Полная версия
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
АҚПАН-ДАҚПАН АЛТЫ КҮН,
АЯЗЫМЕН ЖЕТІ КҮН
«Ал, біздің жақта (Батыс Қазақстан – К.О.) ақпан – осы ақпан айында келетін бір амал. Себебі, „Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн“ дейді. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Бұл күндері қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады, аяз күшейеді». (Р. Құдайбергенов, 9. 21. 02. 1990.).
«Он бір тоғыстағы (16.12 – 11.01 күндері) қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (12.01 – 8.02) өтетін аязды күндерді ай мүйізді алты күн немесе ақпан-тоқпанның (дақпанның) аязы деп атайды (орыстарда бұл аязды күндер „крешенские морозы“ делінеді)». (Н. Уәлиұлы, 9.).
Ақпан айында өтетін алты-жеті күндік аязды күндерді айтады. Оны халқымыз ақпан-тоқпанның аязы дейді.
АҚСАҚ ТЕМІР КӨРЕГЕН,
АУЗЫН АЙҒА БІЛЕГЕН
«Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген ғой. Оның атақ-даңқын аспанға көтеруіне сүбелі үлес қосқан Әмір Темір. Ол басына кесене салып (Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі – К.О.), Қожа Ахметтің атын асқақтатты. Кесене даңқы жер жарған қатал хан Әмір Темірдің атына «көреген, ақылды» деген сөзді қосты. Ел арасында «Ақсақ Темір көреген, аузын айға білеген» деген нақылды тудырды.» (М. Жылқайдарұлы, 11. 19. 09. 1999.).
«Темір есіміне „көреген“ сөзінің неге жалғанғанын білесіз бе?! Түркі елінің тегеурінін дүниеге ең соңғы рет мойындатқан Әмір Темір тек алысты болжағыш талантты қолбасшы ғана емес, ол ғажайып түс көргіш, көрген түсін қатесіз жори алатын әруақ қонған киелі адам болған. Сондықтан да „Әмір Темір“ есімі соңынан „көреген“ деген қосымша лақаб жалғанған. Бұл әдеттегі әдебиетте айтылып жүргендей Шыңғыс хан ұрпағынан қыз алған соң тағылған „жезде, не күйеу“ мағынасын білдіретін титул ғана емес». (Х. Көктәнді, 45. 6-б.).
Ол да Шыңғысхандай «аузын айға білеп», бүкіл дүние жүзін жаулап алуды көкседі. Дегенімен, жаулап алған қағанаттың қызығын өзі де, ұрпақтары да көре алмады.
АҚСЕРКЕ МЕН ҚҰЛЖАН ӨЛІП ТЕ
ТАРАҚТЫ ЕЛ БОЛҒАН
«Байғозы өлгеннен кейін де Тарақтыдан батырлық үзілмеген. „Ақсерке мен Құлжан өліп те Тарақты ел болған“ дейтін мәтел бар. Оның мәнісі былай. Тарақтылар орыс отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене атсалысқанын тарихи фактілер растайды. Алғашқыда олар Саржан Қасымовтың, кейін Кенесары ханның қозғалысын қолдайды. Шамамен, 1830 жылы Тарақты Ақсерке мен Құлжан (Байғозының немересі) және Тоқа Бәйтелі батырлар мың қолмен Шоңның Қарағашы деген жерде (Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының бұрынғы „Рассвет“ совхозының маңы) полков-ник Шубиннің солдаттарымен соғысады. От қарулы отаршыларға төтеп бере алмаған көтерілісшілер көп қырғынға ұшырайды. Сол соғыста Ақсерке мен Құлжан батырлар шейіт болады». (С. Арынұлы, 9. 11—17.06.2015.)
Бұл мәтел ел арасында кейде «Ақсерке, Құлжан өліп те ел болғанбыз» деп ықшамдалып айтылады.
АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ
АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА
«1724—1725 жылдары жоңғар феодалдарының шапқыншы әскерлері Сырдария алабындағы отырықшы егінші ауылдар мен қалаларды ойрандап, Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласын және Қазақ хандығына қарасты Ташкент, Сайрам, т.б. қалаларды басып алып, талан-таражға ұшыратты және қиратты…
Жасанған жаудың тұтқиылдан жасалған жойқын жорығынан есі шығып, бас құрып тойтарыс беру мүмкіндігінен айырылған қазақтар тоз-тоз болып жосып, Сырдария өзенінің ар жағына өтті. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінен ары кетті. Қазақтардың біразы Алқакөл маңынан Бұхара мен Самарқанға қарай ағылды. Ал кіші жүз қазақтары Сауран қаласын айналып, қазіргі Шиелі, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттеді.
Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Мұның былай аталуы: жаудан қашып жаяу шұбырған қалың қауым әрі болдырып, әрі ашаршылықтан бұралып, Алқакөл көлінің жағасына келіп сұлап жатқанда, көп ішінен бір ақсақал шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылық пен жаманшылықтың бәрін ұмытпауы керек. Біз осы көрген күнімізді не деп атасақ болар?!» – деп сұрапты. Сонда тағы бір қария орнынан тұрып: мұның аты: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мұның мәнісі: атамекен, мал-мүлкінен айрылып, жаяу-жалпы, аш-жалаңаш босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозды деген сөз екен». (М. Қани, 55. 273-б).
«Алқакөл – Қызылорда облысының солтүстік-шығысында орналасқан Телікөлдің бұрынғы тарихи атауы («ҚСЭ», 7-том, 84-бет). Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қанды қырғын дәуірді білмейтін адам кемде-кем. Қалмақ ойранынан босып, Қаратау асқан халықтың келіп тізе бүккен жері осы көлдің жағасы делінеді.
Алқакөл – қанды қасіреттің ғана емес, ел ішіндегі алауыздық пен жеңілістердің халық есінде қалған жалғыз нышаны, сол сияқты екі ғасырға созылған кейінгі бодандықтың да рәмізі болып табылады». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)
Айналасындағы бүлінген, астан-кестеңі шыққан дүниені бейнелеп айту үшін адам осы сөз тіркесін қолданады.
АҚ ҮЙ АМАНАТ
«Тарихымызда „Ақ үй аманат“ берген екен деген сөз бар. Жаугершілік замандарда екі жақ мәмілеге келіп, бітімгершілікке тоқтағанда, осы салт біткен істің айғағы ретінде жүрген. Мұндайда кінәлі жақ жеңілгенін мойындап, бар сән-салтанатымен, дүние-жиһазымен ақ үй аманат әкеліп тапсырған. Ол тек жеңілгендіктің айғағы емес, жеңген елді мойындаудың, ендігі татулықтың кепілі деп саналған. Оны бұзу – үлкен күнә болған». (М. Жақып).
«Бөгенбай батырдың жоңғарларға күйрете соққы беріп, қазақ елін түбегейлі жеңіске жеткізген айқас 1750 жылы Аяқ деген жерде болып, жоңғарлар жеңілгендіктерін мойындап, қазақ батырларына ақ отау тігіп, ақ тұлпар шалып, достық нышаны ретінде сойылған тұлпардың басын тартып, бұдан былай қазақ халқымен жауласпау шартына қол қойған келісім жасалады. Сөйтіп, қазақ халқы ғасыр бойы созылған күресін жеңіспен аяқтайды». Ғ. Баталов, «Өзімді өзім тани білсем…». Алматы, 2001ж,134б.
Жоғарыдағы екі мысалдан байқағанымыздай, жауласқан екі елдің бітім, келісімге келіп, «Ақ үй аманат» деп үй орнатқаны – жою мен құртудың емес, құрудың, өсіп-өну, ортақтасып үй тұрғызудың, достық пен бейбітшіліктің ескерткіш рәмізіндей көрінеді.
Осы орайда жеке адамдарға байланысты мына бір салтты да еске түсіре кетейік: сол ескі замандарда жеңген жаудың алдына барып, белдікті мойынға салып, тізерлеп тұрып сауға сұрайтын жоралғы да болған.
