bannerbanner
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

Полная версия

Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

Язык: Русский
Год издания: 2020
Добавлена:
Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля
На страницу:
4 из 7

тұрған әулиеге деген құрмет пен тағзым кеңестік дәуірде де тоқтаған жоқ. Кейбір деректерде есімі мұсылман елдеріне етене жақын әулие көптеген діндерді біліп, оларды зерттеп, дұрыс-бұрысын саралаған ғұлама ретінде танылады». (О. Қауғабаев.).

Егер Қожа Ахметтің басына барып, зиярат етіп, тілек тілегің келсе, ең алдымен оның ұстазы Арыстанбаб әулиенің алдынан өт немесе түнеп, ғибадат ет. Сонда ғибадатың толыққанды болып, тілегің қабыл болады деген мағынаны береді.


* «Арқаланып кетті» тақырыпшасын қараңыз.

* «Қанатты сөз – қазына», бірінші кітабын қараңыз.


АРТҚЫ АЙЫЛДЫҢ БАТҚАНЫН

ИЕСІ БІЛМЕС, АТ БІЛЕР,

АҒАЙЫННЫҢ АУҒАНЫН

ЖАҚЫНЫ БІЛМЕС, ЖАТ БІЛЕР


Яғни, «Сырт көз – сыншы» деген мағынаға жақын сөз.

«Екі айылдан (тартпадан) атқа көбірек бататыны – қарыннан тартылатын шап-айыл. „Артқы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, ағайынның ауғанын жақыны білмес, жат білер“ деген мақал осыдан туған болу керек. Шапқанда болмаса, шап айылды қазақ бос ұстайды. Төс айыл үнемі қатты тартылады. Өйткені, ол қаусыратын тұста тынысты қорғайтын төс сүйек бар». (С. Мұқанов, 77. 125-б.).


АС ИЕСІМЕН ТӘТТІ


«Қоқан хандығына қазақтан елші барғанда, оларды өлтірмек боп алдына у себілген ас қояды. Шыдамсыздау біреуі астан бір- екі асап, өліп кетеді, аман қалғаны қашып құтылады. Осыдан кейін бейтаныс елге барған қазақтар алдындағы асты әуелі үй иелеріне алдырып, уланбағандарына көздері жеткен сон ғана жейтін болған екен. „Ас иесімен тәтті“ деген сөз сондай сенімсіздіктен туып, содан қалған болса керек… … бірақ бертін келе ол бұрын байқалмаған жаңа мәнге ие болған». (Ә. Диваев, 30. 27-б.).

Бүгінде бұл мәтел үй, ас иесі дастарқан басында бірге отырғанда ғана дастарқанның сәні кіреді, ас дәмді болады, дастарқанда әңгіме-сұқбат құрып отырғанда, ас бойға жақсы сіңеді деген мағынада айтылған.


АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСТІ


Кімнің сақасы алшы түссе, бірінші ату кезегі соған тиеді. Тіліміз-дегі «асығы алшысынан түсті» деген тұрақты сөз тіркесі осылай қалыптасқан. Әдетте бұл сөз біреудің жолы болып олжалы болғанда, бәйге, сыйлық алғанда, ұтыс шыққанда т. с. с. жағдайларда айтылады». (Д. Шоқпарұлы, 9. 17.02.94).

Жолы болғыш, олжалы адамдарға қаратып айтылады.


АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗАР,

ТОБЫҚ ОЙНАҒАН ТОЗАР,

БӘРІНЕН ДЕ ҚОЙ БАҒЫП,

ҚҰЙРЫҚ ЖЕГЕН ОЗАР


«Қазір көпшілік „Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар“ деп жүр. Бұл заманның талабына орай өзгерген тіркес болса керек. О баста „Асық ойнаған азар, тобық ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар“ деп айтылған. Ойын баласы қай ойынды да азғанша ойнауға әзір. Содан ата-ана баласын күндіз-түнгі ойыннан шектеп, басқа да пайдалы іс-әрекетке тарту мақсатында осындай тіркесті шығарса керек. Ал, тобық деген қандай ойын? Тобық – малдың артқы аяғының сүйегі. Өзі асықтай ғана. Мүжілген тобық сүйегін қазақтар өзара бәстесу құралына айналдырған. Егер біреудің қандай да бір затын алғысы келсе немесе бір затқа бәстескісі келсе, онда екінші адамға осы тобықты жасыруды ұсынады. Бәстесуші адам тобық жасырушыға „мен тобықты сұрағанда, таңдайыңнан алып бер“ деп шарт қояды. Талап әр түрлі болуы мүмкін. Бірі „сұрағанда жанқалтаңнан алып бер“ десе, енді бірі „тіліңнің астынан беретін бол“ дейді. Ойын мерзімі шектеусіз. Бәстесуші қалайда жеңу үшін оңтайлы сәтті күтеді. Бәстен жеңілмес үшін, тобық жасырушы да біраз әуреге түсері анық. Өйткені, ойламаған жерден әлгі бәстескен адамы алдынан шыға келуі мүмкін ғой. Бәстің шартын үнемі ұмытпай жүру оңай шаруа емес, әрине. Екінші жағынан, тобықты таңдайға салып, тілдің астынан алып беремін деп жүріп, тамағына қарай кетіп қалса қайтеді? Міне, сол үшін „тобық ойнаған тозар“ деген сөз қалған». (К. Елемес. 102. 20.03.2013.).

Бүгінде бұл мақалдың мәні ескіргені сондай, қайта керісінше, мына компьютер, теледидар заманында балаларды далаға шығарып ойната алмайтын жағдайға жеттік қой.


АСЫРА СІЛТЕУ БОЛМАСЫН,

АША ТҰЯҚ ҚАЛМАСЫН


«РКП (б) Орталық Комитеті Қазақстанға арнайы жіберген Ф. Голощекин 1925 жылғы желтоқсанда өткен Өлкелік партия конферен-циясында «Ауылда шынайы кеңес өкіметі жоқ, тек байдың үстемдігі мен ру билігі бар» деп шолақ қайырып, қазақ сахарасында «Кіші Октябрь» идеясын жүзеге асыруға негіз қалады. «Кіші Октябрьді» жүзеге асыру ниетімен әуелі 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды.

Қалың ел көшіп келе жатқан жолындағы қонған жеріне күштеп қоныстандырылды. Не суы, не нуы, не баспанасы жоқ, шөлде мал түгілі адамдар қырыла бастады. Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырылған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды. Өзегі талған халық сірә «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды нақ осы тұста мәтелге айналдырып жіберсе керек». (103).

1930 жылдардағы Қазақстанды коллективтендіру дәуірінде туған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» мақалы сол кездегі солақай саясат пен ұрда жық белсенділердің асыра сілтеуінің нәтижесінде, керісінше орындалды: Бай-кулактармен бірге орта шаруалардың да, тіпті кедей-кепшіктердің де мал-мүлкі аяусыз тәркіленіп, ел жаппай аштыққа, қырғынға ұшырады. Сол алмағайып дәуірдің көңіл-күйі бейнелеп айтқанда, осы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөзге түйінделіп, тарих қасіретіне айналғандай.


АСЫР САЛЫП ОЙНАУ


«Қазақтың дәстүрлі баспаналарының бірі – асыр. Оны алып, үлкен шатыр десе де болғандай. Асырды көбінде жаушылық, жорыққа шықанда, ұлы тойлар істегенде пайдаланады. Ертеде жаугершілік кезде көп әскермен жорыққа шыққан хандар асырда, ал әскерлер қарапайым кішкене шатырларда тұрған. Асырды тігу үшін жерге білектей ағаштарды қағып отырғызып, төртбұрыштап, кергіштеп, шатырлап, „сүйегін“ тұрғызып алып, сыртын әшекейленген киізбен немесе берік, асыл пұлдармен жабатын болған. Асырға әскер басылары жиналып, әңгіме, жиналыс жасауы үшін кең, қолайлы істелетін болған. Асырды ұлы, үлкен тойларда да тігеді. Асырды тойға тігетіндіктен қазақта „Асыр салып ойнау“ деген де сөз тіркесі кездеседі». (Б. Кәмәлашұлы, 40.15-б.).

