
Полная версия
Мақсаттан нәтижеге: кәсіби өсу үшін әдістер мен үздік тәжірибелер
Бала кезде қызықпайтын нәрсе болмайды ғой. Бірде жақсы кино көрсең – соның кейіпкеріне еліктейсің, енді бірде жақсы кітап оқысаң – соның әлеміне еніп кетесің. Көп ұзамай сол қызығушылық басылып, екіншісіне ауысады. Спортқа, өнерге, суретке деген әуестік осылайша менің өміріме де еніп еді.
Мен бала күнімнен ойыннан гөрі жаңа нәрсе үйренуге, өзімді жетілдіруге құмар болдым. 6-сыныпта гитара тартуға қызығып, әке-шешеме қоймай гитара алдырдым. Көрші Ерғали ағай гитарада жақсы ойнайтын, ата-анам соған үйрет деп тапсырды. Күн сайын кешке гитарамды арқалап, сол үйге баратынмын. Ерғали аға бастапқыда бір-екі аккорд көрсетіп, кейін достарымен әңгімеге кірісіп кететін. Қараңғы түсе гитарамды қайтарып беріп, өз шаруасына кетеді. Қызығушылығым аз болды ма, әлде ұстазымның уақыты жетпеді ме, әйтеуір гитара тартуды үйрене алмай-ақ қойдым.
Сол жылдары ауылдағы балалар пошта арқылы магнитафонға тапсырыс беріп, жаңа үлгідегі құрылғылар ала бастады. Мен де ата-анамды қоймай жүріп, ақыры өз магнитафоныма қол жеткіздім. Содан бастап музыка әлеміне деген әуестігім арта түсті. Үйде телевизор алдынан шықпай, жақсы концерттерді кассетаға жазып алып, кешкісін далаға музыка қойып, ауланы сыпырып жүріп тыңдайтынбыз. Ол – біздің шағын мейрамымыздай болатын.
Бала кездегі тағы бір қызығушылығым – сурет салу еді. Үнемі сурет альбомдарын алып, інім Бекболат екеуміз сағаттап сурет салатынбыз. Әке-шешеміздің, ата-әжелеріміздің фотосуреттерін өзімізше салып көретінбіз. Інім суретті менен де жақсы салатын, әсіресе жылқының бейнесін айнытпай шығаратын. Мектептегі сызу мен еңбек сабақтарында түрлі бұйымдарды жасаудан еш қиындық көрмедім.
Кейін мектеп бітіріп, мұғалім болып істеген кезімде де барлық көрнекілік пен плакаттарды өз қолыммен салып алатынмын. Сол суретке деген әуестік, сірә, маған ғана емес, қыздарыма да жұққан болар. Кішкентайынан екеуі де сурет салудан жалықпайды.
Әсіресе екінші қызым Дильназдың талпынысы ерекше. Мектеп бітірер жылы кәсіби дизайн курстарына қатысып, өз бағытын тапты. Қазір сүйікті мамандығы – графикалық дизайн бойынша университетте грантпен оқып жүр. Күн сайын салып жүрген эскиздері мен жобаларына қарап, болашақта нағыз кәсіби маман боларына сенемін. Айтпақшы, осы кітаптың мұқабасының дизайнын да Дильназдың өзі жасап шықты.
Өзім де бала күнімде өлең жазуға талпынатынмын. Өкінішке қарай, сол кезеңдегі өлеңдерім сақталмапты. Ал студенттік және кейінгі жылдарда жазған бірнеше өлеңім күнделігімде бар. Солардың бірі – 1998 жылы жазылған «Көңіл сыры» атты өлеңім. Ол – сол уақыттағы жастық сезім мен өмірге деген көзқарасымның айғағы іспетті.
Бәрі неге ойлағандай болмайды,
Пенденің де көңілі ешқашан толмайды.
Арман-тілек бір арнаға толса да,
Бәрі бірдей орындала қоймайды.
Сонда да көңіл тыныш тауып тұрмайды,
Қанат қағып, биіктерге самғайды.
Ақыр демі біткен сәтте қайтадан,
Басталады бәз баяғы бас қайғы.