АҚЫЛ – ЖАСТАН, АСЫЛ – ТАСТАН
«Сырым батыр Тайбөрі көлі (Қақпақты көлі) суының қадір-қасиеті мен бағасына бірде-бір өзен-көлді теңестірмесе керек. Көл бара-бара суалып, ел баласына сусын керек ететін күндер болар деп жорамал жасап, оның суының нәрін молайта түсуді мұрат тұтады. Осы ойын іске асыру үшін сонау Ойылдың бір қалтарысынан бөгет салып, су арнасын Тай бөріге бұрып жіберуді көздейді. Су бөгетке тіреліп, Ойыл өзенінің қалтарысындағы су деңгейі көтеріледі. Осы сәтті оңтайлы пайдалана білген Сырым бабамыз бөгеттен елу шақырымдай жердегі биік орналасқан құмақ жерді жырып жібереді. Осы кезде жаңа арна пайда болады. Оның атауын ел Жарыпшыққан деп атаған. Міне, дәл осы Жарыпшыққан арнасы Тайбөрі көлі суының тартылып кетуінен қорғаған.
Сырым батыр бұл бөгетті 1797 жылдың көктемінде тұрғыза бастайды. Сол мезгілде су тасып кетіп, бөгетті тұрғыза алмай амалдары таусылып, қиналған сарбаздарына Сырым ойнап жүрген ауылдың бір топ балаларын нұсқап: «Не айтып, қандай ойын ойнап жүргендерін біліп кел», – деп бір сарбазын жұмсапты.
Көп кешікпей жіберген сарбазы балалар да тасқын суды бөгей алмай, «Шым сал да – құм сал, құм сал да – құрым сал», деп дау-рығып ойнап жүргендерін айтады. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген емес пе. Біз де солай жасауымыз керек деп бұйрық берген екен. Елден құрым киіз, ағаш үйдің ескі туырлықтарын жинатып, бөгет салу ісіне кіріскен. Міне, бөгеттің негізі осылай тұрғызылыпты. Содан бұл «Сырым бөгеті» аталып кеткен». (Т. Құсайн, Ж. Шөжеғұл, 31. 26.11.2014).
АҚЫННЫҢ ҚҰЛАҒЫ ӨЗІНЕН
ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН ТУАДЫ
«…Алайда отқа да түскен, суға да түскен сол Махамбеттің заманында қараорман елі де болған, шұрайлы жері де болған. Өріс толы малын шетінен кертіп жеп отырса, кім қой дер еді. Солай бола тұра жұмыр басын бәйгеге тіккені қалай? Қайда салса да қайтпай, ақ алмастай қиып түсіп, шамырқанса шарт сынатын құдіреті неде? Оның Абайға дейінгі ақын-жырауларға қарағанда өркештеніп, айбынды көрініп тұратын себебі: құр босқа шындықты айтып шырқырай бермей, ақиқаттың сөзін сөйлеп, халқына тізе батырып, қаңқақсатып жылатқан қарау күштерге қарсы майдан аша білгенінде; „Исатай – басшы, мен – қосшы“ деп, қала берді бүгінгі кейбір ұры ұлықтар секілді халықтың нанын жемей, қамын жеп, ашық айқасқа шыққан көзсіз ерлігінде; „Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек Біздің бүйткен бұл іске!“ деп кілең арыстан айбат, жолбарыс жүректі жігіттерді іріктеп, күреске бастаған көк серек азатшылдығында; өзі өмір сүрген өңірдің құбылмалы тіршілігіне қарап, алдағы күннің жақсылық, жамандығын сезе білетін көріпкелдігінде. Ноғайбай шешен: „Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады“ деп, мүмкін осыған қарап айтқан шығар, кім біледі». (Р. Ниязбек, 9. 21—27.08.2014.).
Әдетте ақын-жазушылар мен жалпы ойшылдардың интел-лектуалдық қабілеті жоғары болатынын, тарихи өткенді терең біліп, соның арқасында болашақты да болжай білетін көріпкелдік қасиетін Ноғайбай шешен дәл түйіндеп бере білген.
