bannerbanner
Ел Шоңы. Бесінді. III кітап
Ел Шоңы. Бесінді. III кітап

Полная версия

Ел Шоңы. Бесінді. III кітап

Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля
На страницу:
3 из 9

– Біз сонау жақтан келдік. Ағаларымыздың, туысқандардың жатқан жерін көріп, топырағынан алып, құлшылық етуге болмай ма?

Шоң болыстың сөзін қостағандай етіп, ауылдың бір кәрі биіне арнап сөйледі:

– Ағасы, оның бізге де жасағаны аз емес. Көп ауылдың малдарын айдап әкетіп, талайдың шаңырағын ортасына түсірген. Талай адам өлді. Оның басты мақсаты орыстарды ортамызға жібермеу еді. Жалпы, біздің мақсатымыз бір еді, қазақтың өз алдына ел болуын ойлады ғой ол. Бір де біріміз негізгі мақсатты түсінбей қалдық. Содан кейін әлгіндей жайға ұшырадық.

– Бауырым, бұл айтқаның дұрыс қой. Бірақ құстың екі қанатының біріндей болып отырған қырғыздардан алыстап кеттік. Сол Кенесары соғысының кесірінен талай қырғыздар бізге берген қыздарын алып кетті. Екі халық арасында араздық салып кетті.

– Сіздер қырғыздарға жақын отырсыздар. Араға түсіп екі жаққа делдал болмайсыздар ма? Ағайын-туыс болып отырдық дейсіздер. Қырғыздарға орыстан қазақ жақын. Соны естеріне салмадыңдар ма? Бұл арада екі жақтан да қателік бар, соны ұмытпаңыз. Соның ақыры соғысқа алып барды қырғыздармен. Енді сол орыстарды жақтап, олардың жерінде орыстар бекет салып жатқан көрінеді. Біз киген қамытты олар да киеді, – деді Шоң.

Оны түсінетін де, түсінбейтін де бар қырғыздар арасында, бізге қазақтан гөрі орыс дұрыс деп жүрген қырғыздар сөзін естіп едік, солар соғыстың ашылуына себепкер болды деді жергілікті би отырып.

– Оның нәтижесін кейін көреді. Орыс ешқашан қазақтың да, қырғыздың да ел болып отырғанын қаламайды.

Бұл әңгіме Шапыраштылардың болыс, билерімен оңаша болған еді. Бұл әңгімені орыс та, татар да естімеген еді. Олар алып келген арақтарын ішіп алып, етке тойып ұйықтап жатқан. Шоң отырып сұрады:

– Қазір қалай, қырғыздармен тату тұрасыздар ма? – Бұл сөздің ар жағында жасырын ой жатыр еді. Олардың не дейтінін білгісі келді. Бір Шапырашты айтқан:

– Онда жұмысың болмасын. Бәрін бүлдірген сендер. Сондай елге жақсылығы жоқ адамды хан сайлай ма екен?

– Ағасы, кателесіп отырсыз. Кенесарыны хан сайлағанда бір ғана Орта жүз емес, Ұлы, Кіші жүздің де өкілдері болған. Ендеше, кінә сіздерден де бар.

– Біз оларды білмейміз. Бізбен ақылдаспай барған олар.

– Ағасы, сіз бүкіл үш жүз үшін жауап бере алмайсыз. Кенесарыны Ұлытау баурайында үш жүздің өкілдері ақ киізге салып хан көтерген, енді оны еске алып, бірімізді біріміз кінәламайық.

Бұлардың сөзін тыңдап отырған, жас шамасы Шоңнан да кіші Шапыраштардың бір болысы отырып айтқан: «Бізден де талай батырлар қатысып, Кенесарының қылығына шыдай алмай, Сыпатай бастаған батырлар сырт беріп кетті ғой. Әкем осы туралы айтып отыратын. Оны қалай түсінуге болады?»

Бұл туралы Арқаға қайтып келген адамдардың аузынан Шоң естіген еді. Шоң көзі көрмесе де, мына сөзде бір айтылмаған шындық жатқанын білді. Кенесарының Орта жүз қазақтарына жасағанын бұлар да естігенін түсініп отыр еді. Сол ардада Арқадан келген бір болыс отырып:

– Біздің ойымыз соғыста өлген Орта жүз ағайындарымызға құран оқу ғана. Кенесары шаруасында жұмысымыз жоқ. Оған дауласпайық, Құдай жолымен құран оқып, сүйектері жатқан жерді көріп қайтпақ ниетіміз ғана бар. Сіздер соны түсініңіздер.

