
Полная версия
Труды VIII Республиканской научно-практической конференции «Образование XXI века: проблемы, тенденции и перспективы»
Буллингтан туындаған психологиялық стресс зейінді және танымдық белсенділікті төмендетеді. Жасөспірімдер мектепке деген қызығушылықты жоғалтады, сабақтарды өткізіп жібереді және мотивацияны төмендетеді.
Қорыта келгенде, буллинг жасөспірімдердің психикалық денсаулығына және жеке дамуына үлкен қауіп төндіреді. Ол өзін-өзі бағалауды төмендетеді, өзіне және қоршаған әлемге деген сенімді әлсіретеді, әлеуметтік бейімделу мен когнитивті дамуды тежейді. Буллингтың салдарын жеңілдету үшін мектептер, отбасылар және психологтар жүйелі күш салуды талап етеді. Бұл күш-жігерге қорқытуды ерте анықтау, зардап шеккендерге эмоционалды қолдау көрсету және жасөспірімдердің эмпатия, төзімділік және сындарлы қарым-қатынас дағдыларын дамыту кіреді.
ӘДЕБИЕТ
1.Подростковая психология/ Рябинина Л., 2024. -2 б
2.Буллинг в школе/ Бекулова И. З., Тухужева Л. А. // Вопросы науки и образования. 2021. -128 б
3.Буллинг в школе: что мы знаем и что можем сделать/ Ольвеус Д., – М.: Педагогика, 2019.– 85 б
4. Буллинг и травля в школе/ Салливан К., Клементс П., Каргл Э. – СПб.: Питер, 2018. – 305 б
Болтаев А. Д.
Педагогтың цифрлық сауаттылығын қалыптастырудың психологиялық негіздері
(М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті, Тараз қ., Қазақстан)Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде цифрлық технологиялар күнделікті педагогикалық қызметтің ажырамас бөлігіне айналды. Осыған сәйкес педагогтардың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру – олардың кәсіби құзыреттілігінің маңызды көрсеткіші. Бұл үдерістің тиімді жүзеге асуы психологиялық заңдылықтармен, тұлғалық және танымдық ерекшеліктермен тығыз байланысты. Педагог—бұл мектептегі педагогикалық үдерістің негізгі ұйымдастырушысы. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі әрбір педагогтің еңбегі – өте көпқырлы іс-әрекет, ол мұғалімнен тек терең білімді ғана емес, сонымен қатар жоғары адамгершілік мәдениетті де талап етеді. Бүгінгі таңдағы білім саласындағы өзгерістер мұғалімдерді өздерінің біліктілігін үнемі арттырып, педагогикалық кәсібилігін көрсетуді, яғни заманауи кәсіби құзыреттілік деңгейіне сай болуды міндеттейді. Қазіргі заман мұғалімінің жетекші кәсіби сапаларының бірі – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы құзыреттілік болып табылады. Алайда кейбір педагогтарда АКТ-ны меңгеру үдерісі бастапқы кезеңде жүйесіз, ұйымдаспаған және көбінесе стихиялы сипатта өтеді. Бұл жағдай олардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану теориясы мен тәжірибесі саласындағы дайындығының жеткіліксіздігімен, кейбір педагогтардың оларды қолдануға қызығушылығының төмендігімен және жаңа нәрседен қорқушылығымен түсіндіріледі [1].
