Полная версия
Сарман алты таңба кітабы
– Әрине, бұл жайлы айтып басымызға бәле таба алмай жүр дейсің бе? – деп олар әзілдей сөйледі. Сосын орындарынан тұрып:
– Онда біз жүрейік, саған бар білгеніміз бен көргенімізді айттық, енді қалғаны өзіңнің қолыңда, абай бол, саған тек сәттілік тілейміз…
– Бірнеше күн осында болсаңдар қайтеді? Мен тек қуанатын едім, сендерді мына күйде жібергім жоқ, – деді Ерұлан.
– Сенің бұл қонақжайлылығыңа алғысымыз шексіз, бірақ біз кетуіміз керек, – деді Жақып .
– Сендерді райларыңнан қайтара алмайтын сияқтымын, ең болмағанда мен беретін сыйлықты қабыл алыңдар, – деп оларға Ерұлан бір қапшық алтын берді.
Ерұлан оларды қақпаға дейін шығарып салып, құшақтаса қоштасты:
– Сендердің мына істегендерің, менің өмірімде болған ең керемет жаңалық, сендерге қалай рахметімді айтарымды білмей тұрғаным, – деді де, – абай болыңдар, тағы да кездесеміз деген үміттемін, – деп сарбаздарына оларды шығарып салуын бұйырды. Олардың артынан қарап кішкене тұра, Ерұлан кітапханасына жол тартты.
ЕКІНШІ БӨЛІМ. АЛТЫ ТАҢБА КІТАБЫ
Осыдан кейін Ерұлан уақытының басым көпшілігін кітапханасында, қорап пен бас сүйекті зерттеумен өткізіп, бастың суретін салып, салмағы мен ұзындығын – бәрі-бәрін өлшеп, өзінің күнделігіне жазды. Бас сүйектің құрылысының адамдікінен ерекшеліктерін қағазға түсірді. Ерұлан бас сүйек туралы басқа кітаптарда жазылған деген үмітпен көптеген кітаптарды ақтарып шықты, алайда бас сүйекке қатысты ештеңе тапқан жоқ.
Арада төрт күн өтті, осы уақыттың бәрінде Ерұланға қорқынышты түс әрбір ұйықтаған сайын кірді, ол бұл түстің кездейсоқтық емес екеніне, бір күні оның өңінде қайталанатынына көзі жетті, тіпті Ерұлан қылышпен жүретін болды.
Бірде кешкі уақытта Ерұлан әдеттегідей кітапханасында отырды, ол қорап сыртындағы руналарды қай жерде көргенін іздеп, өзіне белгілі кітаптарды ақтарды, сосын ол Ескендір Торғынның «Тұманды тарих» деген кітабынан қораптың сыртында бейнеленген руналарды кезіктірді, басында ол бұл бір кездейсоқтық шығар деген ойда болды, себебі руналар бір-біріне ұқсағанымен, айырмашылықтары болды. Ерұлан оларды біраз уақыт тексере келе олардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ екендігіне көзі жетіп, руналардың аудармасын оқуға кіріскен сәтте, сырттан біреу асыға жүріп келіп, есікті жылдам тоқылдатты. Ерұлан бас сүйек пен қорапты бар шапшаңдығымен үстел астына жасырып, «Бұл кім?» деп сұрамай жатып.
– Ерұлан, есікті аш! Бұл мен Батыра , – деген дауыс есік сыртынан естілді. Ерұлан орнынан атып тұра, есікті ашты.
– Саған айтарым бар, – деп екеуі бір-біріне қатар айтты.
– Онда сен бірінші, – деді Батыра.
– Ішке кір, – деп ол Батыраны кіргізіп, өзі оның алдына түсіп, асыға жүрді. Батыра жан-жағына жалт қарай, құдды біреу оның артынан түскендей күйде болды.
Екеуі үстелге жайғасып, Ерлан бас сүйек пен қорапты үстел астынан алып шықты.
