Полная версия
ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ
ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ
Кеңес Оразбекұлы
Редактор Жақсылық Кенжалиев
Иллюстратор Құралай Үмбетова
Дизайнер обложки Гүлмінез Дүйсен
© Кеңес Оразбекұлы, 2020
© Құралай Үмбетова, иллюстрации, 2020
© Гүлмінез Дүйсен, дизайн обложки, 2020
ISBN 978-5-0051-0306-2
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
Ұлы Дала елі тарихи тұлғалары мен оқиғалары
Редакторы: Жақсылық Кенжалиев.
Суретшісі: Құралай Үмбетова.
Дизайнері: Гүлмінез Дүйсен.
«Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нардың ерлік жорықтары» – балалар мен жас жеткіншектерге арналған, еліміз тарихындағы сонау ежелгі сақ, ғұн, түркі және хандық дәуірлерді көктей шолып, сол дәуірлерде өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмір-тіршілігін көркем тілмен баяндайды. Сонымен бірге Ер, Би, Нар атты бүгінгі заман балаларының «дәуір сағатымен» кеңістік ауыстырып, тарихи кезең-дерге жасаған шым-шытырық оқиғалары, тұран баһадүрлерін құт-қарған ерлік жорықтары арқылы бүгінгі балалардың ой-армандарын жүзеге асыруды көздейді. Былайша айтқанда, автор қазіргі заманның Ер, Би, Нар атты басты кейіпкерлерін шет жұрттың Өрмекші адам, Гарри Поттер сияқты танымал кейіпкерлері дәрежесіне дейін көтеріп, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар қазақтың төл қаһармандарын қалыптастыруды басты мақсаты еткен. Автор бұл ой-мақсатын қандай дәрежеде жүзеге асырғанын өздеріңіз таразылай жатарсыз-дар, құрметті оқырман.
Тарихи-танымдық бұл хикаят тұран баһадүрлері – Алып Ер Тоңға, Анахарсис, Тұмар ханым, Мөде қаған, Аттила, Күлтегін, То-ныкөк, Әл Фараби, Қайырхан, Жәнібек хан сынды тарихи тұлға-лардың ірі болмыстарын танытып қана қоймай, олардың әлемдік өркениетке қосқан үлестерін, соғыс өнеріндегі тактикалық әдіс-амалдарын, аңызға айналған өмір-тіршіліктерін шынайы түрде ашып көрсетуге тырысқан.
Шығарманың тілі жеңіл, шытырман оқиғалы, оқырманын үлкен-кіші демей бірден баурап әкетеді. Балалар мен жас жеткіншекті тарихын сүйіп оқуға құлшындырып, олардың бойына білімдарлық, ұлтжандылық, отаншылдық, имандылық сияқты биік рухты қасиет-терді дарытуға ұмтылдыратын қасиеттерге ие.
Балалар әдебиетінің жоғын түгендеген құнды шығарма
Кеңеспен және оның шығармашылығымен бұрыннан таныспын. Әрине, бұрын баспасөз беттерінде жарияланып жүрген әңгімелерін оқып жүрсем, кейін кітаптарын оқи бастадым. Жалпы Кеңес бауырым балалар жазушысы болып өмірде бірден жаралғандай болып көрінеді маған. Елуді еңсерсе де осы күнге дейін оның жан дүниесінен бала мінез, адами пәктік сол саф алтын күйінде сақталған. Бұл Кеңкеңнің сом адами болмысы деп білемін. Балалық мінездің сақталуы бір жағынан ат жалын тартып мінгеннен бері ол тек балалар баспасөзінде үздіксіз істеп келе жатқанынан да болар деп болжаймын. Қысқашалап айтсақ, ол бүкіл ғұмырын (әрі болашақта да солай болар) балаларға арнаған баһадүр жазушы.
