Полная версия
Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
Кел дағы, жігіт болсаң, сертіңе жет.
Кел деген ауыз байлық неге керек,
Келмесең, келгендерден садаға кет! – дегенде, отырғандар жадырай бір күліп. «Аққан суға да бір тосу!» десіпті.
Бұл – бетімен кеткен, бейпіл сөзді адамға да бір тосу бар дегені.
АҚҚОЖА БАТЫРДЫҢ ЖАТУЫ ЖОҚ,
БҰЛ ТАҢНЫҢ АТУЫ ЖОҚ
Ертеректе Атырау өңірінде Аққожа деген кісі болыпты. Аты аңызға айналған аңқау, ұмытшақ, қорқақ екен. Бірде бәйбішесі баласының ауырып жатқанын айтып, оны күндік жердегі емшіге жұмсапты. Аққожа атына мініп жүре береді. Күн кешкіріп, емшінің ауылының шетіне кіре бергенде, абалап қарсы ұмтылған ауыл иттерінен есі шыға қорқып, неге келе жатқанын да ұмытып, күншілік жердегі өз ауылына кері шабады. Өзі де, аты да шаршайды. Далаға жата кетуге, қоңырлықта жыланнан, шағыл басында бөрі-қарыдан қорқып жүре береді. Алайда, шаршаған ат пен таң ұйқысы еріксіз кідіртеді. Атынан түскен Аққожа дойырын қолына қысып ұстап, көзін ілмей, қауіп күтіп отыра беріпті. Таңғы ұйқы қойсын ба, бір қалғып кеткенінде, басындағы киіз қалпағы алдына жалп ете түседі. Шошып оянған Аққожа оңтайлап отырған дойырымен ал төпейді кеп. Жарық түсе қараса, ұзақ таң төпейлегені өзінің жүн болып ұшып жатқан киіз қалпағы екен. «Аққожа батырдың жатуы жоқ, бұл таңның атуы жоқ», – деген сөз содан қалыпты.
Бұл сөз тіркесінің мағынасы – сен де тыным таппай, тыншымай қойдың, уақыт та өтпейді деген ұғымды аңғартады.
АҚҚУМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, КӨҢІЛІҢ ПӘК БОЛАДЫ,
ҚАРШЫҒАМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, ТАМАҒЫҢ ТОҚ БОЛАДЫ,
ҚАРҒАМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, ШОҚЫҒАНЫҢ БОҚ БОЛАДЫ
Тапқырлығы, алғырлығы, әділдігімен ел құрметіне бөленген Мәтжанды ел 20 жасында-ақ болыс етіп сайлайды. Оншақты жылдан кейін өткен қайта сайлау кезінде бұл мансаптан өзі бас тартады. Үйезд бастығына «мені сайламаңдар» деп арыз береді. Мұны есіткен ағайындас байлар:
– Басқа қонған бақты тепкенің қалай? —дейді. Сонда Мәтжан тұрып:
– Мен болыс болсам, халқыма пайдам тие ме деуші едім, оным бекер екен. Анау патшаның, шен-шекпенді жандаралдың көңілін табуым керек. Олай етіп болыс болғанша, болмағанның өзі артық емес пе, —депті.
– Аққумен істес болсаң, көңілің пәк болады, қаршығамен істес болсаң, тамағың тоқ болады, қарғамен істес болсаң, шоқығаның боқ болады. Осыған көзім жетті, —деген екен.
Әңгіме қандай адаммен істес, әріптес болғаныңа байланысты. Адал, пейілі таза адаммен істес болсаң, көңіл-күйіңе кір түспейді, таза болады дегені. Атақ-дәрежелі, шенді-шекпенді кісімен істес болсаң, қарның тоқ болады, ал ұры-қары, қарау, ел-жұртты тонаумен айналысатындармен істес болсаң, ішіп-жегенің харам болады дегені.
АҚЫЛ ЖАСТАН, АСЫЛ ТАСТАН
Аға тәжірибелі, ол сабырлы, ол парасатты, бірақ қазақ тарихында інілердің суырылып ағалары алдында сөз бастағандары болған. Қазақ елін шауып кеткен Қоңтажыға мал-жанды даулап келген үлкендер (билер) сөзі әсер етпегенде, бала Қазыбек:
– Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! – дейді. Сонда қалмақ ханы:
– Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті.
– Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ, руым қаракесек, – депті.
