Полная версия
Сарман алты таңба кітабы
Сыртта таң ата бастағанымен, айнала қараңғылау еді. Ерұлан «Ух» деп күрсіне дем шығарды.
Ол істеп жатқан ісінен бір сәтке демалғысы келді. Ол өте тыныш жерге барып, өзімен-өзі жалғыз қалуды қалады. Ерұлан шығыстан атып келе жатқан күнді бөгеген Бұрат тауына бас бұрды – күн сәулесінің әсерінен тау оған толықтай қап-қара болып көрінді.
«Бүгін бір керемет ауа райы болатын сияқты, тауға барып бой жазып қайтқаным дұрыс шығар, мүмкін мына қорқынышты дүниелер де кішкене болсын басылар» деп өзіне іштей сөйлеп, ат қораға жол тартты. Ат қорадан өзінің тұлпары Баламурға ер тоқымды салып, оған мінді де, қақпаға қарай ақырын беттеді. Қақпада тұрған сарбазға:
– Қақпаны аш! – деп айқайлады, оның даусы ашулы адамдікіне ұқсас болып шыққан соң, қақпадағы сарбаз оған «Бір жерге баруға әлі ерте емес пе?» деп айтуға дәті барған жоқ, тек үндемей, оған қақпаны ашып берді. Ерұлан қақпадан шығып бара жатып:
– Сарайдағы дәрігерлерден көз алушы болмаңдар! – деп әлгі сарбазға сөйледі, ал ол Ерұланға жұлқына басын изеді.
Ерұланның сарайы қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде, халық көп орналасқан жерде еді, сарайды тастан әрлеп жасалған тар көшелер қоршады, ол алдында тастан жасалған көшемен шығысқа – тауға қарай көтерілді, ал санасындағы мазасыз ойлардан арылу үшін жан-жағына қарап, айналадағы көрініске мән берді.
Қаланың тыныш болғаны соншалықты, Ерұланның атының басқан әрбір қадамының тоқылы бос көшелерде жаңғыра естілді. Кішкене жүргеннен кейін оның мұрнына керемет гүлдердің иісі келді, ол қаладағы ең қызық үйлердің бөлігіне кірді. «Неге қызық?» деген сұрақ туындаған болар, себебі әлгі сары түсті зәулім үйлердің төбесінде үлкен ағаштар өсті, ал кейбір үйлердің төбесінен төмен қарай шырмауықтар өсіп, қабырғаны толықтай көмкерді. Бұлақты қаласында адамдардың басым көпшілігіне бағбаншылықпен айналысқан ұнайды, сол себебті халық қалада тұрып жатқандығына қармастан, әртүрлі өсімдіктер мен ағаштарды өсірді. Үйлерге алыстан қараған кезде олардың төбесінен жасыл шаш өсіп тұрғандай, соған орай Бұлақты қаласын халық арасында әзілдеп «Жасыл шашты қала» деп те атайды.
Ерұлан біраз жүргеннен кейін тауға жақындап, қаланың шет жағына да келіп жетті, үйлер мұнда сирек және қаладағыдай зәулім емес, ал тасжол жай ғана топыраққа айналды. Тауға жақындай бере тау бөктерінде орналасқан үйлердің төбесі қалың ағаштардың арасынан көрінді, күн бұрынғыдай таудың артынан емес, төбесінен шуағын шашты, оның сәулесі жерді қыздырып, алмас сияқты шық қатқан шөптерді ерітіп, айнала таң атысымен ұяларынан шыққан құстардың әсем әуеніне толды. Ерұлан айналасындағы керемет тау көрінісіне қарап, бойы сергіп, санасындағы мазасыз ойлары да жоғалды.
Үйлердің арасымен жүріп өткеннен кейін ол тауға көтерілген сайын жол жасыл шөппен көмкеріле бастады, оңға қарай бұрылып, өзі баратын үйреншікті тау бөктеріндегі ашық алаңқайға беттеді. Көп ұзамай ағаштар қоршай өскен тар алқапқа келді де, жылқысын ағаштардың біріне байлап, қалың жасыл шөптің үстіне жайғасты.