– Мыналар не?.. – деп бастап жатыр еді.
– Олардың не екенін менен сұрама, мен әлі өзім де, олардың не екенін толық білмеймін, – деді.
– Мынау бас сүйек пе? – деді Батыра таңырқай.
– Иә.
– Мына бас сүйекті ібілістікі демеш! – деді ол маңдайын тыржита.
– Жоға, қайдағы ібіліс, айттым ғой жаңа ғана – мен көп білмеймін.
– Жарайды, оларды қайдан таптың?
– Бастақ Бабадүрдің кітабындағы Тұманды аймағы жайында айтқан болатын, онда мұнараның бар екендігі, тіпті жолсызбасын да жасағандығы жөнінде, міне қара, – деп жолсызбаны Батыраға ұсынды.
– Иә, Тұманды аймағы жайында естуім бар, – деп жолсызбаны қолына алып қарады.
– Мыналардың барлығы сол мұнараның ішінен табылған заттар, – деп Ерұлан болған жайттың барлығын бүге-шүгесіне дейін Батыраға айтып берді.
– Мардалармен соғысқа түскен дейсің бе? Бірақ не үшін?
– Үстемділердің ұзақ ғұмырының сырын жасыру үшін, – деді Ерұлан еш кідірмей, – бірақ бұл – менің ойым, онда әлі біз білмейтін дүниелердің болуы ғажап емес, – деді ол. Батыра Ерұланға, сосын қорап пен бас сүйекке кезектей көз тастады. Көпке созылмаған үнсіздіктен кейін:
– Сен маған не айтайын деп едің? – деді Ерұлан үнсіз отырған Батыраға.
– Сенің дұрыс айтқаныңды айтайын деп келдім, – деді ол.
– Қалай?
– Сен маған айтып едің ғой дәрігерлер аурудың алдын алу үшін емес, олар ерекше сәбиді іздеп жүр деп.
– Иә.
– Сенің айтқаның дұрыс болды, олар мұнда ешқандай да аурудың алдын алу үшін емес, ерекше балаларды табу үшін келген. Хан оларды сол үшін жіберген, ал ауру ол жай ғана желеу, ауруды да олар өздері таратқан, – деді Батыра.
– Өздері таратқан! – деп Ерұлан таңырқады, – сен оны қайдан білдің?
– Байқадың ба, төрт күн бұрын біздің қалаға сарбаздар келді?
– Иә, бірақ неге?
– Бұл жолы олар мұнда қаланың тұрақты сарбаздарын тергеу үшін келді.
– Тергеу үшін? – деп Ерұлан тағы да қайталады, – не себепті?
– Енді мені бөле бермей тыңда. Себебі төрт күн бұрын Қамшат қаласындағы сарбаздар арасында қақтығыс болған, иә адам сенгісіз мың жылдам астам бейбітшілік орнаған хандықтың жауынгерлері бір-біріне қарсы қылыштарын кезейді дегенге сену қиын – сол себепті бізге жақын, басқа қалалардың қолбасшылары бірігіп құрылтай өткізді, онда тек қаланың бас қолбасшылары ғана қатысты, менің жолым болып, олардың әнгімелерінің біразын тыңдадым. Қамшаттағы сарбаздардың бір-бірімен соғысуының себебі – бала үшін, олар бала үшін соғысқан.
Қақтығыс болған күні, қалада денесінде таңбасы бар сәби туылған, баланы дәрігерлер бірден ханға, Рам қаласына жіберген. Қала қолбасшысы жауынгерлерді астыртын түрде басым көпшілігін жинап, баланы алып қаладан шыға бере, сарбаздар бір-бірімен соғысқа түскен: бірнеше сарбаз баланы алып, Шұғрат тауларына қарай қашқан, ең қызығы осы жерде басталады.