– Сіздерді сол туысқандарыңыздың сүйегі қалған жерге татар мен казак-орыс жібере қоймас. Біздер олардан асып бара алмаймыз. Бұлар ерегіссе қазір әскер шақырып алып, сіздерді тұтқындайды.

Шоң мына болыстың сөзінде шындық жатқанын білді. Етке, қымызға, араққа тойып алып ұйықтап жатқан татарды оятып алып айтқан, сен анау серігіңді үгітте, біз сендерге ақша берейік. Кенесары соғысқан жерге барып қайтайық.

Ақша деген соң ол ойланып, иіле қалғандай. Досын оятып, әлгі казакқа жеткізген еді. Ол ойбай салды: «Ертең Колпаковский білсе, екеумізді де, мына киргиздармен қосып түрмеге жабады». Мына сөзді естіген кейбір болыстар та қорқып кетті. Сөздері бітіп қалғандай болды. Әлгі казак-орыс отырып:

– Сендерді түгел Сібірге айдау керек екен… – деді.

Мына сөзіне Шоң ыза болып айтқан: «Оны патша да жасай алмаған. Сен өзің не айтып отырсың?»

– Сендерді патша аяп қалдырған. Әйтпесе, түгел киргиздарды Сібірге айдатып жіберетін еді. Мен сендерге рұқсат бермеймін. Олай болса, Колпаковскийден барып өздерің рұқсат алыңдар.

Осында келген әрбір тоғыз болыстың әрқайсысының басына жүз жүйріктен артып отыр. Сол Шоңға бір сенім бергендей еді. Ендеше, қазір генералға барамыз деген оған. Казак-орыс бұған қарсы келе алмады. Келіскендей ыңғай танытқан. Мына жақтан татар отырып:

– Ол конакратты қайтесіңдер! Әне, баласы да конакрат болып жүр.

– Сен кисық сөйлеп отырсың. Қанша конакрат болса да, оның соңына үш жүз мың адам ерген, біздің жақтан да көп адам болған. Біз Кенесары үшін емес, туысқандарымыздың қандары төгілген жерге барып құран оқып қайтуымыз керек.

Татар казакпен ақылдасты да жиналып отырғандарға айтқан татарша:

– Бізде ондай билік жоқ. Генералмен ақылдасыңдар. Сол не айтса, сол болады.

Ертеңіне қасында екі болыс бар Шоң Колпаковскийдің кеңсесіне жүріп кетті. Шоңдардың қасына тілмаш татар мен орыс-казактар бірге ерген еді. Шоң Шапыраштар аулында қалған болыстарға айтқан: «Егер бізді тұтқындаса, сендер қашып кетіңдер. Сонда генерал ойланады».

Қасында татар мен казак бар, Шоңдар Колпаковскийдің кеңсесіне келді. Оларды кеңсеге кіргізбеді.

– Қазір мен ертіп шығамын, – деп кеткен татар тілмаш. Содан көп кешікті. Бұлар аттан түсіп есік алдында ұзақ отырды.

Шоң терезеге қарап отырған. Бір-екі рет терезенің ар жағынан генералдың бейнесін көріп қалды. Мынасынан Колпаковскийдін толғаныста жүргенін Шоң сезді. Генералмен жолығуға келген болыстардың енді сөздері өзгере бастады. «Біз осыны бекер жасадық. Айтқандарын жасап, біраз қонақ болып кетуіміз керек еді. Хан тұқымында не ақымыз бар? Ана төрелер іздеп алсын!»

Шоңның бұған қарсы айтар сөзі бар еді, сіздер төрелер үшін емес, анау туған жерден алыста қалған туысқандардың басына құран оқуға келіп отырсыздар демекші болды. Бірақ бұл туралы айтпады. Оны өздері де біліп отыр. Содан үнсіз отыра берді.