АҚЫРАП, ҚАУЫС, КӘРІ – ҚҰРТАҢДЫ ТАУЫС
«Қауыс амалы қарашаның 20—25 жаңасына дейін созылады. Бұл – араб тілінен енген сөз. Осы мезгілде жерге қар түсіп, төңіректі түгелдей ақ ұлпа жабады. Жеңіл, жұмсақ қар. Осыған байланысты қазекең бұл амалды ақ қар деп те атаған. Қауыс негізінен, қазақ тұрмыс-тіршілігіне қауіпті, қаһарлы амал саналған.
«Ақырап, қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал жәйден-жәй айтылмаса керек. Мұның мағынасы «ақырап» (қазан), қауыс (қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарыңды жара-татын уақыт болды» дегенді білдірсе керек. Міне, осы қауыс амалы кезінде күн суытып, бұрқақ, өткінші жаңбыр жауатын болған». (07. 20.11.2014.)
«Ақырап ақырын келді, қарлы боранын шақырып келді» деген сөз тіркесі де бұл ай, амалдың қандай қасиетке ие екенін айқындап тұр.
АҚШАНЫҢ СӨЗІНІҢ ҚЫНЫ БАР,
КҮНТУДЫҢ СӨЗІНІҢ ҚҰНЫ БАР,
ЫСТЫНЫҢ ҚЫЗЫЛДАН ДАМБАЛЫ БАР
«Ақша батыр, Ақша елі, Ақшаның қулығы, „Ақша тоған“, Ақшаның бір ер-тоқымы бір кісіні алдағаны жайлы аңыз әңгімелер ұшан-теңіз. Ақша батырдың шыққан ортасы жайлы бірер сөз. Ақшалар қуақы, қақпа сөзге ұста келеді екен. Ел ішінде „Ақшаның сөзінің қыны бар, Күнтудың сөзінің құны бар, Ыстының қызылдан дамбалы бар“ деген бұрынғылардан сөз қалған. Олай дейтіні Ақшалар қу тілді, Күнтулер әр нәрсені дөп басып тауып айтады екен, ал Ыстылар шетінен батыр, әрі сәнқой болған. Олар ертеде қызыл бараттан дамбал киіп, сәнденіп жүретін көрінеді». (О. Хатитұлы, 48. №4, 2001.)
Бұл сөз тіркесіндегі Ақша, Күнту, Ысты – Ұлы жүздің құрамына кіретін рулық мәнге ие болған аталар. (Мәселен, Ақша Суаннан, Күнту Шымыр Дулаттан, Ысты Сарыүйсіннен тарайды). Ру-аталардың ерекше қасиеттерін дәріптеуден сөз тіркесі туған.
АЛА ЖІПТІ АТТАМА
«Қазақта «ала жібінен аттау» деген сөз бар, ол – ұрлық жасау және біреуге қиянат жасау дегенді білдіреді. Ал арғы танымдық – мифтік мәні қалыптасқан шектен, нормадан шығып кету, яғни, белгілі бір тәртіптің шекарасы осы – ала жіп, мысалы, екі дауласушы жақтың арасына ала жіп тасталады не керіліп қойылады. Бұл да шекара, төреші үшін ақ пен қараның шектесу аймағы – ақ пен қара арасы-дағы орта дүние.
Ала жіп жас баланың аяғына тұсау ретінде де пайдаланылады, бұл жағдайда баланың о дүниеден (қазақта туған адам қырық күнге, не бір-үш жылға дейін «әлі бұл дүниелік емес» деп есептелінген) өтіп, тірі адамдар қатарына қосылуы, ала жіпті қиып, шекарадан өтуі болып табылады». (С. Қондыбаев, 62.).
«…Есігіне құлып салмай, ала жіппен байланған. „Ала жібіңді де аттаған жоқпын“, – деген сөз осыдан шыққан». (С. Мәдімарұлы, 73.).
Қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен – тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырын-дылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдірге алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді.