Бүгін мен шама-шарқым жеткенше ойымды, пікірімді білдірейін деп отырған «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нардың ерлік жорықтары» атты оның шығармасы, атап айтқанда тарихи-танымдық, фантастикалық хикаяты өзгелерге ұқсамайтын ерекше дүние екенін бірден баса айтқым келеді. Осы жерде бір айтып кететін жайт, балалар әдебиеті жазушылары қатарында Кеңекең менен бұрын да аты нық орын алған сақы жазушы. Неге екенін білмедім, осы шығармасы туралы маған пікір білдіріңізші дегенде мен іштей қысылдым. Әрі осындай мықты жазушы маған қолқа салғаны мені қатты қуантты. Бұл туындының қазақ балалар әдебиетінде ерекше тың шығарма екенін тағы да қайталап айтамын. Оны балалар әдебиетімен таныстығы бар кез келген адам айтады ғой деген ойдамын. Алдымен оның тақырбының өзі ешкімге ұқсамай-тындығымен андағайлап тұр. Бір қарағанда тақырып тым шұбалаңқы көрінеді. Бағамдап, бажайлап қарап тұрсаң, одан артық сөзді таба алмайсың. Бәрі орын-орындарында жеңіл айтылады, балалар түгілі ересектердің өздерін оқуға бірден құлшындырады.
Балалар әдебиетінде жетпейтін, жазыла бермейтін, әлі жазыл-маған тақырып, ол – тарихи тақырып. Қай ел, қай ұлт болсын болашағы балаларына алдымен тілін, содан соң тарихын үйретуге, олардың жадына сіңіруге тырысады. Осы екі саланы сіңірген ұрпақ аяғын нық басады, ұлтынан кетпейді, отаншыл болады. Сондықтан олар тарихи дүниелерге зор зейін қояды. Ал біздің жазушылар бұған жолай қоймайды. Кеңес бауырым бұл тақырыпқа батыл да, біліп барған. Біліп барған деуім осы тақырыпқа бару үшін алдымен өзің сол тарихты бүге-шүгесіне дейін білуің тиіс. Мінеки, қысқасын айтқанда ол осы аталған шығармада тарих әлеміне кейіпкерлерімен бірге саяхат жасайды. Тек қана саяхат жасамайды, ондағы оқиға-ларға үшем Ертөре, Битөре, Нартөре баһадүрлер өздері араласады. Өздері жаумен шайқасады. Мұндай әдіс шетел әдебиеттерінде бар. Олардың кейіпкерлері де өткен тарих әлеміне ғажайып қияли құбылыс арқылы шегініс жасап, ондағы кейіпкерлерімен бірге жүреді және оқиғаға араласады. Кейбіреулер ойлағандай бұл әрекет арқылы тарихқа қиянат жасалмайды. Бұл әдебиетте, өнерде, кинода бұрыннан бар әдіс. Кеңес оны тың жол – қазақи жолмен балаларға түсінікті оқиғалар арқылы әдемі өріп отыр. Ер, Би, Нардың ерлік жолдары үнемі «Ерлік алаңынан» басталады.
Біз Тұранның ұлдарымыз,
Ерлік – басты ұранымыз.
Ойын да соған дайындық.
Отаншылдық – жыр-әніміз! —
деген ұранмен тарих әлеміне сүңгиді. Бұл біздіңше сәтті қолданыс. Жақсы әннің қайырмасы іспеттес. Шығарманы оқып шыққанда таң қалғаным, сол оқиғалар ортасына өзің де еріксіз кіріп кетесің. Тілі жеңіл. Ойы ырғақты. Оқиғаларға жай кірмейсің, үш батырмен бірге ерлік жорықтарында ұран айтып, бірге шайқасасың. Бір оқиғадан соң бір оқиғаға араласуға, тарихи кейіпкерлермен кездесуге асығасың. Меніңше шығарманың құндылығы да осында. Бұл Кеңестің шығармашылығының хас шеберлігі дер едім.
Әрине, біздің балалар әдебиеті жетімнің күйін кешіп жүргенін жақсы білеміз. Мемлекетіміз осы Кеңес тәрізді талантты жазу-шыларға қамқорлық жасамай отырғаны бізді қатты қынжылтады. Әйтпесе осы шығарманы әдемі суреттермен безендіріп, үлкен кітап етіп шығарса, біздің балаларымыз қалай қуанар еді, шіркін! Бұл кітаптан сериалды кино шығарса біз қалай ұтар едік. Әрине, мен бұл шығарма жайлы қып-қысқа ғана тұжырымды ойымды білдірдім. Шығарманы болашақта кеңінен таныстырып, оның бағасын беру сыншылардың еншісінде. Мен әзірге Кеңес бауырыма балалар әлемін өзіне баурап алатын, тәуелсіздігіміздің ұландарын тәрбиелей білетін ғажайып туынды тудырғанына алғысымды айта отырып, зор шығармашылық табыс тілеймін.