Біреу жанын ұғу қиын басқаға,
Жан жолдасың, сүйген жарың болса да.
Керек бірақ дем беретін адал дос,
Қайғы түсіп, жабырқаған адамға.
Өмір сүру әр адамның парызы,
Ана сүтін ақтау бала қарызы.
Дүниеге келгеннен соң адам боп,
Жазғырудың керегі жоқ тағдырды.
Біздің үйдің қасында машина-трактор шеберханасы болатын. Сол шеберхананың екінші қабатында бір уақыттары қазақша күрес, еркін күрес және самбо секциялары жұмыс істеді. Мен қазақша күреске қатысып, ауыл мен аудан көлеміндегі жарыстарда жүлделі орындар алған сәттерім есімде.
Өзім жататын бөлменің қабырғасына түрлі-түсті журналдардан қиып алған Чак Норрис, Арнольд Шварценеггер, Сильвестр Сталлоне мен Брюс Лидің суреттерін жапсырып қоятынмын. Олар менің бала армандарымның бейнесіндей еді.
Кейін студенттік жылдары 1–2 курста боксқа әуестеніп, Ақтөбе индустриялық-педагогикалық техникумындағы кикбокс үйірмесіне де қатысып жүрдім. Бірақ 90-жылдардың басы – қиын кезең. Ауылдан ақша да, тамақ та тұрақты келмейтін. Кейде жолақыға, ішер асқа да қаражат табылмай қалатын. Осындай қиындықтар спорттан қол үзуіме себеп болды.
Спорттың ішінде жеңіл атлетика, әсіресе қашықтыққа жүгіру мен биіктікке секіруді ерекше жақсы көретінмін. Ал мектептегі жетістіктерімнің бірі – дойбы ойынын жақсы меңгеру еді. Мектепішілік жарыстарда жиі І орын иеленетінмін.
Бала кезден бойыма біткен тағы бір қасиет – түс көру. Менің көрген түстерім өте айқын, тіпті кино көріп отырғандай әсер қалдырады. Күнделік жүргізуді ерте бастағандықтан, көрген түстерімді ұмытпай, оянған бойда жазып қоюды әдетке айналдырдым.
Көпшілік «түс – түлкінің боғы» деп мән бермей жатады. Бірақ мен кейіннен жазбаларыма қайта үңілгенде, сол түстерімнің кейбірі болашақ оқиғалармен сәйкес келетінін байқадым. Қазір түстерді талдап, өзімше жорамал жасаймын. Көбіне ішкі түйсік арқылы алда болатын нәрселерді сеземін.
Бұл жайлы атақты психолог әрі бизнес-тренер Джон Кехо еңбектерінде де айтылады. Ол бірнеше жыл бойы адамдардың түпкі санасын зерттеп, кейін «Подсознание может всё» атты кітабын жазған. Онда адам армандарын, мақсаттарын түпкі сана арқылы жүзеге асыра алатынын дәлелдейді. Яғни адам бір нәрсені күн сайын ойында қайталап жүрсе, түпкі сана оны жүзеге асыру жолдарын өзіне тартады екен. Мен өз түстерімді де осы теориямен байланыстырамын.
Жапондардың бір нақылы бар: «Әрекетсіз жоспар – арман, ал жоспарсыз әрекет – хаос». Мен бала кезден мақсаттарымды қағазға түсіріп, жоспар құрып жүруге дағдыландым. Студент кезімде достарым:
– «Адамның ойлағаны емес, Алланың қалағаны болады, алдымен оқу бітіріп алайық», – деп күлетін.
Әрине, бұл шындық. Бірақ римдік философ Сенеканың: «Кеме қай портқа баратынын білмесе, желі оңынан соқпайды» деген сөзі мен үшін өмірлік ұстанымға айналды. Мақсат айқын болса, оған жетудің жолы да табылады.
