bannerbanner
Ел Шоңы. Бесінді. III кітап
Ел Шоңы. Бесінді. III кітап

Полная версия

Ел Шоңы. Бесінді. III кітап

Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля
На страницу:
4 из 9

Арада біраз уақыт өтті. Енді екеуінің де тірі еместігіне көзіміз әбден жеткендей болды. Бір ай өткенде қазақтардың соңына орыстар шам алып түсіп алды. Ана жерде, мына жерде қазақтарды өлтіріп кетіпті деген сөздер шығып жатты. Маған да жан керек, ұлы жүз қазақтарының ішінен таныс тауып, солардың арасына барып бас сауғаладым. Содан әйтеуір, тірі қалдым. Шапыраштының қызына үйлендім. Содан осы күнге жеттім.

Шоң отырып ойлаған еді, орыстар қырғыздарды қорқытып, Кенесарыны өлтірткен болды ғой. Кенесары туралы әңгіме болғанда, сонау жылдары орыстар айтқан, сендердің хандарыңды өлтірген өздеріңнің туыстарың дейтін. Бұл екі елді шатастыру амалы екенін Шоң енді анық түсінгендей болды. Қазір мына адамның айтқанынан кейін Шоң сөз бастап кеткен еді:

– Орыстар мен қырғыздар ғана емес, мына таулар да Кенесарының жауы болған тәрізді. Алдында орыстар Сарыарқаның кең жазығында Кенесарымен қанша соғысты. Бірінде де орыстар жеңіске толық жете алмады. Сарыарқаның кең даласында жүргенде мүмкін жеңе алмай кетуі де мүмкін еді-ау. Ол кең далада жүріп соғысудың айла-тәсілін біліп алған. Кең даладан кетуі Кенесарының үлкен қателігі, – деп Шоң өзінше қорытынды жасады.

Бұлар Кенесары жауынгерлерінің сүйегі қалған жерлерге құран оқып, құдайы жасап отырғанда бір топ қырғыздар келді. Бұлар қазақтармен көршілес отырған құдандалы қырғыздар екен. Дос көңілді қырғыздар болып шықты. Біреуі тұрып сөз бастады.

– Сіздердің алыстан келгендеріңізді естіп жатырмыз. Не айтамыз, аруақтардың жатқан жері жайлы болсын. Біздін ауылға жүріп қонақ болыңыздар, – деді.

– Мынаның айтып тұрған сөзін қара, қазақтың соңғы ханын өлтіреді де, енді келіп қонақ бол дейді. Бармаймыз, – деді бір болыс.

– Сіздер не айтып отырсыздар? Қазір Кенесарыны өлтірген Орман манаптың өзі де жоқ. Оның да сүйегі қурап қалған шығар. Қазақтар мен қырғыз арасындағы туысқандық, достықты ешкім жоққа шығара алмайды. Біз достық пейілдегі адамдармыз. Сондықтан келіп отырмыз. – Қырғыздарды бастап келген адамның сөзі еді бұл.

– Сендер қатыспасаңдар, аталарың қатысқан, – деді тағы да бір болыс отырып.

– Болар іс болды. Енді оны түзете алмаймыз. Қырғыз ешқашан қазаққа қарсы бармайды. Бұл орыстардың айдауымен амалсыздан болған соғыс, – деді Шоң.

Шоңның бұл сөзінде шындық жатқанын сезгендей болды жұрт. Бірақ ана орыстардың басшысы біліп қалса пәле бола ма деп қорқып тұр еді болыстар. Соған орай сөйледі Шоң:

– Біздер орысқа біржола тәуелді болған халықпыз. Ал сіздер әлі толық бағынған жоқсыздар. Біздің бір дастархан басына отыруымыз, сіздерге де пайдалы емес, ертеңгі күні орыстар біліп қалса пәле жасайды. Осы келгендеріңізге рахмет. Біз бара алмаймыз, – деді.

– Бізге орыстар өшігіп енді не істейді? Жүріңдер біздің ауылға… Сол арада Арқа қазақтары екіге жарылып кетті. Бірі барайық десе, екінші топ бармайық дейді.

Шоң қасына еріп келген казак-орыспен, татармен ақылдасқан. Шоң оларға ретін келтіріп айтқан.