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,
«Қазақстан-Zaman» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушы-лар одағының мүшесі.
«Өз тарихын білген халық бақытты ғұмыр кешеді».
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)
«Орыстың ұлы ғалымы Ломоносовтың қиянатқа
шыдамай, қыруар жұмысын жинап қойып, тарих-пен шұғылданғаны бар. «Неге бұлай істедің?» деген
әріптестерінің сауалына: «Ұлттық сананы қалып-тастыруда тарихтың атқаратын міндетін өзге бірде-бір ғылым атқара алмайды» деп жауап қайырған».
Б. Д. Греков «Ломоносов – историк.
Историк – материалист» кітабынан.
«Сауатымызды ашсақ, оның үстіне шет жұрт-тың бірер тілін біліп, азды-көпті жазба мәде-ниеттермен таныссақ болғаны, үш мың жылдық тарихы бар халқымыздан отыз жастағы өзіміз білгір болып шыға келеміз. Халықта ештеңе
жоқ және ештеңе білмейтін секілді».
Әзімхан Тышанұлы, доцент, ғалым,
Шыңжаң халық баспасының аға редакторы.
Үркерліктер
Сарыағаш кентінің орталық көшесі саябаққа келіп тіреледі. Жазда демалыс кезі болғандықтан, балалардың көбі осы саябақта. Майда балалар ойын алаңындағы әр түрлі әткеншек, сырғанақтарды ермек етсе, ересектері көбіне спорт алаңы мен шағын стадионды айналшықтайды. Балалардың тағы бір сүйіп ойнайтын жері – саябақ төріндегі «Ерлік алаңының» маңы. Шеңберлене салынған алаңның бір бүйірінде – ескерткіш-монумент. Онда дала қаһармандары, Тұран ерлері – Алып Ер Тоңға, Тұмар ханым, Шырақ батыр, Мөде қаған, Еділ патша, Қайыр хан, Бейбарыс сұлтанның қоладан құйыл-ған сом бейнелері қаһарлы да сұсты көрінеді. Ескерткіш-монумент «Тұран қаһармандары» деп аталғанымен, балалар ескерткіш алдын-дағы алаңды өздерінше «Ерлік алаңы» деп атап кеткен. Бұл алаңды әсіресе бір үйдің үшем егіздері – Ертөре, Битөре, Нартөре сүйікті орындарына айналдырған. Үйлері саябақтың іргесінде болған-дықтан, уақыттарының көбін осы алаңда өткізеді. Семсерлесу, күрес, тир ату, асық ойындарын ойнайды немесе үшеуі ескерткіш алдындағы орындыққа жайғасып алып, кітап оқиды. Әке-шешелері олардың ел тарихын сүйіп оқитынын және ерлікқұмарлықтарын ескеріп, күні кешегі 13 жас – мүшел тойларында үшеуіне «Дала қаһармандары», «Қазақ батырлары», «Тарихи тұлғалар» атты көркем суретті әдемі кітаптар сыйлаған. Міне, осы кітаптар соңғы кездері олардың қолдарынан түспейді. Ұзынша орындыққа жайғасып алып, біреуі кітапты дауыстап оқыса, қалғандары оны ұйып тыңдағанды сүйеді. Тіпті үйлерінде де жастанып оқуды әдеттеріне айналдырған.
Үшем болғандықтан, үшеуінің де түр-келбеттері егіз қозыдай ұқсас. Киіп жүретін киімдері де бірдей. Сол себептен былайғы жұрт үшеуін жиі шатастырады. Ал ата-аналары мен достары оларды тек шаштарына қарап қана айыратын. Үшеуін түстеп тану үшін әкелері Еділ олардың шаштарын әрдайым үш түрлі алғызатын. Ертөренің кекіл шаштары тікірейіп тұрса, Битөренің төбесінде – желкілдеген айдар, Нартөреге екі самайынан тұлым қойғызған. Бірге ойнайтын балалар олардың аттарының «төрелерін» алып тастап, Ер, Би, Нар деп қысқартып атайтындары былай қалып, кейде «тұлымды», «кірпі», «айдарлы» деп те атайтын. Ал үшеуі оған ренжімейді, қайта сол ерекшеліктерін мақтан тұтатын сияқты. «Ата-бабамыздан қалған шаш қою үлгісі ғой. Біз сол ер бабаларымыздың ғұрпын қайта жандандырдық. Ер болсаңдар, сендер де сөйтіп шаш қойыңдар-шы», – дейді. Ал әлгілер содан кейін жым болғаны былай тұрсын, олардың сол ерекшеліктеріне ауыздарын аша қарап, іштей қызығып та қалады. Бірақ сондай ерлікке тәуекел ете бермейді.
