
Полная версия
Ел Шоңы. Бесінді. III кітап
Бұлар аттан түскен соң әлгі қасына еріп келген, алыстан қонақтар келе жатыр деген соң қарсы алуға барған жасы үлкен шал Шоңға назар аударып:
– Шырағым, сен татарсың ба?
– Мен немене, татарға ұқсаймын ба?
– Түрің нағыз қазақ. Осында орыстар келгелі орысша білетін бір қазақты көргеміз жоқ. Әлі татарға дұрыс айттың…
– Біздің Арқаға орыстар ертерек келіп, орысша үйрендім. Тіршіліктің өзі соны талап етіп отыр.
Шал ұялып қалды да:
– Бауырым, оның рас. Біз осы жақта орыс сөзін аударып жүрген бір қазақ тілмашын көргеміз жоқ. Содан кейін айтып қалдым.
Есік алдында тұрған қазақтар бұларға әлі жақындамай тұрған. Шоң олардың бұл қылығын жақтырмай, содан кейін әзіл араластырып сөз бастады:
– Біз сіздерді осы жақта туыстарымыз бар деп, сонау Арқадан әдейі іздеп келдік.
Әлі адамдардың біреуі алға шығып:
– Осында орыстар қырғыздар келеді деп айтқан соң, анау Алатаудың ар жағындағы қырғыздар ма екен деп қалдық. Арғынбыз деп айтпайсың ба?
– Мен сіздер қазақ деген сөзді білетін шығар деп айтып тұрмын. Сіздер қазақты ғана емес, Арғынды да біледі екенсіздер ғой. – Шоң бұл сөзді тағы да әзіл ретінде айтқан.
– Осында бізді қазақпыз десек, ана орыстар жақтырмайды. Содан қорқамыз. Бір адам алға шығып, қолын ұсынды.
– Іздеп келгендеріңізге ризамыз. Осы ауылдың иесі менмін, атым – Медеу, Жалайыр боламын. Мына кісілер Албан болады. Бізге ана татар алдыкүні келіп, бір топ киргиздар келеді деді. Біз Алатаудың ар жағындағы кырғыздар екен деп ойладық. Әйтпесе, бәріміз барып қарсы алатын едік. Сіздер Арқаның қай жерінен боласыздар?
– Арқада Нұра атты өзен бар. Соның маңында тұратын Арғын боламыз.
Енді Медеу құшақтап амандасты да:
– Бәрімізді шатастырып жүрген анау татар ғой, – деді.
– Ол шоқынған татар көрінеді. Нағыз татарлардан оның ауылы алыс жатыр. Бірақ кездескен сайын оларға біз қазақпыз деп құлақтарына құя беріңіздер. Өйтпесеңіздер, қырғыз атанып кетесіздер, – деді Шоң.
– Бауырым, сен солай дейсің. Осындағы орыстардың бәрі бізді киргиздар дейді. Соның өзіне ұяламыз. Қырғыздар Кенесарыны өлтірді ғой, сол үшін де оларды жек көреміз.
– Олар сіздерді шатастыру үшін жасайды. Қырғыздар Кенесарыны орыстардан қорыққанынан өлтірді ғой.
– Біз де солай ойлаймыз. Бірақ айтарға ауыз жоқ, қорқамыз. Таяуда қасында әлгі татар бар, бір орыс келіп қорқытып кетті. Сендер, қиргиздар, анау киргиздардан аулақ жүріңдер дейді.
– Олардың амалы сіздерді киргиздармен жанжалдастыру. Орыстар шамасы келсе қазақтың әкесі мен баласын араздастырғысы келеді. Мен оны ана татардың сөзінен байқадым. Біздің қырғыздармен кегіміз бір. Сондықтан екі халықты араздастырып ұстағысы келеді. Сіздер оларға жақындай беріңіздер. Елдің бәрі Кенесары мен Орман манап емес. Түбінде қазақ пен қырғыз бірін бірі түсініп, кешіреді.
– Шырағым, айтқаның келсін! Біз әуелден қырғыз, қазақ құдандалы ел едік. Қазақ пен қырғыздың соғысуы бетке үлкен мін болды. Көп уақыт өтсе де ұмыта алмай жүрміз. Өздерің орта жүздің қайсысы боласыздар?