– Мына қырғыздар ертең біз кеткен соң көрші отырған қазақтарға өшігіп алады. Малдарын ұрлайды. Содан кейін бұл жақтың қазақтарынан да бізге өкпе-реніш туады. Сондықтан барғанымыз дұрыс болатын шығар, – деді.

Күн сайын жылқыларды ұрлап жүргендер арасында осыларға да күдіктері бар еді олардың. Содан кейін бұларды ашындырудың жөні жоқ екенін білген олар да. Ақыры татар аудармашы мен казак-орыс екеуі оңашаланып отырып ақылдасқан. Шоңдардың айтқанымен келіскен еді. Әлгі сөз олардың да көңілдеріне қонған тәрізді. Арқа қазақтары қырғыздар аулына барған еді. Олар естері қалмай, жақсылап қарсы алды.

Алдында барып қонақтарды шақырған адам айтып келген болатын аулына: «Араларында бір Шоң есімді адам бар екен. Сол қырғыз ғой деймін. Айтқан сөздерінің бәрі шоң. Қазақтан ондай адам шығатынына күдік келтіремін. Көп білетін тәрізді. Қасындағы екі орыспен әңгімелесіп, біраз шаруаны сол реттеп берді. Сөздің жөнін келтіре айтатын адам екен. Өзі орысшаға ағып тұр».

Қонақтар келіп дастархан басына жайғасқан соң ауыл үлкені сөз қозғады.

– Араларыңда Шоң дейтін адам бар екен. Осы уақытқа дейін қазақтардың арасынан ондай есімді естіген жоқ едік. Қазақтардың ішіне сіңісіп кеткен қырғыз емес пе?

– Ол айтып отырған қырғызыңыз мен боламын. Үш қайнаса қырғызға сорпам қосылмайды. Мен қазақ боламын. Бірақ мен сіздерден қашпаймын. Қаза берсек, арғы тегіміз бір халықпыз ғой. Неге қашамын?!

– Ендеше, неге бармаймын деп айтасыңдар алғашқыда. Шақырған қонаққа келмеуге бола ма екен. Қонақтан қашу қазақтың да, қырғыздың да дәстүрінде жоқ. Осы дастархан қырғыз бен қазақтарға сан рет жайылған. Орман манап пен Кенесары қанша соғысқанымен, дастарханымыз бөлінуге тиісті емес.

– Ағасы, дұрыс айтасыз, біз сіздердің ертеңгі жағдайларыңызды ойлап айтып отырмыз ғой. Біз ертең кетеміз, кейін Кенесарының туысқандарын қонақ еттіңдер деп, сіздерге орыстар маза бермей жүрсе қайтесіздер?

– Біз орыстан қорықпаймыз, қазақтан қорқамыз…

Осы жерде бір сөзді айтудың жөні келіп қалды. Шоң сол арада айтып салған.

– Қорықсаңыздар, қазақтың ханын өлтірмес едіңіздер…

– Ешбір қырғыз Кенесарыны жауға балаған жоқ. Орман манап қой, орыстардан қорқып жасаған оны…

– Ол біреу, сіздер көпсіздер. Үлкендеріңіз айтпай ма, қазақ туыс халық, олармен соғыспайық деп, Орман манапқа?

– Айтқанда, сіздердің хандарыңыз болды ма, айтқаныма көнбесеңдер өлтіремін, қырамын-жоямынға басты ғой. Сол сөзі өзіне жау болды. Ол соны жасап тұрғанда қырғыздар не істеуі керек еді?

Шоң көзі көрмесе де естіген, артынан ермеген Орта жүз қазақтарының өзін Кенесары қорқытып, ермегендердің малдарын тартып әкеткенін білетін. Шоң ойланып қалды, «қазақтарға жасаған қысастығын қырғыздарға жасамақшы болған екен ғой». Сәл үнсіз отырып барып Шоң:

– Бұл сөзіңізде шындық жатыр. Кенесары да, Орман манап та бір ауызды болмаған соң сондай күйге жетті. Қазақ та талай жерде содан таяқ жеп жүр. Осы отырған қазақтар алдында сіздер қанша кінәлі болып отырсаңдар да кешірім сұраймыз. Біздің ханымыздың әлгі жіберген қателігі үшін…

– Бауырым, Шоң десе шоң екенсің. Болар іс болды, бояуы сіңген шаруа ғой. Бәрі де кеш. Бірақ әлгі сөзің үшін біз де Кенесары өлімі үшін кешірім сұраймыз.