Балалар бүгін де Ер, Би, Нарға еріп, «Ерлік алаңына» келді. Үшемді орталарына алып, қаз-қатар тұрды да, күндегі әдеттерінше бабалар монументіне тағзым етті. Артынша бәрі қолдарын кеуделеріне қойып:
Біз – Тұранның ұлдарымыз!
Ерлік – басты ұранымыз!
Ойын да соған дайындық,
Отаншылдық – жыр-әніміз! —
деп девиз-ұрандарын айтты. Содан кейін өздері қалаған ойын-дарына кірісіп кетті.
Ақшам жамырай балалар үйлеріне біртіндеп тарай бастады. Айсұлтан: «Ой, көріп жатқан сериалым басталып кетті. Мен жөнелдім» деп, үйіне жүгіре жөнелді. Еркін: «Үйдегілер күтіп қалды. Тамақ ішетін уақыт болды» деп, інісін ертіп ол да үйіне зытты. «Компьютердегі ойыным қалып қойды» деп, Бердімұрат та тайды. Бір кезде алаңда ағайынды үшуі ғана қалды. Олар қобалжыған жоқ, «Біздің әке-шешеміз қызметтерінен кеш келеді. Оған дейін кітап оқи тұрайық» деп, үйреншікті орындықтарына жайғасты. Олар кітап беттерін аударыстырып қарап, суреттерін тамашалап, әрқайсысы өз-өзімен болып кетті.
Мезгіл наурыз айының соңғы ширегі тұғын. Оңтүстіктің ерте басталатын көктемі нағыз дер шағында. Айнала атыраптағы ағаш-тардың балауса, жап-жасыл жапырақтары көз сүйсіндіре баурайды. Сонау әткеншек тұстағы ағаштардың шешек атқан қызыл торғын гүлдері түбінде ойнап жүрген балдырғандардың шоқ көңілдерімен еселене құлпырып көрінетіндей. Кенет саябақ қоршауы сыртынан бір әйелдің: «Әй, Әлима, Шәріп, бол, үйге қайтыңдар! Тамақтарың суып қалды…» деген даусы шығып еді, ондағы балалар да біртіндеп үйлеріне тарап кетті. Кешкі ымыртта ағаш арасындағы құстардың орын-орындарына жайғасып жатқан шиқылдары ғана назар аудар-тады. Біршамадан кейін олардың да үндері өшті. Тылсым тыныш-тықты кенет бір тұстан шыққан гуілдеген дауыс бұзды. Әрқайсысы өз ойымен болып отырған балалар бастарын көтеріп елең ете қалды. Үшеуі құлақтарын түріп, дауыс шыққан көкке шұқшия қадалды. Жұлдызды аспаннан, шынын айтқанда, беріден, яғни, тікұшақ ұшатындай жақыннан асты-үсті жарқыраған «тәрелкені» көргенде, олар есеңгіреген балықтай ауыздарын ашып, сол тұрған күйлерінде қақшиды да қалды. Тұла бойларын белгісіз ток күші кернегендей тітіркендіре шымырлатты. Ал әлгі «тәрелке» болса өткір сәулелі шамдарын мың құбылта ойнатып, жайымен жылжып, ескерткіштің тұсына жақындай берді.
– Беймәлім ұшатын объект! – деді Нар таңғалысын жасыра алмай көзін бақшитып.
– Тура біздің төбемізге ұшып келеді! Тез жасырынайық! – деді Ер де алаңдап.
– Олар біздің алаңға қонбақшы!.. Жүріңдер, бауырлар, ана бұта-ның тасасына барып, білдірмей бақылайық, – деді Би енді сабасына түскенін байқатып.