– Біз Орта жүздегі Арғын боламыз дедім ғой. Бер жағын айтқанда, Қуандық боламыз. Ұлы жүз қазақтарын аға тұтамыз. Қазақ екенімізді, арғы тегімді ұмытпайық, оны ұмытсақ ел болудан қаламыз.
– О, бауырым, аға тұтқаныңнан айналайын. Куандық ішінде қайсы боласыздар!
– Қуандық Мейрамсопыдан тараған ғой, осы отырған адамдар қандас боламыз. Енді одан бері қарай таратуды мына кісілер өз руын өздері айта жатар.
– Біз Арғындармен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы халық болдық қой, кезінде. Ел арасы алыс болғандықтан, бара алмай жатырмыз. Әйтпесе, үлкендігімізді танытып, бірінші біз барып қайтумыз керек еді. Баяғыда сіздер мына Сыр бойынан Нұра өзені жаққа көшіп кеттіңіздер. Бұрын әкелеріміз барып тұрамыз деуші еді. Енді бір шығанға шығып кеттіндер.
– Қазақтың малсыз жағдайы жоқ, сол мал қамымен шығып кеттік ғой. Кіші жүз бен сіздерге жер көп болсын дедік. Біз отырған жақ ежелден жайлауымыз болатын.
– Біз оны білеміз, әкелеріміз айтып отыратын Арғындар Арқадағы жайлауына көшіп кетті дейтін. Бізде де, сіздер де аз уақыт болса да адасып қалдық.
– Ат мінген қазаққа жердің алыстығы жоқ. Жалқаулығымыз бар. Соны мойындаумыз керек. Сонау киян шеттен мына орыстар да келді. Бізді алып келген солар. Баяғыда менің бабам Жанкелді деген кісі айтатын, туыстығымыз кетпесін деп отыратын үнемі. Енді сол туыстығымызды тіптен мықтап сақтау қажет. Орыс қаптап келеді. Қайдан келіп, кайдан шыққанымызды ұмытсақ, анау татарлар тәрізді быт-шыт болып кетеміз.
– Шырағым, дұрыс айтасың, сіздер жақта да орыстар көп пе?
– Ағасы, қазір орыс бармаған жер қалмады ғой.
Сөзге Темеш болысы араласып:
– Осы жақта отырғандардың бәрі негізі Албан болуы керек. Баяғыда үлкен әкем айтып отырушы еді, үлкен шешеміз Албанның қызы дейтін.
Бұл жақта Албан да, Шапырашты да, Дулат та, Жалайыр да бар. Әлгі бұларды қарсы алуға барған шал елпілдей қалды:
– Сонда үлкен шешең қайсысынан?
– Сүйем деп атайды. Оның ішінде Мамырбай.
Сол-ақ екен, әлгі кісі Темешті құшақтай алды: «Мен саған нағашы боламын!» Содан естері қалмай, бірімен бірі танысып, ананы-мынаны сұрап қуанысып жатты.
– Медеу, мен жиенімді тауып алдым. Енді үлкен той біздің үйде болғалы тұр. – Әлгі адам үйіне жиенін алып кетпекші болып еді, Шоң алдында орыс-казактың айтқанын естеріне салды.
– Әлгінде ана орыс айтып кетті ғой. Сіздер таңертең осы арадан табылыңдар деп.
Бауырымдап тұрған қазақ тыңдаған жоқ. Біраз отырып, қымыз ішкен соң, қасына үш адамды қосып жиенін ертіп әкетті. Олар кеткен соң да танысу одан әрі жалғаса берді. Үй иесі Медеу орта жүз қазақтарын бастап келген Шоң екенін түсіне қалды да:
– Шоңке, сіздің нағашы жұртыныз кім?
– Менің шешемнің төркіні жұрты Найманның Садыр тұқымынан тарайды, анау Қалмақтардың шапқыншылығы кезінде аталары Іле бойынан көшіп келіпті. Шешем Жамал – солардың қызы. Содан менің әкелерім құда түсіп, шешемді келін етіп түсірген. Біздің жақта сол Садырдың біраз ұрпақтары бар.
– Сол Садырдың, үлкен шешемнің шешесі менің әкелерімнің аналары. Сонда екеуіміз туыс болдық, – деді Медеу.