– Дауысың қаз дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы! – депті хан. Сонда Қазыбек:
– Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз көмір,
Еріткелі келгенбіз.
Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге,
Танысқалы келгенбіз.
Танысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан да, біз арыстан,
Алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімбіз,
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең жөндеп бітімді айт,
Не тұратын жеріңді айт! – депті.
Сонда Қоңтажы сөзге тоқтап, қазақтардың шабылған мал-жанын аман-есен елге қайтарған екен.
Қазыбек бидің Қаз дауысты атануы осы оқиғаға қатысты. Сол кезде Қазыбек он бес жастар шамасында.
Міне, аға тұрып іні сөйлейтін осындай шақ болады, оған да қазақ: «Ақыл жастан, асыл тастан», деп тұжырымын жасаған. (Ғ. Есімнен).
«Асыл тастан» болатыны, жер бетінде кездесетін гауһар, алмас, лағыл, жақұт, кәрібтас, інжу-маржан және тағы басқа асыл минералдардың бәрі тас күйінде кездеседі. Тіпті, алтын мен күміс те тастан қорытылып алынады ғой.
АЛАТЫНЫҢ МЕН ЕМЕС,
АЛДЫҢДА ӘНЕ ЖАТЫР, ҚҰДАЙ!
Шын қауіп-қатер төнсе, біреуді арашалау жайына қалар, өз жайыңды қай жерге қоярыңды білмей сасарсың, қорқып-үркіп қашарсың, деген мағынада айтылады.
Ертеде бір әйелдің баласы төсек тартып, қатты ауырып қалыпты. Әйел: «Енді қайттім, мұны алғанша, мені неге алмайды, қу құдай!» деп, неше түрлі сөздерді айтып, жылап-еңіреп, елдің ығырын шығарады. «Қой» десе, одан бетер өршеленіп, баласының тынышын алады. Әйелдің бір қайнысы: «Күйдірді ғой» дейді де, ел тарап, ымырт түсе, үстіне үлкен тонды теріс киіп, неше түрлі нәрсені даңғырлатып, сыңғырлатып, киіз үйдің шаңырағынан секіріп түседі де, жеңгесіне қарай қорбаңдай жүреді. Сол кезде үрейі ұшқан әйел:
Даңғырлаған, даңғыр құдай!
Саңғырлаған, саңғыр құдай!
Алатының мен емес,
Алдыңда әне жатыр, құдай! – деп, екі қолымен баласын көрсетіп, өзі есікке қарай тұра қашыпты.
АЛАШ – АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛА ТАЙ АТ БОЛҒАНДА,
ТАҢБАСЫЗ ТАЙ, ЕНСІЗ ҚОЙ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА
Есте жоқ ескі заманда Сыр бойында отыз екі баулы (рулы) елді билеген Қызыларыстан атты хан болса керек. Күндердің бір күнінде Қызыларыстанның жорықта олжа болған әйелінен ерекше бір ұл бала туады. Баланың тұла бойы алапес болса керек. Қызыларыстан хан баласының алапес болып туғанын жаман ырымға балап, Бетпақтың шөліне апарып тастайды (аңыздың келесі бір нұсқасында Сырдың суына ағызып жібереді). Тағдыр жазып алапес балаға перзенттен зарығып жүрген бір пақыр тап болып, асырап алады. Бала ақылына қайраты сай жігіт болып ер жетеді. Төңірегіне даңқы жайылып, Алаша атанады.
Алашаның даңқы Қызыларыстан ханға да жетеді. Содан, хан өзінің қараша биі Қотанмен ақылдасқан екен (аңыздың кейбір нұсқасында Майқы бидің де аты аталады), Қотан би: «Нағыз ер болса, елге қорған, жұртқа пана болар, ордаға шақырайық», – деп, Үйсін деген үлкен ұлының жанына жүз жігіт қосып аттандырады. Үйсін Алашаны іздеп тауып, таныс-біліс болған соң, сонда қалып қояды. Келесі жылы Қотан би Ақжол (Болат деп те айтылады) деген баласының жанына жүз жігіт қосып аттандырған екен, ол да Алашаның жанында қалып қояды. Қотан би үшінші жылы Алшын деген кіші ұлының жанына жүз жігіт қосып аттандырса, олар да қайтпапты.