Мына сөзден кейін екі жақ та жеңілденіп қалғандай болды. Дәу табақ ет келді. Жылқының, қойдың еттері аралас екен. Әлгі сөйлеп отырған адам басты алып Шоңның алдына қойды. Шоң айтты:

– Бұл дастархан басында жасы менен де үлкен ақсақал отыр. Мына басты сол ұстасын! – Шапыраштардың аулынан алып келген төре шалының алдына қойды. Ол басты ұстамай койды.

– Шоң бауырым, екі халықты татуластыратын сөз айтып отырсың. Үлкендікте тұрған ештеңе жоқ. Әр нәрсенің өзінің жолы бар. Алыстан келдің. Сен ұста, – деп шал басты өзіне қарай сырғытып қойды. Ана алыстағы ауылдан сүйретіліп келген шалға Шоң риза еді, қайтсе де төре шалына басты ұстатқысы келіп отыр еді. Өзі аяғымен жүре алмайды. Бүкіл қазақ Шапыраштардың ішінен суырылып шығып, барамын дегеніне риза еді. Осы арада басты ұстамауға бір сылтау керек болды. Содан кейін айтқан:

– Менің әлі әкем тірі. Мен басты ұстамаймын. Орта жүзде сондай тәртіп бар…

– Әкең қандай бақытты адам. Сендей баласы бар, – деді қырғыздың бір шалы отырып. – Әкең әлі де сенің қызығыңды көре берсін! —деді де, әлгі шал басты төре шалдың алдына қойды. Бір үйден соң бір үй шақырып, ақыры қырғыздар қоймаған соң Шоң бір үйден басты ұстауына тура келді.

Көрші жатқан қырғыздар ауылы естіп одан да адамдар келген еді. Амалсыздан онда да барды. Орта жүз адамдарының келуі бір үлкен тойға айналып кеткендей еді. Ақыры қазақтардың қасында еріп жүрген казак-орыс реніш білдірді. Бұл бітпейтін не қылған қонақтаулар. Біздің генерал іздеп жатқан болуы керек, қайтамыз деді. Шоң оның айтқан сөзін қырғыздарға аударып беріп отырып:

– Біз орыстарға тәуелді болып қалған адамдармыз. Сондықтан мыналардың айтқанын жасаймыз. Басқа амал жоқ. Әйтпесе, сіздердің көңілдеріңіздің бізге қаншалықты адал екенін жақсы түсіндік. Соған ризамыз.

– Шырағым, сол сіздер кешкен жағдайды біз де өткелі отырмыз. Орыстар қазаққа жүргізген билікті қырғызға да жүргізетін сияқты. Оған сәл уақыт керек.

– Мына сөзіңде шындық бар. Орыстан ешқайда барып құтыла алмаймыз. Ең дұрысы, ауыз бірлігі жойылмасын. Қазақ пен қырғыз соны түсінсін, – деді Шоң.

– Мына сөзден артық сөз жоқ, бауырым. Әр уақыттта жақсы күйде кездесіп жүрейік, – деді кырғыздың үлкен ақсақалы.

Қырғыздар өзара ақылдаса келіп әрқайсысына бір-бір ат, бір-бірден айып шапанын кигізбек болды. Бұл туралы айтқанда, Шоң оған келісе қоймады.

– Көңілдеріңізге рахмет! Біз айып-шапан алайық деп келген жоқпыз. Ертеңгі күні онымызды естісе Арқада жатқан қазақтар жанжал шығарады. Біз ешнәрсе де алмаймыз. Қазақтардың қаны тамған жерге құран оқуға келдік. Екіншіден, Сіздер Кенесарының құнын ешқандай айып-шапанмен төлей алмайсыздар. Ол – хан. Оның құнына бүкіл қырғыздың байлығы жетпейді. Өйткені, үш жүздің адамдары оны хан етіп сайлады. Оған әуре болмаңыздар. Мына отырған киіз үй қазақтың да, қырғыздың да бас қосатын ортақ жері болсын. Әр уақытта осының ішінде туысқандық көңілмен бас қоса берейік. – Шоңның шын көңілден айтқан сөзіне ешқайсысы ештеңе дей алмады.

– Бауырым, дұрыс айтасың. Пәлен ғасырдан бері қазақ пен қырғыз осының ішінде бас қосып келеді. Алдағы уақытта да ұрпақтарымыз осының ішінде бас қоса берсін!