Содан ру мәселесіне зерек Шоң бәрін таратып, орын-орнына қойып берген. Олардың шешелері төрт-бес атадан қосылатынын анықтап берді. Бұлар біраз әңгімеге беріліп отырғанда семіз тайдың еті келді. Әңгімемен, ет жеумен біраз уақыттың өткенін олар білмей қалды. Түн болғалы қашан? Аспаннан ай жарығы төгіліп тұр. Лүп еткен жел жоқ. Жиі соғатын Арқаның желі бұларда атымен жоқ екен. Шоң отырып ойлаған, мына ара жер жаннаты, орыстар да мұны біліп келіп отыр екен ғой деген ұйғарымға келген. Онымен қоймай казактардың жері дейді. Алдында генералға айтар сөзі ішінде қалып сол мазалап отырған. Көзді бақырайтып қойып, бұл ара казактардың жері дегеніне іші ауырып отыр еді. Содан кейін Медеуге сұрақ берді.
– Ана орыстар отырған жер бұрын кімнің жері болған?
– Ол жер де, бұл жер де менің жеті атамнан келе жатқан жайлауым еді. Осы екі ара алыс емес, бірақ мына ара жазда да суықтау болады. Орыстар келді де сол жерге қоныстанып алды. Мені осылай қарай сырғытты. Жаз айларында бұл аралар малға таптырмайтын жер. Шөбі қалың болып өседі. Маса жоқ. Ал менің төменде, орыстардың ар жағында қыстауым бар. Жаз ортасы болмай, ыстықтан барлық шөбі күйіп кетеді. Малды көбейтемін деген ойыммен сол орыстар отырған жерге қыста да отыра беретін едім, орыс-казак келді де ол қонысымды алып қойды. Қазір Алатау қойнауындағы барлық тәуір жерді солар алып жатыр. Осы маңайдың рулары жайлаудан да, шабындықтан да тапшылық көріп отыр. Орысша білетін көрінесің. Ана бастықтарына біз туралы дұрыстап айтсайшы.
– Медеке, олар менің тілімді алмайды. Ол жерді алғызып отырған патша. Оның саясатына ешкім қарсы келе алмайды. Біздің жақта да өзен бойларындағы тәуір жерлердің бәрін орыстар алып жатыр.
– Бұл араға үлкен бекініс саламыз, сіздерді Қытайдан қорғаймыз дейді. Осы жерде тұрғалы талай шүршіт келіп, сауда жасап жүр. Бірі қоныстанған жоқ. Ал мына орыстар келіп қоныстанып алды. Өздерін қазакпыз дейді. Не тілі, не діні келмейді. Қандай қазақ екенін білмеймін.
– Олардың үш қайнаса біздің қазаққа сорпасы қосылмайды. Қазақ емес, бұларды өзің біліп отырсың, казак-орыс дейді. Олар ол сөзді саясатпен айтып жүр ғой. – Содан Шоң қазак-орыс жайына бұларға да біраз әңгіме айтып берген еді.
– Сонда бұларға не жасауға болады, – деп сұрады Медеу.
Шоң жерін алып қойғанға Медеудің қатты қамығып отырғанын білді. Мына адамға айтар сөзі жоқтай көрінген еді. Сонда да бірдеңе айту керек екенін түсініп, өзінің әдеттегі, көп айтатын, заман сөзінен басады:
– Заман бір қалыпта тұрмайды. Әуелде казіргі Қырғыз, Қаракалпақ, Татар, Түрікмен, Ұйғыр, Қазақ бір кезде үлкен ел болдық. Ел басқарушылардың ақылсыздығынан бөлініп кеттік. Қараңызшы, кеше қазақтың сыңарындай болып отырған өзбектер Қасым төренің екі баласы Есенкелді мен Саржанды өлтірді. Ауыз бірлігі болмағандықтан, халыққа ел билеген адамдары өз ойларына келгенін жасайды. Әрқайсысы өз алдына ел болып кетті. Ал мына орыстар казактарды өздеріне үйіріп алды. Бұл казактарда неше түрлі ұлттардың қаны бар. Қазір бәрі де өздерін казак-орыспыз деді. Міне, орыс патшасының саясатының күштілігі осындай. Біз бөлініп жатқанда, бұлар жат жұртты да өздеріне қосып алды. Келешек не болады? Кім білген… – Шоң елдегі адамдарға айтатын сөзін бұларға да айтқан. – Шамаларыңыз келсе, елу-алпыс үйден үлкен ауыл болып отырыңыздар.
