Полная версия
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
«Бота қалжың» – жеңіл, зілсіз, ойнақы қалжың дегені. Қазақ арасында мұндай қалжың әсіресе достар мен құрдастар, нағашы мен жиен, жезде мен балдыз арасында жиі айтылады.
БӨГЕЛЕГІ ҚУРАҒАН
«Қазақта отбасы сөзінің ауыспалы мағынасы – шаңырақ. Қара шаңырақ бүкіл әулетті айғақтайды. Себебі, жоғарғы әлемнен құт-несібе шаңырақ арқылы үйге құйылады. Сондықтан оның тура астына қазан тосылады. Шаңыраққа кепкен төстік, үрген қарын ілінеді. Ертөстіктің анасы сол төстікті жеген соң оны туғандығы ертегіде айтылған. Шаңырақтың күлдіреуіштерін бекіте түсу үшін кесе-көлденең байланатын кесінді ағаштарды бөгелек деп те атайды. Жалпы, көшпелілер түндікті, шаңырақты, бақанды ұрпақтың өмірге келу салтымен көп ұштастырады. Мәселен, бала көтермеген әйелді „бөгелегі қураған“ деп те жазғыратын болған». (А. Тойшанұлы.).
БӨРІСЫРҒАҚ
«Ұлы даланы мекен еткен жұрттың әр аймақта әр айда болып өткен уақиғаға байланысты, сол айға қосымша ат таға салуы да болған. Ақпан-Тоқпан әңгімесі соның бір ғана көрінісі деп қарастырған жөн болар. Бұл айдағы бар қазаққа белгілі қыс амалы ақпанның 17-23-і арасында өтетін „Бөрісырғақ“ бораны. Осы боранда даланың көкжалдары жұптасып, 62 күннен соң бөлтіріктерін туады».
Халық аузында бөрісырғақ боранды-шашынды амалдардың бірі. Бұл амал кезінде боран-шашынмен ұйытқып сырғақ жүреді. Ал сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады.
БҰҒЫНЫҢ МОЙЫН ЖУАРЫ
Жауын-шашынды күндер.
«Қазан айының соңында, қарашаның бас кезінде 5—10 күндік жауын-шашынды кезде бұғы маралмен насай-топыр құрады. Он бес тоғысқа сәйкес келетін бұл амал – «бұғының мойын жуары». (Ж. Кейкін, 42.14—6.).
«Қазанның 20-жаңасынан Бұғының мойын жуары амалы басталады. Бұл мезгілде бұғының түгі түсіп, әбден семіреді. Мойны жуандайды. Бұрынғылар бұғының осы өзгерістерін негізге алып, осы мезгілді бұғының мойын жуары деп атаған сыңайлы. Тағы бір дерек, бұл атау бұғының тау басындағы қарға мойнын сүйкеп жуғанын мегзейді дейді. Кей өңірлерде бұғының мойын жуандауы деп те атайды.
Жыл есепшілері бұғының үйірге түсуіне ерекше көңіл бөлген. Егер бұғылар үйірге ерте түссе, қыс аяғы созылады деп топшылаған. Осы амал кезінде бұғылар жарай бастайды, бұл үйірге түсудің алғашқы дайындығы есепті». (7.).
БҰЛ МЕНІҢ ҚОЛЫМ ЕМЕС,
ЖАҚЫП ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚОЛЫ
«Құмалақ бөлу – құмалақты оң қол мен сол қолдың көмегімен үш топқа жіктеу. Құмалақшылардың айтуына қарағанда, қырық бір құмалақ тұтас күйінде киелі саналады. Оны үшке жіктеген кезде бөлінбейміз деп дау шығарады екен. Сондықтан да, оны бөлген кезде, „Бұл менің қолым емес, Жақып пайғамбардың қолы“, – деп бөлу керек дейді. Құмалақты басқа, жүрекке және өкшеге деп үш топқа ыдыратады». (Т. Міштайұлы, 9. 28.03.91.)
Құмалақшылардың бал ашқанда, сыйынатын пірлері Жақып пайғамбар болса керек. Құмалақшылар мен балшылар осы сөзді айта отырып, өздерінің құмалақтары мен балына қасиет дарытады.
БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ
«Бала кезімізде бұлақтың көзін тазалауды парыз деп білдік. Әсіресе, наурыз кезінде. Ата-әжелеріміз: „Бұлақтың көзін ашу – Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, олар тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау – бұлақтардың көзін ашқандарың – өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың,“ – дейтін еді. Осыны естігенде тіршіліктің тірегі бізге қарап тұрғандай қанаттанып, бірде-біріміз қалмай бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашып, су ағатын жылғалардың жолын тазалауға кетуші едік. Бұл – біз үшін өзінше бір ғажайып серуен секілді еді әрі табиғатты аялаудың, қорғаудың талғамы мол тамаша үлгісі, халық өнегесі болатын». (3.)
Ауыспалы мағынасы: Талапты жас көрсең, қолдап-қуаттай біл, білім бер, үйрет, баулып, көзін аш дегенге келеді.
БҰЛ НЕ ОТТАП ОТЫР
Мылжыңдап бос сөйлеп кетті, көп сөйлеп, адамның берекесін алды деген кейістікті білдіреді.
«Қазақ даласының табиғаты отқа мол, кейбір жері суға тапшы. „От“ дегені „шөп“. Малдың шөп жеуін қазақ „оттау“ дейді. Бос немесе теріс сөз айтатын адамдарды да қазақ „бұл не оттап отыр“ дейді. Онысы адамды адамға емес, хайуанға теңегені». (С. Мұқанов, 77.86-б.).
БҮГЕ-ШІГЕСІНЕ ДЕЙІН
Бүге немесе Бүк – асықтың дөңес беті жоғары қарап жатады.
Шіге немесе Шік – асықтың бүгесіне қарама- қарсы шұңқыр қапталы. Тіліміздегі – «Бүк түсіп жатыр», «Бүге-шігесіне дейін» деген сөз тіркестері осыдан қалыптасса керек». (Д. Шоқпарұлы, 9. 17.02.94.)
Егжей-тегжейіне дейін немесе бұлтарыс-қалтарысына дейін (қарады, анықтады) тексерді дегенді білдіреді.
БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРАДЫ
«Қысқы азыққа, яғни соғымға ірі қара мал сойылған. Әсіресе соғымға жылқы малы көптеп сойылады. Орта дәулеттілер бірен-сарандап, ал тұтас жылқы союға әлі келмейтіндер бірігіп бір жылқының етін жартылап немесе сирақтап алатын болған. Тұтас малдың етін жартыға бөлу оңай да түсінікті, ал сирақтап бөлу дегеніміз – тұтас малдың етін төртке бөлу. Мұндай бөліске жататын мал етін алушыларды риза қылатын қасапшылар. Олар өз ісінің шебрі саналады. Сондықтан қазақ шеберлік жайы сөз болғанда немесе сөзін жөндеп сөйлей білмейтіндерді кекесін ретінде „бүйректен сирақ шығарады“ деуі осыдан». (С. Мұқанов, 77.117-б.).
Бар нәрсені бүлдіреді, болайын деп тұрған істі бөгеді, түзу, жөн істің шырқын бұзды деген мәнде қолданылады.
БҮК НЕ ШІК ТҮСТІ
«Асықтың дөңестеу арқа жағының үстіне қарап етбетінен түсуін бүк немесе бүк түсті деп атайды. Ал егер дөңестеу арқа жағы жер жастанып, шұңқыр болып келген кіндік тұсы үстіне қарап шалқасынан жатса, оны шік немесе шік түсті деп атайды. Асықтың осылай бүк, не шік болып жатық түсуінен «Бүк не шік түсті» деген сөз тіркесі пайда болған. Бұл сөз тіркесі екі жақ болып бәстескенде, өзара жеребе тастағанда айтылады. Оның орысша баламасы – «орел и решка». Олар металл теңгелердің түсуі арқылы жеребелерін анықтаса, қазақтар асық арқылы «Бүк не шік түсті» деп анықтаған. Жеребе тастаудың бұл ұлттық нұсқасын ұлттық спорт түрлеріне кеңінен пайдаланса, игі болар еді.
БҮЛІНГЕН ЕЛДЕН БҮЛДІРГЕ АЛМА
«Бүлдірге – қамшы, найза, сойыл, т.б. қару-жарақтарды білекке іліп алу үшін қайыстан немесе былғарыдан тағылатын жіңішке бау. Халық шеберлері бүлдіргені көбенесе іске жарамсыз сыдырынды қайыстан тағады.
«Бүлінген елден бүлдірге алма» мақалында бүлдірге түкке тұрмайтын «арзан» зат ретінде қолданылып отыр. Яғни, халық даналығы: «Бүлінген елге зәредей, иненің жасуындай қиянат келтірме, зиян іс жасама», – деп отыр емес пе?!» (Д. Шоқпарұлы, 9. 1992.).