Біздің үй ауылдың шетінде орналасқан. Жақын маңда машина-трактор шеберханасы мен гараж бар. Совхоздың бүкіл техникасы сонда тұратын. Үлкен ауласы ауыл балаларының ойынына таптырмас алаң еді. Сол жерде біз «милиция мен шпион» ойынын жиі ойнайтынбыз. Мен әрдайым милиция болуды қалайтынмын.
Бала кезден әскери форма мен тәртіпке қызығушылығым ерекше болды. Кітапханадан детектив романдар алып, милициялардың қылмысты ашқан шытырман оқиғаларын түнімен көз ілмей оқитынмын. Әсіресе ағылшын жазушысы Агата Кристидің шығармалары мені баурап алатын. Ал орыс жазушыларынан Эдуард Топольдің «Русская дива» романы ерекше әсер қалдырды.
Мектепте сол жылдары орыс тілі мен әдебиетінен маман болмағандықтан, бұл пән мүлде өтпей қалды. Тіпті куәлігіміздің «орыс тілі мен әдебиеті» деген бағанында «оқылмаған» деп жазылған.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өз бетімше үйрене бастадым. Үйде екі томдық үлкен орысша-қазақша сөздік бар еді. Орыс тіліндегі кітаптарды оқығанда түсінбеген сөздерді үнемі сол сөздіктен қарап отыратынмын.
Кітапқа деген құштарлығым әлі күнге дейін сақталған. Достарым да мұны біліп, туған күніме көбіне кітап сыйлайды. Қазір үйімде шағын кітапхана жиналды. Кейде кітаптар бос жатпасын деп, әріптестеріме қызығушылығына қарай ұсынып отырамын.
Бұл қасиетім үлкен қызым Эльназға да берілген сияқты. Ол психологияға қызығады, екеуміз оқыған кітаптарымызды бірге талқылаймыз.
Детективтерге деген қызығушылығым болашақ мамандық таңдауыма да ықпал еткен сияқты. Жалпы, кітап оқығанда ой туады, сол ой жаңа ізденіске жетелейді. Ал әртүрлі тақырыптағы кітаптарды ретсіз оқи беру – тойда барлық тағамды араластырып жеп, асқазанды ауыртқанмен бірдей.
Бала кезде «Кім болғың келеді?» деген сұраққа мен әрдайым «милиция боламын» деп жауап беретінмін. Сол себепті заңгер мамандығына түскім келді. Ол уақытта Ақтөбеде жалғыз жоғары оқу орны – Құдайберген Жұбанов атындағы институт болатын. Алайда ол кезде заң факультеті жоқ еді. Кейін университет мәртебесін алып, жаңа мамандықтар ашылады деген әңгімелер тарады.
Сондықтан «тарих факультетіне түссең, кейін заңға ауысуға болады» дегенді естіп, тарих мамандығына дайындала бастадым.
Ата-анам ешқашан мамандық таңдауыма араласқан жоқ. «Қай бағытқа бейімің бар – соны таңда» дейтін. Бірақ 90-жылдары өмір қиындап, екеуі де жұмыссыз қалды. Сол қиын уақытта менің оқуымды тоқтатпай, бар мүмкіндігін маған салды. Қазір ойласам, олар өздерінің барлық «инвестициясын» маған құйған екен.
Бес баланың ішінен жоғары білім алған – менмін. Бір жазбамда бір нақыл сөзді белгілеп қойыппын: «Тұңғыш бала үйдің тірегі емес, өзінен кейінгілерге жол ашар көпір болуы керек».
Менің өмірлік ұстанымым да осы болды.
Қазір негізгі инвестицияны білімге салу керек деп есептеймін. Сол себепті балаларымның жан-жақты дамуы үшін ерте жастан ағылшын тілі мен түрлі үйірмелерге қатысуына жағдай жасадым. Нәтижесінде үлкен қызым Эльназ мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Еуразия ұлттық университетіне грантпен түсіп, ағылшын-қытай тілі мамандығын және магистратурада психолог мамандығын меңгерді. Екінші қызым Дильназ да грант иегері атанып, қазіргі таңда дизайнер мамандығын оқып жүр.