Мұғалімге қатысты цифрлық сауаттылық ұғымын қарастырғанда, оны педагогтің кәсіби қызметімен байланыстыра отырып толықтыру қажет, Цифрлық технологияларды қолдану әдістемесі әртүрлі және ол тек оқу пәнінің ерекшелігіне ғана емес, сонымен қатар оқушылардың жас ерекшеліктеріне де тәуелді. Педагогтің цифрлық сауаттылығы жеті негізгі компоненттен тұрады:
– Технологиялық компонент – цифрлық құрылғылар мен бағдарламаларды тиімді пайдалану білігі;
– Ақпараттық компонент – ақпаратты іздеу, талдау, сақтау және қолдану қабілеті;
– Мультимедиялық компонент – мультимедиялық материалдармен (бейне, аудио, графика) жұмыс істеу дағдылары;
– Әлеуметтік-коммуникативтік компонент – онлайн өзара әрекеттесуді, желілік этиканы сақтау;
– Мотивациялық компонент – цифрлық технологияларды меңгеруге және қолдануға деген ішкі уәждің болуы;
– Цифрлық қауіпсіздік компоненті – интернеттегі жеке деректер мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету дағдылары;
– Әдістемелік компонент – цифрлық құралдарды оқыту мен тәрбиелеу процесінде тиімді қолдана білу және оқушылардың цифрлық мәдениетін дамыту қабілеті.
Осы компоненттердің өзара байланысы мұғалімнің кәсіби қызметінде жоғары деңгейдегі цифрлық құзыреттілікті қамтамасыз етеді [2].
Цифрлық сауаттылықты дамыту ішкі мотивацияның (өзін-өзі дамыту, кәсіби жетістікке ұмтылу) және сыртқы мотивацияның (жұмыс талаптары, қоғамның күтілімі) үйлесімін қажет етеді.
Педагогтың цифрлық құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттары төмендегідей құрамдастарды қамтиды:
Білім беру мазмұны. Педагогтың қандай құзыреттері цифрлық болып саналатынын және олардың оқу үдерісіне қалай енгізілетінін айқындау қажет.
Оқыту әдістері. Педагогтардың дайындық деңгейі мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, цифрлық құзыреттілікті дамытуда жобалық әдіс, кейс-әдіс, кері байланыс және өзіндік талдау сияқты тәсілдер кеңінен қолданылады.
Техникалық қамтамасыз ету. Педагог заманауи ақпараттық технологиялар мен бағдарламалық құралдарға қол жеткізуі керек.
Бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз ету. Педагог цифрлық құзыреттілікті дамытуға бағытталған заманауи оқу материалдарымен және цифрлық технологияларды қолдану бойынша әдістемелік нұсқаулармен қамтамасыз етілуі қажет.
Ұйымдастырушылық шарттар. Білім беру мекемесінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, оқу үдерісін жүзеге асыруға жеткілікті ресурстар болуы тиіс.
Психологиялық шарттар. Педагог цифрлық құралдармен еркін әрі сенімді жұмыс істей алатындай жайлы психологиялық орта құру маңызды.
Цифрлық сауаттылықты қалыптастырудың психологиялық негіздері бірнеше бағытта қарастырылады:
1. Мотивациялық аспект. Педагогтың цифрлық технологияларды меңгеруге деген ішкі қызығушылығы мен кәсіби қажеттілікті сезінуі оның жетістікке жетуіне тікелей әсер етеді.
2. Танымдық аспект. Педагогтың қабылдау, ойлау, зейін және есте сақтау сияқты танымдық процестері жаңа ақпараттық ортаны игеруде маңызды рөл атқарады.
3. Эмоциялық және еріктік қасиеттер. Көптеген педагогтар үшін жаңа технологияларды меңгеру бастапқыда қорқыныш, сенімсіздік, күйзеліс тудыруы мүмкін. Сондықтан эмоционалдық тұрақтылық пен өзіне деген сенімділік маңызды.
4. Тұлғалық-рефлексивтік аспект. Педагогтың өзін-өзі тану, өз әрекетін талдау және кәсіби дамуға деген ұмтылысы цифрлық сауаттылықтың маңызды психологиялық шарты болып табылады.
5. Психологиялық-педагогикалық орта. Цифрлық сауаттылықты дамыту үшін педагог жұмыс істейтін ортада қолайлы психологиялық климат, қолдау мен ынталандыру жүйесі болуы тиіс [3].