Міне, біз дүниенің жартысын жаулап алған қыпшақ елінен, мосының үш бұтындай болып үш жүз қалып едік. Орыс келіп оларды да бөле бастады. Әбілқайыр өз алдына хан болып кетті. Ана патша әйел Абылай ханды орта жүздің ғана ханы болсын деді. Енді орыстар Ұлы жүздің жеріне казак-орыстарды көшіріп әкеліп жатыр. Бұл алысқа кеткен жоспар, алысқа кеткен саясат. Ошақтың үш бұтының біреуі сынса не болар еді. Ол ошақ болмас еді. Алайда, өкініп, уайымдай берудің қажеті жоқ. Әр уақытта сол үшеуінің амандығын ойлайық. Егер олар сол достығын, бауырмалдығын сақтаса түбінде қазақ билікті өз қолына алады. Екі жүз жыл қазақпен соғысқан ана қалмақтар да жоғалды ғой. Бір елдің екіншісіне жасаған иттігі жай кетпейді. Бәрін Құдай көріп отыр. Бұлар да жазасын алар. Әзірге айтарым осы. Біздің қолдан келетін басқа түк жоқ. Әзірге солардың дегенін жасау керек. Тек ру аралық байланыстың бұзылмауын, дінді сақтай білу керек. Қазақтын негізгі күші осы екеуінде жатыр әзірге. – Шоң отырғандарды орыстардың ісі жайлы біраз жағдайдан хабардар етті. Мына адамның білгірлігіне үй иесі Медеу де, басқалар да таң қалғандай болып отыр.
Бұл уақытта түннің біразы өткен еді. Содан жатар кез болды. Медеу айтқан:
– Бұл жердің түні суық, киіз үйдің ішіне жатыңыздар, – деді Медеу.
Мына сөзден қорқып, қонақтар киіз үй ішіне кірген еді. Шоң айтқан Медеуге:
– Медеу бөле, мен далаға жатқым келіп тұр. Төсекті сыртқа салып берсеңдер маған.
Шоң үй иесінің қанша айтқанына болмай, тысқа жатқан еді. Әлден уақытта ай қорғалап, таудың ар жағына ай батты. Шоңның ұйқысы келмей жатыр, неше түрлі ойларға берілген… Табиғаттың мына әдемілігіне қызығып жатыр. Ауасы да бөлек екен. Ілуде-шалуда ауыра беретін басы да бұл түні сыр берген жоқ. Мұның бәрі табиғаттың әсері екенін Шоң біліп жатыр.
Түннің көп уақыты өткенде Шоңның көзі ілініп кеткен екен. Кенет оянып кеткен еді. Маңайды бір қараңғылық бүркеп тұр. Аспанға қарады. Бұл жақтың жұлдыздары Арқанікінен әлдеқайда көп, әрі үлкендей көрінді оған. Содан кейін аспандағы жұлдыздарға, түн жамылған айналаға қызықтай қарап, қайта төсегіне жатқан. Шоң ертеңгісін өзінің әдеттегі уақытында тұрмай, ұйықтап қалған. Қонақтар да, ауылдың адамдары да ерте тұрып кеткен еді. Кешегі әңгімесінен кейін Шоңға үй иесінің көңілі тіптен түсіп қалған. Шоңды оятпаған. Ұйқысы қансын деп ойлаған еді. Бұл кезде күн көтеріліп, тура Шоңның маңдайын ыстық сәуле қыздырды. Соны сезіп Шоң басын көтеріп алды. Қасына келген Медеуге айтты:
– Бөле, өмірімде бұлай жақсылап ұйықтаған жоқ шығармын. – Расында, Шоңның өзді өзі болып көптен бері рахаттанып ұйықтағаны осы болды. Айтып тұрғаны шындық еді. Бүгін керемет өзін жақсы сезініп тұр.
Бәрі таңертеңгі асқа отырды. Бұлардың неге шақырғанын түсінбей отырған бір болыс:
– Баяғыда қалмақтар қазақтарды Қытайға сатып байыды деуші еді. Бізге де орыстар соны жасағысы келіп отырған жоқ па?