«Балалық шағымның сәттері» бөлімін қорытындылай келе, бала тәрбиесіне қатысты қоғам қайраткері, кәсіпкер әрі ойшыл Марғұлан Сейсембайдың тұжырымдарын атап өткім келеді. Оның өмір мен тәрбие туралы қарапайым, бірақ терең мәнге ие ойлары маған қатты әсер етеді. Осындай тұлғалардың қоғам ісіне араласып, ел дамуына үлес қосқаны жөн болар еді деп ойлаймын.
Ол өзіндік бала тәрбиесін былай деп тұжырымдайды:
6 жасқа дейін балаға балалықтың бақытты сәтін сезінуге мүмкіндік бер.
6-12 жас аралығында балаға «швед столын» жаю керек, яғни қалағанын алуға, таңдау жасауға мүмкіндік беру керек. Үш ай шахматқа, үш ай сурет үйірмесіне, үш ай тіл үйрену курсына, робототехникаға, гимнастикаға, биге және т.б. үйірмелерге беру керек. Ата-ананың міндеті – баланың қай салаға қызығушылығы бар екенін анықтау. Осы кезде баланың ішкі қабілеті мен қызығушылығы айқындалады.
12 жастан бастап баланың қабілеті жоғары 2-3 саланы таңдап, соны күшейтуге жұмыс жасау керек. Қабілетін арттыру үшін репетитор жалда.
18 жасқа жеткенде балаға өзінің жақсы көретін ісін табуға көмектесу керек. Егер бала өзі сүйіп жасайтын ісін тауып, соны оқып білсе, болашағына алаңдамауға болады.
Сүйіп жасайтын іс адамға мотивация береді, оны ынталандырып, алға сүйрейді. Марғұлан Сейсембайдың осы тұжырымдарын бала тәрбиесінің дайын құралы ретінде пайдалануға болады.
Осы тұрғыда бүгінгі күнге дейін жиған аз-кем тәжірибемнің арқасында менің де өзіндік өмірлік тұжырымдарым қалыптасты.
Бірінші: Ата-әже тәрбиесі – тәрбиенің тал бесігі. Ата-әженің тәрбиесін көрген баланың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет, мейірімділік, имандылық деген рухани тәрбиенің өзегі мәңгі ұялайды.
Осы тұрғыда Бауыржан Момышұлы былай деген: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дінді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ» – деген. Отбасы тәрбиесі, әсіресе ата-әже тәрбиесіне жетер ештеңе жоқ.
Екінші: Ерте жастан баланы еңбекке баулу. Қазір баланы ерке қылып ұстап, қиындық көрмей өмір сүруге тәрбиелеп жатырмыз. Қиындық көрмей өскен баланың болашақ өмірдегі алғашқы қадамдары қиын болады. Ата-ана өмір бойы бала жанында болмайды. Алдымен өз төсегі мен ішкен асын жинаудан бастатып, біртіндеп өмірінде қажет болатын істерге баули беру керек.
Бұрын біз мектепте оқығанда кезекшілікпен өзіміз оқыған кластың күнде еденін жуып, тақтасын тазартып кететін едік. Одан ешкім қор болған жоқ. Себебі, ертеңінде осы класта оқитын өзіміз. Қазір еден жумақ түгілі, баланың қолына телефоннан ауыр затты ұстатпайтын болды.
Үшінші: Білімге құйған қаржы – келешекке құйған инвестиция. Балаға қымбат телефон, әдемі киім емес, танымдық кітап алып беру керек, өзін дамытатын курстарға беру керек. Әрине, баласының болашағын ойлайтын ата-ана мұны жасайды, бірақ баланың еркелігіне салып айтқанын жасап та жатқандар баршылық.
Шығыс жекпе-жегінің шебері Брюс Ли: «Менде болмаған дүниені балам ұстасын деп, балаға дүние әперме. Мен білмегенді білсін деп білім бер. Дүние көшеді, білім қалады» – деген.
Төртінші: Мамандық таңдауына еркіндік беру. Кейде ата-аналар мамандықта ақшасы мен қызметін алдыға қоятын саланы таңдап жатады. Өзі сүйіп таңдамаған салада адам жетістікке жетпейді. Мәселен, жетістік тек жоғары білім алумен шектелмейді, сүйіп жасайтын кәсіппен келеді.