Қорытындылай келе, қазіргі білім беру кеңістігінде педагогтың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру – заманауи қоғам талаптарынан туындаған маңызды қажеттілік. Цифрлық сауаттылық тек техникалық құралдарды меңгеру дағдысы емес, ол педагогтың кәсіби құзыреттілігінің, тұлғалық дамуының және психологиялық дайындығының біртұтас көрсеткіші болып табылады. Педагогтың цифрлық сауаттылығын тиімді дамыту үшін білім беру мазмұны, оқыту әдістері, техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету, ұйымдастырушылық және психологиялық шарттар өзара үйлесімді болуы тиіс. Бұл үдеріс педагогтың кәсіби белсенділігін арттырып, оқу-тәрбие процесінің сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, цифрлық сауаттылықты қалыптастыру мотивациялық, танымдық, эмоциялық, еріктік және рефлексивтік аспектілердің дамуын талап етеді. Мұғалімнің жаңа технологияларға деген оң көзқарасы, өзін-өзі дамытуға ұмтылысы және ішкі уәжі оның кәсіби табысының басты кепілі болып табылады. Демек, педагогтың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру – бұл үздіксіз, жүйелі және психологиялық тұрғыдан қолдауды қажет ететін күрделі үдеріс.
ӘДЕБИЕТ
1. Синькова Г. И. Современный педагог и цифровая грамотность. – МКОУ СОШ №10 с. Донская Балка Петровского городского округа, 2023. —12 с.
2. Полякова В. А. «Цифровая грамотность педагога: возможности региональной системы повышения квалификации» // Науки об образовании. 2019.
3. Тлеужанова, Г. К., Саржанова, Г. Б., Асанова, Д. Н., Смагулова, Г. Ж. (2023). Педагогические условия формирования цифровых компетенций педагога в условиях трансформации образования. Вестник Карагандинского университета. Серия «Педагогика», №1 (109), 176—182.
Бупетаева С. Ж., Бупетаева А. Ж.
ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМЫ ТУРАЛЫ ОЙ-ПІКІРЛЕР
(М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, №47 орта мектебі Тараз қ.)Қоғамның болашағы да, тірегі де және әлсіз, қорғансыз буын да бала екенін көне дәуірден сезінген халқымыз, олардың дені сау, парасатты, білімді, адамгершілік қасиеттері жоғары деңгейде болуына аянбай күш салған.
Осындай тарихи деректерді келешек ұрпаққа насихаттап жүрген басылымдардың бірі «Қазақстан мектебі» журналы. Журнал бетінде осы тақырыптарда көптеген мақалалардың жарияланғаны белгілі.
«Қазақстан мектебі» журналы жалпы ғылыми-ағарту мәселелері бойынша оқырмандардың шығармашылық ойына бағыт-бағдар беретін, ұлттық сана-сезімімізді дамытып, рухани байыта түседі.
Педагогика гылымдарының докторы Серғазы Қалиевтің «Қазақстанда педагогика ғылымының дамып, қалыптасуы»/1/ атты мақаласында Қазақстанда педагогика ғылымының дамып, қалыптасуы және педагогикалық ой-пікірдің пайда болуы, шыққан теориялық еңбектер туралы мағлұмат берілген.
Қазақстанда педагогика ғылымының дамып, қалыптасуына және педагогикалық ой-пікірдің, теориялық еңбектердің Қазақстан топырағында тұңғыш пайда болуына Қазан төңкерісінен кейін 1918 жылы Семей қаласында шыға бастаған «Абай» журналы мен 1919 жылы Орал қаласында шыққан «Мұғалім» журналдары елеулі үлес қосты. Осы журналдарда А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Қарашевтардың ғылыми-әдістемелік, теориялық мақалалары жарияланып отырды. Мәселен Ғ. Қарашевтің «Педагогика» атты еңбегінде қазақ халқының ұлттық тәлім-тәрбиесімен бірге ертедегі грек философтары Аристотель, Сократ, ХVШ-ХІХ ғасырлардағы орыс, француз ағартушы-демократтары Ж.Ж.Руссо, Л.Н.Толстой, К.Д.Ушинский, А. Пироговтардың еңбектері де сөз болады. Ал Ж. Аймауытов өзінің «Тәрбиеге жетекші» мақаласында ұлттық тәрбиенің мәселелерін ғылыми тұрғыда сөз етеді.