Генералдың осынша сыртқа шықпай кешігуінен, Шоңның іші бір нәрсені сезгендей болып еді. Шығатынына енді күдік келтіре бастаған. Ана Шапыраштыларға мазақ болғандарын енді білді. Қасында отырған екі болыстың «жүр, кетейік» дегеніне болмай, генерал шықпаса ертеңге дейін отырамыз деді. Түбінде генералдың шығатынына сенімді еді, бұлардан талап етіп отырған жылқылар үшін-ақ шығатынына көзі жеткендей болып отыр. Бұлар бір ойға тоқтай алмай отырғанда, генерал ақыры шықты. Кешігіп шығуына қарағанда татар, казак-орыстан бар жағдайды естіп, бір ұйғарымға келіп шыққанын білді. Сөзді генералдың өзі бастап, ол жақтан не аласыңдар деп сұрады. Шоң кулықпен сөйледі:

– Біздің Арқа жақтан көп киргиздар Кенесары мен киргиздардың соғысына қатысты. Халық дәстүрі бойынша сол жерге барып, олар өлген жерге құран оқып қайту біздің жақтың киргиздарының тәртібінде бар. Біз осы жаққа жүрерде Арқадағы киргиздар осыны тапсырып жіберген. Оны жасамақ ренжиді. Кейбір туысқандары өлген байлар ат бермей қоюы да мүмкін.

Шоңның мына сөзіне әлі де мән бермегендей, генерал басқаша сөйледі:

– Содан бері қанша заман өтті. Бұдан көп бұрын өлген адамның басына барып құран оқудың қажеті қанша? – Шоң генералдың мына сөзінен жақтырмай тұрғанын сезді.

– Жүздеген жылдар өтсе де өлген адамдардың сүйегі жатқан жерге барып құран оқу біздің салтымызда бар. Біз Кенесары үшін емес, сол соғыста өлген Орта жүз қазақтарының жатқан жеріне барып дұға оқуымыз керек, онсыз болмайды…

Генерал тұрып айтқан: «Қазақтар демеңіз, қиргиздар деңіз».

Шоң бірден түсіне қалды. Өздерінің қазақтар сөзін жақтырмай тұрғанын алғақшы кездесуден-ақ білген Шоң.

– Кешірерсіз, киргиздар десеңіз солай-ақ болсын. Біз өз жағымызда жүріп, аузымыз қазақ сөзіне үйреніп қалыпты. Содан кейін айтып отырмын. Олай болса, заң шығарыңыздар, – деді Шоң.

Қандай заң болса да бұл алдауды орыстардың қойғыза алмайтынын Шоң біліп тұр еді.

– Саспаңдар, ол заң да болады.

– Біз аузымыз үйреніп қалғаннан соң айтып отырмыз, – деді Шоң.

Генерал бұл сөзге сенгендей. Ашуы сәл басылғандай. Оның да ойланып тұрғаны шын еді, ертеңгі күні жүйрік алуға барғанда ренжіп келсе, бұл болыстар айтқанымды орындамай, сөздерінде тұрмауы мүмкін. Түкке тұрмайтын бұлардың тілегін орындамаса мына сауатты киргиз жоғары жаққа жазып, ана патша маңындағылар ренжитінін білді. Содан кейін бұлардың сөзін мақұлдағандай етіп сөйледі.

– Олай болса болады, – деді де қасында тұрған орыс-казак пен татар тілмашына, – сендер де бірге барасыңдар, – деді. Ана киргиздармен бұл киргиздар тіл табысып кете ме деп ойлап, қорқып тұрған генерал. Бұл өзінше сақтығы еді.

Шоңның ойы оларды апармау еді. Ақыл айтып, істеріне араласып отыратынын біліп алған. Бірақ оған генерал көнбейтін түр көрсетті. Содан кейін қарсы сөз айтқан жоқ. Бәрі қайыра әлгі Шапыраштылар аулына келді. Келе жатқанда Шоң орыстан сұрады:

– Генерал орыс па, казак па?

– Герасим Алексеевич – казак. Бізді басқаруға орыстардың шамасы келмейді.

Шоңның ендеше орыстарға неге бағынып отырсыздар деп айтқысы келіп еді, бірақ оның арты үлкен әңгіме болатынын біліп үндемей қалды. Шапыраштар орыстардың бастығы бұларға рұқсат бермейді деп отырған өздерінше. Енді басқаша сөйледі, ашығын айтқан:

– Біз сан ғасырдан бері қырғыздармен құдандалы, туыс болып келе жатқан адамдармыз. Біздер сіздердің бұларыңызды қаламаймыз. Бармай-ақ қойыңыздар. Олардың ашуының үстіне ашу қосасыңдар, – деді Шапыраштардың үлкені.