– Бұлардын неге шақырғанын біліп отырмын, – деді Медеу. – Бұлар біздің жақтағы ыңғай жүйрікті алып еді, сіздерге де соны жасағалы отырған шығар. Анау қасына еріп келген адамдарды генерал-губернатор неге шақырып алды дейсіңдер. Оларға ат керек. Басқа дүниелердің бәрі өздерінде бар.
– Онда бізді мұнда әкелмей-ақ ала бермей ме? – деді бір болыс отырып.
– Сіздер білмейсіздер, баяғыда бұлар Орта жүздің қазақтарынан жүйріктер аламыз деп, екі жақ қырылып қала жаздаған. Керемет айқай-шу болды. Көп қазақтар орыстардың сондай қылығы үшін кейін Кенесарыға қосылып кетті ғой. Сол жағдай оларға сабақ болған тәрізді. Енді бізден өз еркімізбен алғысы келіп отырған сияқты, – деді Шоң.
– Сонда жүйрікті қайтеді? – деді Арқадан келген болыс.
– Орыстар Қытайдан сендерді қорғаймыз деп бізден де алды. Бәрі жалған. Бізді шырылдатып тартып алған аттарымызды осында бұларға ерегіскен өзбек, ана Кенесарынын баласы Сыздық бар ғой, солар тау арасынан келіп түнде айдап әкетіп жатыр. Қанша соңынан түссе де ұстай алмай жүр. Мылтықтары бар көрінеді. Адамдары да көп дейді олардың. Бұлар жүздеген адамды күзетке қойды. Қарсыласса ебін тауып қырып жатыр. Бұлардан ұрлаған жылқыларда шек жоқ. Ар жағындағы Ауғандарға, Арабтарға, Парсыларға апарып сатады дейді. Кім білген? Орыстар қанша дұзақ құрса да, түсіре алмай қойды. Түн қарасында келіп, айдап әкететін көрінеді. Әлгі казактарының көпшілігі атсыз қалды. Сондықтан сіздерден жүйрік ат сұрамақшы болып отыр ғой деймін.
– Мекеңнің айтқанында шындық бар, – деді Шоң.
– Біз онда бермеуіміз керек екен, – деді бір болыс.
– Бермесек, баяғыдай тартып алады. Оның бізге пайдасы жоқ. Орыстармен жанжалдасып жүргенше, өз еркімізбен берген дұрыс, – деді Шоң.
Қазақтардың өздеріне аттарын жинатып бергізіп, орыстар өздері сырт қалғысы келіп отырғанын сезді Шоң. Бұл бір зәлім саясат екенін түсінген еді ол да. Таңертеңгі астарын ішіп бола бергенде кешегі орыс жетіп келді. Қасында татар жоқ. Ол айтты Шоңға: «Сіздің орысша білетініңізді біліп, ол мылжыңды ертпедім. Сіздерді генерал-губернатор тосып отыр». Кеше қолдан санағандай етіп жіберген қазақтардың біразы жоқ екенін біліп:
– Олар қайда? – деді казак.
Шоң қулық жасаған. «Олар бұл үйге симай, басқа ауылға қонуға кетті». Әлгі әскери адам сенерін, не сенбесін білмей тұрып, ақыры сенген. Орыс болыстарды асықтыра бастады. Әңгіме қабының аузы ашылса бар дүниені ұмытып кететін қазақтардың мінезін білетін Шоң генерал-губернатор күтіп отырса жүрейік деді. Бұлардың сөзін үнсіз тыңдап отырған казак-орыс айтты:
– Расында, тезірек жүрейік. Генерал-губернатор Санкт-Петербургке жүруге асығып отыр.
Бәрі орнынан тұрған. Казак-орыс айтты: «Қазір мен барып ана кетіп қалған киргиздарды айдап әкелемін. Сендер осы жерде күте тұрыңдар. Орысша білетін киргиз, менімен бірге жүресің» – деді.
Мына казак-орыстың қазақ жеріне келіп күш көрсетіп тұрғанына Шоңның ызасы келді, алайда, оған қарсы айтар сөзі жоқ еді. Өйткені күш, билік соның қолында болып тұр. Сонысын көрсетіп тұрғанын білді. Содан кейін айтқан:
– Олар өздері келеді. Бармай-ақ қой, біз жүре берейік, – деді. Мына сөзден кейін казак-орыс ойланып қалды.