Казак-орыс асықтырып отыр еді. Бір топ қырғыз Шапыраштар аулының іргесіне дейін шығарып салды. Ауылға жақындағанда айтқан:

– Біз ауылға кірмейміз. Олардың өкпесі бізге деген әлі жазылған жоқ. Мен білемін, кешегі соғыста бұлардың да туысқандары өлген. Бірнеше адамдар екі жақтан да ұзатылған қыздарын қайтып алған.

Шоң тұрып айтқан:

– Өлген адамдар өлді. Енді олар қайтып келмейді. Өткенді ұмыту керек. Бірталай заман өтті, халық жаңара бастады. Екі халық арасындағы ағайыншылықты жоғалтпау үшін сіздерді татуластырып кеткіміз келіп тұр. Сіздер де бізді сонау жерден шығарып салып келдіңіздер. Үй іргесіне келіп тұрып, енді мына Шапыраштарға да көңілдеріңізді білдіріп кетіңіздер. Жараның орны қалғанымен, ол да бітуге тиісті. Бірге келіп тұрып, қайтып кеткендеріңізді естісе өкпелейді. Ауылға кіріңіздер, – деді Шоң. Оның мына сөзінен кейін олар амалсыз ауылға кірген еді. Шапыраштар да соны тілеп отырған болуы керек, қуана қарсы алды. Қонақтар үшін киіз үйлер тігіліп, малдар сойылып, Шапыраштардың тәуірлері жиналып, тойлап жатты.

Казак-орысқа бұл жағдай ұнамады. Ертеңіне айтқан болатын Шоңға:

– Біз генералға айтып барамыз, ол сізге бір шара қолданады. Өйткені, бәрін жасап жүрген сенсің! Бұл қырғыздар да орыстардың жылқысын ұрлаған ұрыларды жасырып жүр. Бұлардың біздің алдымызда кінәсі бар. Амандық болса, онысын естеріне түсіреміз.

Шоң оның бұл сөзінің мәнін түсінді. Сендерге жасағанды бұларға да жасаймыз дегенді меңзеп тұр еді. Казак-орыс ашық айтпады. Шоң казак-орыстың ренжіп отырғанын жиналғандарға жеткізген еді. Төре шалдың баласы шыдай алмай казак-орысқа тиісті:

– Сен не жылқыны айтып отырсың? Ұрласа қазақтың жылқысы ғой. Сен Ресейден не алып келіп едің?

Татар аудармашы казак-орысқа аударып берген болатын. Ол қатты ашуланды, төре жігітіне қолындағы мылтығын кезене қалды. Атып тастайтын түрі бар.

Көп болып зорға қойғызған еді. Бір қырғыз тұрып айтқан:

– Мынаның күш көрсетуін қарашы!

Мына сөз казак-орыстың ашуын келтіргендей:

– Сендер мыналардан мықты емессіңдер. Бұларға жасағанды біраз уақыттан кейін сендерге де жасаймыз. Арттарыңды қысып, жай отырыңдар! – деді казак-орыс.

Шоң оның сөзінің мәнін түсінді. Қырғыздарды да түгел жаулап алу үшін дайындалып жатқанын білді. Шоңнын айтар сөзі бар еді. Бірақ айта алмады. Мықтының сөзі әр уақытта қисық болса да жөн болатынын біліп отырған. Шоң сол арада қолын жайып бата жасады. Содан Арқа қазақтары жүріп кеткен еді.

Колпаковскийдің кеңсесіне келді. Кайтар алдында ол Орта жүз болыстарын жинап алып тағы әңгімелескен еді. Колпаковский:

– Сіздер анау батыс Алатауының қырғыздарына бекер бардыңдар. Олар сіздердің хандарыңызды өлтірді ғой.

Шоң мына сөзде шағыстыру бар екенін сезді де, айтқан болатын:

– Бұл олардың жіберген үлкен қателігі, оны өздері де мойындап отыр. Бұл екі халықтың төскейде малы, төсекте бастары қосылған. Сіздер міне, енді келіп қалдыңыздар, менің сіздерге айтарым, екі халықтың арасына кіре бермеңдер. Одан сізде де, біздер де, қырғыздар да пайда көрмейді. Екі халықтың тату тұруын насихаттаңдар!