Үшеуі еңкейе жүріп, жылдам басып, итмұрын бұтасының артына жасырынды. Көздері жыпылықтап, жапырақтардың арасынан әлгі «тәрелкені» бақылай бастады.
«Тәрелке» айтқандай-ақ, дәл төбеге келіп «тоқтап», астынан төрт аяғын шығарып, жайымен лифт сияқты төмен сырғыды да, алаңның ортасына келіп жайымен қонды. Бүйіріндегі есігі ашылды. Ішінен адам кейіпті, жылтырақ киімді, төбелерінде антенналары бар үш гуманоид шықты. Олар ескерткіштің алдына барып, жан-жағынан байыппен қарап, монументтегі батырларды фотоаппарат сияқты құралдарымен түсіре бастады. Кенет біреуі ескерткіштің түбіне төртбұрышты бір затты қойды да, содан шыққан шұбатылған сымды кемелеріне тартты.
– Ой, олар біздің ескерткіштерімізді жарып кетпекші! – деді Нар кенет үрейленіп. Осы сөздің сиқыры әсер етті ме, бойларын билеген үрей сап тиылып, оның орнын бір орасан күш құрсай жаулап, үшеуі де батылданып кетті.
– Жо-оқ! Біз оған жол бермейміз! – деді Ер орнынан атып тұр-ып. – Кәне, қылыштарың мен қалқандарыңды алыңдар! Алға, бау-ырлар! – үшеуі қаруларын жарқ-жұрқ еткізіп, жүздері сұстанып, аяқтарын нық, батыл басып, алаңға жетіп барды.
– Тоқтаңдар! Қозғалмаңдар! – деп олар айбат шеге алға жылжыды.
Гуманоидтар сол тұрған жерлерінен қозғалмай, балаларға таңдана қарады.
– Анау аспаптарыңды жинап алыңдар! Біздің бабаларымыздың ескер-ткіштерін қопарып, жойғалы тұрсыңдар! Біз жарғызбаймыз! – деді Ер өткізгіш-сымды ұстап тұрғанына төне түсіп.
– Ә-ә, – деді олар балалардың ойын түсіне қойып. – Қорық-паңдар. Біз ескерткіштеріңді жарайын деп жүрген жоқпыз.
– Онда мыналарың не?!
– Бұл өткізгіш қой. Кемедегі аппаратқа жалғап, ескерткіштің жалпы табиғатын зерттейік деп едік.
– Иә, обьектілердің адамдарға тигізер әсер-ықпалын ұғайық деп едік.
– Ә-ә, онда зерттей беріңіздер, – деді балалар сабасына түсіп. – Сіздер кімсіздер? Қайдан келдіңіздер? Не мақсатпен жүрсіздер? Біз де сіздер туралы білгіміз келеді.
– Біз сіздер «Үркер» деп атайтын шоқжұлдыздар жүйесінен келдік. Яғни, үркерліктерміз. Ал, мақсатымыз – сіздер, жерліктер тұрғызған мына сияқты ерекше құрылыстар мен монументтердің мән-мақсаты мен табиғатын зерттеп -түйсіну. Сөйтіп жерліктер туралы жан-жақты мағлұмат жинау.
– Сіздерге таң қалып отырғанымыз, – деді екіншісі сөзді әрі қарай сабақтап. – Бұрын жерліктер бізді көрген замат тұла бойлары қалшылдап, қорқып, үркіп, естерінен танып жатушы еді. Ал сіздер өйтудің орнына, батырларша айбат шегіп, бізге тап бердіңіздер. Соған қарағанда, мына ер бабаларыңызың ескерткіші бойларыңызға күш-қайрат пен рух дарытатын сияқты ғой. Солай ма?
– Дұрыс айтасыз, – деді Би оны қоштап. – Біз батыр баба-ларымызды мақтан тұтамыз және құрметтейміз. Еліміздің тарихын терең білуге ұмтыламыз. Сол ер бабаларымызға ұқсап біз де батыр, қаһарман болғымыз келеді.
– Жөн —жөн.
– Иә, батыр бабаларын құрметтеп, мақтан тұтатын, ерлеріне арнап осындай зәулім де сәулетті ескерткіштер орнататын биік рухты елге еш-қандай жау қорқынышты емес шығар. Тіпті біз де сіздерден сескеніп тұр емеспіз бе, – деді олар күлімдеп. – Осы батыр баба-ларыңыздың ерлік тарихын білесіздер ме?