Бүгінде бұл сөз тіркесін шат-шадыман, көңілді, думандатып ойнап жүрген балаларға қаратып айтады.


АТ – АСПАННАН (АЛЛАДАН),

САНА – СӘЛЕМНЕН,

ИМАН – ӘЛІПТЕН


«…Сондай-ақ, «Балам бақытты болсын десең, әуелі әдемі ат қой, сәби санасына «сәлем» дарыт, және тілін Алланың атымен шығар» (сәбиді құндағынан қозғағанда, бесіктің бетін ашқанда сәлем бер), дейді (Имам Термизи риуаты). Демек, қазақтың «Ат – аспаннан (Алладан), сана – сәлемнен, иман – әліптен» дейтіні осыдан…

«Ат – аспаннан» дегеннен еске түседі, ақын Сараның «Найманда қаракерей, сыбан, мұрын, Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын», – деп Біржанның алдына салатын Жолымбет дейтін бабамыз болған. Жарықтық 135 жас жасапты. Кенжесі 117 жасында туыпты. Екі қарттың кенжесіне Жақсыбай дейтін абыз:

Қосмұрат болсын бала аты,

Қатайсын, өссін қанаты.

Ат – аспаннан дейтұғын

Бұрынғының санаты.

Алланың берген баласы,

Пенденің жоқ шарасы.

Жүз жаста көп жан алжиды —

Жүруге келмей шамасы.

Асқанда жүзден ұл берген

Құдіретке қарашы.

Сәбиге сәлем берейік,

Бір Алла болсын панасы.

Қосмұрат қалың ел болсын!

Налыма енді, нағашы!

– деп ат қойыпты. Ғұмырында 125 отаудың шаңырағын көтеріп, жарты мыңға жуық ұрпаққа батасын дарытқан дана баба Қосмұратын үйлендіріп, Қара шаңырақты тапсырып барып, көз жұмыпты. Қосмұрат қазір жеті Жолымбеттің ең үлкен руы». (У. Қыдырханұлы, 31. 15.10.2014.)

Жер астындағы, үстіндегі, көктегі, тіпті шексіз ғаламшардағы барлық зат, ұғым атаулының аты, есімі бар. Оған жер бетіндегі мақлұхат, набатат атаулы, өлі-тірі табиғи денелер мен ұғымдар, адам аттары да жатады. Дүниедегі барлық зат, ұғым атаулыға ат жабысқан. Атам қазақтың ат – аспаннан, Алладан дейтіні сондықтан болар.

Адам мен адам арасындағы сөз, әңгіме сабақтасудың бәрі сәлемнен бастау алады. Тіпті бесіктегі сәбидің де шымылдығын сәлеммен ашады. Жазу түспеген ақ қағаздай сәби санасы осы сәлем арқылы алғаш түйсік түсіп, бірте-бірте толысып, дамыса керек.

Ал иманның әліптен болатыны, иманның негізі – исламның бас кітабы – Құран Кәрімде, Құран кітабы араб әрпімен жазылған. Бұл әліппені бас әріп – әліптен бастап игереді. Иманның әліптен дейтіні содан болар. Тағы бір астарлы мағынасы, адам бойына иман мен адамгершілік қасиеттері кішкентай сәбилік кезден бастап бірте-бірте бойға сіңеді дегені болса керек.

Дегенімен, атам қазақтың осындай ұшан-теңіз фәлсафалық түсінікті алты-ақ ауыз сөзбен түйіндеп бере білгені қандай ғажап!


АТ АЙНАЛЫП, ҚАЗЫҒЫН ТАБАР


Кетсе, қайтып оралады, түптің-түбінде келетін жері ғой, деген мағынаны береді.

«Атты мінуден босатқанда оттамасын десе, тізгінін шоқтығына қаңтарып (байлап) жібереді, бос оттағанда ұзап кетпес үшін алдыңғы және артқы бір-бір аяғына өре салады; тіпті жақында оттасын десе, үш аяғына шідер, секіріп аттасын десе алдыңғы екі аяғына ғана тұсау салады; ашықпай айнала оттасын десе, қаққан қазыққа арқандайды. „Ат айналып қазығын табады“ деу содан шықса керек». (С. Мұқанов, 77.125-б.).