1920—1930 жылдары қазақ зиялылары оқу-ағарту, денсаулық сақтау, әйел теңдігі, сауатсыздықпен күрес, ауыл мәдениетін көтеру сияқты мәселелерге де арнап құнды мақалалар жазды. Әсіресе, бүл жылдары оқулық жазумен, оқу-ағарту мәселелерімен тікелей айналысқан Ә. Бекейханов, А. Байтұрсынов, Н. Төреқұлов, С. Сәдуақасов, О. Жандосов, М. Әуезов, Т. Шонанов, Қ. Жұбанов, С. Сейфуллин, М. Жолдыбаев, Б. Майлин, Ж. Кемеңгеров сияқты қайраткерлер болды. Атап айтқанда, Н. Төреқұловтың «Ұлт мәселесі және мектеп» (1926), «Бізге әліппе неге керек?» («Шығыс әйелдері» журн. №1,2. 1928), О. Жандосовтың «Жаңа алфавит туралы» («Еңбекші қазақ» газ. 1928), Т. Шонановтың «Оқыту, зерттеу туралы» («Жаңа мектеп» журн. №4, 1926), С. Мұқановтың «Тәрбие туралы» («Еңбекші қазақ» газ. 1928), Ә. Сыдықовтың «Оқу, жазудың психологиялық негізі» («Жаңа мектеп» журн. №10, 1929), Ә. Сәтбаевтың «Оқытушы деген кім?» («Таң» журн. №1, 1925), «Ағарту жолында не шара қолдануға болады?» («Таң» журн. №4, 1925), М. Жолдыбаевтың «Мектепте оқу тілі» («Жаңа мектеп» журн. №8, 1930), С. Аманжоловтың «Мектепте ана тілін оқытудың мақсаты мен маңызы» («Жаңа мектеп» журн. №7, 8, 1932) мақалаларында оқушы жастарға білім мен тәрбие берудің мәселелері жан-жақты көтерілген.
1920—1930 жылдары ұлт мектептеріне керекті оқулықтар мен оқу- әдістемелік құралдар Қазан, Орынбор, Ташкент, Қызылорда, Алматы қалаларында кітап болып басылып шықты. Оқу-ағарту істерін жандандыру, мектептерді керекті оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен жабдықтау ісімен Қазақ АКСР Оқу халық комиссариаты жанынан құрылған Академиялық Орталық айналысып отырған. Оның басында көрнекті тіл ғалымы А. Байтұрсынов тұрды. Сондай-ақ Орталық құрамына көрнекті қоғам қайраткерлері М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, С. Сәдуақасов, О. Жандосов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Т. Шонанов, С. Асфендияров, Т. Жолдыбаев, Ш. Әлжанов, Ә. Ермеков, Б. Майлиндер енді. Орталық, негізінен, жаңа жазылған оқулықтар қолжазбаларының сапасын тексеру ісімен айналысты.
Отызыншы жылдардың басында «Жалпыға бірдей бастауыш білім беру» туралы Заң қабылданды. Осыған байланысты «Бастауыш және орта мектеп туралы» (1931 жылы қыркүйек) және «Бастауыш және орта мектептердегі оқу бағдарламалары мен режимі» (1932жыл, тамыз) атты екі тарихи қаулы қабылданып, Қазақстанда оқу-ағарту істеріне түбірлі өзгерістер енгізілді. Оқытудың сыныптық-сабақ жүйесі берік орнады. Барлық пәндердің бағдарламаларын қайта қарау, сонымен бірге жаңа идеядағы оқулықтар жасау істері қолға алынды деп автор баяндайды.