Ерұлан алындағы үлкен қалаға көз тастады: ол Бұлақты қаласын тауға дейін қоршаған алып қорғанға, оның оңтүстігі мен солтүстігінде орналасқан екі үлкен қақпаға, ал батысқа қарай созылған жасыл далаға көз салды.
Батыста көкжиектен жап-жасыл ағаштың ұшы байқалды, бұл – Батыс ормандағы ең биік ағаш, оны адамдар Бәйтерек деп атайды, биіктігі бұлттарға дейін созылған алып ағаш аспанда қалқып тұрған жасыл бұлт іспеттес. Орман қаладан екі күндік жерде орналасқан. Онда әртүрлі өте қауіпті жануарлар мекен етеді, сол себепті адамдар онда бармайтын, ал Бұлақты қаласындағы адамдардың көпшілігі ет жемейтіндіктен, ондағы жануарларға тиіспейтін. Адамдар табиғатқа көзінің қарашығындай қарайтын болғандықтан, орманға тиіспеуді жөн санайтын.
Осы көрініске қарап Ерұлан өзінің бұл орынға соңғы рет келіп, қалаға соңғы рет қарап тұрғанын білген жоқ, тіпті олай ойламады да.
Ол жұмсақ шөпке шалқая жатып, ашық аспанда қалқыған бірнеше бұлттың қозғалысына назар аударды, осылайша бұлттарға қарап қалай көзінің ілініп, ұйқыға кеткенін де байқамай қалды. Тек арада ұзақ уақыт өткеннен кейін, күн тас төбеден ауып, ұясына жақындаған кезде ғана көзін ашты; Ерұланның бұлай ұйықтамағанына бірнеше аптаның жүзі болды, ол өзін керемет сезініп, барынша созыла керілді, осы сәтте оның құлағына түсінде көргендей қаладан шыққан әскери қоңыраулардың дыбысы етілді, бұл жолы дыбыс ешқандай түс емес – дыбыс шынында қаладан шықты. Зәресі қалмай Ерұлан орнынан атып тұрды да, қалаға қарады. Оған қаланың оңтүстік қақпасынан ішке кірген сарбаздардың қарасы байқалды, ал олардың біраз бөлігі қаланың қақпаларына қарай керуен сияқты тізіле келе жатты. Ол бірден ағаштың түбінде шөп күйсеп тұрған жылқысына қонды да, сарайына қарай шаба жөнелді.
Қалаға жеткен кезде қала көшелерінде толған сарбаздарды көрді, бұл жайт Ерұланға түсініксіз көрінді, әлгі сарбаздар қаланың солтүстігінде орналасқан әскери қонысқа бет алды, ал қала халқы көшелердің екі шетінде, кейбіреулері үйлерінің терезесінен оларды бақылады. Ерұлан жанында тұрған бір адамнан:
– Мыналар мұнда не үшін жүр? – деп сұрады, әлгі адам Ерұланға қарамастан, «білмеймін» дегендей басын шайқады. Ерұлан атының басын бұрып сарайына қарай шаба жөнелді. Сарайына келген соң атынан түсіп, қақпаның алдындағы сарбаздан:
– Сұлу қайда? – деп сұрады.
– Сарайда, – деп жауап қатты сарбаз аттың ноқтасын ұстай.
Ерұлан жылдам сарайға барып:
– Сұлу… Сұлу… – деп айқайлай бастады.
– Не болып қалды, Ерұлан? – деді Сұлу ас үйдің ашық тұрған терезесінен сыртқа қарай. Ерұланның көңілі орнына түсіп, ас үйге қарай ақырын жүрді. Ол ас үйге кіре салысымен:
– Сен қайда жүрсің, ә? – деп оған Сұлу қолындағы оқтауын шошаңдата сөйледі. – Және неге сонша айқайладың?
– Тауға барып, сонда ұйықтап қалыппын, – деді Ерұлан.