– Біз олармен жанжал шығарып, дауласуға бара жатқанымыз жоқ. Керісінше, сіз бен оларды жақындастырып кетеміз, – деді Шоң.

Ел ақсақалы бұл сөзге сенерін, не сенбесін білмеді. Содан кейін айтқан:

– Біз бармаймыз, өздерің барып қайтыңдар.

Болыс та әлгі ақсақалдың сөзін қостағандай етіп сөйледі. Бірақ бірнеше қой тегін берген. «Біз осы жақта қалатын адамдармыз, бізге ана орыстар маза бермейді. Сіздермен бара алмаймыз» – деп ашық айтқан.

Шоңдар соғыстың болған жерін білмейтін. Содан кейін казак пен татар тілмашынан сұрап еді, олар да шыны ма, әлде өтірігі ме, білмейміз деді. Шоң енді сасайын деді. Генералға барғандардың талабының бәрі босқа кеткендей болды. Содан Кенесары соғысы болған жерді көрсететін адам табылмай тұрғанда, бұлар келгенде сөзге қатысып отырған жігіт айтқан:

– Ешкім көрсетпесе көрсетпесін, менің әкем көрсетеді, – деді.

– Әй, төре, сен жайыңа отыр. Бұлар ертең кететін адам, сен қаласың! -деді болыс.

– Мен айдатып жіберсеңдер де көрсетпеймін, білмеймін. Әкем біледі. – Шоңдарды ауылдың шетіне таман тұрған үйге ертіп апарды. Төр алдында тоқсаннан асқан адам жатыр. Баласы үйге кірген соң оның құлағына аузын жақындатып дауыстап айтқан еді.

Ол басын көтерді де, ақырын аяғын басып орнынан тұрды. Қасына келген Шоңды құшақтай алды. Жылап жіберді. Арқаның қазағын көретін күн де болады екен-ау… Біраз жылап алып дұрыс сөзге көшті.

– Сендер Арқаның қай жерінен боласыңдар.

– Ақмола дуанынан боламыз!

– Арқаның адамын да көретін күн болады екен-ау… – Қайыра көз жасын төгіп жіберді.

– Біз сізді әдейі іздеп келдік. – Шоң қулана сөйледі.

– Амандық, неге тұрсың? Мына туысқандарыңа мал сой.

– Мал сойылады ғой. Мына адам асығып отырмыз дейді, – деді баласы.

– Неге асығады? Арқаның қазақтары менен бір бас жеп кетуі керек қой.

– Бас та жерміз. Ең алдымен Кенесары соғысқан жерге барып, сол арада өлген Арқа қазақтарына құран бағыштау ойымыз бар еді.

– Ендеше апарамын, – деді. Шал есікке қарай беттеді. Әлі адам жүргенде теңселіп кетті. Шоң оның әбден қартайып болғанын білді. Апаратынына күдіктенді. Содан кейін Шоң айтқан:

– Сіз шаршап тұр екенсіз. Басқа апаратын біреуді айтыңызшы?

– Шырағым, менімен бірге соғысқа қатысқан адамдардың көбі өліп қалды. Тірі қалғандары Арқа жаққа қайтып кеткен. Ол жерге барып қайтуға шамам жетеді. Ат арбаларың бар ма?

– Ат арба табылады. – Шал сырт киімін киіп тысқа шыққан. Есік алдында тұрған арбаға жайғасты. Шоң одан сұраған еді.

– Ұмытып қалған жоқсыз ба?

Ат-арбаның божысын ұстаған баласына:

– Кекілік тауын бетке алып тарт, – деді. Баласы әкесі айтқан жаққа қарай аттың басын бұрып жүре бергенде Шапыраштылардың үлкен шалы жігітке:

– Амандық, бұлар ертеңгі күні кетеді. Сен осында қаласың, байқа! – деп, болыс сөзін қайталағандай етіп айтқан.

Бұл сөздің артында сыр бар еді, Колпаковский татар тілмашқа ол жаққа шамаларың келсе жібермеңдер деген. Ол болысқа жеткізген. Әлгі адамның айтып тұрғаны содан еді.

– Сіз үйтіп мені қорқытпаңыз. Онда осылармен бірге кетемін. Әкем көптен бері туысқандарының басына барып құран оқимын деп жүр еді, жақсы болды, – деді баласы. Шапыраштының шалының сөзін тыңдамай жүріп кетті.