АТ БАСЫНА КҮН ТУСА,

АУЫЗДЫҚПЕН СУ ІШЕР,

ЕР БАСЫНА КҮН ТУСА,

ЕТІГІМЕН СУ КЕШЕР


Ер жігіт қиындыққа тап болса, төзеді, үйреніп, көндігеді немесе қандай ауыр іс, қауіп-қатер, қиыншылықтан да қорықпай, білек сыбана кіріседі деген мағынаны береді.

«Мінген атты еркіне көндіру, оның басын қалаған жаққа бұру үшін қолданылатын тұрман – жүген. Оның темірден жасалған шығыршық, ілгек, ауыздық тәрізді бөлшектері болады. Оларды тек жол жүргенде ғана пайдаланады. Онымен ат жем жеп, су іше алмайды. Сондықтан да „ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер“ дейді қазақ мақалы. Расында да, жайшылықта ауыздық су ішуге бөгет жасайды… Ауыздықпен ат айдаушының қолын жалғастыратын бау – „тізгін“ аталады. „Жүгенсіздік“ деген сөз адамға қатысты айтылғанда, бетімен кетушілік, тәртіп бұзушылық, дөрекі мінезді мағынасында қолданылады». (С. Мұқанов, 77. 125-б.).


АТ БОЛАТЫН ТАЙ САЯҚҚА ҮЙІР,

АДАМ БОЛАТЫН БАЛА ҚОНАҚҚА ҮЙІР


Қонақжай, қонаққа үйір балаларды ерекшелегенде осы сөзге жүгіне-ді.

«Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» дейді қазақ. Саяқ – өзге жылқыларға жоламай, бөлек жайылатын аттар». (С. Мұқанов, 77.76-б.)


АТ ЖАЛЫН ТАРТЫП МІНДІ


«Байталдың кекілінің түбін қынап, ұшын тегістейді. Құйрығын құндыздығынан (құйрықтың түбі, құйысқандықтан тұтамдай төмен) бір, орта тұсынан екінші рет бунап күзеп, ұшын қырқып қояды.

«Құнанның кекілін түбінен, құйрығын құндыздығынан сәл ғана қынайды да, басқа жағына тиіспейді. Ал екеуінің де жалын түбінен сыпыра күзеп, шоқтықтың алдыңғы жағынан (жалдың біткен жерінен) бір тұтам жал қалдырады. Атқа мінерде кісі, аяғын үзеңгіге салған соң, сол қолымен содан ұстап, оң қолымен ердің артқы қасынан ұстап көтеріледі. Сірә, қазақтың „Ат жалын тартып мінді“, – деген сөзі осыдан шыққан болар». (Н. Қазыбеков, 56. 71-б.).

Бұл сөздің мағынасы ер жетті, жігіт, азамат болды деген мәнде ұғынылады.


АТА ҚАРҒЫСЫНА ҰШЫРАҒАН ҰЛ ОҢБАЙДЫ

(Екінші нұсқасы) *


«…Бата-тілек құдайдың құлағына шалынбай қоймайды, ата-ананы ренжіткен ұл мен қыздың көсегесі көгермейді, жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды» деп түсінген халықтың діни сенімі ауыз әдебиетінің асыл үлгілерінен де орын алған. Мысалы, «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасында Төлеген батыр Қыз Жібектің ауылын іздеп бармақ болып, әкесі Базарбайдан рұқсат сұрағанда; «Өзімнің құда түсуге көңілге алған жерім бар. Еділ-Жайық бойында қыз құрып қалғандай, алыстан қыз іздеп, ант бұзып аттанамын дегенің қай көргенсіздік», – деп рұқсат бермейді. Жібекпен уәде байласқан Төлеген әкесі Базарбайдың наразылығына қарамай аттанбақ болады.

Ата салтын бұздың деп назаланған Базарбай баласы Төлегеннің жанына ешбір жолдас ертпей, алыс сапарға жалғыз жібереді. Төлеген аттанарда Базарбай теріс батасын береді. Теріс бата алып, «ата назасына» ұшыраған Төлеген сол сапардан оралмай, жолда қапылыста Бекежан қарақшының қолынан қаза табады. Жырды шығарушы ақын-жыраулар осы арқылы ата-ананы ренжітпеу керек, «Ата қарғысына ұшыраған ұл оңбайды» деген ой-пікірді уағыздап отыр». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.182-183-б.).