Қаладағы сатқындардан құтылған соң, қала сарбаздары баланың соңынан түсіп, оларды Шұғрат тауының аймағына жеткен кезде қолға түсіреді, бірақ аяқасты таудан он шақты алып сілеусін шығып, әлгі баланы алып қашқан сарбаздарды қорғап, артынан қуған, жүзге жуық сарбаздың барлығын қырып салған, – деп ол кішкене кідірді, – жауынгерлердің тек бірнешеуі тірі күйінде сытылып үлгерген, ары қарай бала мен оны алып қашқан сарбаздарға не болғанын ешкім білмейді. Сол себепті басқа қалаларда сатқындар бар деген күдікпен хандықтағы барлық жауынгерлерді біртіндеп тексеруде және бұл құпия түрде жүріп жатыр, – деді Батыра.
Ал Ерұлан оның айтқанын асқан мұқияттылықпен тыңдап:
– Қызық екен, – деді, – денесінде таңбасы бар балалар, – деп ойлана сөйледі де, – мен бала кезімде Шұғрат тауына әкеммен жиі аңшылыққа баратын едім, бірақ біз онда ешқандай алып сілеусін көрмегенбіз, ал олардың баланы қорғауының өзіндік себебі бар сияқты. Балалар неге ханға керек болды? Және неліктен олар тек осы жылы ғана өмірге келуде? Әлгі баланы алып қашқан сарбаздар кімдер? Және оларға не үшін бала керек? Мұның арты қызық болып аяқталатын сияқты, өте қызық болып, – деді Ерұлан.
– Олардың айтуынша әлгі сілусіндер Батыс орманнан келген, себебі Шұғрат тауының аймағын қарап шыққан сарбаздар, сілеусіндердің Батыс орманға қарай кеткен іздерін көрген, енді қолбасшылар орманға сарбаздарды астыртын жіберуге дайындалуда, халық бұл жайлы ештеңе білмейді. Мен сені енді түсіне бастаған сияқтымын, Ерұлан, мыналардың артында не бар екенін мен білгім келеді.
– О, Батыра менің қатарыма қосылайын деген бе? Бұл мен ойлағаннан да қызық болайын деп тұр, – деп алақандарын бір-біріне ысқылады.
– Ендігі іс-әрекетіміз не болмақ? – деді Батыра.
– Мен білмеймін, ол жағын әлі ойластырған жоқпын, алайда бірінші біз мына бас сүйектің, нақты кімге тиесілі екенін анықтауымыз керек, сосын мына қораптың ішінде не бар – соны білуіміз керек, ал оны білу үшін біз Тұмандыға қайта барып, мұнараны толықтай қарап шығуға тура келеді.
– Сонда сен Тұмандыға өзің бармақсың ба? – деді Батыра.
– Жоқ, әрине, онда мен тағы да адам жіберемін, бұл жолы – біреу, екеу емес, бір топ. Тұмандыға барып, мұнараның басқа бөлігінде не бар екенін анықтап қайтады, мүмкін бір дәйек тауып қалармыз, ал біз мұнда қалып, ханға неліктен ерекше балалар керек болғанын, сонымен қатар біздің сарбаздардың Тұмандыда не іздеп жүргенін анықтау қажет.
– Бірақ қалай? – деді Батыра.
– Ол жағын маған ойлану қажет, бізге нақты жоспар керек, қаланың тұрақты сарбаздары балалар жайлы бірдеңе білуі керек, сонымен қатар жаңадан келген дәрігерлер мен сарбаздар біледі деп ойлаймын, алайда оларды осы жағдайға дайындаған сияқты, сол себепті олардың бізге балалар жайлы айтуы екіталай.
– Мүмкін оларға алтын беріп көрерміз.
– Жоқ, олардың оған келісетініне күмәнім бар.
– Неге?
– Сен олардың бірімен сөйлесіп көргенсің бе? – деді Ерұлан Батыраға көздерін сығырайта.
– Жоқ, не болды?