Бесінші: Баламен досыңдай сырлас! Күнделікті күйбең тірлікпен баланың ішкі дүниесінде не болып жатқанын аңғармаймыз. Ата-ана балаға қалағанын алып бердім, оқуына түсірдім, осымен менің міндетім аяқталды деп ойлайды.
Кейде баланың тығырыққа тіреліп, шығар жол таппаған кездері болады. Сол кезде сол жолды ең бірінші кім көрсетсе, оның өмірі сол бағытта өзгеруі мүмкін. Өмірде сан-салалы жолға түсіп кету қауіпі бар.
Алтыншы: Баланың ой-өрісін дамытуға күш салу. Мен балаларыма кішкентай кезінен күнделік жазуды үйреттім. Қайда жүрсем де, көзіме әдемі блакнот түссе, қыздарыма әкеліп беремін. Соған арман-тілектеріңді, есте қалған сәттеріңді жазып жүрің деп айтып отырамын.
Күнделік жазу баланың ішкі сырларымен бөлісуіне, жақсы сәттері мен ойларын жазуға дағдыландырады. Ойлау қабілетін қалыптастырады.
Кітап таңдауда көмек беру керек. Оқыған кітабын міндетті түрде бірге отырып талқылауды әдетке айналдырған жөн.
Сондай-ақ, баланың қонақ келгенде ортада болғаны жөн, танымы артады. Қазақ қоғамында баланы қонақ келсе бөлек бөлмеге тығады, қонақ кеткенше сол жерде отырады. Бала үйге келген адамдардың кім екенін біліп, олардың жақсы әңгімелерін естіп өсуі керек.
Мен қыздарымнан: «Менің қандай көмегім қажет? Түсінбей жүрген сұрақтарың бар ма?» деп сұрап отырамын. Әсіресе отбасымен дастархан басында жиналғанда әдейі бір тақырыпты қозғап, олардың ой-пікірлерін сұраймын. Балалардың ашыла бермейтіні рас. Баланың ішкі дүниесін ашу үшін отбасымен диалог құруды жиі жолға қою керек. Мен мұндай тәжірибе жасап көргенмін.
Жолдасым мен балаларымды жинап былай дедім: «Біз бір отбасымыз, біздің болашағымыз бәрімізге байланысты. Балалардың арман-тілектерінің орындалуы алғашқы кезде ата-анамен тікелей байланысты. Сондықтан мен біздің алдағы бес жылға мақсаттарымыздан жоспар құруды шештім.»
Ол үшін әрқайсың алдағы бес жылға мақсаттарыңды жазыңдар. Оны әр жылға бөліп, өздеріңнің түсінгенің бойынша шешу жолдары мен кедергілерді көрсетіңдер дедім.
Отбасының әрбір мүшесінің жазған мақсаттарынан ортақ отбасының алдағы бес жылдық жоспары шықты. Бастысы балалар жасырмастан өз ойларын ашық көрсетті.
Бұл ата-ана ретінде маған балаларымның болашағын айқындауға, мақсаттарына жол ашуға қандай әрекеттер жасау қажеттігін білуге мүмкіндік берді.
Осы тұрғыда бір басымнан өткен оқиға туралы жазып кетпекпін.
Бірде бір ортада таныс жігітпен кезігіп қалдым. Жасы менен кіші, жеке кәсіппен айналысады. Қасында 6 класта оқитын баласы бар екен. Аз-кем әңгімелесіп отырғаннан кейін баласын сөзге тарттым. Руын сұрап едім, жалпылама біледі, жеті атасын білмейтін болып шықты. Отбасында кіммен көбіне боласың десем, үнемі мамамның қасындамын деп жауап берді.
Қызығушылығын сұрап едім, футбол мен боксқа қызығады екен. Қай спорт түріне қатысасың десем, дзюдоға қатысамын, бірақ қызықтырмайды дейді. Онда неге қатысасың деп сұрасам, үйге жақын болғасын, папам қатыс деп, қатысып жүрмін дейді.