– Білгенде қандай! – деді үшеуі нық та сенімді үнмен.
– Бізге әңгімелеп бересіздер ме?
– О-о! – деді Би басын шайқап. – Батыр бабаларымыздың ерлік хи-каяларын әңгімелеуге бір түн тұрмақ, бірнеше күн жетпейді. Сіздердің де уақыттарыңыз тығыз шығар.
– Дұрыс айтасыз.
– Онда сізде көшіретін аппарат бар ма? Біздегі кітаптарда барлығы жазылған, – деп, өздері орындықта қалдырған кітаптарды көрсетті.
– Иә, бар, – деді де біреуі жылдам барып, ескерткіш түбіндегі әлгі аппаратты әкеліп, қақпағын ашты да, балалар берген үш кітапты соған салды. Бір минут өтті ме, өтпеді ме, қақпағын қайта ашып, кітаптарды балаларға қайтарды. – Көшіріп алдық. Өздеріңе үлкен рақмет!
– Сіздерге жақсы, – деді Нар таңданғанын сездіргісі келмей. – Сонау ғарыш түкпірінен «тәрелкелеріңізбен» ұшып келіп, жеріміздің табиғатын ұңғыл-шұңғылына дейін зерттейсіздер. Керекті мағлұмат, деректерді жылдам көшіріп ала қоясыздар. Ал біз болсақ ертеде өткен батыр бабаларымыздың ғұмыр-деректерін қанша оқыдық десек те, үзіп-жұлып қана білеміз. Шіркін, сіздер сияқты біз де ата-бабаларымыздың дәуіріне саяхат шегіп, ғұмыр-тұрмыстарын ұңғыл-шұңғылына дейін зерттей алсақ қой…
– Оның ешқандай қиындығы жоқ, – деді үркерліктердің бірі кеуде-сіндегі қобдишадан медальон-тұмар сияқты бір затты суырып алып жа-тып. – Біз де сіздердің биік рухтарыңыз бен ер-жүрек-тіктеріңізді, батыр бабаларыңызға деген сүйспеншіліктеріңіз бен отаншылдықтарыңызды құрметтегендіктен, берген дерек-мәлімет-теріңізге риза болғандықтан, мына «Кеңістік сағаттарын» сіздерге тарту етпекпіз, – деп, үшеуіне үш сағат ұстатты.
– Мойындарыңызға іліп немесе қолдарыңызға тағып алыңыздар. Бетіндегі мына айнасын бассаңдызар, экраны ашылады. Барғы-ларың келген заманның уақыт өлшемдері – секөнд, минут, сағат, ай, жыл, ғасыр, дәуірлерді көрсетеді. Осы сағат арқылы тарих қойнауындағы өткен дәуірлерге де, алдағы болашаққа да кеңістік ауыстырып, саяхат жасай аласыздар.
– Ежелгі дәуірлерге де барып келе аламыз ба? – деді Ер қуанышын жасыра алмай, жүзі алаулап.
– Иә, ол үшін уақыт белгілерін барғыларыңыз келген жыл, ғасыр, дәуірге қойып, картасына бойлық-ендіктері мен мекен-тұрақтарын түсіріп, туралайсыздар да, мына түймесін басып қала-сыздар. Сол мезет айнала кеңістік өзгеріп, қалаған дәуір, қалаған жерден шыға келесіздер, – деп, бәрін көз алдарында көрсетіп, түсіндіріп берді.
– Ал, кері оралу үшін ше?
– Онда мына көрсеткіштерді бүгінгі заманға туралайсыздар, – түймелерін басып көрсетеді. – Түсідіңіздер ме?
– Түсіндік.
– Онда, балалар, біз жиналайық. Ал, арман-тілектеріңізге жеті-ңіздер! Көріскенше!
– Сіздердің де жолдарыңыз болсын! Көріскенше!
Үркерліктер басқышпен көтеріліп кемелеріне кірді де, есіктер жабылды. Бір кезде қозғалтқыш іске қосылып, жерден баяу көтерілді де, асты-үсті жарқырап, ұршықтай шыр айналып, жұлдызды аспан-ның түнегіне бара-бара нүктедей кішірейіп сүңгіп кетті.