– Сөйлессең байқайтын едің, олардың құдды саналарын улағандай, қалай түсіндірсем екен… – деп Ерұлан кішкене кідірді де, – олар тірі қуыршақ сияқты біртүрлі, бүгін таңертеңгісін мен сарайға келгенде, дәрігерлердің сөйлесіп отырғандығын байқадым, біздің тілде емес, басқа бейтаныс тілде, сол себепті олардың әнгімесін сыртынан тыңдап ештеңе біле алмадым, ал егер олардан балалар жайлы сұрайтын болсақ, онда бізді не күтіп тұрғанын айта алмаймын, бірақ ақыры жаманшылықпен аяқталатынын сезіп тұрмын. Енді сен Датпен жақын араласуың керек, сен оның сеніміне кіріп, одан барлығын біліп алуыңа болады.
– Білесің ғой менің онымен дұрыс араласпайтынымды.
– Енді араласуыңа тура келеді.
– Сен білмейтін шығарсың, бірақ Дат ешкімге сенбейді, оның сеніміне кіру өте қиын, оған көп уақыт кетеді және мен оның біреумен етене араласқанын көрген емеспін, – деді Батыра қастарын көтере.
– Амалын табуымыз қажет, онда біз оның жұмыс орнын ақтарып көрсек, бірдеңе тауып қалармыз.
– Енді бұл ойыңмен келісемін, бірақ бұл өте қауіпті, – деді Батыра. Екеуінің арасында тыныштық орнады, сосын Батыра:
– Маған бір ой келген сияқты, – деді ол Ерұланға.
– Иә, айта бер.
– Бірақ оған сенің жасап шығарған қаруың қажет.
– Оның мұнда қатысы қанша?
– Мені тыңда, біз Датқа жаңадан қару ойлап таптық деп, оған сенің қаруыңды көрсетеміз, яғни қаладан алып шығып, оған көрсетілім ұйымдастырамыз, ол қалада жоқ болған кезде менің адамым оның шатырын тексеріп, басқа қолбасшылардан келген жазбаларды көшіріп алады, ал Дат қайта оралған кезде, оның қағаздары орнында, ештеңе жоғалмаған; ешқандай күдік болмайды, – деді Батыра жымия.
– Иә, тырысып көруге болады, бірақ бұл керемет ой деп айта алмаймын.
– Тырысып көру қажет, – деп ол Ерұланға басын изей сөйледі, – онда мен барайын, маған кету керек, менің негізі мұнда болмауым тиіс, – деп Батыра сыбырлай сөйледі.
– Неге? – деді Ерұлан.
– Оны саған кейін айтам, – деп орнынан тұрып еді.
– Батыра! – деп Ерұлан оны тоқтатты.
– Иә.
– Мен саған тағы бір дүние айтуым керек, – деді. Ерұланның жүзі жабырқаулы көрінді.
– Тыңдап тұрмын, – деп ол орындыққа қайта жайғасты.
– Мен Бабадүрдің кітабынан бір дүние таптым: ол адамдар мен жануарлар, жалпы осы әлемдегі тіршілік иелерінің өмірі бес жылға қысқарғаны жөнінде жазған. Сонымен қатар тағы үстемділердің ұзақ ғұмырын зерттеген ғалымдардың белгісіз себептермен жоғалып немесе ажал құшатынын жазған.
– Түсінбедім! – деді ол жүзі бозара.
– Қысқаша айтқанда, әлемдегі барлық тіршілік иелерінің өмірі соңғы сексен бес жылда бес жылға қысқарған. Сонымен қатар билеушілердің өмірін зерттеген ғалымдар қаза болған.
– Бабадүр себебін жазды деп айтшы, – деді Батыра
– Өкінішке орай жоқ, себебін жазбаған, мүмкін қорыққан шығар, мүмкін жазған – мен түсінбеген болармын.
– Бұл енді мүлде түсініксіз.
– Мен оның шындықты жазғанына шүбәм жоқ, – деді Ерұлан.
– Қорқынышты жаңалық екен.