Бүгінде бұл сөз тіркесі жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғат апаттарынан қираған, өрт жалмаған үйлерден зат, дүние-мүлік алуға қызықпа, олардың иесінің қайғысына қиянат жасама деген мәнде қолданады.
БҮРКІТ ҚАРТАЙСА, МОЛА БОЛАДЫ
«Қартайған бүркіт еріншектеніп, ірі аңдарға жөнді түспей, ұсағына ұмтылады. „Бүркіт қартайса тышқаншы болады“ деу сондықтан. Тым қартайған бүркітті еркіне жіберу салты бар». (С. Мұқанов, 77..95-б.).
«Қазақта „бүркіт қартайса, тышқаншы болады“, „бүркіт қартайса, мола болады“ деген сөздер бар. Тісі пышақтай түлкі мен тұяғы пышақтай қоңыр аңдарды алуға шамасы жетпейтінін шамалаған қыран қартайып, әлден тайғанда, „тышқаншы“ болмағанда не істейді. Икемділігі жетсе, иек артпадан сарт етіп бір тышқанды қолға түсіре алса, одан үлкен олжа бар ма. Тышқан қорыққа жақындау жерден молаға қонып, моладан ұшпаса, „мола да“ атанбас еді. Осының бәрі де қыран өмірінің ең соңғы кездерін бақылаған құсбегілердің сарапты тұжырымынан шыққан өте орынды айтылған дәлелді сөздер». (Ж. Бабалықұлы, 23.76-77-б.).
Бұл мақал адамға қаратылып та айтылады. Яғни, адам қартайса, күш-қажыры азайып, қарым-қабілеті төмендеп, бүркіт сияқты іс-қарекеті майдалап кетеді дегенді ұқтырады.
БІЗ АТСАҚ, ТАСҚА ТИЕДІ,
ЖАҚЫПБЕРДІ АТСА, БАСҚА ТИЕДІ
Бұл сөз тіркесі адамның мергендігін, әбжілдігін дәріптегенде ауызға түседі.
«Атақты Қарқара көтерілісінің батыры, Әлмеректің ұрпағы Тазабек бидің немересі Жақыпберді асқан мерген болған. Атқан оғы мүлт кетпейтін қолмергенге қатысты әңгіме, дерек көп.
Қулық тауында Жақыпберді жасақтарымен атысқан ГПУ-дің әскері: «Біз атсақ, тасқа тиеді, Жақыпберді атса, басқа тиеді» деп одан үрейленеді екен. Батырдың серігі, Жақыпбердімен бірге атылған Әуезхан ақын «Тас түрмеде туған жыр» атты дастанында Жақаңның Айырлы асуында жалғыз оқпен аэропланды атып түсіргені баяндалады». (О. Қауғабаев, 31. 29.05.2013).
БІЛГЕНГЕ – МАРЖАН,
БІЛМЕГЕНГЕ – АРЗАН
Не нәрсе болсын оның сыр-мәнісін білмесең, аяғыңның астында жатса да, керек қылмайсың, жерден көтеріп те алмайсың, тас құрлы құны да болмас еді.
Ал егер оның сыр-мәнісі саған белгілі болса, яғни қасиет-сырын білетін болсаң, оны іздеп, керегіңе жаратып, пайдаға асырар едің. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деп, жерден көтеріп алып, бағалайтын да едің деген мағынада ұғынады.
«Ерте кездің өзінде үйдің ауасын тазартуға адыраспан түтінін пайдаланудың екі түрлі пайдасы бар екен. Бірінші – үйдің ауасын тазартып, иіс-қоңысты кетірсе, екіншісі – үй ішін жылан-шаян, қара құрттардың жолауына кедергі жасайды екен. Бабалар осының бәрін өмір тәжірибесі арқылы пайдаланған. Адыраспанның емдік қасиет-терін біздер де пайдалансақ, еш артықшылығы жоқ. Түптеп келгенде, білген істің зияны жоқ. Сол үшін бабалар: „Білгенге – маржан, білмегенге – арзан“ деп қорытқан». (З. Мейірманов, 76. 81-б.).
Біліп, таныған нәрсенің бір пайдаға, қажетіңе жаратасың, сондықтан да ол – құнды, бағалы, қадірлі. Ал сыр-құпиясы белгісіз нәрсені қанша бағалы болса да керегіңе жарата алмайсың. Демек, оның құны көк тиын, тегін берсе де алмайсың. Міне, «Білгенге – маржан, білмегенге – арзанның» мәнісі сол.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «Литрес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.