Арбаға отырған соң шал әңгімесін бастап кетті:

– Мен төре боламын. Баяғыда Кенесары әскерімен бірге келіп, осы жақта үйленіп қалғанмын. Содан бері елім – Көкшетауға жете алмай жүрмін. Оның үстіне осы Ұлы жүзден әйел алдым. Жаратушы қабірімді осы жерден бұйыртқан шығар…

Шоң әбден кәрілікті мойындап қалған мына кісінің мұңлы сөзіне ортақтасып қалды. Апарып көрсететініне Шоңның көңілінде әлі де күдік бар еді, шал жерді ұмытып қалған шығар деген ой да бар болатын. Шалдың қасында Шоң жайғасып отырған, оған өзін мазалап тұрған сұрақты қойды:

– Сіз ол жерді ұмытып қалған жоқсыз ба?

– Ол жерде менің екі туысқанымның да сүйегі жатыр. Уақытында барып алып келейін деп едім, мына Шапыраштылар орыстардан қорқып, жібермеді ғой. Бәрі де жадымда…

Шалдың құлағы естімейді екен. Соны білген Шоң оған ешқандай сұрақ қойған жоқ. Еркіне жіберіп, сөзін тыңдап отыра берген. Әлгі адам Көкшетауда өткізген жастық шағы туралы айтқан. Арасында төрелер туралы сұрады. Қоңырқұлжа мен Уәлиханды еске алды.

– Кенесарының жеңілуіне алдымен сол екеуі себепкер болды. Олар орысқа берілмегенде біз жеңіп шығатын едік.

Шоң тыңдаушы, шал сөйлеуші. Шоң шын мәнінде мына адам төремін дегенде хан тұқымынан деп қалды.

– Шыңғыс ханның қай баласынан тарайсыз?

– Мен Шыңғыстың өзінен тараған ұрпақпын. Бер жағын біле жатарсыңдар. – Төрелер қазақтарға Шыңғыс ханнан бастап, аталары туралы қалт жібермей айтып отыратын. Ал мына адам Шыңғыс хан, Жошыдан басқасын білмейтін болып шықты. Басқа аталарымның атын ұмытып қалыппын деді. Шоң сонысына күдік келтіріп еді. Бірақ үндеген жоқ.

Шал енді сөзін Шапыраштыларға бұрды.

– Мына Ұлы жүз, оның ішінде Шапыраштылар оңбайды. Кенесарыға көмектеспеді ғой. – Шапыраштарды біраз жамандап алды. – Бұлар шеттерінен қорқақ. Ана Сыпатай батырдың қашып кеткенін білесіңдер ме?

– Ағасы, Сыпатай батырды онша жамандамаңыз. Біздің жақта да ондайлар болды ғой. Кенесары елдің бәрін ауыз бірлігіне жеткізе алмады. – Осы айтқанын айқайлап, шалдың құлағына зорға жеткізді.

Шал отырып әлден уақытта Шоңнан сұрады:

– Өздерің кім боласыңдар?

Шоң шалдың көңілі үшін айтқан:

– Мен төре боламын…

Мына сөзді естігенде шалдың есі шығып кеткендей болды. Шоңды айналып, толғанып жатты. Көп жылдан бері Арқаның төрелерін көрмеп едім, сенің сөзіңді естіп, бір жасап қалдым ғой. Атың кім?

– Шоң. – Мына сөзді естігенде шал шалқасынан түскендей болды.

– Өзің мені алдап отырған жоқпысың? Шоң деген қырғыздардың сөзі ғой.

– Ақсақал, Шоң есімі қазақтарда да, төрелер де бар. Сіз біздің жақта жүргенде Қаржаста Шоң деген кісі бар еді, оны білесіз бе?

– Естігенім бар. Ол да орыстарға берілген адам ғой.

– Ағасы, қателесесіз. Ол орысқа да, қазаққа да ортақ саясат жүргізген адам. Өйтпесе, болмайтын еді.

– Әй, төре бауырым, мен сол қазақтардың саясатына түсінбей кеттім.