«Әке-шешені ренжіту дінде – күнә, қоғамда – қылмыс, өмірде – ұят. Ата-ананың өкпе, наласына ұшыраған адамдардың жолы болмайды. „Ата-анасы қарғағанды тәңірі қарғайды“ делінген Пайғамбар хадисінде». (С. Кенжеахметұлы, 43.196-б.).

Бұл – ата-анасына қарсы келгенді құдай да құптамайды деген мәндегі ауыр сөз.


*«Қанатты сөз – қазына», 1-кітабын қараңыз.


АТ ҚОЙЫП, АЙДАР ТАҒУ


«Жас баланың алғаш жүректілік көрсетіп, көзге түскен уақытта көрсеткен ерлігіне сай өзіне ат алатындығы туралы көне түркілік қызықты деректер де ғалымдарға мәлім. Осы дәстүрдің жаңғырығындай тілімізде «Ат қойып, айдар тағу» деген бейнелі сөз сақталған. Айдар – жылқының құйрық-жалына алтындаған зер қосып, жіңішке қып өрілген бау. Оны осы бір айтулы күні басқа жұрттан ата тегін айырып, айқындап көрсету үшін жігіттің кежегесіне тағады. Ал кежеге дегеніміз – түрік бабаларымыздың желкесіне түсірген жуан бір өрім шашы. Осыған орай тілімізде «кежегесі кері кету», «кежегесі кейін тарту» секілді сөз оралымдары сақталған. (Б. Әлімқұлов, 21.).

«Ат қойып, айдар тағу» дегенде, жоңғарлармен айқасқан әйгілі батырлардың бірі – Қаракерей Қабанбай батыр есімізге түседі. Оның шын есімі – Ерасыл, ал Қабанбай – кейін ер жете келе айдар болып тағылған аты. Бала кезінде бітімі кесек, тұлғалы Ерасылды жеңгелері «Нар бала» десе, жезделері қайрат-күшіне, батылдығына сүйсініп, «Қабан» атайды. Ер жете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен танылған батырды серіктері «Қабанбай» атап кетеді. Ел-жұртқа да сол «Қаракерей Қабанбай» деген атпен мәшһүр болады.

Ал «Кежегесі* кері кету», «кежегесі кейін тарту» деген сөз тіркестерінің ауыспалы мағынасы – бір іске зуақы соқпады, мойны жар бермеді, тартыншақтады, өзіне сенбеді деген мәнде ұғынылады.


*Кежеге – бас сүйектің желке тұсы.


АТ ҚҰЙРЫҒЫН КЕСТІ


Қайта айналып келместей болып ренжіп, өкпелеп кетті деген мағынаны береді.

«… „Қара қылды қақ жарған“ немесе „айттым – бітті, кестім – үзлді“ деген тіркестер осы билер шешімімен тікелей байланысты. Енді „ат кекілін кесті“, „ат құйрығын кесті“ деген сөздердің „байланысын үзді“, „ренжісіп кетті“ дегеннің ар жағындағы тасаланған мағынасын қарастырайық. Кейде, әсіресе, құн дауымен байланысты жағдайларда бидің шешімімен келіспейтін де жағдайлар болады. Оны құн даулаушылар әдетте былай білдіреді: мәселен, жақыны кісі қолынан қаза тапқан адам алқалы топқа сол өлген туысының атын жетелеп келеді де, көптің алдынды оның кекілін, құйрығын кесіп, тұлдайды. Сөйтіп, „біз бұл шешімге риза емеспіз, бәрібір кегімізді қайтарамыз, қарсы жақ, соған дайын болыңдар“ дегенді аңғартады…» (Н. Уәлиұлы, 9.).


АТАЛАСТЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,

АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН


Бұл – көршілердің, ауылдастардың өзара ыстық сыйластығы, бауырластығы негізінде туған мақал.