АЛА ЖІПТІ КЕСІСТІ
«Біреудің ала жібін аттамау» деген сөз кісіге қиянат жасамау мағынасында қолданылады. Адамдардың бірін-бірі көрместей болып араздасуы – бейнелеп айтқанда, «ала жіпті кесісті» делінеді. Бұл да жоғарыда айтылған ишара-белгіден келіп шығады. Қасиетті киелі жіпті үзу, дұшпанға өлім тілеу мағынасында да қабылданған. Кісілер арасындағы қарым-қатынасты тоқтату да ишараланып, ала жіпті үзу арқылы көрсетілген. Жалпы, ала жіп үзілсе, қасиеті кетеді деп есептелінген». (Г. Ақпанбек, 6).
Өзара ренжісіп, өкпелесіп кетті деген мағынаны береді.
АЛАҢ КЕЛЕ МЕ,
АЛАШ КЕЛЕ МЕ
«Қазақтың „Алаш“ атанғанынан хабардарсың ғой, ә? Бұл сөз сонау Шыңғыс хан тұсынан бастау алады, – деді жазушы (Ғабит Мүсірепов – К.О.). – Шыңғыс хан бар мүлікті төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға берген деседі. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар екен. Сол алты рудың һәр-қайсысына Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны „Алаш“ болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан, „Алты Алаш“ болады. „Алаш“ деген сөздің алғашқы мағынасы – Отан кісісі (соотечественник) деген сөз десетін бұрынғылар. Және қазақта „Алаң келе ме, Алаш келе ме“ деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң – шет елдің кісісі, Алаш – Отан мағынасында алынған. Тіпті сол заманда Жошы ханға „Алаши“ деп лақап ат қойылған ғой. Алаши – алаштың басшысы (глава соотечества) деген сөз». (Қ. Сәрсекеев, 31. 21. 03. 2012.).
Бұл жаугершілік заманнан қалған сөз, яғни, жастарды күн салып қаратып, «Алаң келе ме, Алаш келе ме?» деп сұрайды, мұнысы: жау келе ме, өз қандасымыз келе ме дегенді аңғартады.
«АЛАШ» АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА
«Аламан деген ханның бір ұлы анасынан алапес болып туыпты. Соны ұнатпаған хан, атын «Алаша» қояды да, қасына жүз жігіт қосып, шешесі мен Алашаны Ұлытаудан асырып тастайды. Сонда ержеткен Алаша өз бетімен хандық құрып, ел болып кетеді. Алаша өлгенде Ұлытаудан ағатын «Қара кеңгір» өзенінің бойына көміліп, қабірінің үстіне мазар салынады. Сол «Алаша хан» атты әдемі жасалған мазар Ұлытаудағы Кеңгір бойында әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы.
Қазақта «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген де сөз бар. Соның мағынасы ғылым жүзінде бертінде ашылып, Қазақстан Ғылым академиясының баспасы, «Қазақстан эпиграфикасы» деген атпен шығарған кітапта белгілі тіл ғалымы Ғайнетдин Мұсабаев «Кеген жазуы» деген еңбегінде тастан жасалған мүсінге және көне жазуға сүйене отырып, «алаш» және «алаша» деген сөздерге талдау жасайды. Ғайнетдиннің баяндауынша, қазақтың «алты алаш» деген сөзі «алты ел» деген ұғымды білдіреді деуі шындыққа жатады. Демек, қазақ сол алтаудың бірі ғана. Өзге бесеуі: қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ және башқұрт. Бұлардың қазіргі аттары мен халық болып бөлінуі соңғы мың жылдың орта тұсынан басталды. Сондықтан қазақта бар рулардың көпшілігі оларда да бар. Кей халық өздері бағынған хандардың есімдерімен аталып кеткен. Мысалы, өзбек, ноғай, т.б.
Ғайнетдиннің жорамалынша, «алаш» хандығы құрылып, «Алаша» ханның билеуі, шамасы бұдан екі жарым мың жылдай бұрын болса керек». (С. Мұқанов, 77..29-30-б.).