Сол екі ортада Темеш бастаған қазақтар жетіп келді. Жетектерінде бір-бір күміс ертоқымды аттары бар. Казак-орыс аттарды көріп, бұлар жүйрік пе де сұрады. Бәрі үшін Шоң жауап берді:
– Киргиздар жылқының жүйріктігіне қарамайды, ала береді. Алыстан келген қонақтарға жүйріктіне қарамай, ат мінгізеді. Бізде сондай тәртіп бар. Жергілікті тұрғындар соны бұзғысы келмей, жасап отыр.
Шоң сөзіне қосып Медеу айтқан, сендер барлық жүйрікті жинап алдыңдар. Бізде қандай жүйрік болады. Өзіміздің мініп жүруімізге де жүйрік қалдырмадыңдар. Шоң Медеу сөзін аударып берген. Содан кейін казак-орыс тұрып:
– Олай болса бізге ер-тоқымдарын беріңдер, – деді. Бұлар амалсыздан айтқанын жасаған еді. Казак-орыс аттардың үстіндегі барлық ертоқымадарды түсіріп алып, генелар-губернатор алдына баратын адамдардың аттарының артына байлатқан еді. Содан кейін Албандар берген аттарды Медеу үйінде қалдырып жүріп кеткен.
Бұлар келгенде есік алдында топталып Колпаковский, Түркістан генерал-губернаторы тұр екен. Үш ат тройка жегіліп қойыпты. Кауфман сөз бастады:
– Мына таудың ар жағында Қытайлар тұрады. – Алатау жақты сілтеген еді. Патша солардан сіздерді қорғау үшін осында сонау Волга бойынан біраз казактарды көшіріп әкелді. Оларға жетіспей тұрғаны – жүйрік аттар. Сіздерге бір тілек, өз болыстарыңнан, маңайларыңдағы болыстардан соларға жүйрік аттар жинап беріңіздер. Бұл казактардың ғана емес, ІІІ Александр императордың тілегі.
Содан кейін Шоң сұраған еді.
– Сонда қанша ат сұрап отыр казактар? – Шоң білетін, кейбір казактар орыс деген сөзді қосып айтқанды ұнатпайтын. Сондықтан жеке казактар атын ғана атады.
– Ол жағын Колпаковскиймен ақылдасып шешіңіздер, – деді генерал-губернатор. Осымен сөзін бітірген еді. Одан кейін Карбышев сөйледі:
– Бұл тапсырма сендерге ғана беріліп отырған жоқ. Біздің оязға қарайтын барлық болыстарға беріліп отыр. Мен Колпаковский мырзаға уезде қанша болыс барының санын бердім. Қай болыстан қанша жылқы жинайтынын өздерің білесіңдер. Жалпы, санын Герасим Алексеевичтің өзі айтады. Мен біздің Омбыдағы генерал-губернатордан рұқсат аламын. Қазір Кауфман мырзамен Санкт-Петербургке жүріп бара жатырмын. Сіздер патша тапсырмасын екі етпей орындайды ғой деп ойлаймын. Қанша жылқы керегін Герасим Алексеевич айтады. – Бұл сөзді екінші рет қайталап айтқан, сіздер соны толық жинап беруге басшылық жасайсыздар. Оны орындамағандармен мен келген соң әңгіме басқаша болады. Генерал-губернатор да сіздерге сенім көрсетіп отыр. – Бұл сөздің бәрін Карбышев қазақша айтқан болатын. Сөзінің соңында Колпаковскийге арнағандай етіп айтқан, – Герасим Алексеевич, мына болыстарға өз тілінде бәрін түсіндіріп айттым. Сіздің айтқаныңызды орындайды, – деді.
Шоң Карбышевтің мұнысы қулық екенін, барлық жауапкершілікті болыстарға артып қойып, өзі сырт қалуды ойлап отырғанын білді. Ояз Шоңды оңаша шығарып алып айтқан: «Менің Санкт-Петербургке кеткенімді Қалимашқа жеткіз. Балалардың жағдайын білуге кетті де. Сен кейінге созбай еліңе келісімен, барып айт. Мына генерал-губернатор Кауфман патша алдында беделі бар адам. Менің бір шаруама көмектесетін шығар. Мен ол жайында жолай жақсылап айтамын. Сендер мені де, өздеріңді де ұятқа қалдырмаңдар. Ана қасыңдағы болыстарға жақсылап айт. Тапсырманы орындамаса, арты жақсы болмайды».