«Кейде үлкен рулар мен аталастардың қоныстары бір болады. Ал, кіші рулардың, әсіресе, аталастардың қонысы міндетті түрде тұтас келеді.

Әр ауыл негізінде бір атаның баласы бола тұра, ішінде өзге, кейде алыстағы аталар мен рулардан келетін «кірме» дейтіндер де болады. Оларды «қоңсы» деп те атады… Аталық пен қоңсы арасы ұрыс-жанжалда көрінеді. Аталықтар – басым, қоңсылар – қорғаншақ. Дегенімен, аталықтар «Көрші ақысы, тәңір ақысы» десе де, «отты көсей берсең өшеді, көршіні қуалай берсең көшеді», «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деп қоңсыны сыйлайды». (С. Мұқанов, 77. 68-б.).


АТҚА ҚОНДЫ


«Атқа отырды – бұл сөз тіркесін де жиі қолданатын болдық. О заман да бұ заман, атқа отырмайды, мінеді. Тіпті „жаппай атқа қонды“, – дейді. Орындыққа, таққа, арбаға көбіне отырады дейді. Бұл орысшадан тікелей аударма болса керек. Орыс тілінде: „Он сел на коня“ немесе „Сесть на коня“ делінеді ғой. Орыс тілінде атқа міну деген сөз жоқ. Атқа отыру дейді. Басқа тілге иек сүйей бермей, өзіміздің құдай берген татымды да шұрайлы тілімізде сөйлеп, жазғанымыз жөн». (Е. Бейсенбек. 9. 18.11.1993.).

Осындайда «Ат – ердің қанаты» деген мәтел еске түседі. Яғни, халқымыз атты ұшқыр құсқа теңейді. Содан атқа мінуді де «атқа қонды» деп құсқа лайықты метафоралық термин сөзбен атаған.


АТ-ШАПАН АЙЫП ТАРТУ


«Шапанның қоғамдық қатынаста қолданудың да тағы бір жолы – жазалы адамның „ат-шапан айып тартуы“. Бұрынғы кезде түрлі қылмыс істеп, не қателік жасап кінәлі болған адам айыбының төлемі үшін малмен бірге міндетті түрде шапан төлеуге тиіс болды. Бұл мысалдан шапанның хұқықтық қатынасты белгілеуге де қолданылғанын көреміз». (Қ. Ахметжанов, 9. 4.08.94.)

Айыбын өтеді, ат шапан айыпқа ілікті деген мәнде.


АТТЫҒА ЕРЕМ ДЕП

ЖАЯУДЫҢ ТАҢЫ (АЙЫРЫЛАДЫ) ЖЫРТЫЛАДЫ


Мағынасы «Әлін білмеген – әлек» деген мәтелмен мәндес.

«…Аттыға ерем деп жаяудың таңы жыртылады» деген мақал күш келмейтін іске жармасатын адамдар жайында айтылады. Таң – сан мен сүбенің* түйіскен тұсы». (С. Мұқанов, 77.).


*Сүбе – қабырға етегіне біткен майлы қалың ет.


АТТЫҢ ЖАЛЫНДА,

АТАННЫҢ ҚОМЫНДА


Бұл сөз тіркесі бүгінде үй-күйсіз, жағдайсыз, төрт құбыласы тең емес жағдайда жасалған, дайындалған дүниені сипаттағанда, түсін-діргенде қолданылады.

«Аттың жалында, атанның қомында*» деген мәтелді де бұза-жара қолданып, «аттың жалында, түйенің қомында» деп жүрміз. Бұндай қом—майдың жиналуы көбіне атандарға ғана тән. Барлық түйе қом жинай бермейді. Атан түйе ат сияқты, өгіз сияқты күш көлігі. Бұл ыңғайсыздықты, асығыстықты білдіретін, қазақтың ертеде бір жерде тұрақтамай үдере көшуінен туындаған мәтел болуы мүмкін». (Ж. Омаров, 85.).


АТ ҰСТАР


«Бала туғанда баланың әкесінен, атасынан немесе нағашы жұртынан сүйінші сұрай алдынан шыққан адам ұл болса, „Ат ұстар“ деп, қыз болса „көйлек тігер“, „қырық жеті“ деп хабарлаған. Кейінгісі қызды қалың малға беруге, „жат жұрттың адамы“ деп қарауға байланысты туған ой-пікірлердің көрінісі», (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.14-б.).

