиндер тұрмысын үйрете бастады. Бірақ іс атқарып, сөзін аяқтағанша оққа ұшып, мәңгілік өмір сүрушілер қатарына қосылды».
Диоген Лаэртский.
Анарыс – жеті ғұламаның бірі
Би мен Нар алаңдағы күрес жаттығуынан кейін үстеріндегі күрткелерін шешіп, жеңіл футболкаларын киіп алды. Екеуі орын-дыққа сұлап, әлгі киімдерін бастарына қойып жастанып, айқаса жатқан күйі алқынған демдерін, терлеп-тепшігендерін басып, біршама үнсіз дамылдады. Нар ұялы телефонына жармасып, ғалам-тор желісінен мәліметтер қарауға кіріскен. Ал, Би орындық жақтауындағы сөмкесінен жазба дәптерін алып парақтап, сондағы жазғандарын саралап оқып отырып, бір қиялға кіріп кеткенін байқамай қалды.
– Не ойлап отырсың? – деді Нар басын көтеріп.
– Ертедегі эллиндер Анарыс бабамызды – Анахарсисті айтамын, құрмет тұтқандары сондай, қабірінің басына арнайы ескерткіш белгі орнатып, тұғырына «Тіліңе, құлқыныңа және он екі мүшеңе ие бол» деп, өз сөзін ойып жазыпты. Сол ұлы бабамыз жайлы ойлап кеткен екем.
– Иә-ә, қалай еді… – Нар маңдайын ұстап, бір жайды есіне түсіріп әуреленді.
– Би, олар мына өлең-жырымен бабамызды аза тұтқан екен:
Жат жерді кезген Анарыс скифтерге оралды,
Туғандарын эллинше оқытуды қолға алды.
Алайда данышпанның тіл, ақылы кесір боп,
Қауырсынды сұр жебе арқасына қадалды…
Екеуі осы өлеңнің мән-мағынасын терең ұққысы келгендей біраз үнсіз жатты. Аздан соң Би:
– Со-ла-ай, – деді Нарды қоштап. – Эллиндер бабамызды әлемдегі жеті данышпанның қатарына қосып, оның айтқан қанатты сөздерін «Скиф осылай дейтін» деп ауыздарынан тастамай айтып жүргені де сол құрметтері емес пе.