– Тауға бардым деп, басқа жерде Батыра екеуің қаңғырып келген жоқсыңдар ма? – деп Сұлу әзілдей сөйледі. Ерұлан Сұлуға жақындады, Сұлудың бойы Ерұланнан кішкене ғана аласа болатын, ұзын шашы бір бұрымға өріліп, жіңішке белінен кішкене төмен түсті, ал иегінің сол жағында кішігірім қою қара түсті қалы болды; жіңішке жүзінен мейірімділік шашырап тұрғандай, атына сай ол өте сұлу еді.
– Сен бүгін әлгі дәрігерлердің ерсі қылықтарын байқамадың ба? – деп Ерұлан сыбырлай сұрады.
– Жоқ, не болды? – деп ол кішкене кідірді де: – Неге сен сыбырлап сөйлеп тұрсың? – деді Сұлу.
– Жарайды, ештеңе, – деп кішкене кідіре, – сен неге мұнда жұмыс істеп жүрсің? Сен барып демалуың қажет, бізде ас дайындайтын басқа да қызметшілер жеткілікті, сенің босануыңа аз қалды, бірақ сен ары-бері қозғалып жүрсің…
– Сен білесің бе, Ерұлан? Аналар аяғым ауыр екен деп, қозғалыссыз қалмауы керек, олардың қозғалып тұрғандары ішіндегі балаға пайдалы: сондықтан мен де ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білемін, – деп ол Ерұланның мұрнының ұшынан саусағымен сипады. – Ал енді жуынып кел, кешкі ас дайын болып қалды.
– Жарайды, – деді де, ол ас үйден шығып, тікелей жуынатын бөлмеге беттеді.
Жуынатын бөлмеге кіріп шыққан соң ол дәрігер мен оның көмекшісінің бөлмесінің жанынан өтті, олардың бөлмесінің есігі кішкене ашық болды, олардың біртүрлі қараңғы тартқан бөлмелерінен сыртқа қарай әлсіз жарық түсті. Ерұлан есіктің жанынан өте олардың күбірлеп сөйлеп жатқанын естіді, бірақ олар адамға түсінікті тілде сөйлеген жоқ. Ерұлан олардың дауысын «дұрыс естіми жатқан болармын» деп ойлады, алайда ол есікке жақындап, олардың әңгімесіне құлақ сала олардың мүлде басқа тілде сөйлеп жатқанын түсінді, олардың дауысы жейіркенішті естілді. Ерұланның бойынан тарақандар жүріп өткендей – ол өзінің күдігіне тағы да бір рет көз жеткізді, ол ары қарай бара жатыр еді:
– Амансыз ба? – деп дәрігер оның арқасынан сөйледі.
– Иә, аманмын, өзіңіз қалайсыз? – деді ол дәрігерге бұрыла.
– Көріп тұрғаныңыздай менде бәрі жақсы, – деп ол Ерұланға қабағын тыржитып, – менің ойымша сізде барлығы дұрыс емес сияқты, не болып жүр? Сұлу маған сіздің бір қорқынышты түсті қайта-қайта көріп жүр деп айтты.
– Жо-жоқ, қазір менде бәрі дұрыс, – деп Ерұлан оның әнгімесінен қашқақтады.
– Барлығы дұрыс болса, онда жақсы екен, егер сізде тағы осындай жағдай қайталанып жатса, маған айтыңыз, мен сізге тыныштандыратын шөптерден жасалған тұнба беремін, – деді біртүрлі жымия.
– Ескеретін боламын, – деп ол да өтірік жымия салды.
Ерұлан асыға, ас үйге жақындады, ол жақындаған сайын, оның мұрнына керемет иістер келді, ол жүрісін жылдамдатып, әртүрлі тамақтың иісі аңқыған бөлмеге кірді.
– Ал жайғасыңыз, мырзам, – деп Сұлу оған жымиды, ол жымиған сәтте езуінің екі шетінді, кішігірім ұяшықтар пайда болып, олар Сұлуды одан да мейірімдірек етіп көсетті. Ерұлан әртүрлі жеміс-жидектер мен қарасаң көз тоймайтын тағамдарға толып, жайнап тұрған үстелге жайғасты.