1935жылы профессор Ш. Әлжановтың басшылығымен екі бөлімді «Әлемдік педагогикалық хрестоматия» басылып шықты. Онда дүниежүзілік педагогиканың классиктері Я.А.Коменский, И.Г.Песталоции, И.Ф.Гербарт, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко еңбектері қазақшаға аударылып берілді. Сондай-ақ мектептер тарихын зерттеу істері қолға алынды.
Өкінішке орай, 1937 жылы сталиндік репрессияның кесірінен Қазақстаннның бір топ педагог-ғалымдары жазықсыз халық жауы атанып қуғынға ұшырап, абақтыға жабылды, жер аударылды. Олардың сапында бұрынғы институт директоры Ш. Әлжанов, педагог-ғалымдар Қ. Жұбанов, Ш. Көрібаев, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Сыдықов, Е. Бекмаханов, С. Қожахметов, т.б. бар еді. Осы орынсыз қуғын-сүргіннің кесірінен 1937—1947 жылдар арасында Қазақстанда ұлттық педагогика ғылымы біршама тоқырап қалды.
Халық ағарту комиссариаты мен институттың қызметкерлерінің белсене араласуымен 1940 жылға дейін республиканың ұлт мектептері төл және аударма оқулықтар кешенімен толық қамтамасыз етілді. Солардың ішінде С. Жиенбаевтың орыс мектептерінің VI – VIII сыныптарына арналған «Қазақ тілі», Қ. Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы», С. Аманжоловтың «Қазақ тілінің грамматикасы» (синтаксис), Е. Кротевичтің «Орыс тіліндегі оқу кітабы», А. Воскресенская мен Л. Головорьконың «Орыс тілі» және т.б. оқулықтары бар. Бұл оқулықтардан мектеп шәкірттерінің әлденеше буыны білім алып, сауат ашып, кейін олар республикадағы ағарту ісінің алға басуына үлкен үлес қосты.
Мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар да көптеп шығарыла бастады дей келе автор еңбектерді атап өтеді. Олардың қатарында Ш. Кәрібаевтың «Әдеби оқу» (1940), «Қазақ тілінің әдістемесі» (1941), С. Жиенбаевтың «Қазақ мектептеріндегі орыс тілінің әдістемелік тәжірибесі» (1941), Г. Бегалиевтің «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту» (1940) сияқты еңбектерді атауға болады. 1950 жылдардың басты мәселесі ретінде толық емес білімді, яғни алғашқы жеті жылдық, кейін сегіз жылдық білім беруді жүзеге асыру күн тәртібіне қойылды.
Ә. Сыдықовтың «Ы. Алтынсарин педагогикалық ойлары мен ағартушылық қызметі» монографиялық еңбегі 1949 жылы жарық көрді. Онда ұлы ағартушының педагогикалық озат идеяларынан бастап, қазақ даласындағы қазақ мектептерің ашу жолындағы күресі, жалпы қазақ халқының мәдениетін дамытудағы аса қажырлы еңбегі көрсетілген. Бұл еңбек Ы. Алтынсаринды педагог-ғалым ретінде тұңғыш танытқан іргелі еңбектің бірі әрі бірегейі.
1958 жылы бұрынғы КСРО-да жалпыға бірдей сегіз жылдық білім беру енгізілді. Сегіз жылдық және жалпы білім беретін политехникалық орта мектептердің оқу жоспары жасалып, жаңа оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдарды даярлау бағытында жұмыс жүргізіліп, қарқыны артты. Осы кезде қазақ тілі мен әдебиетінен оқулықтар даярлау мен оларды оқыту әдістемесін жасау ісіне Қазақ КСР ҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы, 1953—1962 жылдар аралығындағы институт директоры А. Ысқақов, ғылым кандидаттары И. Ұйықбаев, Ә. Хасенов, профессорлар С. Аманжолов, М. Балақаев, К. Аханов, М. Ғабдуллин, Қ. Жұмалиев, С. Қирабаев, Ә. Шәріпов және т.б. үлкен үлес қосты. 1959—1960 жылдары белгілі қазақ тарихшысы Қазақ КСР ҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымының докторы Е. Бекмаханов мектептің 8—10 сыныптарына арнап Қазақстан тарихы бойынша оқу құралын жазды.