Генерал-губератордан кейін пәуескеге мінді. Кауфман имиіп келген арық кісі екен. Бірталайға келіп қалған адам екені жүзінен көрініп тұр. Кәрілікті мойындап қалғанын Шоң сезіп тұр. Сірә, патшаға жақын немістердің бірі болар деп жорыған еді. Өйткені, патша маңайында отырған немістер көп екенін Шоң тарихтан жақсы білетін. Соңғы кезде немістердің кадірі түсе бастаған еді. Орыстардың ұлтшылдары мен еврейлер бой көрсете бастаған. Соған қарамастан, бұл адамды генерал Черняевтің орнына генерал-губернатор етіп қойып отыр. Сірә, патша алдында беделі әлі де бар адам болар деп бағалап, Шоң іштей өзінше қорытынды шығарды.
Шоң білетін, Карбышевтың арманы Мәскеу түбіндегі әкесінің қонысына барып тұру, болмаса осы жылы жаққа ауысу болатын. І Петр патшаның тұсында атасы көзіне түсіп, Мәскеу түбінен қоныс берген еді. Әкесі Иванды Санкт-Петербургтегі Сенат алаңындағы офицерлердің көтерілісіне қатысқаны үшін Сібірге қуған екен. Енді бұл жақта қазақ жерін жаулап алуда жақсы істерімен көзге түсіп, кейін есаул болып, Ақмола бекетінің бастығы болғанын бірде Шоңға Карбышевтің өзі айтқан. Енді сол әкелерінен қалған қонысты алу жоспары болатын. Сол ойын жүзеге асыру үшін Санкт-Петербургке жүріп бара жатқанын білді Шоң. Аса жауапты, даулы мәселені өздеріне тастап кетіп бара жатқанын ұнатпады. Қарсы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бар айтқаны оязға, «жол болсын» деді. Олар жүріп кеткен соң Колпаковский сөз бастады.
– Әлгі кісілердің сөзіне қосып айтарым, бұл сіздерге императордың берген тапсырмасы. Екі генерал-губернатордың тілегі бойынша сіздерді осында шақыртып алдық. Бір жағы сіздерге серуен болсын дедік. Екіншіден, бізге жүйрік аттар жетіспей жатыр. Соны ІІІ Александрдың тілегі бойынша сіздер бересіздер. Осында келген әр болыстың, Карбышевтің мәлім етуі бойынша, маңайындағы болыстардан жүз елуден жүйрік аттар жинап беретінін айтты ол кісі.
Шоң Карбышевтің әлгінде жылқы санын айтпай кетуі қулығы екенін және білді. Мына казактардың көзінше дау жасағысы келмегенін білді. Мына генералдың аузынан естісін деп әдейі жасап кеткенін түсінді. Бір болыс тұрып айтқан:
– Басқа уездерден неге жинамайды?
– Сіздер асықпаңыздар, олардан да жиналады, әуелі сіздер бастап, басқаларға үлгі көрсетіңіздер. Қажет болса, басқа уездерден де жинаймыз, -деді Колпаковский.
Шоң ақылға сала келіп, бұл айтып тұрған жүйріктердің тым көп екенін білді. Бұл арада бірден айту керек екенін түсінген еді ол. Байлар айқай-шусыз бермейтінін іші сезіп тұрған. Содан кейін мына үлкен бастықтардың алдында ойын айтып қалғысы келді.
– Біз, киргиздар патша мен сіздердің айтқандарыңызды орындаймыз, орындауға тырысамыз. Бірақ әр болыстың мойнына жүктеп отырған жүз елу жүйрік дегеніңіз тым көп. Қазақтар жүйрік аттарын қасында жатқан әйелдерінен жақсы көреді. Мұның арты айқай-шуға айналып кете ме деп қорқамыз. Сонау отызыншы жылдың орта кезінде киргиздардан күштеп жинаған. Сонда үлкен жанжал болған. Орыстардан да, киргиздар жағынан да көп адамдар өлген. Егер мынаны азайтпасаңыздар, аяғы сондай болып кетуі мүмкін. Ол үшін ат санын азайту керек.
Колпаковский де мына сөзден қорқып қалған болуы керек:
– Сонда қаншадан болсын дейсіздер?