Ат ұстар – үйдің иесі, мұрагері дегенді аңғартады.


АТЫНЫҢ СЫРЫ ИЕСІНЕ МӘЛІМ


«Осы тұста қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетін жылқылардың болатынын ескере кеткен жөн. Бірі тоқжарау күйінде жақсы шапса, енді бірі әбден жеңілдеп жарағанда ғана жақсы шабады. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей, нағыз атсейіс қолындағы сәйгүліктің тілін білуге тиіс. Мұндайда, жаратар аттың қара еттілігін, май еттілігін жазбай танитын атбегінің қапысыз танымы қажет. Онсыз жоны тырсиып тұрған қара етті жылқыны жаратамын деп, жілік майын үзіп алу немесе олпы-солпы болып тұрған май етті жылқыны жүдеу екен», – деп кем жаратып алу оп-оңай». (А. Сейдімбек, 92.).

Мінез-қасиетіне, ерекшелігіне қанық деген мәнде ұғынылады.


*Қом— түйе өркешінің түп жағындағы тұтаса біткен жота майы.


АТЫМТАЙ ЖОМАРТ

(Екінші нұсқасы*)


«Қазақ арасында Атымтай (арабша Хатимтай) көбірек аталады. Себебі, ол байлықпен емес, мырзалықпен (жомарттықпен) атын шығарады. Біреу Атымтайға: „Мен де сендей жомарт болам“ дейді. Бірақ алғаш берген адамы сол күні екінші рет келгенде: „Мана алып едің ғой“ депті. Бақса, сұраншы болып жүрген Қыдыр (ырыстың атасы) екен. Сонда Қыдыр: „Сен қалай Атымтай бола аласың? Ол күніне неше барсаң да бетіңді қақпайды, ал, сен, екі келгенде сараңдық жасадың!“ – депті-міс». (С. Мұқанов, 77.150-б.).

Кеңпейіл, қолы ашық, жомарт кісілерді дәріптегенде, осы Атымтай жомартқа теңейді.


АТЫ ЫРАҢДАП,

АДАМЫ ТЫРАҢДАП


«Аты ыраңдап, адамы тыраңдап» деген мақалға түсінігі (С. Мұқанов «Өмір мектебі» – К.О.) мынадай: «Ыраң» деген сөзді біздің ел мақалға қосқанымен, не екенін білмейді. Ол шөптің бір түрі екенін мен бертінде, Жетісу елінен ғана естідім». (Қ. Әлім, 31. 03. 02. 2011).

Аты – оттап, жайылып, өзі ұйқы соғып әлек деген әзіл-қағытпа. Астарлы мағынасы: Адамдар әрі-сәрі күйде болып, шаруалары жүрмей, бетімен кеткен ұжым, шаруашылықтарды сынағанда айтылады.


АУЗЫН АРАНДАЙ АШЫП


Ашқарақтық, тойымсыздық, қомағайлық танытқан адамды осылайша бейнелейді.

«Ерте заманда аран, керен деген мүйіз сыртты мақұлық болыпты деседі көнекөз қариялар. Ол екеуі де жеміне шапқанда аузын ашып алып жүгірсе керек-ті. Шамасы, қомағай, ашқарақтығы шығар. „Аузын арандай ашып“ деген тіркес содан қалған деседі». (Б. Қыдырбекұлы, 69.).

Ел арасында айтылатын «Аузын керіскедей ашып» деген сөз тіркесі де жоғарыдағыдай ұғымда қолданылады. Соған қарағанда, керіске де сондай алып аңның (сусиыр, мүйізтұмсық сияқты) бірінен болса керек.


* «Қанатты сөз – қазына», 1-кітабын қараңыз.