– Иә, қорқынышты, – деп ол кішкене кідірді, – жарайды сені ұстамайын, кездескенше, абай бол! – деп екеуі қол алыса қоштасып, Батыра кітапханадан жылдам шығып кетті.
Ерұлан кітапханасында қалып, Ескендір Торғынның кітабындағы руналарды қарады, екі қатар жазылған рунаның жанында аудармасы болды, дегенмен Торғынның кітабы адамдардың ежелгі тілінде жазылғандықтан, Ерұланға аударманы аударуға тура келді. Ол жұмысты аяқтады, ондағы рунаның мағынасы: «Өмір – ол ұлы сый, ал оны жоғалту – ұлы қасірет»
– Өмір – ол ұлы сый, ал оны жоғалту – ұлы қасірет, – деп Ерұлан бірнеше рет қайталады, – бұл нені білдіреді? – деп ойлана сөйледі. Ол тағы да басқа дәйектерді табу үшін кітапты толықтай ақтаруға кірісті.
Ерұланның кітапты мұқият оқып шығуына бірнеше күн уақыт кетті, алайда ол осы уақыт арасында қораптың ішінде не бар екендігі жайында ешқандай дәйек кездестірмеді, тіпті қорапты қалай ашуға болатыны жөнінде жазылмаған, оның қолында тек қорап сыртындағы аударма ғана болды.
***
Арада екі апта өтті, бірақ Батыра сол күйі келген жоқ. Ерұланның қорқынышты түстері де басылар емес, оларды күнде көрді. Сұлудың да босанатын уақыты жақындап, оған зиянын тигізуден қорқып, Ерұлан өзін кітапханасына жауып алды. Тек анда-санда ғана Сұлудың жағдайын білу үшін шығып тұрды.
Ол таң атқанға дейін кезекті кітапты қарады, қорап пен бас сүйек әдеттегідей үстел үстінде жатты. Ерұланның дұрыс ұйықтамағанына жиырма шақты күн болса да, ол өзінен шаршау сезінген жоқ. Бүкірейіп отырғаннан белі ауырған соң, кітапты шетке қойып, орнынан тұра керілді, кенеттен қораптағы руналары ақшыл жасыл түсті сәуле шашып, сәуле біртіндеп үлкейе бастады, кішкенеден кейін қорапты толықтай ашық жасыл түс көмкерді, не болғанын түсінбеген Ерұлан бірнеше қадам артқа шегінді. Сол сәтте есікке біреу асыға келіп, оны қатты соқты.
– Мырза! Мырза! Осындасыз ба? – деген қызметшінің жан ұшырған айқайы естілді.
– Иә-иә, қазір, – деп сасқалақтағанынан не істерін білмей, үстіндегі киімін шешіп, оны қорапқа жапты да, есікке қарай жүгірді.
– Не болып қалды? – деді ол есікті аша.
– Сұлу ханым… Сұлу ханым… – деп қызметші ентіге сөйлейді, арғы жақтан Сұлудың айқайлаған дауысы естілді.
– Сұлуға не болды? – деп, ол Сұлуға қарай жүгіре кетті.
– Ол… босанып жатыр… – деп қызметші Ерұланның соңынан айқайлады.
Ерұлан Сұлу жатқан бөлмеге жүгіріп, бөлменің жанына жақындаған сайын, Сұлудың шыңғырған дауысы қатты естіле түсті. Есікті ашып ішке кірмек болғаны сол еді, ішінен дәрігер оны сыртқа итеріп шығарып:
– Сіз сыртта күтіңіз, қалғаны біздің жұмысымыз, – деп есікті Ерұланның алдында тарс жапты.