– Елу аттан болса дұрыс болар еді. Сонда ең жүйрігін таңдап берер едік.
– Олай болмайды. Ендеше жүз аттан кем болмасын!
Шоң түсіне қалды. Осы айтқандарын жасамаса тартып алатынын білді. Мына генералдың елуге келіспейтінін түсінді. Жүз атқа тоқтау үшін әдейі осылай жасап отырғанын, бұдан бір атқа кем түспейтінін сезіп, қасында отырғандарға генерал талабын айтқан еді. Қасындағы болыстардың біреуі Шоңға бұл да әлі көп екенін ескертіп, сол жетпіске тоқтайық деді. Шоң Колпаковскийге айтып еді, ол оған келіспеді.
Шоң айтқан, «сұраған жылқыларын бермесек, әскер шығарып тартып алады, одан ешқандай абырой алмайтынымызды өздерің білесіздер». Содан кейін болыстар сөзді қойған.
Бұлар ақылдасып болғаннан кейін Колпаковсий:
– Сіздер бірнеше күн осы жақта қонақ боласыздар. Қанша жатсаңдар да өздерің білесіздер. Баратын жерге менің аудармашым мен мына казак алып барады деп, кешеден бері қастарында жүрген екеуін көрсеткен. Осыны айтты да, тағы да аттар туралы сөз туындап кете ме деп қорыққан болуы керек, генерал ішке кіріп кетті. Содан кейін бұлар генерал айтқан жерге жүріп кетті. Келе жатқанда Шоң казак-орыстан сұрады:
– Біз сонда қайда бара жатырмыз? – деді.
Казак-орыстың бара жатқан ауыл атауына тілі келмей қалды да:
– Сергей, біздің бара жатқан аулымыздың аты қалай еді?
– Ол мына оңтүстік жақтағы Шапыраштылардың ауылы. Сонда бірнеше күн болып серуендейсіздер. Сендер оларды білмейсіңдер?
– Неге білмейміз, мен ол ауылда болғам жоқ, рас, бірақ ру атын білемін. Біз Медеу аулында біраз адаммен танысып едік, сонда барсақ қайтеді, – деді Шоң әлгі татарға.
– Онда да генерал рұқсат етсе кейін барасыздар. Колпаковский мына Шапыраштар болысымен бұрын шақырып алып келісіп, тапсырып қойған. Олар дайындалып отыр. Біздің оны бұзуға хақымыз жоқ, – деді ол.
Түс ауа Шапыраштылар аулына келді. Шоңның бір байқағаны, бұл жақтың қазақтары Арқа қазақтары тәрізді емес, ауыл арасы жақын екен. Күні бұрын айтып қойған соң олар алыстан келген қонақтарды қазақ тәртібімен қарсы алуға дайындалып жатыр екен, қазандар қайнап, күбілер пісіліп жатыр.
Күн де жақсы еді. Жауын жоқ, бір тамаша күн болатын. Дастархан сыртта, киіз үй қасында жасалды. Қазақтардың ежелгі әдеті бойынша қонақтар да, қарсы алушылар да сөзге беріліп кетті. Арқаның қай руларынан екенін сұрап жатты. Қарға тамырлы қазақ қой, бұл жақтан да туыстар табылып жатты. Талай әңгіменің беті қайрылды.
Шоң отырып әңгіме төркінін Кенесарыға ауыстырды. Елде жүргенде естіген: Ұлы жүздің рулары толық қолдамай, Кенесарының қырғыздардан жеңілуінің бір сыры сонда жатқанын қайтып келгендердің аузынан естіген еді. Шоң Кенесары туралы сөз қозғағаны сол еді, болыс отырып ренжи сөйледі:
– Ол туралы айтпаңыздар. Орыс бастықтары естісе, пәле қылады!
Оның сөзін қостағандай етіп бір би:
– Ол Абылай тұқымының бізге жасамағаны жоқ. Осында малдарымызға дейін тартып алды. Оған қалай көмектесеміз?!
Шоң Арқа қазақтарына жасағанын бұларға да жасаған екен ғой деп ойлады. Әңгіме өз көңілдегісіндей жақсы әңгіме болмайтынын түсініп, содан кейін тақырыпты басқаға ауыстырып кетпекші болып еді, Арқадан келген бір болыс: