Найзағай жарқылдағанда
Найзағай жарқылдағанда

Полная версия

Найзағай жарқылдағанда

Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля
На страницу:
1 из 2

Данила Тоқтасынова

Найзағай жарқылдағанда

Өлеңдер

Жүрегімде қара құрдым

Махаббатты жоқтайды.

Дүниеде ешнәрсеге

Зауқым неге соқпайды?

Көңіл шіркін, мың құбылып,

Өз қызығын таппайды.

Уақыт болса жеткізбейді.

Жетсем егер, тоқтайды.

12.03.2022


Беймаза ойлар мезі қып,

Әрнәрсені сыбырлар.

Жанымды жеген уайымым

Кеудемде мәнсіз жыбырлар.

Жайымды қазір тез ұғып,

Түсінер адам қайда бар?

Өзімнен өзім бұғынып,

Кісіге айтпас сырым бар.

21.03.2022


Күн. Бірінші цикл.


Күнге қарай жүріп келем,

Жүріп келем, жаяумын.

Өзіме өзім күліп келем,

Өйткені енді "ояумын".


Күнге қарап сыбырлаймын

"Жақын қалдым, таяумын"

Ал Күн үшін қыбырлайтын

Құмырсқадай баяумын.


Күнге қарай жүріп келем,

Қанша болды, білмеймін.

"Жарық өмір" сүріп келем

Бірақ Күнді көрмеймін.


Күнге қарай жүріп келем,

Үміт өлмей көнбеймін…

Жеткізбесін біліп келем,

Үміт күндей сөнбейді.

11.05.2024


Күн патшалығы. Екінші цикл

(Бейнебаянның желісі бойынша жазылған)


Құдай теңдей өмір берді,

Көрсін, білсін, тойсын деп.

Бар адамға “көңіл” бөлді.

Жамандығын қойсын деп.


Алайда,

Күн патшасы әмір берді,

Айдың халқын жойсын деп,

Күннің даңқын шартарапқа

Өшпейтіндей жайсын деп.


Күн ханзада Ай аруды

Пәк сезіммен сүйіп ед.

Әкесінің айтқан сөзі

Ұлы үшін күйік ед.


Дегенмен,

Хан ұлына ел борышы

Махаббаттан биік ед,

Бала кезден өз парызын

Санасына түйіп ед.


Ай халқына келген азап

Қырып-жойды теп-тегіс.

Қалай ғана өзге “тозақ”

Біреу үшін тек жеңіс.


Сонда да,

Ауру әке, ару Ай қыз

Тірі қалуға серт етті.

Білсең, Құдай -Әділ жалғыз.

Ханзада жанын дертті етті.


Жылдар жылжып, уақыт сырғып

Күндер зулап өткенде.

“Күнін” “Айға” табыстырды

Құдай ерте көктемде.


Бірақ…

Ай-қыз “Күнге” оқ жіберді

Кек мезгілі жеткенде.

Ол да жұртын таңдаған ед.

Жасын төгіп, сөккенге.

28.06.2024


I'm from


Мен архивтегі кітаптардың шаңынанмын.

Оттекпенен көмірқышқыл араласқан

Табиғаттың заңынанмын.

Мен терезе маңынанмын.

Мөлдір, тұнық әйнектен

Көрінеді дүниенің арғы жағынан мұң.

Мен мәңгі түсін өзгертпес жасыл шыршамын.

Бар болмысыммен өзгермеуге тырысамын.

Мен астан соң қайыратын қысқа дұғамын.

Қысқа жапқан банкідей сезімдерді жүрегіме тығамын.

Мен әжемнің аян берер түстерінен,

Анамның істеріненмін.

Сенбі сайын жағатын моншаның ыстығынан,

Адамдардың суығынанмын.

Мен «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе,

Соңғысы да сонда жүретіндерденмін».

Мен Мұхаммедтің үмметі боп өмір сүретіндерденмін.

Аса өзенінің сағасынанмын,

Төле бидің жалғасынанмын.

Апамның тәбеншеге піскен нанымын,

Бәрінің сүйіп жейтін бананымын.

Әкемнің аманаты өлер алдын,

Атамның кеңесшісі кетер алдын.

Мен Естеліктер, ескі заттар, елес заттар сақталатын қоймамын.

Оларды өткен күндер жандансын деп қойғанмын.

Кеткен өмір жаңғырсын деп қойғанмын.

12.09.2022


Махаббат хаты


Жаным қалқып астында

Метеорит жаңбырдың.

Тоғысармыз екеуміз

Сызығында тағдырдың.


Сен қарайсың жұлдызға

Қиялмен мен қараған.

Сенің жұтқан ауаң да

Маған қарай тараған.


Бір қалада жүрсек те

Көріспегем сенімен.

Жүз метрлік жерден де

Байқамайсың мені сен.


Қолтықтап бір кітапты

Он метрден өтерсің.

Ой түбіне батқаннан

Тіпті қағып кетерсің.


Жүрегіңнің қағысын

Естісем бір-ақ білермін.

Оған дейін сенсіз де

Бақытты өмір сүрермін.


Адасқан қос молекула

Біздер қазір бөтенбіз.

Қашан біздер соғыспай

Табысады екенбіз?

24.09.2022


Бірінші өзіңе түсіндір,қызықтыр.

Қимылда,«оқы» деп қамшыла.

Сол кезде оқуың қызып тұр.

Білімің толығар тамшылап.

19.11.2022


Ешкімді тыңдағым келмейді

Ешнәрсе келмейді тыңдағым.

Ешқайсы тыныштық бермейді

Сөздерден қанайды құлағым.


Ешкім де ештеңе көрмейді

Көрмейді іштегі соғысты.

Ешбір жан ешқашан сезбейді,

Мендегі төге алмас қоқысты.

22.02.2023


Шамшырақ- мың түн жанған бір күн сөнер,

Мәуелі бақ – мың жыл гүлдеп, бір кезде өлер,

Аспалы шам – мың жыл тұрып бір  кеште құлар.

Асау мінез – мың жыл шыдап бір сәтте жылар.

24.04.2023


Жаралайсың, жазалайсың сен мені,

Табалайсың, келе алмассың жөнге енді.

Қаралайсың, кіналайсың, жылайсың,

Соғысқанда екеумізден кім жеңді?


Түсіндірме, тыраштанба, Тырыспа

Уақыт қайта айналмайды, Дұрыс па?

Айқасамыз, шайқасамыз «қансырап»

Жеңілген – біз, Жеңімпаз жоқ ұрыста.

25.05.2023


Өлген екенмін деп ойлаппын.

Сөнген екенмін деп ойлаппын.

Осымен бітті деп ойлаппын.

Ажалым жетті деп ойлаппын.

Сөйтсем…

Өле алмайды екенмін

Бар кітапты парақтамай жатып.

Сөне алмайды екенмін

Берілген миссиямды аяқтамай жатып.

Осымен бітпейді екен…

Шаршасам да,

Қашсам да,

Қашпасам да

Көрге барып жатсам да, жатпасам да.

Тыныштықты өзіме өзім қимаған соң

Ажал да бермес күнде айтып қақсасам да…

17.10.2023


Тымық түн.

Дүкен.

Сыра.

Қуыскеуде.

Шибөрілер тіміскелеп бәле іздеуде.

Он алтыда көкке қайтқан қыршын үшін

Хақың бар ма, айтшы маған, күреспеуге?!

Дауылды түн.

Үнсіздік.

Өртенген үй.

Ашу келіп, ыза қысып, қайнайды ми.

Ақты ақ деп өлтірсең де бетіңе айтар

Көкбөрінің ұрпағы есіңді жи!

14.10.2024


Найзағай жарқылдағанда

Ауылдан кеткелі бақандай алты жыл болыпты. Атам қайтқан соң қара шаңырақты қимай-қимай сатып, елордаға көшіп кеткенбіз. Жұмыс та сонда, інімнің оқуы да сонда, жалпы, болашақ та сонда ғой деп. Сатпа өзім отырам дейтін әкем де жоқ. Ол атамнан бұрын кеткен. Парталас сыныптасым үйлену тойын жасап, келде кел деп қоймаған соң, жұмыстан демалыс алып, ұшаққа отырып келе жатырмын. Оның үстіне туып өскен жерді көріп, топырағына аунап, мауқымды басайыншы дедім. Тараздың әуежайынан түскен соң, ауылға апаратын таксистер тұратын тұраққа келдім. Бұл жақта кешелі бері жаңбыр толастамай, жердің миы шығып жатыр екен. Ауылға қарай мінген жүргізуші ағамдардың көршісі Сәбит аға болып шықты. Жол бойы әдетіне салып ананы мынаны сұрап отырды. «Жасың нешеге келген еді? Артық шығын жоқ па?» деген сұрақтарды қойды. «Артық шығын» деп отқаны тұрмысқа қашан шығасың дегені. «Әзірге жоқ» деп жымиып қойдым. Той кешкі жетіде, ал сағат енді бес болып жатыр. Міне, үйлердің төбелері көрініп қалды, сол кезде ғана менің мұнда тұратын үйім жоқ екені, барар жерім жоқ екені есіме түсті. Туыстарымның үйіне сонша жылдан соң құр қол барғанды намыс көремін, сыныптастарыммен қазір бұрынғыдай арқа-жарқа болып араласпаймыз, жетіп барғаным біртүрлі ғой деймін. Өйстіп отырғанымда қызыл шатыр көзіме оттай басылды. Ауылға кіре бергенде шетте жалғыз өзі салтанат құрып тұрған зәулім, қызыл кірпішпен қаланған екі қабатты үй бар. Онда бұрын кітапханада істеген Әсия апа мен Асан ата тұратын. Кітапхананың жоюға жіберілген кітаптары бар, кітапхана жабылғанда қалған кітаптар бар, Асан атаның өзі жинаған кітаптары бар екі қабаттың қабырғалары тола сөре-сөре болып тұратын. Қыздар болып талай осы үйге кітап алуға келетінбіз, Әсия апай шайсыз жібермейтін.

–Осында тоқтаңызшы,– дедім. Қай үйге баратыным Сәбит ағаға қызық болса да, қолқалап сұрағанды ұят көрді-ау. Оны қызыл үйге бұрылғанша көлік біраз орнынан қозғалмай тұрғанынан білдім. Үйге жетіп, дарбазада орнатылған қоңырауды басып, қақпа ашылғанша малмандай су болдым. Жазғы ақ жауын төбемізден құдды бір шлангамен суғарып жатқандай толастауды білмейді. Іштегі үй иесі мені кіргізуге асығар емес, әр жерде жиналған шалшық суды шылп-шылп еткізіп басып келе жатқан аяқ дыбысын естіп тұрмын. Қақпаны мен күткен адамдар емес, үлкен қара қолшатыр ұстаған бір жігіт ашты.

– Асан ата мен Әсия апаға келген ем, ым…ішке кірсем бола ма?– дедім аптығып. Суға түсірген күшіктей дірдектеп әрі жауыннан көзін аша алмай сығырайып, бар бояуы жуылып кеткен маған жігіт сынай қарап алды да, қолшатырын ұсынды. Ішке кірген соң ғана:

– Ол кісілер қазір мұнда емес,– деді. Менің кіреберісте состыйып тұрып қалғаныма ол да ыңғайсызданып тұрғанын білсем де жаңбыр тоқтағанша қала тұруға рұқсат сұрадым. Үй қожайыны аяғындағы үйге киетін кебісін сүйретіп, еріне басып өзіме таныс, кезінде талай шай үстінде әңгіме-дүкен құратын қонақ бөлмеге ертіп апарды. Жеті қат көктен құлап жатқан тамшылар шатырға, терезеге, әрнәрсеге соғылып барабанның ырғағындай мың құбыла екеуміздің арамыздағы тыныштықты әлдилейді.

– Сіз апа мен атаға кім боласыз?

– Олар қашан келеді?

Бір мезетте сұрақтар саңқ етті. Мына жерге келгеніме өкіне бастадым. Ұят болса да, әкемнің ағасының үйіне бара беруім керек па еді?

– Бұрын кітап оқуға көп келетін едім. Осы ауылда тұрғанмын…бұрын мектеп оқып жүргенде. Жай, ауылдасымын. Амандасуға кіріп ем. Олар қашан келеді?-сұрауын сұрап алып кітаптарға, есікке, жігіттің футболкасындағы суретке қарап, қолымдағы сөмкенің бауын мыжып ұстап, өзімді бір ебедейсіз сезініп кеттім. Жігіт болса керісінше таңданғаннан дөңгелектеніп кеткен көздері мені тесіп жіберердей тура қарайды. Бұрқыраған қою қара шаштарына ұзын саусақтарын жіберіп, бір әдеміше маңғаздана қылық жасап тұрып, – Олар қайтыс болған. Осы күзде апаның жылы болады. Атаға үш жыл.

Айтқан сөздерін қорыта алмай біраз тұрдым. Жаңа мұнда емес деп айтпақшы болғаны осы ма?

– Көз атысып ойнағанды ұнатасыз-ау деймін,– енді оның жанары нұрланып сала берді. Күлгенде сол жақ бетінде шұңғыл пайда болады екен. Жауап бермедім. Баяғыдай ескерткіш боп тұра бердім.

– Шай қойып, кебу киім берейін. Отыра тұрыңыз. Атам мен апам өлген соң шетінен бәрі қалаға көшті,– бұрыннан танысым сияқты сөйлеп жатып, ас үйге барып шәйнекке су құйып, газға қойып жатыр. Бөлмедегі Асан ата мен Әсия апайдың жаңа үйленгендегі ақ-қара жарты қабырғаны алған суретіне қараған сайын мына үйдің мен үшін қандай ыстық болғаны есіме түсіп,санамдағы естеліктер қайта жанданғандай болды. Даңғарадай үй бос болған соң, жігіттің қоңыр даусы жаңғырып, ерекше күмбірлеп естіледі,– Өлді деп айтты демеңіз. Өлім деген көпір сияқты. Екі әлемді жалғап тұрады..,– Кейде не айтып жатқаны дұрыс естілмейді. Арғы түпкір бөлмеге кіріп кетті де, қолына бірнеше киім ұстап қайта келді,– Менікінен басқа беретін киім жоқ, апамдыкын таратып жібергенбіз. Бола беретін шығар?

Өзінің киімдері ғана тұр. Демек, мұнда жалғыз тұратын болғаны ғой! Жалғыз тұратын, танымайтын, есімін де білмейтін жігіттің үйіне келген не деген есі ауысқанмын-ей? Құдай сақтасын, бірақ, бірнәрсе болса бұл үй ауылдың шетінде, айғайымды ешкім естімейді ғой. Күн де қасақана ерте қарауытып қалды.

– Есіміңіз кім?– дедім ол сөйлеп бітті-ау дегенде. Марғұлан екен. Осы жыл универді бітіреді. Диплом жұмысын жазуға ауылға келген екен. Кіші екен ғой. Көңілім мүлдем түсіп кетті. Тоқтаңдар! Мен осы қорқып отырмын ба, әлде, оны ұнатып отырмын ба? Өзім де шатасып кеттім. Екі сезім араласып зебраның жолағындай алма-кезек ауысады. Бірақ ішімдегі осы бір сүйкімді жаратылыс кімді ренжіте қояр дейсің деген дауыс басымырақ секілді. Киімімді ауыстырып, пакеттегі тойға киетін көйлегімді де, су киімдерімді де есіктерге іліп-іліп қойдым. Марғұланға тойға келгенімді, ешкімім болмай осында соғайын дегенімді де айтып қойдым. Оның ойын түсініксіз жеткізетініне, өзіне кең тұратын футболкасындағы Тотороның суретіне, ұйпа-тұйпа шашына, әр сөзің мен қимылыңды қалт жібермей бақылайтын қылығына, жымиғанда ғана жылт етіп көрінетін бет шұңғылына, мені желіктіріп тұрған болмысына басым кетті. Өзімді қайтадан көрінгенге ғашық бола беретін оқушы қыз сияқты сезініп кеттім. Бұлай ғашық болмағалы қай заман. Соңғы рет университетте бір даяршыны қатты ұнатып қалып едім. Өзімді оған деген сезімім барын зорлап айтқыза алмай қойдым да, кешігіп қалдым…Махаббат деген бұлттар қоюланып, аспан бұзылғанда ғана күтпеген жерден жарқ ететін найзағай тәрізді. Кейде жарқылдың жылдам болғаны сонша от ұшқынын көріп те үлгермейсің. Міне, қазір де сезім ұшқынының найзағайдың аспанды түйрегендей, жүрегімді жаншығанын кеш байқап отырмын.