Колпаковский мына сөзге ойланып қалды. Бірақ қолдап, не қарсы ештеңе айтпады. Бұларды қырғыздармен жолығуға жібергеніне өкінді. Екі қырғыз елдері арасында қандай достық барын енді түсінді. Орыс саясатына келтірген үлкен зиян болмаса болды екен деп ойлады генерал. Бірақ үндеген жоқ.

Содан кетпекші болып отырған Арқа қазақтарына бір-бір үлкен қалта апорт тапсырды. Бір болыс отырып сұрады:

– Мынасы несі?

– Бұл бізге тартқан орыстардың сыйлығы ғой, – деді Шоң.

– Далада өсіп тұрған алма тартқан сыйлық бола ма?

– Әркім өз білгенін жасайды…

Мыналардың арасында бір дау болып кеткенін генерал сезді де, Шоңнан сұрады. Ол әлгі болыстың айтқанын айтпады, басқаша сөйледі:

– Құрметті Герасим Алексеевич, бұл жасаған сиыңызға рахмет! Мен мына болыстың айтып отырған сөзін айтайын, бұлар бір қиындықты сезініп отыр. Байлардан жүйрік ат жинау қиын. Әр болысқа жүз аттан жинап беру дегеніңіз қиындау іс. Соны тағы да азайтуды сұрап отыр.

Колпаковский Шоңнан аты-жөнін қайта сұрап алды да:

– Шоң Телқозинович, бұл талапты сіздерге қойып отырған губернатор да, мен де емеспін, патша тілегі. Оған сіздер де, біз де қарсы болмауымыз керек. Мен сіздің сөзіңізді түсініп отырмын. Алайда, енді бір ат та қысқарта алмаймын. Анау генерал-губернатор құлағына жетсе, ұят болады.

Шоң бұдан артық илікпейтінін біліп қойған еді. Бұдан кейін тағы да Албандар да қонаққа шақырып еді, Колпаковский жібермеді. Шапыраштар аулына жібергеніне өкініп, олардың Кенесары соғысқан жерге жібергеніне өзіне өзі ренжіп отыр еді генерал. Шоң ана казак-орыстың бәрін жеткізгенін біліп отырған.

Сол күні аялдатқан жоқ. Қайтарып жіберді. Колпаковский бұлармен бірге біраз казак-орыстарды қосып жіберген еді. Әр болыстың жанына бес казак-орыстан ерді. Шоң қасына да бесеуі еріп келді.

Жүйрік ат дауы

Шоң елге келген соң Тоқаның барлық билер мен байларын шақырып алған еді. Көрші жатқан Алтайлардың бірнеше болыстарын шақырды. Бұлар ояздың өздерін ертпей, араларынан тек Шоңды ертіп әкеткеніне көре алмаушылық бар еді. Шонды артық санағанын көргендей болды. Олар Шоңның ояз алдында беделі зор екенін бұрыннан білетін. Мына сонау Алатауға ертіп кетуі соның айғағындай еді. Болыстар мен билер жиналған соң, Шоң Әйімкүлге жақсылап дастархан жасатқан еді. Колпаковский беріп жіберген алманы дастарханға төккізді. Сөз бастады, мынау генералдың сіздерге беріп жіберген сыйлығы деді. Бір болыс отырып айтқан:

– Осындай да сыйлық бола ма?

Оңтүстікте айтқан Қанжығалы болысының сөзін қайталап тұр еді.

– Сендер орыс келсе күміс ертоқымды жүйрік ат мінгізесіңдер. Ал олар сендерді далада өсіп тұрған алмамен сыйлайды. Бізге қалай қарайтынын осыдан-ақ біле беріңдер!

Осы арада Омар шыдай алмай, «Шоң, өзің де оязға талай жүйрік ат мінгіздің ғой» деді.

Шоң Омардың бұл арада әкесінің оязға берген аттарын айтып отырғанын білді. Мен берген жоқпын деп бас тартуға болмайды.

– Ол жағын есепке алсақ, бұл жөнінде сен баяғыда болыс болмай тұрып-ақ менен асып кеткенсің. Біз орыстан қорқамыз. Сондықтан солай жасаймыз. Өйтпесек, елдігімізді құртып жібереді. – Шоң содан кейін дастархан басында отырған бес казак-орысты көрсетті.

– Бұл орыстар осы отырған сіздерден жүз жүйрік ат алып кетпекші. Бұл патшанын нұскауы көрінеді. Дауласпайық, ренжіспейік, сол сұраған аттарын берейік. Оны жасамасаңдар күшпен алады, – деді Шоң.

Отырғандар үндемей қалды. Бәрінде де бір пікір көңілдерінде туындай қалған. Шоң мұны оязға, губернаторға жағымпазданып жасап отыр деп болжаған. Шоң бұлар айтпаса да біліп отыр еді. Елдің қандай көңіл-күйде отырғанын біліп, сезіп отырған. Содан кейін айтқан:

– Орыстар қазақтан сұрамайды, талап етеді. Ал бермесеңдер баяғыдай әскер шығарып, тартып алады ғой. Осында оны кейбіреулерің білесіңдер. Тартып алғаны дұрыс па, әлде өз қолыңмен берген дұрыс па? Соны ойлаңдар. Біз айқайлағанмен, түк жасай алмаймыз. Ал айтқанын жасасақ, қазаққа көзқарастары өзгереді. Заңдарын да жұмсарта береді. Біз үшін қайсы дұрыс, соны ойланып көріңіздер. Тартып алғаны дұрыс па, әлде өз еркімізбен бергеніміз жөн бе? Бәрібір алады, одан да өз қолымыздан берейік. Орыс бастықтардың тілін алмау бізге ешқандай пайда әкелмейді. Менімен бірге еріп барған болыстарға да осындай тапсырмалар берді. Сенбесеңдер мына көрші отырған Темештерден кісі жіберіп біліңдер, – деді. Сөзінің соңында: – Сіздер созып жібермей, осы жұманың ішінде мына орыс-казактарға әкеп тапсырыңдар. Нұра бойында отырған әрбір болыс қарауындағы Алтай, Қарпықтардың байлары жүйрік аттарын әкеп тапсыруы керек. Байлар тығып қалуды ойламасын. Мен қай байда қандай жүйрік барын білемін. Жүйрік болғанда, жүйріктің жүйрігін беріңіздер. Мен есептеп қойдым, болыстардағы әрбір байлар екеуден, үшеуден ғана келеді. Сарандық жасамаңдар. Оның арты жақсы болмайды. Соны естен шығармаңдар. – Шоң осымен сөзін аяқтаған еді.

Не болады, не болмайды деген жоқ, болыстар, билер үнсіз кеткен. Шоң олардың қандай көңіл-күйде кетіп бара жатқандарын біле қалды да, олардың үндемеуі Шоңға ұнамады, содан кейін айтқан:

– Мен сіздерге тағы да айтамын, бұл патшаның тапсырмасы. Бермесеңдер тартып алады. Ол жақсы емес, ең дұрыс жолы айқайласпай, дауласпай өз қолымыздан берейік, сонда жаманатты болмаймыз…

Омар болыс кетіп бала жатып айтқан:

– Сіз, Шоңке, қызық сөйлейсіз, ол аттар болыстардікі емес, байлардікі, оны сіз жақсы білесіз. Сонда солардан тартып әпереміз бе?

– Сені сол туысқандарың, билер болыс етіп сайлады. Оны ояз қолдады.

Айтқанды орындай алмасаң, неге болыс болып отырсың?

Шоңның мына «алмасаң несіне болыс болып отырсың» деген сөзінен кейін Омар да, басқа болыстар үндемей қалған. Бұл үндемеуде бір сыр бар екенің білді Шоң, бірақ әліптің артын күтіп, басқа сөз айтқан жоқ. Дегенмен, мұның арты үлкен дау болатынын іші сезіп отыр еді. Даудың бастамасы Омардың әлгі сөзі екенін сезді. Арада екі күн өткен соң Шоң Омарға адам жіберді, оған хатты қосып жазып жіберген еді. Онда жазған еді: «Омар, сен уақытында орындамасаң, екінші рет „тақыр Омар“ атанасың. Бұл орыннан шығарып тастайды. Ояз сенің қанша бергеніңе қарамай, осы тапсырманы орындамасаң түрмеге де отырасың. Оны басыңдағы шашыңдай көр!» Қанша дегенмен, «Бес береннің» ішіндегі ақылдысы да, мықтысы да осы Омар еді. Шоң сөзіне түсіне қалды да, туысқаны Сапақтың балаларынан бастап, бір күн өткенде аттарды әкеп берген. Алайда, көп болыстардағы байлар үнсіз жатыр еді. Енді бірге еріп келген казак-орыстар мазасыздана бастаған. Шоң оларға айтқан: «Сендер шыдаңдар, мен сендерге осында жүрерде айттым ғой, қазақтар жүйрік аттарын қасында жатқан әйелдерінен де жақсы көреді. Ойланып, толғанып алсын». – Келгелі олардың кұлақтарына осы сөзді Шон құйып отырған еді.