Көрдіңіз бе, балада таңдау жоқ, оның қызығушылығы туралы әкесі осы күнге дейін сұрамаған болып шықты. Мектептегі жақсы көретін пәндері, достары, атақты футболистер мен боксерлер туралы әңгімелесіп отырып, баланың әкесін ұмытып кетіппіз. Баланың қызығушылығы ашылып, менімен әңгімелесіп, сұрақ қойып, ойларын бөлісуге талпынып отырды.
Мұны көрген әкесі біраз ойланып қалды. «Сіздің сұраған нәрсеңіздің біреуін баладан осы уақытқа дейін сұрап көрмеппіз» дейді. Жеті атасы мен руы жөнінде баласының білмей қалғанына намыстанып, маған күліп: «Нәке, ұят болды, бір аптада балама үйретемін. Келісейікші, бір аптадан кейін тағы бір кездессек, балам көп нәрсе білетін болады. Уәде беремін» деді.
Қорыта айтқанда, баламен үнемі кері байланыс болуы керек. Дастархан басында, жол үстінде, демалыста, қандай мүмкіндік туса, балаға сұрақ қойып, қызығушылығын сұрап отыру керек. Әрине, баланың сұрағына лайықты жауаптар сізде дайын болуы тиіс.
Еңбек – өмір мектебі
Ауыл адамды тәрбиелейді, шыңдайды,
өмірге үйретеді. Ә.Бөкейханов
Менің бойымдағы жауапкершілік пен табандылық қасиеттері мектеп кезіндегі еңбекке ерте араласқан сәттерден бастау алды деп ойлаймын.
Сол бір жылдары совхоздағы тіршілік қайнап жататын. Еңбек етпеген адам жоқ. Көктем туысымен ауыл адамдары жер жыртып, егін егуге қамданады, бір бөлігі сақманға шығып шопандарға көмек береді, ал механизаторлар техникаларын жарақтандыруға кірісетін.
Мектептің жоғары сынып оқушылары жазғы үш ай каникулда совхоз жұмысына тартылатын. Мен де 9-сыныптан бастап сол қатарға қосылдым.
Әкем сол кезде совхоздың комбайн бригадасында жұмыс істейтін. Алғашында механизатор, кейін комбайнер болды, уақыт өте келе совхозды құрал-жабдықпен қамтамасыз ететін, машина-трактор гаражының меңгерушісіне дейін көтерілді.
Әкем кейде мені қасына ертіп алатын. Комбайн мен трактордың арасындағы тіршілік мені де қызықтыра бастады. Біртіндеп әкем техника жүргізудің қыр-сырын үйретті. К-700 тракторымен шөпті шөмеле етіп үю, комбайн, ЮМЗ және шынжырлы тракторларды жүргізу мен үшін ерекше мектеп болды.
Бала күнімдегі бір қызық оқиға әлі есімде. Ол кезде 6–7-сыныпта оқитынмын. Бір күні әкем ауылдан он екі шақырым жердегі фермаға жұмысшыларды жеткізу үшін ГАЗ көлігімен шықты да, мені қасына ертіп алды. Фермаға келген соң:– Сен машинада отыра тұр, мен тез ораламын, – деп ғимаратқа кіріп кетті.
Таңертеңнен түске дейін отыра бердім. Ішім пысып, қарным да аша бастады. “Әкем мені ұмытып кеткен шығар” деген ой келді. Жан-жағыма қарасам ешкім жоқ, ал кілт машинада қалған. Сол сәтте балалық әуестік жеңіп, көлікті от алдырып, бірінші жылдамдыққа қостым да ауыл жаққа бет алдым. Бірақ екінші, үшінші жылдамдыққа қосайын десем, тетікті басуға күшім жетпейді. Сөйтіп жай жылдамдықпен ферма аумағынан шыға бергенім сол еді, артымнан әкем машинамен қуып жетіп тоқтатты.
– Апатқа ұшырасаң қайтесің! – деп қатты ұрысты.
Бұл менің көлік тізгінін алғаш рет ұстаған күнім еді.