Түнерген аспан, дымқыл жер, сұр ауыл, бозарған үйлер. Нөсер жауын жер бетін баяу қалыпқа түсіргендей. Уақыт өтпесе деймін, секундтар жылжымаса, минуттар сырғымаса, сағаттың тілі қозғалмаса екен деймін, осында тағы да ұзағырақ қалсам екен деймін, жаңбыр тоқтамаса екен деймін.

– Сіз тойға дайындалмайсыз ба? Боянып…таранып?

– Аа, ия. Үлгерем ғой. Асықпасам да болады. Мен жылдам боянам. Оған қоса той әдетте кеш басталады ғой…

– Жақсы екенсіз жылдам дайындалатын болсаңыз. Менің әйелім ақ таңнан қара кешке дейін дайындалады.

– ӘЙЕЛІМ?– даусым қатты шығып кетсе керек, Марғұлан ішіп отырған шайына қақалып қалды,– Сіз үйленгенсіз бе?

– Айтпадым ба?

– Айтпадыңыз.

Есіктің құлаққа түрпідей тиетін қоңырауы біреудің келіп тұрғанын хабарлады.

– Міне, өзі де келді. Бұл да қалаға барып келіп оқиды.

– Ақымақ!– дедім жылап жіберуге аз қалып,– Қазір ол не ойлайды? Мені көрсе, м?

– Не ойлайтынын ойлап неғыламыз? Өзінен сұрай саламыз…

Ішке сүйкімді бірақ анау айтқан әдемі емес, Марғұландыкындей үлкен қара қолшатыр ұстаған кішкене қыз кірді. Марғұлан жас баладай жүгіріп барып, қызды құшақтай алды. Оған әйелі әбден үйреніп кеткен болуы керек, ол да мәз болып құшақтады. Үйреніп кетпеген мен ғана. Бағана Марғұлан есік ашқанда, немесе мен іздеп келгендердің бұл өмірде жоқ екенін айтқанда, немесе жалғыз тұрады деп ойлап қалғанда аңтарылып қалай тұрдым, дәл қазір де қайтадан сол «ескерткішке» айналдым. Марғұланның әйелі де, өзі сияқты болса керек. Күйеуінің киімін киіп, өз киімдерін есіктерге жайып қойған, өзі жоқта оңашада шәй ішіп отырған маған ашуланғанда жоқ. Жағдайдың мән-жайына қаныққан соң,– Көлікті жөндетуге бергенбіз ғой. Әйтпесе, Марғұлан өзі апарып тастайтын еді. Қай тойханада болады? Ауылдың таксилерін шақыртып берейін ба?– деді. Бірінші рет тұрмыс құрған әйелге қызығып қараған шығармын. Бірінші рет өзгенің өмірін қызғанып неткен бақыттысыңдар деп дауыстап жылағым келді. Неге менің сезімдерім найзағайдың жарқылындай мен байқамағанда от шашып, қас қағым сәтте дүниемді төңкеріп жоқ болады екен?


Қорғансыз қорғаныш

(күшігім Мойнаққа арналады)