Шоң бұл адамның Шыңғыстың қай баласынан тарағанын білу үшін баласынан сұраған. Ол әкесінің әлгі жалған сөзіне ұялып, шындықты айтқан:

– Біз Төлеңгіт боламыз. – Аталары сол Көкшетау жақта ыңғай төрелердің арасында тұрыпты. – Солардан қыз алып, қыз беріп, содан төре атанып кеткенбіз. Бізде нағыз хан тұқымының қаны бар. Содан кейін әкем осылай сөйлеп отыр. Сіз Төлеңгіттер мен төрелерді бөлмеңіз. Бұл сөзді Шыңғыс ханның өзі айтқан дейді.

Осылай төре атанған бірталай Төлеңгіттер бар еді, Шоң оны білетін. Мына көңілінен шығып отырған жігітке қарсы сөз айтқан жоқ. Шал келе жатқанда туған жері туралы біраз сөз қозғады. Оның сөз саптауынан туған жерге сағынышты байқағандай болды. Анда-санда көз жасын төгіп алады.

– Бұл ара Көкшетауға қарағанда жер ме, ол жер жаннаты ғой, – деп бір қойды шал.

Бұл сөз туған жерге деген сағыныштан туып отырғанын Шоң білді. Әуелі көргеннен-ақ Шоң бұл жақтың Арқадан кем еместігіне көзі жеткен еді. Жерінде жел жоқ. Келгелі күн жарқырап тұрған. Тау баурайы толған ағаш. Ғажап жер екенін байқаған. Шал отырып сұраған болатын.

– Әй, бауырым, бұл жаққа орыстар келіп жатыр. Ол жақта қалай?

Осынша жасы келіп, күнін санап отырғандай адамның көңіліне қаяу түсірмеу үшін Шоң айтқан:

– Ағайындарыңыз сол тұрған жерінде тұрып жатыр. Ол жақтан оларды куып жатқан ешкім жоқ. Елге қайтайын деп пе едіңіз?

Құлағы естімейтін шал Шоңның айтқан сөзін зорға естіп отырды. Қайта-қайта айқайлап, естімейтін құлақ Шоңның да әбден жүйкесіне тиіп отыр еді. Сонда да мына шалмен сөйлесуге құмарлық пайда болып отырған Шоңда. Соның әсерімен сөйлеген:

– Соғыстан кейін ел жаққа неге бармадыңыз?

– Ол жақта орыстар қазақтарды тұтқындап, Сібірге айдап жатыр дегенді естіп, қорқып, содан кейін бармадым. Ең бастысы ол да емес. Осында Шапыраштылардың бір қызына көңілім кетіп, шын сүйіп, соның әкесі қызымды алып кетуге бермеймін деген соң, осында қалып қойдым. Ол кемпірім қайтыс болған. Ал егер Орта жүзден әйел алып беремін десеңдер, барамын.

Шоң шал мына сөзді қалжыңмен айтып отырса да, туған жерге деген бір сағыныштан туып отырғанын білді.

– Жүріңіз, біреу емес, екі әйел алып беремін.

– Балам, сөзіңе рахмет! Жаратушы топырақты осы жерден жазған болуы керек. Осы жерде өлемін енді…

Алдында Шапырашты шалдарының мына кісінің баласына күш көрсетіп сөйлегені есінде, соған орай Шоңның алып кету ойы да бар еді. Сол себеп болды да, айтқан:

– Ана Көкшетау жағында туысқандарыңыз бар ма?

– Төренің бәрі туысқаным ғой. Тіпті, ол жақтың қазақтары да менің туысқаным.

– Ендеше, осы атарбамен сізді алып кетемін.

– Мен күнімді санап отырған адаммын. Одан да мына балам барсын.

Әкесінің атарбасын айдап келе жатқан баласы сөзге араласып:

– Ағасы, менің қаным төре жағында болғанымен осында туып, осында өстім ғой. Нағашым – Шапыраштар. Бұл жақтан қайда барамын?

– Кеше ана Шапыраштар күш көрсетіп отырды ғой саған.

– Олардікі бер жағы. Олар төрелерге күш көрсете алмайды. Бұл жақта да төрелер жетеді. Ерегістірсе, осы маңайдағы барлық төрелерді жинап әкеліп, қырып тастаймын бір түнде!

Мынау да Ақмоланың төрелері сияқты, өзін мықты сезініп отырғанын білді де, үндемей қалды. Шоң адам қанша өзгергенінен, мінез қалмайды екен-ау, атадан балаға беріліп кете беретін болуы керек деп ойлады. Өйткені, мына жігіттің сөзінен, таңертеңгі қылығынан төрелерге тән мінезді байқады.

Кекіліктау етегінде

(Төре шалдың әңгімесінен)

Шапыраштылар аулынан үлкен сәскелікте шығып кеткен олар, күн бата Кекіліктау баурайына келді. Ауылдан алып келген киіз үй тігіліп, Шапыраштылар берген қойларды соя бастады.

Шал жүре алмай қалғанымен, есте сақтау қабылетінің әлі мықты екенін байқады Шоң. Сайрап кетті. Тоқсандағы шалдың зеректігіне Шоң таң қалды. Бар оқиғаны, кеше болғандай, есінде сақтап қалыпты. Әңгімені бастап мүдірсіз сөйлеп отыр.

– Кенесары әскерлері Майтөбе баурайына келіп тоқтаған еді. Сол жағымыздағы анау жатқан Алмалы сайы. Одан әрі Шу өзені. Кенесары жоспары Орман манаптың әскеріне Шу өзенінің бер жағынан тиісу болатын. Бұл ара соғысуға қырғыздарға қолайсыз болатын. Олардың қашып кетуіне мүмкіндігі жоқ еді. Кенесары соның бәрін ойластырған еді, хан соны түсініп осы жерді таңдап алған. Өзен мен сай арасында қысып, Орман манаптың әскерін жоқ ету ойы болатын.

Түс ауа келдік де сонда күтіп жаттық. Қарауылға қойған адамдар ертеңіне күн шыға Орман манап пен Әлішер құшбегінің Пішпек жақтан келе жатқанын хабарлады. Кекілік тау биігіне көтерілген олар төменде жатқан Кенесары әскерін көріп, сол арада тұрып алды. Оларда орыстар берген қару-жарақ барын хан естіген. Содан кеш болды, бірақ олар сол орнынан қозғалмады. Кенесары бұлар келісімге келетін түрі бар екен деп, үш адамды жіберген еді. Біраздан соң әлгі адамның екеуін тұтқындап алып қалып, біреуін ғана қайтарыпты.

Әлгі адам Орман манаптың сәлемін айтқан: «Кенесары тірі тұрғанда келген жағына қайтсын, оны жасамаса түгел қырып тастаймыз» депті. Мына сөз Кенесары ашуын тасытып жібергендей болды. Хан Науызбайды, Ағыбайды, басқа батырларын шақырып алып айтқан, сендер екі бүйірден тиісіңдер. Мен осы арадан тіке барамын деді. Олардың әскерлері хан айтқан екі бағытқа кетті. Кенесары әскерлері тура тартқан. Мен Кенесары әскерінде едім. Төбеге жақындай бергенімде артымыздан оқ жауып кетті. Ол орыстардың от қаруы екен. Үш ұйықтасақ ойымызда жоқ, орыстардың от қаруын әкеп үлгереді деген. Орман манаптың неге күшейіп тұрғанын енді білдік. Шегінуге мүмкіндік жоқ. Орыстар әдейі кейін қайтармау үшін жолымызды бөгеп, қайтсе де Орман манапқа барып тисін деп жасап жатқанын білдік. Енді не де болса Орман манаптың әскерін жарып өту керек. Басқа амал жоқ болатын. Кенесары мына от қаруына түк жасай алмайтынын түсінген болуы керек, кырғыздарға қарай кете берді. Наурызбай да бұл жағдайды сезіп қалған сияқты, ағасының әскерімен қосылу үшін бетін Кекілік тауына қарай бұрды, орыстар да оны түсіне қалып, енді Наурызбай жолын бөгеп, атқылай бастады. Не де болса да Орман әскерін жарып, алға кету керек. Басқа амал жоқ. Кенесарының өзі бастаған әскер алға қарай шапты. Осы кезде Орман манап әскерлері садақ оғын қаптатып жіберді. Бір жақтан орыстардың от қаруы, екінші жақтан садақ оқтары ортасында қалдық. Орман манап әскерлері Кенесары әскерлерін тоқтата алмайтынын біліп, Кекілік тауының ар жағына қарай кетті. Әлгі тау биігіне шығу үшін жарты шақырымдай жер бартын. Таудан өтіп, ар жағына түссек, орыс пулеметінен құтыла алатынымызға көзіміз жетті. Бұл өмірімде орыстан қу халықты көргенім жоқ. Ол жақта да от қаруын дайындап қойған екен. Енді тау биігінен әрі қарай түсе бастағанымызда алдымыздан атқылай бастады. Біз оқ қоршаудың ішінде қалғанымызды білдік. Енді кері кетуге де жағдай жоқ. Кенесары жауған садақ оғына да, пулеметке де қарамады. Орман манап әскерінің ар жаққа өтіп кетпек ойы әлі бар еді. Бұл кезде Кенесарының әскерінің жартысы қырылып қалған. Кенесарының бар ойы қырғыздардың әскерінің ішіне кіріп кетіп, орыстарды шатастыру болатын. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп, қырғыздардың әскерімен араластық. Көп әскер жараланып, артта қалды. Кенесарының қолы мен Орман манап әскерлері арасында айтып болмас айқас басталды. Әлден уақытта Кенесарыны ұстаңдар деген қырғыздардың даусы шықты. Мен де хан әскерлерінің ішінде жүргенмін, мына құлағыммен естідім, білезік арқан тастаңдар деген айқай шықты. Бұл кезде біздің қатарымыз сиреп қалған еді. Орман манаптың әскерлері Кенесарыға бірнеше білезік арқанды лақтырды да, ақыры соның біреуі дәл түсіп, Кенесарыны ат үстінен сүйреп әкетті.