Совхозда жыл сайын 9–11-сынып оқушылары егін орағына қатысатын. Бұл міндет емес, өз еркіңмен істейтін жұмыс болатын. Бір жазда мен де әкеме айтып, қатысқым келетінін білдірдім. Ол қарсы болмады, қайта:
– Дұрыс шешім. Жаз бойы босқа жүрмей еңбек ет. Өз еңбегіңмен тапқан ақшаңа жаңа оқу жылына керек-жарағыңды аларсың, – деді.
Ол кезде еңбек етіп ақша табу туралы ой мүлде болмаған, мені қызықтырғаны – егіс басындағы жұмыс, комбайн жүргізу, жаңа адамдармен араласу еді.
Ауылдан жиырма шақты жасөспірімді іріктеп, комбайнерлерге көмекші етіп бөлді. Алдымен комбайнды жүргізу мен қауіпсіздік ережесін үйретті. Алғашқы күндері комбайнерлердің қасында отырып, олардың жұмысын бақылап үйрендік. Кейін өзімізге сенім білдіріп, комбайнды жүргізуді тапсырды.
Таңертең ерте тұрып, жұмысшылар жатағында таңғы асымызды ішеміз. Содан кейін ЗИЛ жүк көлігінің бортына мінген бізді егіс алқабына апарып тастайды. Кешке дейін жұмыс істейміз. Түскі асты алқапқа жеткізіп береді.
Кешкісін жұмыс аяқталған соң бәріміз жиналып әңгімелесеміз, қалжың айтамыз. Комбайнерлердің көбі 20–30 жастағы жігіттер еді. Олардың әзілі мен өмір жайлы әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз.
Бір қызығы, олар бізге жарыс жариялайтын: «Кім көп астық орып, тапсырса, сол үздік болады», – дейтін. Сол сәтте бәріміз бар күшімізді салып, комбайнды тоқтатпай жүргіземіз. Бункер астыққа толғанда қызыл туды қадап, белгі береміз. Астық тасушы көлік келіп, астықты төгіп алып кетеді де, біз қайта іске кірісеміз.
Кешқұрым жұмыс аяқталғанда, алқаптың бір шетінен екінші шетіне дейін комбайнмен жарысатынбыз. Ол бізге үлкен мереке секілді сезілетін.
Үш айдың ішінде көп нәрсені үйрендім. Алдымен отбасыңнан жырақта өз бетіңмен өмір сүруді меңгересің. Бұрын мүлде көрмеген іспен айналысып, техника жүргізуді, оны жөндеуді, еңбек тәртібін сақтауды үйренесің. Күннің ыстығында таңнан кешке дейін комбайн кабинасында тапжылмай отыру, өз нормаңды орындауға тырысу – адамның төзімі мен табандылығын шыңдайтын мектеп. Ұжыммен жұмыс істеу арқылы көпшілікпен тіл табысуды, ортаға бейімделуді де үйренесің.
Осылай үш жыл қатарынан жазғы каникул кезінде совхоздың егін орағына қатыстым. 10-сыныпта өз алдыма жаңа комбайн берді. Бұзылса өзім жөндеп, өзім жүргізетінмін.
Қыркүйекте жаңа оқу жылы басталғанда салтанатты жиында бізге «еңбектегі жетістігі үшін» деген арнайы грамоталар табыс етілетін. Сонымен қатар, еңбекақымыз да төленді. Оны әке-шешем алып жатқан болар, мен ол жағына көңіл бөлмедім. Мен үшін ең бастысы – еңбекпен шыңдалған тәжірибе мен өмір сабағы еді.
Мақсат жолында
Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқан
кезде ғана жетістікке жетеді. Дейл Карнеги
Ибн Сина: «Ауырған адамның бір ғана арманы бар – тезірек сауығу. Ал дені сау адамның мыңдаған арманы бар, оған бақытқа жету үшін көп нәрсе керек», – деген екен. Сол мың арманның бірі – мамандық алып, жоғары білімге қол жеткізу еді.
1993 жылы мен Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне құжат тапсырдым. Бұл – Ақтөбе облысы жастарының арманы болған, оқытушылар құрамы мықты беделді оқу орны еді.
Оқу орнының тарихы 1934 жылы ашылған екі жылдық Ақтөбе мұғалімдер институтынан бастау алады. 1945 жылы оған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жерлес ақын Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген. Кейін бірқатар құрылымдық өзгерістерді бастан өткеріп, 1990 жылы институтқа қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың есімі берілді. Ал 1996 жылы оқу орны университет мәртебесін иеленді.
1993 жылы тарих факультетіне түсуге ниет білдіргендердің қатары көп болды. Іріктеу абитуриенттердің жинаған балына қарай жүргізілді. Мен емтиханнан сәтті өттім, бірақ қабылданатын 20 студенттің қатарына ілінбей қалдым. Мен сияқты емтиханды тапсырғанымен, негізгі тізімге енбей қалған 15 шақты талапкер болды. Бізге сырттай оқу немесе дайындық курсына түсу ұсынылды. Мен дайындық курсын таңдадым – ауылға «оқуға түсе алмадым» деп қайтқым келмеді.
Дайындық курсы күндізгі бөлім студенттері сияқты толық оқу кестесімен жүргізілді. Егер 1-курс студенттері арасынан біреу оқудан шығып қалса, олардың орнына дайындық курсындағы үздік тыңдаушылар қабылдануы мүмкін еді. Сонымен қатар келесі жылы қайта тапсырғанда осы курстың нәтижесі ескерілетін.
Курс тыңдаушыларына жатақханадан орын берілетін болды. Мен туыстардың үйінде тұрғым келмей, жатақханаға жазылдым. Бірақ медициналық тексеруден өткенде дәрігер өкпемнен дақ тауып, «емделу керек» деп оқуға жібермеді. Осылайша үш ай ем қабылдауыма тура келді.
Оқуға кетпей тұрып, әке-шешеме көмектесейін деп үйдің сыртын цементпен сылауға кіріскенмін. Күздің салқын уақыты еді. Мұздай сумен цемент илеу, дамылсыз жұмыс, үстіне суық суға шомылу – бәрі қосылып, салқын тигізіп алған болуым керек. Емделген соң институттан құжаттарымды алып, келесі жылы қайта тапсыруға бекіндім.
Бос жүрмес үшін ауылдағы машина-трактор шеберханасына жұмысқа орналастым. Ондағы механиктер бұзылған техникаларды жөндейтін, мен солардың көмекшісі болдым. Қолға түскен бұрандаларды бекіту, бензин мен солярка тасу, мотордың бөлшектерін бензинмен жуу – бәрі менің мойнымда еді. Осылай бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты.
1994 жылы қайтадан құжат тапсырып, өзімнен бір жыл кіші түлектермен бірге тарих факультетіне оқуға түстім.
Оқу жылы басталғанға дейін студенттер бригадасымен Пригородный кеңшарына барып, картоп теруге қатыстым. Өткен жылы қалада емделіп, туыстардың үйінде тұрғаным бар еді, сондықтан қала өмірі мен үшін таңсық болмады, бейімделу де қиынға түспеді. Сол жылы өзімнен бір жас кіші қарындасым Нұргүл медицина колледжіне оқуға түсті.
1996 жылы институт университет мәртебесін алған кезде қатты қуандым – «енді заң факультеті ашылады» деген үміт болды. Алайда біз оқу бітіргенше ол жоспар іске аспады. 1998 жылы университетті тәмамдап, тарих пәні мұғалімі мамандығын алып шықтым.
Күнделігімді парақтасам, сол жылдары жиі жазған жазбаларымның ішінде «заңгер болам» деген арманым көзіме оттай басылады. Сол мақсат жетегінде мен курстастарым Айдос пен Жәнібекпен бірге Ақтөбедегі Орта Азиялық университеттің заң факультетіне құжат тапсырдық. Үшеуіміз де сот-прокурор бөлімшесіне сырттай оқуға қабылдандық. Мақсатқа бір табан жақындағандай күй кештім.