Ерұлан сыртта, іштен шыққан Сұлудың айқайын естіп, өзін қоярға жер таппай, ары-бері жылдам жүріп, баспалдақпен ақырын сарайдың ауласына түсті. Ол қобалжығаны соншалықты, қораптың жарқырағанын да ұмытып кетті. Қарсы алдында тұрған тауға қарады. Жаңадан атып келе жатқан таңның нұры, қып-қызыл бола таудың төбесінен шашылды. Жүзіне соққан салқын таза ауамен терең тыныс алып, өзінің қобалжуын басуға тырысты. «Барлығы дұрыс болады, барлығы дұрыс болады» деп іштей өзіне қайталаумен болды. Осы сәтте оған баланың шыр етіп жылаған үні естілді.
Ерұланның басқан әрбір қадамы гүрсілдей естіліп, асыға баспалдақпен көтеріліп, Сұлу жатқан бөлменің алдына келе, тойқтай қалды да, есікке ақырын қолын созды. Есікті ақырындап ашып, ішке сығалай қарады, іштегі шырылдаған баланы дәргердің матаға орап, сүртіп жатқанын көріп, бөлмеге аяқ басты, ал Сұлу есінен танып жатты.
– Сұлуға не болды? – деді ол ішке аяқ баса.
– Оны мен тыныштандырдым, – деп дәрігер суық дауыспен сөйледі. Ерұлан үнсіз баласын ұстаған дәрігерге жақындап:
– Баламды көрсем бола ма? – деп дәрігердің қолындағы балаға үңіле қарады. Дәрігер баланы кеудесіне қарай жасырып, оны Ерұланға көрсеткісі келген жоқ. – Баламды көрсем бола ма? Ұл ма, әлде қыз ба?
– Міне , балаңмен болатын осы бір сәтті пайдалынып, оның иісін иіскеп құшақтап ал, – деп ол баланы Ерұлаға ұсынды.
Ал Ерұлан дәрігерге түсінбестікпен қарап:
– Бұл не дегенің? – деп түрі өзгеріп кетті.
– Оның түсінбейтін несі бар, баланың арқасына қара – сол кезде түсінесің, – деді дәріге.
Ерұлан матаға оралған баласын, жылдам арқасын аша, арқасына қарады, оның арқасында қанатсыз айдаһарға ұқсас ірі жануардың басы мен денесі бейнеленген, ол әлгі Тұмандыдан алып келген бойтұмардағы таңбадан еш айырмашылығы жоқ, оны көрген Ерұлан орнында қадалған қазықтай қатып, сөйлеу қабілетінен айрылған адам сияқты, не дерін білмейді.
– Бұл… бұл… – деп қайталай, – бұл нені білдіреді? – деп дәрігерге тесіле қарады.
– Бұл – сенің балаңды қарғыс атқанын білдіреді, сондықтан оны басқаларға зияны тимей жатып алып кетуіміз керек, – деді дәрігер Ерұланға мұқият қарай.
Бөлмеде үнсіздік орнады.
– Енді түсінген боларсың, бұдан былай ол сенің балаң емес, енді ол ханның мүлкі, – деп дәрігер орнынан тұра, көмекшісінің жанына келіп, астаудағы жылы суға қанмен былғанған қолын жуды.
Ерұлан баланың арқасына көз алмай қарап тұр, дәрігердің айтқан сөздерін естіген соң, оның бойынан біртүрлі сезім толқын сияқты жүріп өтті. Қолындағы баласын құшағына басып, баланы ақырын Сұлудың жанына жатқызды. Сосын ол есін жиды ма, оған сөйлеу қабілеті қайта оралды:
– Мүмкін бұл бір белгі шығар, мүмкін сен маған өтірік айтып тұрған боларсың, жаңадан туылған бейкүнә сәби неліктен қарғысқа ұшырауы керек? Сендер өтірік айтып тұрсыңдар, баланың сендерге не үшін керек екенін білмеймін, бірақ оны мен бұлай оңайлықпен беріп қоймаймын, – деп Ерұлан маңдайын тыржитып, сұсты жүзімен дәрігерге қарағанымен, оның сөздерінде қорқыныш байқалды. Осы сөздерді естіген дәрігер қолын жуып жатып қызметшісіне:
– Суды төгуге шыққанда, сарбаздарға дабыл бер, – деп өздерінің түсініксіз тілінде сыбырлады.