Таң алдына Наурызбай да сиреп қалған әскерімен жетті. Біреулер оған ағасының тұтқынға түсіп қалғанын хабарлапты. Наурызбай көзсіз батыр еді. Таң алдында қырғыздарға қарай шапқан. Орман манаптың үлкен қолы да оны күтіп тұр екен. Оған да тұзақ тастап, тұтқындап алыпты.

Басшысы жоқ әскерде күш-қайрат болмай ма, есіміз шығып кеткендей болды. Күн шыға қалған әскерлер қайыра айқасқа шығып еді. Орыстар от қаруымен қайта атуды бастады. Енді соғысу емес, аман қалуды ойладық. Сай-саланы паналап, әркім өзі камымен кетті. Біраз адамдар Орман манап әскерімен араласып кетіп, жанын сақтады. Орман манаптың әскерлері енді бізден ешкандай қайран жоқ екенін біліп, Пішпек жаққа шегініп кетті.

Енді Ағыбай бастаған әскер басшылары Кенесары мен Наурызбайды құтқарудың жолын ойластырып, жеңілгенімізді мойындап, Орман манапқа адамдар жібердік. Ондағы ойлары ханды қайтарып алмақ еді. Ағыбай бастаған әскер басшылары келіссөзге қырғыздарға адам жіберді. Солардың арасында ол кезде жас кезім, мен де бардым.

Қырғыздар арасында бізді жақтайтын адамдар бар еді. Соларға келдік. Солармен бірігіп, Орман манапқа кісі жібердік. Ол өзі келмеді. Қасында жүрген адамдардың біреуін жіберіпті. Олар айтқан: «Ағайынды екеуіне де оқ тиген екен, екеуі де сол арада қайтыс болды». Біз оған сене қоймадық. Ақыры болмаған соң айттық, олай болса сүйегін беріңдер дедік.

Олар ертең бүрсікүнімен соза берді. Олардың мұнысы қулық екенін түсіндік. Ақыры бізге сыбыс хабар келді. Қенесары да, Наурызбай да тірі екен деген сөз жетті. Қырғыздар бір мәмілеге келер деген оймен жата бердік. Арада біраз уақыт өткен соң, Кенесарының басын кесіп, орыстарға бергені туралы сөз жетті. Оған да сене қоймадық. Оның басын орыстарға қалай береді. Бұның арты үлкен жанжал болатынын олар да, біз де түсініп отыр едік.

Артынша Орман манаптың адамдары түн ішінде Кенесары мен Наурызбайдың қашып кеткені туралы сөз шығарды. Бұған да сене қоймадық. Олар қашып кетсе, бізбен неге хабарласпайды? Содан жата бердік. Бізге орыстар да, қырғыздар да тиіседі. Тағы біраз уақыт өткеннен кейін тағы бір жаманат хабар жетті. Орыстар жолай Кенесары мен інісін ұстап алып, басын кесіп алыпты деген суық хабар…

На страницу:
3 из 9