Бастауыш оқытудың әдістемесі, мектепке дейінгі тәрбие, халыққа білім берудің экономикасы мен жоспарлау, еңбекті оқыту мен бағдарлау, тәрбие жүмыстары, кешкі мектептер, техникалық құралдары секторлары құрылды деп автор өз ойын тұжырымдайды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. С. Қалиев. Қазақстанда педагогика ғылымының дамып, қалыптасуы. //Қазақстан мектебі. 1998.№4
2. Бержанов К. Б., Мусин С. Педагогика тарихы. Алматы, 1984.
3. Ә. Қайдари, Ө. Айтбайұлы. Ұлт мәдениетінің хантәңірі.//Егемен Қазақстан, 28 01.1993.
4. М. Дулатов. Шығармалары. -Жазушы, 1991.-239 – б.
Бупетаева С. Ж., Ешеналы А. С., Бупетаева А. Ж.
ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ ТУРАЛЫ ТАҒЫЛЫМ
(М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті Математика (IP) білім беру бағдарламасы студенті, №47 орта мектебі Тараз қ.)Бүгінгі және келер ұрпақтың елінің, туған жерінің тарихын, халқының өнер-білім, рухани дәрежесін, дәстүрлерін білуі – кісіліктің негізі. «… Озған ел тарихын таспен жазады…», жер, ел, ер тарихы – толассыз келер ұрпақ, туар тарих елшісі.
ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елінде педагогикалық психологияның қалыптасуына Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытовтар зор үлес қосты [1].
А. Байтұрсынов қазақ мектептеріне арнап («Әліппе», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш») құрастырған оқулықтары мазмұндылығымен, ұлттық бояуымен ерекшеленеді. Өйткені онда енгізілген мақал-мәтелдердің, өлеңдердің, ертектердің, санамақтардың тәрбиелік мәні зор. Ахмет Байтұрсынов 1925 жылы «Әліпбидің» жаңа түрін жариялайды. Ағартушы А. Байтұрсынов қазақ тілінің оқыту әдістемесін жасап, жүйелі мақсатқа құрады. Басты мақсат қазақ баласының сауатын ашу болса соны іске асыру үшін алдымен «Оқу құралын» («Әліпбиді»), сонынан тілді тереңірек түсіндіріп баяндау үшін «Тіл құралын» жазды.
Ахмет Байтұрсыновтың бастауыш мектепте білім беру мазмұнын қайта құруы үлкен табыс болды. А. Байтұрсынов қаламынан туған бастауыш мектепке арналған «Оқу құралы» (1912 ж), «Әліпби» (1928 ж), «Сауат ашқыш» (1926 ж), «Тіл құрал» (1914 ж) сияқты оқу құралдары қазақ мектептерінің тарихында тұңғыш бастама еді. Қазіргі қазақ мектептерінің пайдаланып жүрген «Әліппе» оқулығының негізі осы А. Байтұрсынов жазған оқу құралының жүйесімен жасалғандығы мәлім.
А. Байтұрсыновтың «Мектеп керектері» мақаласында: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі хәм сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» – деп айрықша мән беріп, оған қойылар талап мөлшерін нақтылай түседі.
Ш. Құдайбердиев білім беруде жастардың ойлау белсенділігін, ақыл-парасатын дамытуды басты бағдар деп танытады. Берілетін білім мен оның тәлімдік, тәрбиелік ғибрат жолын бөлмей, бірлікте қарауға айрықша мән берді. Оқудың әдіс-тәсілдеріне уақыт деңгейі тұрғысынан қарап, білімді алудың өнегелі жолын дұрыс көрсетті. Білім әр адамның жеке басына тән ерекшеліктерге, қабілетіне және мүмкіндіктеріне қарай іске асырылса, нәтижелі болатынын дұрыс нұсқады.