Орталықтағы француз әтірлерін сататын дүкеннің артындағы жер үйдің неміс шпицымен шатыс Мойнақ деген күшігі бар еді. Мәстектен ірілеу, түлкідей сұлу, құйрығын үнемі жоғары көтеріп алып жер дүниедегінің бәрін құмарлана тіміскілеп, иіскеп жүретін сүйкімді жануар. Үйдің қауіпсіздігіне аса ұқыптылықпен қарау керек деп санап, кейде жай өтіп бара жатқан жүргіншіге үріп, көліктерді алысқа аулақтату үшін қуалайды. Тегінде асыл тұқым болғандықтан ба, итаяғындағы тамағын да талғап жейтіні бар. Міне, бүгін тағы ашық қалған қақпадан жүгіріп шығып анадай жердегі қоқыс жәшігіне ұзын тұмсығын тығып көріп жатқаны сол еді, көрші үйдің балаларын көре сала шырқыратып шыңғыртып қуып жіберді. Мойнақтың, әсіресе кішкене балаларды жақсы көрмейтінін бұл жақтағылардың бәрі біледі. Мойнақтың қожайындарына көршілер талай балаларының шошып қалғанын, байлап ұстамаса арнайы жауапты мекемелерге айтып шағымданатындарын айтқан болатын. Алайда Мойнақ байланса болды, сол көршілердің балалары қақпаның үстіне шығып алып, иелері жоқта тас атқылап, байғұстың әбден қитығына тиетін. Қожайындары бұдан хабардар болғандықтан, кек қуалап ызалынып жүрген күшікке ештеңе демейтін. Мойнақ балаларды қуып жүргенде осы үйдің екінші ұлы – Еркіннің көліктен түсіп жатқанын көріп, амандасуға жүгіріп барды. Мойнақтың ойынша, Еркін бұл үйдегі ең сабырлы қожайын. Өйткені оның италяндық былғары туфлиін кеміріп тастағанда да «әлі кішкентай ғой, ұрысқанды білмейді. Ой, ақымақ мақұлық» деп қана қоя салған. Классикалық қара оверсайз костюмі иығын кең етіп көрсетеді екен. Таңертең ғана қырын шығарып үтіктеген ақшыл шалбарының балағына жармасып әдеттегідей еркелеп қарсы алды. Еркін осыған ғана жымимаса, өмірі күлмитін жігіт. Әкесі Нұриман сияқты бухгалтер. Күшік те үйдегі Нұриманның ең маңызды адам екенін білетін. Ол «жат» десе жататын, «кет» десе зып беріп үйшігіне тығылатын. Бірақ Нұриман да, Еркін де үйде сирек болады. Мойнақ олардың қағаз толы дорбаларды ұстап алып қайда кететінін білмейтін. Әйтеуір, үнемі қас қарайғанда сүйретіліп, салбырап жұмыстарынан оралатын. Ал үлкен ұл Заңғар – редактор. Шашы ұйпа-тұйпа болып, қысы-жазы спорттық киімін тастамай киіп жүреді. Алайда апасы Сараға тартқан, әрдайым жайдары жүретін жігіт. Мойнақ сияқты оның үйі де осында, жұмысы да осында. Бұл жігіт -әлемдегі ең жақсы қожайын. Себебі Заңғар күнде кешкісін жүгіруге шыққанда Мойнақты ылғи бірге серуендеуге ала шығатын. Сондай сейілдің бірінде кәрі чихуахуа Мойнаққа қырындап қоймаған еді. Бұл оны үріп жақтырмаса да, анау қайта-қайта тілін салақтатып қыр соңынан қалмайды. «Мынаның қожайыны әдеп дегенді үйретпеген бе? Өзі итіне қарамай не бітіріп жүр? Жұрттың мазасын алып бітті ғой» деп Мойнақ ішінен ойласа да, онысын әлгі мәстекке айтпады. Оның ойынша бір ит саған ұнамаса да, «әрі жүрші!» деп айту мәдениетсіздік болар еді. Олай бұралқы иттер сияқты ойында барын лақ етіп құса салатын қаңғыбас ит емес қой. Бірақ ертесіне әлгі чихуахуа бұлар серуендейтін саябаққа тағы келді. Мойнақ кеше қашып жүріп байқамапты, чихуахуаның қожайыны жас қыз екен, Заңғармен әңгімесі жарасып жүрген көрінеді. Ары қарай бұлай жалғаса берсе, чихуахуа өз өлімімен өлгенше Мойнақ онымен жолығып тұрады ма сонда? Күніне сыртқа шығатын жалғыз мүмкіндігін көп көрді ма сонда? Одан да қазір кәрі мәстекті өз орнына қою керек. Сөйтті де, мұның артынан келіп иіскемекші боп жатқан чихуахуаны бас жағынан қауып алды. Анау баж ете қалды. Оны естіп қос қожайын жетіп келді.

– Мойнақтың кішкентай тіршілік иелерін көрсе әлімжетік қылатын әдеті бар. Балаларды да шырқыратып қуалайды. Мән бермей жүрген екенбіз. Енді ветеринарға барып, психикасын тексерту керек болды ғой,– деп Заңғар әлгі бикештің алдында ақталып жатыр.