– Қайсысынан бастарымды білмей тұрмын – мыналардың барлығы дәмді сияқты, тамақ талғамай барлығын татып көргенім дұрыс болар.
Үлкен ас үйде Ерұлан мен Сұлу ғана тамақтанды, оларды ешкім мазалаған жоқ: әңгіме айтып, алғаш кездескен кездерін еске алып, көңілді отырды, бірақ бұл көңілді кешті аяқ астынан келген сарбаз бұзды. Асхананың есігінен біреудің асығып келіп, есікті жылдам тоқылдатқаны естілді.
– Кір! – деді Ерұлан, қолындағы қасығын ыдысына қайта сала.
Ішке бір сарбаз асыға кіріп:
– Мазалағаным үшін кешіріңіздер, бірақ сыртта екі адам сізбен жолыққысы келетінін айтып тұр, кеш уақытта келгендіктен оларға ертең келіңдер дедім, бірақ олар сізбен кездеспей ешқайда кетпейміз деп қақпаның алдына отырып алды.
– Олар кім болды, танымайсың ба?
– Жоқ, оларды алғаш көруім. Өздерінің түрлері қаңғыбасқа ұқсайды, ал қолдарына екі үлкен дорба ұстап алған, олар сізге «Өте алыс жерден әкелген маңызды хабарымыз бар» деп айтсаң, сенің мырзаң түсінеді» деді, – деп сарбаздың айтқаны сол еді, Ерұлан орнынан атып тұра, бөлмеден оқтай ұшып шықты, оның артынан Сұлу:
– Не болды, Ерұлан? Тыныштық па?
– Иә-иә, уайымдама! Сен тамақтана бер, мен қазір келемін, – деді.
Ол қақпаға жақындағанда ашық тұрған қақпа алдында үстеріндегі киімдерінің тарам-тарамы шыққан, оның үстіне малмандай су, әбіржіген екі адамды көрді; қолдарына екі үлкен қоржын ұстаған, қоржындарынан төмен қарай су тамшылады. Ерұлан оларға жақындаған сәтте:
– О, мырза, сізді көргенімізге қуаныштымыз! – деп қолдарындағы қоржындарын жерге қойып, Ерұланға жақындай бергені сол еді, сарбаздар найзаларын олардың көкірегіне тақап, әлгілерді тоқтатты. Бейтаныс адамдарға Ерұлан біраз қараған соң сегіз ай бұрын Тұманды аймағына жіберген адамдары екенін түсінді.
– Нұрлан, Жақып, бұл сендер ме? – деп сұрады.
– Не болды танымай қалдың ба?
– Әрине, мына түрлеріңді көріп… сендерді мен түгілі, туған аналарың да танымай қалады, сендерге не болған? Ал қалғандары қайда?
– Барлығын осында айтқанымызды қалайсың ба? – деді Жақып, алдында тұрған сарбаздарға басынан-аяқ көз жүгірте.
– Жо-жоқ, ішке кіріңдер, менің соңымнан еріңдер, – деп оларды өзімен бірге кітапханасына алып кетті.
Кітапханаға барар жолда Ерұлан олардан не болғанын сұрап еді, «оңаша жерге барған соң ғана айтамыз», – деп жауап қатты.
– Не болды, соншалықты құпия ма? – деді Ерұлан түрі өзгере.
– Сен білмейсің ғой біздің не көргенімізді, – деді Жақып.
– Иә, түрлеріңнен көрініп тұр бір жаманшылықтың орын алғаны.
Олардың арасында тыныштық орнады – тек басқан қадамдарының дыбысы ғана естілді. Ерұлан анда-санда оларға көз қырымен қарап-қарап қойды да, кітапханаға жақындай, тоқтап есікті ашып, оларға ішке кіруге жол берді. Олар кітапханаға кірген кезде, Нұрлан шатқалақтай жерге құлай жаздады, оны Ерұлан қолтықтай ұстап:
– Сенде бәрі дұрыс па? – деді бір қолымен есікті жібере.
– Иә, дұрыс… Кішкене әлсірегенім болмаса… – деп орнына қайта тұрды.