Орыс-казактар енді мына жайдың мәнін түсінген болуы керек, шыдады. Бірақ та Шоңнын өзі шыдай алмады. Әйімкүлдің төркін жұртына төрт күн өткен соң ат шаптырған еді. Олардын осы уақытқа дейін үндемей жатқанына ренжіп қалған. Губернатордың айтқаның орындамай, абыройымыз төгілейін деп отыр. Сол жағын ойлаңыз деген мәнмен хат жазған еді. Азна Шоңнын хатын оқып шығып, ағайындас үш болыстың басшыларына өзі барды. Жасы үлкен Азна Тәти бастаған үш болыстың, үш рудын билеріне жолығып айтқан еді: «Шоң Ақмоладан әскер шақыратынын айтып жіберіпті». Бұл Азнаның өзінше қулығы еді. Әлгі сөздің әсері мықты болды. Арада тағы екі күн өткенде Әйімкүлдің төркін жұрты мен оған ағайындас Кареке мен Мұраттар айтылған жылқыларын әкелген. Оны өзіне сөз келтірмеу үшін атасы ұйымдастырып отырғанын Шоң білді.

Орыс-казактар да ку екен, олардын шын жүйріктерін байқап көріп, нағыз жүйрігін алып, біразын кейін қайтарған. Шоң ат әкелген адамдарға реніш білдіріп, Азна атасына, Тәтиге, Байханға арнайы адам жіберген: «Берсе жүйріктерін берсін. Әйтпесе, бермей-ақ қойсын, босқа ұятқа қаламыз», – деген.

Шоң сәлемін естіп, Азна байларды қолға алған болуы керек, басқа жүйріктерін әкеп берген. Бірақ әлі де көп болыстар үн-түнсіз жатыр еді. Арада тағы бірнеше күн өтті. Енді келген казак-орыстар қайыра мазасыздық көрсете бастады. Шоң оларға тоқтау сөз айтқан:

– Сіздер шыдаңыздар, – дей келіп әуеліде айтқан сөзін қайталап айтқан, – мен сіздерге айттым ғой, киргиздар жүйрік аттарын әйелінен де жақсы көреді. – Шыдаңдар деп бірнеше рет қайталап айтқан. Шоңнын бұдан басқа айтар сөзі жоқ болатын. Казак-орыстар бұл сөзде шындық жатқанын түсінгендей, шыдап бақты. Бұлардың да қазақтардың аттарын әйелдерінен жақсы көретініне енді көздері біржола жете бастаған еді.

Бір күні казак-орыстың бастығы айтқан: «Бір-екі байды, билерді, болыстарды Ақмолаға айдап апарсақ қайтеді?» Олар да ат алуға басқа болыстарға кеткен казактармен хабарласып отырған еді. Олар қандай шара қолданып жатқандарын айтып келген. Ақмолаға апарып біразын екі-үш күн түрмеде ұстап еді, айтқандарын ойдағыдай орындағанын айтып келген. Басқа болыстарға барған казактар тиесілі аттарын осылай зорлап жинап алып жатқанын Шоң естіп отырған еді. Соны Шоң мақұлдаса, қолдарында қаруы бар бұлар қазір іске кірісетінін біліп отыр еді. Казактар Шоң аузынан тек бір сөз күтіп отырған.

– Оларың заңға қайшы болады, өз еркілеріңмен берсін деген жоқ па бастықтарың. Тартып алуға, күш көрсетуге болмайды, – деді Шоң.

– Ендеше мынау не, губернатор тапсырмасын орындамай отыр әлі?

– Орындайды, – деді Шоң. Оны жасаса бүкіл Тоқа руында реніш тудыратынын Шоң біліп отырған. Казактардың айтқанын көңілі қаламады.