Демек, берілетін білім де, тәрбиелік тәлім де шәкірттің шамасына үйлесімді, таным-түсінігіне сәйкес келсе ғана жүзеге асады. Ал білсін, ұқсын деген құр игі тілек баланың жасы мен түсінігіне үйлеспесе, нәтиже шықпайтынын дөп баса айтқан Шәкәрім: «Оқыту мен үйрету зорлау, күш көрсету емес, баланың дербес ерекшелігі мен бейімділігіне қарай жүргізілсе дұрыс болады» дейді.
Жас баланы ұрғанмен шырылдатып,
Ойы толмай тұрғанда ақылы еңбес [2].
Ақынның тағы көніл аударған мәселесі – өздігінен білім алу. Оқушы тиісті мәліметті шын құлқымен, өзінің танымдық қажетін қанағаттандыру үшін ұмтылса ықылас, ынта та тез жетіледі. Алған білімді тиянақтаудың бірден-бір жолы қайтару, пысықтау деп дұрыс бағымдайды. Сөйтіп, ол А. Байтұрсынов, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин және А. Құнанбаевтың ағартушылық ойын ілгері дамыта келіп, өз шығармаларында ана тілімен сусындап, жетілген, қалыптасқан, халықтық педагогикаға негізделген ұлттық мектепті дәріптеді [3].
М. Дулатов та мектептегі оқу-тәрбие үрдісі, оқытудың түрлері мен әдістері туралы соны ой-пікірлер айтқан ғұлама. Ол бастауыш сыныптардағы білім беру жүйесінің ерекшелігін ашып, патша отаршылдарының шовинистік пиғылдарын әшкерелей келіп, «Бастауыш мектепте алған тәрбиенің әсері күшті, сіңімді болуы қай халықтың мектебінде болса да оқу кітапшасы ана тілінде өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғатынан жазылып, баяндап оқытуды… осылай біліп, баяндап оқытқанда, жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілін анық үйреніп керекті мағлұмат алып шығады… Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың мектеп медресесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сінген рухы жасымайды. Қайда болса да, тіршілігінде қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады…» дейді [4]. Автордың «Қирағат» кітабына алғы сөз ретінде жазған «Мұғалімдерге» мақаласының үлкен әдістемелік мәні бар. Мұнда мұсылманша, орысша білім алған мұғалімдерді, шәкірттерді қазақша оқытуда қандай тәсіл-амал қолдану керектігі сөз болады. Ол шәкірттерге ұлт рухынан сіңіруді мұрат тұтады.
Бастауыш сыныпқа жазған «Есеп құралын» қазақ балалары өмір сүріп жатқан ортаның талғамына сай жазып, мысалдарды қазақтардың күнделікті тіршілігінен алды. Тапсырмалар балалар ұғымына сай жеңіл, түсінікті тілмен жазылды.
Ж. Аймауытов та мектептегі оқу-тәрбие үрдістері туралы арнайы еңбек жазып, мол мұра қалдырған жан. Ол кешенді оқыту мәнін «Бұл өмірдегі құбылыстарды, нәрселерді, бір тақырыпты, бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып түйіндеп, біріктіріп оқыту-комплекстік оқыту дегеніміздің мәні де осы», – деп дәйектеп түсіндіреді [5]. Оқыту үрдісінің жай-жапсарына орай «Оқыту баланың табиғатына, жеке дара ерекшелігіне орай жүргізілуі тиіс. Ол сонда ғана шәкірттің жай қуаттарының өсіп, жетіліп, қалыптасуына жағдай жасайды. Баланың табиғатын ескеріп оқыту дегеніміз – оның бұрынғы тәжірибесіне, азды-көпті біліміне сүйену деген сөз. Өткені жаңа білім әр кез адамның бұрынғы білетіндеріне сүйенбейінше тиянақты болмайды» – деп талдау жасайды [6].