АЛАШ АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА,
ҮЙІМІЗ АҒАШ, ҰРАНЫМЫЗ АЛАШ БОЛҒАНДА,
ҮШ ЖҮЗДІҢ БАЛАСЫ ҚАЗАҚ ЕМЕС ПЕ ЕДІК
(Екінші нұсқасы)
«Халықтың ауызша тарихнамасында Үш жүз қазақтың түп аталары Байшора, Жаншора, Қарашора, енді бірде Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген кісілерден тарайды. Олар бірде бір кісінің балалары болса, енді бірде үш атақты бидің балалары болып саналады. Түркі халықтарының тілінде «шора», «арыс» атты сөздер белгілі бір басшыға (ханға) немесе батырға «әскери серік, көмекші жігіт» деген мағына береді. Айталық, шора (кейде қазақша дыбысталуы «жора») – қазақ, қырғыз, башқұрт, татар тілдерінде «жолдас, жігіт» дегенді білдірсе, «арыс» сөзінің мағынасы «тіреу, тірек» деген ұғымға тіреледі. Арбаның атқа жегілетін белдігі «арыс» деп аталады, яғни ол арбаны аттың қамытына жалғастыратын тірек, тіреу. Шежірелік аңыздардың баяны бойынша, қазақтардың үш жүзге (үш арысқа) бөлінуі анадан ала болып туғандықтан, елден қуылған хан ұлы Алашаны Майқы би баласы Алшындардың өзара біріге отырып орталарынан хан көтеруімен байланысты қалыптасқан. «…Бастапқы бір келген жүз жігіттің қолбасы, мырзасы Үйсінді «Ұлы жүз Үйсін» атады. Түпқазық салықшы болсын. Жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас түйін боп тұрсын десті. Ортаншы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Болатқожа бұл жүз жігіт тосқауылшы орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын деп, оны Орта жүз «Ақжол» атады. Соңғы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Алшынды беті қайтпаған жаужүрек, жан қадірің білмейтін кезуілші деп, қарсы алдында жүріп жауға шабатұғын да осылар болсын деп, Кіші жүз «Алшын» деп ат қойды. Кезуілші қашса тосқауылшыға, тосқауылшы қашса, салықшыға барады, салықшы қашпайды. Тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға бар, көңдімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың үш жүз аталған жері – осы. Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген де аталарының аты болса керек. Алаш деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» атты ұруға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, алаш деп шабыңдар! «Алаш, алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз содан қалды». (А. Сейдімбек, 32. 21-бет.)
Қазақтың Ұлы жүзі «Ақарыс», Орта жүзі «Бекарыс», Кіші жүзі «Жанарыс» болып аталып, ұзын саны он екі ата (кейде тоғыз) болып келетін ру-тайпаларының топтасуы – орталықтанған жүйеге – хандыққа тіреу болуға талпынысының, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» бірлікке ұмтылысының, ел-жұрт болып қалыптасу тарихының халық санасындағы жаңғырығы.
АЛДЫНА АС ҚОЙДЫМ,
ЕКІ ҚОЛЫН БОС ҚОЙДЫМ
Тамақ ал, же деген ұғымдарды береді.
«Ертеректе қазақ балыққа қақалып өлсе, туыстары оны балықпен сыйлаған адамнан құн сұрайды екен. Сондықтан қазақ қонаққа балық асса, „ал, же“ деп айтпайды екен. „Алдына ас қойдым, екі қолын бос қойдым“ деген сөз де, тегі, балықшылардан шыққан болуы керек. „Балық жеген бағыспас, жан-жағымен қағыспас“ деген сөзі де балықшылықтың қазақ арасында көп таралғандығын дәлелдейді». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 121-б.).