– Мен сендер үшін қобалжиын дедім, қазір сендерге тіске басар алдыртайын.
– Жоқ, ештеңенің қажеті жоқ, тезірек ішке кірейік және есікті бекітіп ал, – деп Нұрлан шатқалақтай жүре, үлкен кітапханаға кірді. Барлығы үстелге жайғасып болған соң:
– Ал енді құлағым сендерде, неге сонша жоғалып кеттіңдер? Және сендерге не болған? Тепсе темір үзетін жігіттердің шал сияқты шамасыз күйге түсуіне не себепші? – деді ол екеуіне қарап.
– Иә, айтпа, – деді Жақып күрсіне.
– Біз сен айтқан жерге бардық, бірақ онда бару біз үшін оңайға соққан жоқ – алыс әрі қиын жолда бізді бірнен кейін бірі жолдастарымыз тастап қашты. Онда жету үшін біз үш ай уақыт жоғалттық. Хандық пен Тұмандыны бөлген алып қорғанға жетіп, арғы бетке өттік… – деп кідірді, – онда халық айтқандай: ешқандай тіршілік жоқ, тірі жәндік, өсімдік, ештеңе тіршілік етпейді; ештеңе өспейді, нағыз өлі аймақ – құдды біреу бар тіршілікті алып, бір сандыққа жасырып қоғандай, тек қара түсті өлі топырақтан басқа ештеңе кездестірген жоқпыз; кездестірмейміз деп те ойладық, бірақ біз қателескен екенбіз, ол жерде шынында бірдеңе болған сияқты, – деген кезде Ерұланның жүзі өзгеріп кетті, – сен берген жолсызбамен жүре бере, біз аласа таулардың арасына келдік. Тау арасынан сен айтқандай мұнараны таптық, – деген сөздер оның аузынан шығып еді, Ерұлан Жақыптың айтқанына асқан мұқияттықпен тыңдай бастады.
– Мұнара – үлкен ақ түсті кірпіштермен қаланған, ал биіктігі екі қабат үймен бірдей, төбесі қираған, бірақ айналасында ешқандай қиранды болған жоқ, ерте уақытта салынғаны анық, үстіне шығып төмен қараған сәтте оның төмен қарай тереңірек созылып, басым бөлігі жер астында жатқанын түсіндік.
Екеулеп төмен түсіп мұнараның ішін қарадық – басында ешқандай күдікті зат байқалған жоқ, алдымызда ұзына бойы созылып, қаратүнекке оранған дәліз жатты, сұр түсті шаң басқан қабырғаларында бейтаныс руналар бейнеленген, ондайды біз бұрын-соңды көрмегенбіз, ал ары қарай жүре берген кезде… адамның қаңқасын таптық…
– Адамның қаңқасы? – деп оны Ерұлан бөліп жіберді. – Бірақ бұл мүмкін емес қой, қалайша? – деді ол таңырқай.
– Ол жағын мен білмедім, бірақ онда бір емес, ондаған адамның қаңқасы болды және олар бүтін болған жоқ, құдды бір алып хайуанмен шайқасқан сияқты жан-жаққа шашылған, бас сүйектері мен сүйектері сынған, майдаланып кеткен десек те болады. Әлгіні көргеннен кейін бойымызды үрей басты, «артқа қайтамыз ба» деген ой келді, бірақ біздің қызыққұмарлығымыз, қорқынышымыздан күштірек болып, соңына дейін жүруге бел байладық. Жол бойы одан біздің көргеніміз қаңқалар болды, ал соңына жеткенде не тапқанымыз сенің он ұйықтасаң түсіңе кірмейді, – деді Жақып .
– Не таптыңдар? – деді ол тағатсыздана.
– Соңында біз мұнараның қираған бөлігіне келдік, ары қарай жол жабық болды – үйінділермен бекітілген, менің ойымша біз мұнараның тек бір бөлігін ғана қарап шықтық. Сол жерден ғана біз бүтін қаңқаны таптық, бірақ оның адамдікі екеніне менің күмәнім бар, – деді де, Жақып Нұрланға қарады, Нұрлан оған басын изеп, қоржынның ішінен екі мүйізі шошайған, үлкен бас сүйекті алып Ерұланның алдына қойды, әлгіні көрген Ерұлан кішкене артқа қарай шалқайып:
– Бұл не? – деп сұрады үрейлене.