– Алақай! «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар!..» – деді Нар Алтынсариннің екі жол өлеңін айтып.
– Табылады!!! – деді қалған екеуі де қуана сағат ұстаған қолдар-ын жоғары көтеріп.
– Көптеген аңсарлы тілектерімізге жететін болдық!!!
Үшеуі күш пен жеңіс, шарапат – бірлікте дегеннің белгісі – жұдырықтарын түйістіріп, артынша түйілген қолдарын көкке көтер-ді.
– Енді Алла қаласа, батыр бабаларымыздың заманына жорыққа шыға-тын мүмкіндігіміз бар.
– Онда, бауырлар, жорыққа дайындалайық!
– Жорыққа дайындалайық!!!
***
Үшеуі Қарамерген жайлауындағы Жұмабай аталарының үйіне бір күн қонып, ата-әжелеріне деген сағыныштарын басып, ертеңіне олармен бірге таңғы шайға отырған. Шай үстінде Би:
– Ата, әже, біз жыл сайын жазғы демалысымызды сіздердің жанда-рыңызда өткізіп, жылқы бағуға қолқабыс тигізуші едік қой. Бұл жолы жоспарымыз өзгеріп, жайлауға шыға алмайтынымызды ескерткелі келдік. – деді ата-әжелеріне еркелей қарап.
– Бізге бәсіреге берген аттарыңыз – Ақбоз, Көкбоз, Тоқбоз атты мініп қайтсақ деп едік. Соған қалай қарайсыздар?
– Иә, тай-құлын кезінен мініп өскен өздеріңнің тұлпарларың ғой. Өздері де елеңдеп, сендерді сағынғандай елегзіп, күтіп жүрген. Аттың жайын білетін жылқышы балалар емессіңдер ме, мініңдер, рұқсат, – деді аталары мейірленіп. – Бізге көмекшілікке өзге неме-релеріміз де жетеді.
– Ой, шалым-ау, бұлардың орны бөлек емес пе? Не деп кет-тің?! – деді әжелері жік-жаппар болып. – Әне бір жылы бұл айна-лайындар ала жаздай бағып жүрген бір үйір жылқыңды түз тағы-ларына бермей, аман алып қалған жоқ па? Өзге немерелерім бұлардың орнын баспақ түгіл, тырнақтарына да татымайды, – деп, әжелері осыдан екі-үш жыл бұрынғы бір оқиғаны еске түсірді.
– Әрине, әрине, бұл немерелерімнің орны бөлек қой. Оған дау жоқ, – деп жатыр аталары да қауқылдап. – Менің айтпағым, «орнын жоқтатпайтындар бар, шүкір», дегенім ғой.
– Ә, солай демейсің бе, – деді әжелері де көңілденіп.
Ал, әжелері айтқан әлгі оқиға былай болған: Жазғы каникулдың жайма шуақ күндерінің бірі еді. Қариялар сол күні бір жұмыс-тарымен ауылға кетіп, жылқы басында Ер, Нар, Би үшеуі қалған. Олар қыр басында өздерінше алысып ойнап, жұлмаласып жүрген. Бір кезде сай жақтан бабымен жайылып жүрген жылқылар шұрқырай кісінесіп, дүрлікті де қалды. Көк айғыр да әрі-бері ойқастай шапқылап, ақырып-кісінеп, мазасы кетті. Балалар елең етіп, «не болды екен» деп анықтап қарап еді, қой тастардың арасынан қараң еткен бір қасқырды байқап қалды.
– Қасқыр! – деп үшеуі дереу төңіректерінде оттап жүрген ат-тарына қонып, «ит-құс келіп қалса» деп аталары сақтықпен қалдырып кеткен бұзаутіс қамшыларын көкке үйіріп, «қиқулап», сайға қарай жөңкіле шапты. Жақындағанда байқаса, қасқыр біреу емес, бес-алтау екен. Балалар сол екпіндеген күйі қасқырлардың алдынан кесіп өтіп, төбелерінен қамшы үйірді. Айналып келіп, үсті-үстіне соққылап, жасқап, соңдарынан түре қуып, екі бөлтірігін соғып алған.