Дәрігер қолын жуып бола, бір-екі рет ақырын сілкіді.
– Батыл айтылған сөздер, бірақ ханның мыңдаған сарбаздары сенің сарайыңның алдына қарумен келсе не істемексің?
Хан бұл баланы әлемнің кез келген жерінен тауып алады, одан да осы жерде, барлығы дұрыс кезде баланы бер, осылай істесең, саған және сенің отбасыңа ешкім, ештеңе істемейді, тіпті сен ойыңа келмеген байлыққа кенелесің. Оның үстіне саған ханға неліктен мына сияқты балалар керек екенін білудің қажеті шамалы, аз білсең ұйқың тыныш болады, – деп Дәрігер қолын таза матаға сүртіп, өтірік жымиды.
Көмекші ақырындап қолына астауын алып, Ерұланға қайта-қайта көз қырымен қарай, сыртқа кетіп бара жатқан сәтте, Ерұлан жылдам белбауындағы семсерін суырып, көмекшінің мойнына тақады. Көмекші селк етіп тұрған орнында қозғалыссыз қалды. Астаудағы судың дірілдегенінен, оның қолдарының дірілдеп тұрғаны байқалды. Ол әрең жұтынып Ерұланға қарады.
– Бұл бөлмеден ешкім сыртқа шықпайды, – деп ол өзіне сенімді түрде сөйледі.
Бөлмеде барлығы орындарынан тапжылмады, дәрігер Ерұланға бірнеше қадам жақын тұрды. Ол Ерұланның нақты қадамға бекінгенін түсіне, сөздің пайдасыз екендігіне көзі жетіп, оны күшпен тоқтатуды ұйғарды, ақырындап қолын қалтасына салып, қалтасындағы инені алды да, үстелдің үстінде, ыдыстың ішінде тұрған сұйықтыққа инені Ерұланға байқатпай малып, қысып ұстап:
– Ақымақ болма, Ерұлан, қаруыңды түсір, – деп дәрігер оның назарын аударып , жылдам инені Ерұланның сол жақ желке тұсына сұқты, сол сәтте Ерұланның қолынан семсері түсіп, шатқалақтай бірнеше қадам артқа шегінді де, қабырғаға гүрс етіп соғылып, жерге отырып қалды. Сол жақ аяқ-қолы оған бағынар емес, құдды ұйып қалғандай.
Дәрігер көмекшісіне:
– Қаш! – деп айқайлады.
– Маған не істедің? – деп Ерұлан бар дауысымен сөйледі.
Көмекші астауды жерге тастай сала қашты. Дәрігер үндемей еңкейіп, жерде жатқан семсерді алып. Ол ақырын жүре, мысқылдай күліп, Ерұланның жанына келді, семсерді ақырын аспанға көтерді де:
– Мен саған барлығы дұрыс кезде баланы бер деп айттым, ал сен менің сөздерімді құлағыңа асқан жоқсың, ал енді өзіңнің ақымақтығыңның кесірінен өлесің, – деді дәрігер, Ерұлан оның көзіне тік қарады, осы сәтте дәрігердің көз қарашығы үлкейіп, көзі толықтай қап-қара түске ие болды.
– Сен өзі адамсың ба? – деп Ерұлан, сол жақ желке тұсында қадалған инені суырып, жұлқына жерге лақтырды.
– Жоқ, – деп дәрігер мысқылдай күле, қылышты барынша жоғары көтеріп, семсерді оның жүрегіне сұқпақ болған сол еді, оның алқымына Сұлу артынан келіп пышақ тақады.
– Тағы бір қимыл жасасаң өлесің, – деп қолындағы пышағын дәрігердің алқымына қаттырақ басты. Алқымы кішкене тілініп, шыққан қан төмен ақты.