– Көріп тұрған жоқсың ба – бас сүйек! Жағымсыз иісіне мән берме, біз қалаға кірер кезде қақпадағы сарбаздар тексермес үшін, кәріс құбыры арқылы кіруге тура келді, – деді Нұрлан.
– Бас сүйек екенін білемін ғой, бірақ кімдікі?
– Ол жағын біз де білмейміз, одан бөлек оның жанында мына заттар жатты, – деп Нұрлан қоржынның ішінен: төрт бұрышты сұр түсті қорап, бойтұмар мен жартылай сынған қанжарды алып, Ерұланның алдына тізіп қойды.
Сұр түсті қораптың сыртында түсініксіз руналар болды. Ерұланды қызықтырған да сол, себебі руналар оған таныс көрінді. Оларды бұрын бір жерде көргеніне сенімді, алайда қайдан екенін есіне түсіре алмады. Нұрлан әлгі сұр қорапқа қолын тигізген жоқ, ол қорапты асқан мұқияттылықпен ұстады, құдды қорап өте нәзік зат болғандай, Нұрлан қолындағы қоржынын шетке қойған кезде Ерұлан:
– Ал мынау не? – деп ол қорапты ұстай бергені сол еді, Нұрлан мен Жақып:
– Жо-жоқ! – деп оны тоқтатып үлгермеді, Ерұлан қорапты ұстай бергені сол, қолын қойған орын қызып-қызыл түсті жарық шашырай, Ерұланды шалқасынан құлатты. Ол есінен танып, Нұрлан мен Жақып екі жақтап оны орындыққа қайта отырғыза, сезімге келтірді.
– Қалайсың, досым? Неге айтқан тілді алмадың? – деді ол. – Не көрдің? Сен мынаны ұстаған кезде бірдеңе көрдің бе? – деп Нұрлан тағатсыздана сұрады. Ал Ерұлан отырған орнында ойын жинақтай алмай кішкене кідірді, оның өне бойы дірілдеп, өңі қаша, маңдайы терлеп, қабаған иттен қашқан адам сияқты ентіге тыныс алды.
– Сен де оны көрдің бе? – деді ол Нұрланға.
– Иә, оның бейнесі менің ойымнан кетер емес, – деп Нұрлан орындығына қайта жайғасты, олардың әңгімесіне Жақып араласа:
– Сен де құбыжық көрдің бе? – деп сұрады.
– Иә, үлкен, өте үлкен және ол аспанда қалқып тұрған таулардың алдында тұрды, айналасы қып-қызыл отқа оранған, тұрқы бұлыңғыр, анық көрінген жоқ, дегенмен оның көлемін аңғару қиын емес, оның не екенін білесіңдер ме? – деп оларға кезек-кезек қарады.
– Жоқ, оның тек сол бейнесінен басқа ештеңе көрген жоқпын және ол туралы ештеңе білмейміз.
– Сен оның артындағы аспанда қалқып тұрған тауларды көрдің бе? – деді Ерұлан.
– Иә, менің ойымша, ол – Алтаһир таулары, – деді Нұрлан.
– Бұл нені білдіреді?
– Менің ойымша, мына қораптың ішінде бірдеңе бар, оны тек белгілі бір адам немесе мынау сияқты біреу аша алады, – деп Жақып бас сүйекке қолын қойды. – Ал сендер көрген Алтаһир тауының алдындағы құбыжық сол аймақтан пайда болатынын білдіруі мүмкін. Арада үнсіздік орнады, сосын Ерұлан:
– Мына бас сүйектің кімге тиесілі екенін білетін сияқтымын, – деді оларға қарай.
– Кім деп олайсың?