Сөйтіп, Алашаға келіп қосылған үш жүз жігіт үлкен күшке айналып, төңірегіне ықпалын жүргізіп, өсіп-өнеді. Алаша хан болып, қарауындағы ел Алаш жұрты атанады. Алаш жұрты өсіп-өне келе Үйсін бастаған жүз жігіттің әулеттері – Ұлы жүз, Ақжол бастаған жүз жігіттің әулеттері – Орта жүз, Алшын бастаған жүз жігіттің әулеттері – Кіші жүз болып белгіленеді. Қазақ арасында күні бүгінге дейін айтылатын «Алаш – Алаш болғанда, ала тай ат болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда, Алаша хан болғанда» деп басталатын қария сөз сол заманнан жетсе керек.
АЛҒАНДЫ БІЛГЕНДЕ,
БЕРГЕНДІ БІЛМЕСЕҢ, ЖЕТЕСІЗ БОЛАРСЫҢ
Қашаған би қыдырып келген құдасына кетерінде бүкіл елге әйгілі Қаракеш жорғасын мінгізіп жібереді. Бұған баласы Әбіттің ренжігенін сезген би:
– Алғанды білгенде, бергенді білмесең, жетесіз боларсың, – депті.
Сол құдасы қонақ болып барған Әбітке атан түйе сыйға тартқан екен.
Жалпы адамдар арасындағы қарым —қатынас өзара сыйластықпен, барыс-келіспен және алыс-беріспен де нығая түсетінін ұмытпау керек.
АЛЛАҢНАН ОЙБАЙЫМ ТЫНЫШ
Бір күні бір адам ауырып, қатты қысылып, ауру жанына батқан соң, «ойбай, жаным, ойбай» деп күңіреніпті. Аурудың аузына иман салмақ болып келген молда мұны естіп, қатты қынжылып: «Өзің жан үзгелі жатып, албастының атын атап, ойбайға жалынғаның не? Иман айт, Алладан медет тіле, «Алла, Алла» деп айт» депті. Ол: «Алла!» деп бір ыңыранып көріпті де, қайтадан ойбайға басып күңірене беріпті. «Алла» – деп неге айтпайсың?» – деп сұрапты молда. «Аллаңнан ойбайым тыныш екен» – депті әлгі ауру адам. Бұл сөз қалың жұртқа жайылып, мәтел болып кеткен екен.
Мәтелдің мағынасы, маған басқа қонбайтын жөн-жоба үйретпе. Қарапайым, қарабайыр болса да, өз жөнім дұрыс деген ойды айтып тұр.
АЛМА ПІС, АУЗЫМА ТҮС
Бұл сөз ойлаған ойым, тілегім өзінен өзі іске асып, орындалып жатса екен деп, еңбек, әрекеттен қашқан адамдарды сынағанда айтылады.
Баяғыда екі жалқау болыпты. Жалқаулықтары сонша, тіпті, еріндерін қимылдатуға да ерінеді екен.
Күндерде бір күні, екеуі алма ағашы түбінде жатқанда, бірінің көзі алмаға түседі.
– Алма піс, аузыма түс! – дейді. Екіншісі оған:
– Ерінбей, жалықпай соны қалай айттың? – деп ренжиді…
«Алма піс, аузыма түс», – деген сөз содан қалыпты.
АЛПЫС ЕКІ АЙЛАЛЫ
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде түлкіден қу хайуан жоқ деп есептеледі. Аңшылар аузында көп кезігетін аңыз-әңгімелердің бірінде түлкі: «Менің алпыс айлам бар, ал адамның алпыс бір айласы бар. Сол бір айласының артықтығы ғой, олардың қанжығасынан менің басым көп көрінеді», – депті-мыс.
Ал тілімізде кездесетін «Алпыс екі айлалы» деген сөз тіркесі қандай да бір жанның, кісінің бойындағы қулық-сұмдық, айлакерлік қасиеттерін әсірелеп, өсіріп айтқанынан пайда болған.
АЛТЫ АЙ ҚЫС, АЛТЫ АЙ ЖАЗ
Бір қыста жер жүзін мұз басып, мал қырылып, қалғандары сіңірі шығып, әупірімдеп жазға зорға жетіпті. Ауыр қыстан әбден запыс* болған жануарлар есін жия келе ақылдасыпты, пәле Үркердің жерде жатпай, көкке шығып кетуінен болды. Ендеше Үркерді көкке шығармай, кезек-кезек басып тұрайық деп олар пәтуа* жасап, пәлен жерде Үркер жатыр дегенді естіп, іздеп шығады.