Ауылдан түс ауа қайтып келген атасы мен әжесі немерелерінің бұл ерлігіне риза болғаны сондай, үшеуіне үш құлынды бәсіреге байлап берген. Соғып алған қасқырларының терілерін де «ауылға апарып көрсетіңдер, өздерің түсірген олжаларың ғой!» деп беріп жіберген. Сол еншілеген бәсірелері биыл дөнен болып, үшеуін Ақбоз, Көкбоз, Тоқбоз деп атап, әр келген сайын жандарына серік етіп, шапқылап мініп жүрген. Бүгінгі келістерінің жөні мынау.
Олар жолға жиналарда аталарынан бата сұрады.
Аталары:
– Ал, балаларым, қолдарыңды жайыңдар, – деді де:
Бір Тәңірім жарылқасын,
Кімді жарылқаса, соның жағында қылсын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын!
Адассаң, жолға салып жүрсін,
Сүрінсең, құлатпай алып жүрсін.
Мың бәле, жүз қатерден,
Аман-сау қағып жүрсін!
Ақ батам қабыл болсын,
Қабылдаушы қадір қылсын!
Әумин! —
деп, немерелерін бір-екі бел асырып шығарып салды.
Олар жолда келе жатқанда, Би кенеттен мынадай сауал қойды:
– Біз «Кеңістік сағаты» арқылы батыр бабаларымыз: Алып Ер Тоңға, Тұмар ханым, Мөде қаған, Шырақ батырлардың заманына жорық жасағалы жүрміз. Бірақ біздің бойымызда олар елеп-еске-рердей қандай ерекше күш-қасиет бар? Немесе олардың сый-құр-метіне бөленердей қандай ерлік жасамақпыз? Міне, соны ойла-дыңдар ма, бауырлар? – дегені.
Бой-бітімдері еңселі де сүйріктей жараған тұлпар мініп, көңілдері лепіріп келе жатқан бауырлары кенет ойланып қалды.
– Сен біздің әдемі ой-қиялымызды бұздың ғой, – деді Ер аузын бұр-титып. – «Қандай ерекше қасиет» дейсің. Біз күнде «Ерлік алаң-ында» әскери ойындар ойнап, күресіп, семсерлесіп, тир мен садақта көздеп атуды үйреніп, шыңдалып жүрміз ғой. Бұлар ерекше қасиет емес пе?
– Әр жазғы демалысымызды жайлауда өткізіп, аң аулап, із кесіп, бәсіре аттарымызды үйретіп, көкпар тартып, бәйгелерге қатыстық. Бұл жаттығулар да ерекшелік емес пе?
– Біріншіден, біздің бойымыздағы бұл ерекшеліктер ерте заман-дағы ата-бабаларымыз – олар үшін қалыптағыдай жағдай, – деді Би бауырларына сынай қарап. – Олар туа салып, көзін ашқаннан ат құлағында ойнап, соғыс өнерін үйреніп, игеріп ер жетеді. Ендеше олар бізді не үшін, қандай қасиеттеріміз үшін құрметтеп, өздеріне тең санап, жандарына серік етуі тиіс? Екіншіден, олар онсыз да ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, тарихтан ойып орын алды. Ал, біз қандай ерлік жасап, оларға қандай үлгі көрсетпекпіз? Соны ойландыңдар ма?
Ана екеуі жауап орнына иықтарын көтеріп, көздері бозарып, ой қуған бастарын төмен түсірді…
«Түрік, ол елінде жүргенде бақалшық қауашағына жасырынған маржан сияқты, оның қадір-қаси-етін танып, бағалап жатпайды. Ал ол бақал-шықтан сыртқа шыққанда бағасы еселеп артып, патшалар тәжі мен сұлулардың мойын, құлақ-тарын безендіретін асылға айналады».
Алып Ер Тоңға (Афрасиаб), ер түркілердің кемеңгер патшасы.
«Назар салсаң, бұл түркінің бектері,
Жаһанның әз бектері, асыл тектері.
Түрік бектері ішінде атын асырған,
Алып Тоңға Ер еді, құты тасыған».
Жүсіп Баласағұн, «Құтты білік» XI-ғасыр.Сақа мейрамы
Жолға тас-түйін қамданған Ер, Би, Нар аттарының басын «Ерлік алаңындағы» бабалар ескерткішінің алдына әкеліп тіреді.