Байларға айтқанын жасататын өзінің де бір әдісі болатын. Ол осы маңайдың ұрыларына пәленнің пәленше жүйрігін алып кел десе, оларға сездірмей-ақ алып келетінін біліп отырған. Бірақ Шоң оған да бармады. Ол туралы мына жерде айтпады. Сөзінің соңында айтқан:

– Сендердің күш көрсетулерің дұрыс емес. Ал губернатордың алдында мен өзім жауап беремін. Сендер тек шыдаңдар!

Орыс-казактардың бастығы мына сөзден кейін айтары таусылғандай, үндемей қалды. Бірақ олардың қатты ренжіп отырғанын білді Шоң.

Орыс мінезін жақсы білетін Шоң оларды көңілдендіру үшін Захар заемкасына Ахметжанды жіберіп, қолдан ашытқан арақ алғызып берді. Арақ ішіп алған орыс-казақтар жөн сөзге келіп, Шоңмен дұрыстап сөйлесе бастады.

– Шоң Телқозинович, не жасасаңыз да өзіңіз біліңіз. Біз күтуге дайынбыз, – деді төрт казактың бастығы, біраз арақ ішіп алған соң. Олардың ашуы басылды. Шоң Захардың арағын беріп осыны жасады да отырды.

Қазақ айтқандай, тамағы тоқ, көйлектері көк, жата берді олар да. Күнінде төрт-бес мезгіл тамағын Әйімкүлге дайындатып тұрды. Олар да Шоңнын мұндай қызметіне риза еді. Енді басы артық сөз айтпайтын болды. Жата берді.

Орыс-казактардың емес, енді Шоңның өзінің шыдамы бітті. Бұл жолы іргелес отырған Жыланды болысының билері мен болысы Қалмағанбетті шақырды. Бірде-бір жүйрік әкелмей жатқан осы Жыланды болысы еді. Бұл жолы да өткен жолғыдай қайыра дастархан жасалып, әңгіме басталды. Шоң бұл жолы да ешкімде де жекелеп тиіскен жоқ. Бәріне арнап сөйледі:

– Сіздер өткен сайлауда мына Қалмағанбетті жақтап сөйледіңдер. Өз алдына болыс болдыңдар. Мен енді сендермен бұдан былай сөйлеспеймін. Жүйріктер жайында келесі жолы ояздың алдына барып, өздерің жауап бересіңдер. Бұл менің сіздермен соңғы сөзім, әкелетін жүйріктеріңді әкелесіңдер ме, әлде әкелмейсіңдер ме, соны білгелі шақырдым. Бұдан кейін сендермен әңгіме бітеді. Келесі жолы анау ояз алдына барып айтасыңдар. Тағы да ескертетінім, бұл губернатордың тапсырмасы. Ояз сендерді аямайды. Менің бұл сөзіме сенбесеңдер, казір екі-үшеуің мына орыс-казактармен бірге Ақмолаға барасындар!

Мына сөз бәрінен бұрын Қалмағанбетке ауыр тиген болуы керек, ол отырып:

– Шоңке, мен бәріне айттым, бірі тілімді алмайды.

Шоң болыстың аузынан мына сөзді естіп ашуланып қалды да, билерге арнағандай етіп:

– Өткен екі сайлауда да осы Қалмағанбетті қолдадыңдар. Енді мыналарың не? Осындай қиын жағдайда неге қолдамайсыңдар. Қарауларыңдағы ана ағайын байларды шақырып алып айтпайсыңдар ма? Қалмағанбет жас. Ал сендердің ел алдында беделдерің бар, – деді.

Аққошқардың бір биі:

– Шоңке, байлардың кеуделі екенін білесіз. Солар Қалмағанбетті жас дей ме, кейде біздің тілімізді де алмай кетеді. Сөзімізді тыңдамай отыр.

– Олай болса қазір солардың есімдерін маған айтыңдар. Болыс пен билерге бағынбаған ол қандай байлар? Сіздердің тілдеріңізді алмаса Ақмолада алғызады. Сібірге айдатса, жан қымбат па, мал кымбат ба, сонда біледі.

Карбышев кетерінде орнына Ыбырайды емес, Герасимовты қойып кеткен. Онымен Риза арқылы хабарласып отыр еді. Ол өткен жолы айтыпты: «Шоң Телқозин, қай би, қай болыс тілін алмай отыр, маған хабарлассын. Мен мұнда әскер жіберіп, шақырып алып, өзім сөйлесемін».

На страницу:
4 из 9