«Құдай-ау! Мынау не бөсіп тұр? Көлеңкемдей соңымнан қалмай жүргенін өз көзімен көрді ғой!». Мойнақ жол бойы Заңғардан ұрыс естіп келді. Бар күшікке тән сөздік қорымен ақталып-ақ бақты. Бірақ оны жас қожайын түсінбеді де,тыңдамады да. Күшіктің бір байқағаны адамдар құбылмалы болады екен. Мысалы, Мойнақ қожайынын ешқашан бұлай басқа адам баласын жөн көріп, сатып кетпес еді. Енді сейілге шықпаспын деп еді, чихуахуа қожайынымен үйге келетінді шығарды. Қыздың аты Диана, итін Кәролина, көбіне Лина дейді екен. «Линочканың» іші пыспасын деп ертіп келеді-міс. Дианасы Линасынан өткен сұмдық екен. Заңғар бұрылып, басқа нәрсеге алдана бергенде, Мойнақты «За мою Линочку» деп бір тепті. Күшік байғұс тағы да айтарға тілі болмай, қыңсылаған ащы дауыспен үйшігіне барып, жатып қалды.

– 

Апа, күшік неге тамақ ішпейді десек, алдыңғы бір тісі майысып етіне кіріп кетіпті ғой. Сол жанына бататын сияқты, – деді Еркін ертесіне. Бірнеше күн өткен соң ол тағы да үйшікке көзі түсіп: – Мал дәрігеріне апарсай, Заңғар. Екі аялдама жаяу жүрсең болды. Тиіп тұр емес пе?!-деді.

– 

Тиіп тұрса өзің неге апармайсың? Менің қолым бүгін-ертең босамайды,– деп ол да бұрқ-сарқ етіп бұрын-соңды жоқ мінезді көрсетіп жүре берді.

Еркін аяй қараған сайын, Мойнақ ауырсынғанын ұмытып басымнан ұзағырақ сипаса екен, «байғұс» деп айтса екен, алдыма сүт құйып, тәтті быламық әкелсе екен деп қайғы жұтса да арманнан арманға шомып, көзін бір жұмып, бір ашып жатып ұйықтап кетті де, түс көрді. Түсінде әлгі Линочканың қожайыны Диана Заңғарға сүйек бермей қойыпты. Заңғар оған қапалы болып жылайды. Мойнақтың бақ ішіне тығып қойған неше түрлі сүйектері бар. Қалағанын береді ғой. Оған жас қожайын көнбейді, ана қыздікін сұрайды. Ал чихуахуа Лина «егер қожайыныңа сүйекті алып бергің келсе, менімен бірге кетесің» дейді. Мойнақ оған мақұл дейді. Қожайынына бұдан артық адал, бұл сияқты жақсы көретін кім бар екен? Адамдардың өз балаларын да алалайтын кездері болады. Ал Мойнақ үйдегілердің бәрін -жасын да, кәрісін де бірдей көреді. «Заңғар үшін жаным құрбан» дей бергені сол еді. Тарс еткен оқыс дыбыстан шошып басын жұлып алды. Тісі кіріп тұрған жері іріңдеп кетсе керек, денесі от боп жанып, ауырған жері солқ-солқ етіп жанын көзіне көрсетіп барады. Қақпаға тас лақтырып тұрған көршінің ең кенже баласы екен. «Мойнақ! Көшеде жүр ойнап, тамақ берсең тоймайд. Тағы бер деп қоймайд!» деп тасын тағы дәлдегенде, бір тастың қиыры оң жағы ісіп, көзі ашылмай тұрған күшікке тиді. Мойнақ сонда да үйшігінен шықпады. Үйдегілерді қорғаймын деп ұмтылса да қозғала алмады. Көзі жұмылып бара жатты…

Сақина ішіндегі сақина


Маған "кітап жаз" деп ешкім айтқан жоқ. Осы жазушы боламын деген ой қайдан келгенін білмеймін. Бір білерім, ойларым қағазға түспесе басыма сыймайтыны соншалықты жарылып кете жаздайды. Ақылды болғаннан деп ойламаңыз. Ақылды адамдар мен сияқты ұсақ-түйек нәрсемен басын қатырмайды, өзінің кім екенін біледі, әлемге не берерін біледі, қайдан және қайда бара жатқанын да біледі. Ондай данышпандық маған бұйырмаған. Менің әлемім өзімнен басталып өзіммен аяқталады. Айтайын дегенім, бір өзімді ойлаумен, ойларымдағы адамдармен сөйлесуден қолым тимейді. Мысалы, егерде мен таңертең теледидардан көрген жаңалықтардағыдай жағдайда болсам не істер едім, шынымен ана адам қылмыскер ме әлде байғұсты кинодағыдай қателесіп ұстап алды ма екен, соғыс болып жатқан елдегілер неге көшіп кетпейді екен немесе Марста табылған адам аяғының іздері рас па екен деген сықылды ойлармен мектепке келемін. Бірінші сабақ алгебра. Есепті суқаным сүймейді. Жаңа тақырыпты үйреніп алудың орнына бағанағы ойларымнан оқиға құрастырып, кейіпкерлеріме есім таңдап кетемін. «Жаңағы Ауғанстандағы Шариф деген жігіт біздің елге келген соң…» деген жерге келгенде қоңырау соғылады. Сол кезде ғана осы жаңалықтарды білгенімнің, оларды құр ойлаудың маған пайдасы не деген сұрақ аспаннан түседі.