АЛДЫҢҒЫ АРБА ҚАЛАЙ ЖҮРСЕ,
СОҢҒЫ АРБА ДА СОЛАЙ ЖҮРЕДІ
«Қазақтың арбаны ерте заманнан пайдаланғаны тарихи деректерден мәлім. Арба көші-қонда да, соғыс құралы тұрғысында да қолданылған. Бұл жағдайдың екеуінде де әркім өз арбасымен қалаған уақытында қалаған жағына қарай жүре бермеген. Белгілі тәртіп, жүйе бойынша қозғалған. Көші-қонда көш бастаушы болған, ол алдыңғы арба. Қалғаны соның соңынан ереді. „Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді“ деген сөз сол заманда қалыптасқан болар ма деп жорамалдаймын. Ал, оның доңғалаққа ауысуы сөздің кейіннен туған баламасы болса керек. („Алдыңғы доңғалақ қалай жүрсе, соңғы доңғалақ та солай жүреді“). Тілімізде екі түрі де кеңінен қолданылады. Мән-мағынасын бір десе де болады». (С. Шүкірұлы, 9.).
Ата-баба мен ұрпақтың, аға буын мен кіші буынның, үлкен мен кішінің арасында жалғастық болады, жолы бір болады дегенді аңғартады.
АЛҚАТСАҢ АЛҚАТ ҚЫЗЫҢДЫ,
АҚТАР ОЛ ДӘМ-ТҰЗЫҢДЫ
Алқату – еркелету, ардақтау, қолпаштау. Соңғы кезде сөздік қордан шығып барады. «Алқатсаң алқат қызыңды, ақтар ол дәм-тұзыңды». (Мәтел). (Б. Қыдырбекұлы, 69. 35-б.).
Қызыңды ардақтап, үкілеп, ар-ұятын биік ұстап тәрбиелей біл, ол ет жақын жанашырың болып, еңбегіңді, дәм-тұзыңды ақтайды деген мәнде ұғынылады.
АЛТАЙ МЕН АТЫРАУДАН,
АРҚА МЕН АЛАТАУҒА ДЕЙІН
«Алтай-Атырау – әдебиет пен баспасөзде, теледидарда өте жиі қолданылатын тіркес. Батыстан Шығысқа бірнеше мың шақырымға созылып жатқан Қазақстан үшін бұл кеңдіктің, байтақтықтың көрсеткіші болып қала бермек». (С. Қондыбаев. 9. 6.10.94.)
Негізінен С. Қондыбаевтың бұл келтірген тіркесі толыққанды емес. Халық аузында «Алтай мен Атыраудан, Арқа мен Алатауға дейін» деген де тіркес бар. Яғни, Алтай мен Атырау – еліміздің кеңдігін көлденеңінен немесе Батыстан Шығысқа дейінгі белдеуін сипаттаса, Арқа мен Алатау – тігінен немесе Солтүстіктен Оңтүстікке дейінгі ауқымын көрнекі түрде көрсетеді.
АЛТАЙ – МЕНІҢ МЕКЕНІМ,
ЕЖЕЛГІ ЖЕРГЕ ЖЕТЕМІН
«Жоңғарлардың бетін қайтарғаннан кейін-ақ, қазақтың бір бөлім рулары сол жоңғарлар басып алған ежелгі атамеккенге табан тіреуді мақсат етіп, шығысқа бет алғаны тарихтан мәлім. Айдарынан жел ескен Қабанбай сынды қолбасылар бастаған қазақтың қалың көші осылайша атақонысқа табан тіреді. Осылардың бір дәлелі – найманның қызай руының 1757 жылғы „Мамырсу бітімінен“ кейін Есенгелді батырдың бастауымен Тарбағатайға, одан ары қазіргі қоныстары Іле алқабына көшуі. Бұдан соң Ер Жәнібек бастаған Абақ Керейлердің „Алтай – менің мекенім, ежелгі жерге жетемін“ деп аттанған дүбірлі көші де қозғалды. Қазақ елі осылайша Абылайдай кемеңгер дипломат басшысының жүргізген саясатының арқасында ежелгі мекенге керегесін жая берді. Бұл жерде Абылай ханның Аягөзде өткізген бірнеше маңызды кездесулері, қазіргі күні ол жақта өмір кешіп жатқан 2 миллион қазақтың орнығуына, Қазақ – Қытай арасындағы халықаралық сауданың басталуына, екі елдің бұдан былай бейбіт өмір сүруіне тікелей себеп болды десек, артық айтқандық болмас.» (Е. Айтмұхаммедұлы. 50. 2. 06. 2011.)