– Бастақ Бабадүр деген зерттеушіні танисыңдар ма? Мен соның кітабынан сендерге берген жолсызбаны алдым, кітапта Тұманды аймағында бұрын Марда атты мемлекет болғандығы жөнінде жазылған… Бабадүр оларға кітабында нақты сипаттама бермеген, мүмкін мынау солардың бірі шығар және хан сарбаздарының онда бірдеңені іздеп жүргені жөнінде жазған, – деді Ерұлан.
– Ол қазір тірі ме? – деп сұрады Нұрлан.
– Жоқ, сендерді Тұмандыға жібермес бұрын, мен онымен кездесуге тырысқанмын, бірақ оның аяқ асты қайтыс болғанын естідім, ал оның отбасысы көшіп кеткен, қайда екенін ешкім білмейді; тіпті жақындары мен достары да, ал оның кітаптары мүлде жоғалып кетті.
Міне, осыдан кейін сендерді Тұмандыға жібердім… Ал енді бізде барлығы бар, Бабадүрдің кітабында шындық жазылғаны анық, сонымен қатар ол «Марда мемлекетінің жоғалып, Тұмандыда тіршіліктің жойылуы – ол адамдардың кесірі», – деп жазған, анығырақ айтқанда, бір топ адамның және оны ол хан мен билеушілердің кінәсі дегенге келтірген, бірақ оларды Бабадүр ашық кінәламаған. Менің күдігім расталып келе жатқан сияқты.
– Иә, оның аяқасты қайтыс болуының өзі мұнда бір шикіліктің бар екенін білдіреді. Сонымен қатар әлгі мұнараның ішінде адамдардың қалдықтарының табылуы – бұрын адамдар мен олардың арасында соғыс болғандығына сілтейді… Біздің хан шынында Мардалардың жойылуына кінәлі сияқты… Және біз саған басты жаңалықтың бірін айтқан жоқпыз, Бабадүр кітабында жазғандай, онда біздің сарбаздар бірдеңені іздеп жүр, – деді Жақып.
– Сендер Тұмандыда сарбаздарды көрдіңдер ме? – деді ол таңырқай.
– Иә және онда тобырымен кезікті. Оларды тек хандыққа оралар жолда жолықтырдық, олардың көзіне түсіп қалмау бізге қиынға соқты, және біздің сарбаздардың Тұмандыда жүргеніне өте ұзақ уақыт болған сияқты, тіпті бірнеше ұрпақ бой жалғасқан десек те болады, оған дәлел мына сынық қанжар, – деді де, Нұрлан қолына қанжарды алды, – мұнараның ішінде көптеген қару болды, бірақ олардың онда ұзақ жатқандығы соншалықты, тот басып, орнынан қозғасаң күл сияқты жан-жаққа шашылады, тек мына қанжар ғана жақсы сақталған, енді қара, – деп ол Ерұланға жақындады, – Мына таңбаны көріп тұрсың ба? – деп оған қанжардың түп жағында ұстағышқа жақын орналасқан бөлігін көрсетіп, – анықтап қарасаң, жемтігіне атылған бүркіттің бейнесін байқауға болады, не деп ойласың? – деді. Ерұлан кішкене ойланып:
– Бұл – Саһтир. Мың жыл бұрын біздің сарбаздар, осы таңбаның астында жүрген, бірақ нақты қашан екенін білмеймін, бұл таңбаның орнына басқа таңба – Арыстан бейнеленген таңбамен ауыстырылған.
– Өзің тарихты жақсы біледі екенсің. Бұл мұнарадағы қаңқалардың біздің сарбаздарға тиесілі екеніне, сонымен қатар ұзақ уақыт бұрын адамдар мен мардалықтар арасында соғыс болып, мардалықтардың жойылып кетуі, адамдардың ісі дегенге дәлел, бірақ неге? Неге хан оларды жойып, ол туралы жасырып қалған?
Егер олар адамдарға қауіп төндірсе, онда ашық айтуға болатын еді; неге бұл жайлы ешқандай кітапта жазылмаған? Немесе ешқандай адам білмейді, менің ойымша, біз білетін тарих тек өтірік пен жалғаннан тұратын сияқты. Тарын хан мен билеушілер бізден бірдеңені жасырып отырғандары сөзсіз.