Бүгін міне жазушының жолын таңдағаныма өкініп келе жатырмын. Өйткені, бүгін жас жазушылар ұйымында төл туындымды оқу кезегі маған келді. Ал кеше жазған он екі әңгімем де, апта бұрын бітірген повесім де бұл жерге жарамайды. Оларды әлдекімнің оқығанын қаламаймын. Себебі, жазушының шығармасы сол жазған адамның құпиясын айқайлап жариялап тұрған ессіз біреуге ұқсайды. Кетіп те қала алмаймын. Бұл жерге түсу үшін қанша күн құжат жинап, қанша тер төккенім бар, анамның ұйымға қабылданғанымды білген күні дастарқан жайып, көршілерге құдды бір баласы жазушы болып кеткен сияқты мақтанғаны бар. Бұлардың бәрін жиыстырып қойсам, бір нәрсе болсын жазамын, өзіме жаза алатынымды дәлелдеймін деген жазушыларға тән қырсықтық бар. Білсеңіз, тарихтағы жазушылардың барлығы дерлік тырмысып, неше мәрте құлағаннан кейін ғана ұшуды үйренген.

Ұйымда мен білсем, отызға жуық адам бар, оның тоғызы оқушы. Оқушылар ең төменгі атақты иеленеді. Ал ең жоғарыдағылар Ұлттық Жазушылар қауымдастығының(ҰЖҚ) мүшесі болады. Сол тоғыз бен ұстаздарымыздың алдында жазған шимайларымды оқу, бұрын біреу оқығанда мұндай азап болып көрінбейтін.

Мінбеге шыққанымда, Әлібек ағай:

– Ясин, сізге берілген тапсырма – сақиналы композицияға сюжет құрау болатын. Құлағымыз сізде, мархабат,– деді әдеттегідей саңқылдап. Бұл тапсырма бойынша әңгіме ішінде әңгіме жазуым тиіс болатын.

Осы кезде қалай дірілдегенімді білсеңіздер ғой. Қатты қобалжығаным сондай үстіңгі ернімнің жүйке талшықтары қайта-қайта жыбырлап аузым икемге келмей қалды. Не істеп не қойғанымды да түсінбей, көзім бұлдырлап кетті. Мінбенің жанында отырған Ақжауын ұстазға қолымдағы жазбаны ұсына беріппін. Ақжауын ағай елге еңбегі сіңген қарт жазушы болатын, әрі мәнерлеп оқудың шебері еді. Мінезі сондай жағымды, сөйлегенде де, жазғанда да бірдей қара сөзге қанат бітіретін. Әңгімемді алды да, күлімсіреп, өзіне тән бояуы мол дауыспен әңгімені оқи бастады: " Маған кітап жаз деп ешкім айтқан жоқ. Осы жазушы боламын деген ой қайдан келгенін білмеймін.... ". Әңгіме оқыла басталысымен құлағымдағы эйрподсқа әуен қосып қойдым(оны кіргенде шешуді ұмытып кетсем керек). Біткенде сын тыңдау үшін мінбеге қайта шықтым. Өзімді сот алдындағы айыпкер сияқты сезіндім.

– …Әңгімеңіздің тақырыбы " Сақина ішіндегі сақина" деп аталады екен. Мұның мәнісін түсіндім, бірақ қарапайым оқырман қалай қабылдар екен деп…соны ойладым,– саңқылдаған дауыс иесін таныған шығарсыз. Мен мінбеге сүйретіліп жеткенше айтар сөзін бастап кетіпті, асығыс болса керек.

На страницу:
1 из 2