АУЗЫНДА ӘЗІЛІ ЖОҚТЫҢ

ҚОЛЫНДА ШОҚПАРЫ БАР


«Қалжыңды кек алуға, кекетіп келемеждеуге, кемсітіп сағын сындыруға қолданса, қадірі кетеді. Ол қалжың емес, төбелестің басы болады. Құрығанда көңілде дық қалады. Сондықтан әзілді орнымен келістіріп айта да білу керек, жүйесімен түсініп, қарымды жауап қайтара да білу керек. Әзіл-қалжыңның қасиеті – тапқырлық пен шапшаңдықта. Әдемі әзіл ақылдан шығады. „Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар“ дейді. Әзіл-қалжыңды түсінбейтіндердің көбі ақ-қараны ажырата алмайтын топастау келеді. Қалжыңға бола ерін бауырына алып, тік шапшитындарға сөзді қор етпеген абзал. Ал бірін мыңға балап жүретін көңілі көл, жаны жайсаң адамдар болады. Олар айналасына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі жарқырап жүреді». (Б. Момышұлы, 15. 29-б.)

Әзіл-қалжың сөзге әзілмен, тапқырлықпен жауап берудің орнына, қалжың айтқан кісіге ренжіп, өкпелеп, кейде жұдырығын ала жүгіретін, әзілді түсінбейтін топастау кісілер болады. Жоғарыдағы мақал сондай кісілерді әшкерелегенде қолданылады.


АУРУДЫҢ ЕМІ – САУДЫҢ СӘЛЕМІ


«– Пенде шіркін асығын күнде алшы түсірсе де, басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Ауырмайтын адам жоқ. „Аурудың емі – саудың сәлемі“ дейді. Ең бір сауабы үлкен сәлем – сырқат адамның қолын алып сәлемдесіп, көңілін сұрау. Жаны мен тәні бірдей қиналып, „әлдеқалай болам“ деп көңілі күпті, жүрегі қаяу тартып жатқан кісіге жылы-жылы сөз айтып, рухын көтеру ауру адамның көңіліне – медет, бойына қуат береді. „Жақсы сөз – жарым ырыс“ деп тегін айтлымаған. Сол ауру адам, Алла емін салып жазылып кетсе, сенен жәрдем көргендей кездескен жерде ықыласы ерекше болады да жүреді. Неге десең, жайшылықтағы сәлемнен науқас кездегі сәлемнің орны ерекше, жөні бөлек сезіледі. Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл дүниедегі татар дәмі таусылып, қазаны төңкерілсе, тірі кезінде сәлем беріп, көңілін сұрап тұрғаның үшін, тірлігінің соңғы күндерінде тілдесіп қалғаның үшін өзіңе риза боласың. „Әттеген-ай, сонда неге бармадым“ деген өкініштің уыты жүрегіңді езбейді». (Б. Момышұлынан. 15.70-71-б.)

Аурудың көңілін сұрап, арнайы барып сәлем беру арқылы оның көңілін көтеріп, жайландырасың. Рухына дем беріп, сауығуына сенім ұялатасың деген мәнде ұғынылады.


АУЫЗДЫҒЫМЕН АЛЫСТЫ


«Ауыздығымен алысты» деп асау, бас білдірмеген, бойға үйрет-ілмеген аттарға айтылады. «Ауыздығын қарш-қарш шайнап, ауыздығымен алысып тұр» дейміз кейде». (Ж. Бабалықұлы, 24. 273-274-б.).

Аласұрып, жанын жеді, жұлқынды деген мағынада.


АУЫЗДЫҚТАУ


«Ауыздық – жүгеннің ат аузы ішінде тұратын бөлігі. Ауыздық екі бөлшек саусақтай жұмыр темірден жасалып, бір-біріне шығыршықты, үзбелі, қозғалмалы етіп түйістіріледі. Екеуі біріккенде бір сүйемдей болады. Ауыздықтың екі басы екі сулыққа бекітілген. Мұның бәрі де қозғалмалы бөлшектер. Ер-тоқым, айыл-тұрман жабдықтары ішінде ең керекті бөлігі жүген болса, ал жүгеннің барлық абырой, атағы ауыздыққа байланысты. Асау, тарпаңды ырқына көндіру ауыздықтау арқылы көндіру, тәртіпке шақыру мақсатымен адамға қатысты да айтылады». (Ж. Бабалықұлы, 24.275-б.).

На страницу:
4 из 7