– Ол өзінің ұзақ өмірінің құпиясын жасырып қалғысы келеді – бар себебі сол, – деді Ерұлан бас бармағын тістей. – Ол мардаларды жойып, онда қабырға тұрғызып, «Тұмандыны ібілістер жайлаған» деп; адамдардың онда баруына тиым салған себебі де сол, ол өзінің құпиясын жасырып қалғысы келеді… – деп ол кішкене кідіріп, ал онда сарбаздар не істеп жүрді? – деді ол.
– Олардың тек қабырғаға бет алып, хандыққа өткендерін көрдік. Олар өздерімен бірге бір затты алып жүрді. Оларға біз қабырғадан асып, хандыққа жақындаған кезде жақындап, не үшін Тұмандыға кіргендерін білуге тырыстық. Алғаш алдымыздан кішігірім қала шыққан кезде, олар қалашыққа бет алды, біз оларға барынша күдік тудырмай жақын жүруге тырыстық, сол сәтте олардың бірінің «Оның іздегені осы болса екен» деген сөзін естідік. «Мен де соған үміттенемін, әйтпесе ана қарғыс атқан жерде тағы бірнеше жыл жүргім жоқ», – деді екіншісі.
«Қазір бұл туралы айтатын уақыт емес», – деп үшіншісі олардың сөзін бөлді. Одан кейін олардың әлгі зат туралы айтқандарын естіген жоқпыз, не болса да олардың Тұмандыда бірдеңе іздеп жүргендері анық.
– Не екенін анықтау қажет… бірақ оны анықтауға тырысудың өзі өте қатерлі дүние, алайда біз мынаның барлығының артында не жатқанын білуге міндеттіміз, – деді Ерұлан.
– Мұның соңында не жатқанын білгім-ақ келеді, бірақ мен шаршадым, – деді Жақып Ерұланға қарай.
– Сендерге бір нәрсе айтайын, Бабадүрдің кітабында тағы бір дүние жазылған, онда: «Біздің әлем ақырын өліп бара жатыр, ұзақ уақыт өткеннен кейін біздің жеріміз де Тұманды сияқты тіршілігі жоқ, өлі жерге айналады, ал тіршілік мәңгілікке жоғалып кетеді» – деген.
– Бірақ ол мұның барлығын қайдан білген, ол да мұның бәрін бір жерден білуі керек, бірақ қайдан? – деді Нұрлан.
– Біз оны енді ешқашан біле алмаймыз, мен кешіктім – хан Бабадүрді өлтіріп, оның отбасын ешкім білмейтін бір жерге жіберді немесе олардың да көзін құртты, – деді Ерұлан. Олардың арасында тынышық орнады, барлығы бас сүйекке, әлгі қорапқа қарап отырды. Сосын Ерұлан:
– Ал мына бойтұмар, ол жайлы білесіңдер ме? – деді бойтұмарды сұқ саусағымен көрсете, бойтұмар көк түсті домалақ тастан жасалған, ал оның бетінде алтын түспен қанатсыз айдаһарға ұқсас жануар бейнеленді.
– Жоқ, оның не екенінен хабарымыз жоқ, – деді Жақып.
– Сендер осының барлығын мұнараның бір бөлігінен ғана таптыңдар ма?
– Иә, ары қарай өтетін жол болған жоқ, қирандылармен бітелген, – деді Нұрлан. Ерұлан кішкене ойлана, екеуіне қарады:
– Егер сен бізге мұнараның жабық бөлігінің арғы жағында не бар екенін біліп беруді сұрамақ болсаң, онда біз бас тартамыз, әлгі қарғыс атқан жерге қайта оралғымыз жоқ, енді тек тыныш өмір сүргіміз келеді, – деді Нұрлан.
– Жоқ, менің ойымша, сендердің мына әкелген дүниелеріңнің өзі жеткілікті, ары қарай не істеймін десеңдер де өз еріктерің, бірақ бұл жайлы ешкімге айтпауларыңды сұраймын.