– Ал енді қолыңдағыны Ерұланға бер, – деді Сұлу.
Дәрігер кішкене ойланып, басқа таңдауы қалмағанын түсінді де, семсердің сабын жерге қаратып Ерұланға ұсынды, Ерұлан жерде отырған күйі семсерді оң қолымен, қатты қысып ұстады.
– Енді ақырын отыр, ешқандай артық қозғалыс болмасын, – деп онымен бірге Сұлу жерге тізерлей отырды.
– Бұл істеріңе әлі өкінесіңдер, себебі сендер баланы қайда алып қашсаңдар да, хан оны тауып алады, – деді Дәрігер.
– Оған бала не үшін керек? – деді Ерұлан.
– Мен оны саған өлсем де айтпаспын.
– Дәрігер аяғын бүгіп отырғаны сол еді, Ерұлан семсердің жалпақ бетімен оның жүзінен ұрды, әлгі соққыдан дәрігер есінен танды. Сұлудың әлі құрығаны соншалықты, ол аяқтарында әрең тұрды.
– Мұнда не болып жатыр? – деді ол бәсең дауыспен.
Ерұлан орнынан тұрып жансызданған қол-аяғын сілкіді де, ес-түссіз жатқан дәрігерге көз тастап:
– Саған барлығын кейін түсіндіремін, мынадан көз алушы болма, егер артық қимыл жасаса, сен білесің не істеу керектігін, – деп оған қылышты беріп, сыртқа қарай жүгірді.
– Тоқта, Ерұлан, қайда барасың? – деп Сұлу артында айқайлап қалды.
Бұл уақытта көмекші сарайдан сытылып шығып, белбауында тұрған көк түсті таяқшаны қолына алып, аспанға қарата, түбінен соқты, тарс етіп жарылыс естілді де, аспанда көк түсті түтін пайда болды және ол бірден жайыла Ерұланың сарайының төбесін жапты.
Айнала қараңғылау болғанына қарамастан, түтінді көру ешқандай қиындық тудырған жоқ. Сосын көмекші, белбауындағы сыбызғыға ұқсас дабылдағышты қолына алып, терең ауа жұта, оны барынша үрледі – қасқырдың ұлығанына ұқсас дабылдағыштан шыққан дыбыс, қалада жаңғыра естілді. Дабылдың дауысынан шырт ұйқыда жатқан қала тұрғындары да ояна бастады.
Бұл уақытта әскери қоныстағы сарбаздардың барлығы ұйқыда жатты, тек жиырмаға жуығы кезекшілікте болды, Ерұланның сарайы әскери қоныстан алыста орналасқандықтан, көмекші берген дабылдың дыбысы оларға ақырын естілді.
–
Мынау дабылдың дыбысы емес пе? Сен естіп тұрған жоқсың ба? – деді кезекшіліктегі сарбаз екіншісіне, олар кішене үнсіздікте қалды, алайда дабылдың дыбысын естіген жоқ.
– Жоқ, саған жай естілген болар, – деді ол, бірақ артынша екінші рет берілген дабыл олардың құлағына анық естілді
– Естідің бе? – деді біріншісі жолдасына жалт қарай.
– Иә… мынау дабыл, кәне дауылпазды қақ, мен қолбасшыға хабар берейін, – деп ол айқайлады.
Олардың бірі қоршаудың үстімен жүргіріп, дауылпазға беттеді, ал екіншісі әскери қоныстың қолбасшысы Даттың шатырына бет алды. Сарбаз дауылпазды соққанда, оның күркіреген үні қалада жаңғырды.
***
Ерұлан сыртқа шығып жан-жағына жылдам қарап көмекшіні іздеді, оның ойында дәрігердің көмекшісін тоқтату. Ол сыртқа шыға салысымен, аспанды жапқан көк түсті түтінді көрді, ал артынша көмекшінің берген дабылын естіді, сол сәтте Ерұланға қарай бірнеше сарбаз жүгіріп келе жатты.