Иә, осы тұста айта кетейік, найман, керей, үйсін, қаңлы руларының, тіпті хандық мемлекеттерінің ежелгі түркі заманынан бері (Ү – ҮІ) осы Алтай тауы төңірегін айнала қоныстанып мекен еткенін, кіндік кескен атажұрты екенін тарихи, археологиялық деректер де растап келеді. Көш иелерінің: «Алтай – менің мекенім, ежелгі жерге жетемін» деп айтып отырғаны да сол ата-бабадан жалғасып келе жатқан жад.
АЛТАЙ – ТҮРКІЛЕРДІҢ АЛТЫН БЕСІГІ
«Ақиық ақын М. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» деген әйгілі жырында:
Кел, кетейік Алтайға,
Ата мирас – Алтын таққа, —
деген жолдар бар. Яғни, Алтайдың күллі түркі-моңғолға ортақ мекен екенін айғақтап тұр. Бірақ, бүгінде төрт мемлекет – Қазақстан, Қытай, Ресей мен Моңғолияның аумағына кіретін қасиетті таудың төрт жағында да қазақтар мекен етіп отыр. Өр Алтайда да, Таулы Алтайда да, Қобда бетінде де, Батыс Алтайда да – киелі мекендердің бәрінде де қазақтар отыр. Демек, біз Алтайдан кіндігімізді үзбеген, қара шаңыраққа ие болып отырған жұртпыз». Д. Қыдырәлі. «Қазақстан тарихы» порталы.
«Қ. Салғарұлы бұдан әрі түрік атауының шығу төркінін іздейді. „Түрік“ атауының қай кезде пайда болғандығын көрсететін айғақтар жоққа тән, нақтылық жетіспейді. Зерттеуші сондықтан жанама деректерді де назардан тыс қалдырмайды. Жазба дерек бойынша – „түрік“ деген христиан эрасынан кейінгі ҮІ ғасырда Алтайда пайда болған халықтың және оның тілінің атауы. „Алтай – түріктердің алтын бесігі“ деген ұғым осыдан шыққан». (А. Ысымұлы, 31. 29.05.2013).
Түркі тектес халықтар біздің жыл санау дәуірімізден бұрынғы ежелгі замандарда Алтай тауының баурайында ел болып ұйысып (Ергенеқон), Тәңір тауы (Алтай) жоталарының айналасын бойлай мемлекет (қағанат) болып дамып-өркендегені белгілі. Ол мемлекеттер ыдырап, өз ара қақтығысып, біздің жыл санау дәуіріміздің алғашқы ғасырларында шар тарапқа жайыла қоныс теуіп, Ұлы көшті де бастап берген. Бірақ олар әлемнің қай тарабында өмір сүрсе де, ұлы отандары – Алтайды ұмытқан жоқ. Алтайды олар түркітектілерді ұйыстырған Алтын бесік деп құрмет тұтып, көтермелеп келеді. Сондықтан да бұл сөз тіркесін кейде «Алтай – көк түріктің қара шаңырағы», «Көк түріктің кіндігі – Алтайда», «Алтай – көк түріктің Алтын тағы» деп те түрлендіреді.
Жоғарыдағы сөздерді оқып отырғанда, ойың қияндарға шарықтап, шабыт жетегіне ересің: сол атажұрт Алтай төңірегінде «Алтай – көк түріктің алтын бесігі» атты ғажайып ертегі қалашығын, «Ергенеқон», «Өтікен» өлкелерін орнатып, сонда жыл сайын халық-аралық түркі фестивалін өткізіп тұрса, қандай ғанибет болар еді! Онда көкпар, ат сайыстары, түркілердің әскери өнері, ұлттық қолөнері, ойын-сауық, күрес, айтыс, тоғызқұмалақ, асық ойындары және т. б. ұйымдастырып, Тоныкөк. Күлтегін, Білге қаған тас құлпытастары макеттері мен ескерткіштері орнатылса, Алтай өңірі туристік Алтын Ордаға айналмас па еді!