Ж. Аймауытұлы дидактика мәселесінде Я.А.Коменский (Коменский Я. А.«Великая дидактика», изб. пед. соч. М.,«Педагогика», 1982, 656—б) заманнан келе жатқан «оқыту жақыннан алысқа, жеңілден ауырға, оңайдан қиынға… жылжып отыратын болсын» деген принципті қолдайды. Ол ылғи да оңай оқыту дұрыс емес, өйткені, оқу үнемі оңай болып отырса, балаға ойландырарлық ешнәрсе қалмайды. Оқытудың басты түрлеріне сөйлеу және сұрау түрлерін жатқызады. Алғашқысында мұғалімнің сабақтағы кездерін шәкірттер алаңсыз тыңдап жазып отырса, бұл сөйлеу түрі болады. Ал мұғалім мен шәкірттер арасындағы сұрақ, жауап төңірегіндегі диалог сұрау түріне жатады. Алғашқы түрде мұғалім жаңа сабақты жалықтырмайтындай алуан әдіс-тәсілмен, бай дерек-дәйектермен әспеттеп қызықты өткізуге тиіс. Ал екінші түрде – маңызды мағлұматтар бере отырып, қызықты сұрақтар беру арқылы пікір алысуға кең жол ашу мақсат етіледі [6].
М. Жұмабаев болашақ қазақ мектебінің бет-бейнесі, бағыт-бағдары қандай болу керектігін дұрыс пайымдайды. «Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізді құра алмасақ келешегіміз күңгірт» [7]. Қазақ мектебіндегі тәрбие жұмысы қандай бағытта жүргізілуі керек деген сауалға былай деп дұрыс жол сілтейді: «Әрбір ұлттың бала тәрбиесі туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болмағандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан тәрбие қылуға міндетті».
Болашақта қазақ мектебі үшін жазылатын оқулықтардың негізгі, мазмұны, қарастыратын мәселесі туралы да ой толғап былай дейді: «Біздің дағдарып тұрған мектебімізді бастап алып кететін жол жоқ. Сондықтан оқу құралын жазып жатқан азаматтар бұл оқу құралы қандай мінезді мектепке арналды – сол туралы ой жүргіртсе игі болар еді… қазақ мектебіне негіз іздегенде, таза пән көзінен, яғни мектеп құрылысының қазақ жанына қабысуы жағынан келуі дұрыс болар еді.
Қорыта келе, ғұламаларымыздың ой-пікірлері бүгінде өз мән-маңызын жоймай, өміршең болып отыр. Олардың педагогикалық еңбектерін бүгінгі күні ғылыми тұрғыда зерделеу келешектің абыройлы ісі демекпіз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Елікбаев К. Ғұламалар тағылымдары.//Қазақастан мектебі 1991.№5
2. С. Қалиев., Р. Орынбаева. Нәзипа Құлжанова және Ахмет Байтұрсынов. //Қазақстан мектебі.1997. №7
3. Шәкәрім. Өлендер мен поэмалар. -Жалын, А., 1988, -138 бет.
4. Ә. Қайдари, Ө. Айтбайұлы. Ұлт мәдениетінің хантәңірі.//Егемен Қазақстан, 28.01.1993.
5. М. Дулатов. Шығармалары. -Жазушы, 1991, -239 – б.
6. Ж. Аймауытұлы. Комплексті оқыту жолдары. А., 1929, – 60 – б
7. Ж. Аймауытұлы. Тәрбие жетекшісі. Орынбор. 1924, -183 – б.
Демьянова В. Д.
ПРЕИМУЩЕСТВО ПРИМЕНЕНИЯ ИСКУССТВЕННОГО ИНТЕЛЛЕКТА В ВЫСШИХ УЧЕБНЫХ ЗАВЕДЕНИЯХ