Жылқы, сиыр, түйе өзара «Мен жүйрікпін, мен жүйрікпін» деп бәстесіп, жарысып келе жатса, алдарында шөптің арасында бірдеме жылтырап жатыр. Сөйтсе, ол Үркер екен. Бұрын жеткен жылқы Үркерді басайын десе, сиыр «Мен басамын» – деп, мүйізін шайқап, оны жолатпайды. Үркер басында он екі жұлдыз екен.
Сиыр Үркердің алтауын ғана басып қалып, қалған алтауы тұяғының арасынан шығып, аспанға ұшып кетеді. Міне қыстың алты ай, жаздың алты ай болуы сондықтан. «Алты ай қыс, алты ай жаз» деген ұғым да содан туындапты.
Егер жылқы тұяғымен басса, онда Үркер түгел жерде жатар еді де, мәңгі бақи жаз болар еді.
– Ыстықта оқыралап шауып жүргеннен де, сақылдаған сары аязда сықыр-сықыр басып жүргенім жақсы, – деп жауап беріпті Сиыр.
Халқымыз бір жылдағы он екі айды суық, ыстық мезгілдер деп шартты түрде осылайша екіге бөледі. Осы бір жыл – он екі айдың өтпелі екенін ұғындырғысы келгенде де «Алты ай қыс, алты ай жаз» деп қысқа қайырғанды жөн көреді.
АЛТЫ АЛАСЫҢ, БЕС БЕРЕСІҢ БАР
Бір кедей жігіт темір ұстасына көрікші болып жалданады. Жалақысына күн сайын үш теңге алып тұруға уәделеседі. Бұған жігіттің әке-шешесі қуанып қалады. «Әрқайсымызға күніге бір теңгеден келетін болды ғой», дейді шешесі мәз болып. «Балам, жылына бір мың сексен теңге алатын болыпсың», —дейді әкесі. Жігіт ұстаханада мінсіз еңбек етеді. Көрік басумен бірге балға соғады, көмір тасиды, су әкеліп, от та жағады. Ұста жасаған ат тағаларын,
кетпені мен орағын базарға апарып сатып, ақшасын әкеліп беріп тұрады.
Ұста мекерлеу адам болып шығады. «Көріктің шанағын жардың, балғаның сабын сындырдың, көмірді күл етіп жібердің, сатқан бұйымдардың ақшасын түгел әкелмедің», —деп, ол жігітті әр жолы кінәләй береді.
Жыл өтеді. Есеп айырысатын күн келеді.
– Балам, алты аласың болса, бес бересің де болады, —деп, ұста көрікшіге
Запыс* – ығыры шығу.
Пәтуа* – келісім.
жарты қалта теңге беріп, арқасынан қағып, шығарып салады.
Жігіт үйге келгенде, әке-шешесі одан қанша теңге әкелгенін сұрайды.
– Ақшаның алты аласын алып, бес бересін беріп келдім, —дейді.
Ұста көрікші жігітке қанша ақша төлеген?
Түсінектемесі: Ұста келісім шарттағы бір мың сексен теңгені алтыға бөліп, соның бір бөлігін ғана көрікші жігітке берген. Басқасын «бес бересі» ретінде ұстап қалған.
Жауабы: Көрікші жігіт бір жүз сексен теңге алған.
«Алты аласың, бес берешегің бар ма» деп те айтылады.
«Маған өткізіп қойғаның бар ма» деген сөзбен мәндес қанатты сөз.
АЛТЫ ШАҢЫРАҚТЫҢ ІРГЕСІ АЖЫРАМАСЫН
Ертеректе Сырым батыр бес-алты серігімен жол жүріп келе жатып, Мөңке бидің ауылының үстінен түсіпті. Мұнда той қызып жатыр екен. Кенже баласы аяқтанып, жаңа құдалар да осында болып шығады. Жекжаттарымен қатар келіп қалған құдайы қонақтарды Мөңке би өзі отырған үйге түсіреді. Астан соңғы бата беру сәтінде Сырым сөзін:
– Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын, – деп бітіреді.
Бұған Мөңкенің құдасы түсінкіремей қалып, «алты шаңырақтың іргесі ажырамасынның» сырын сұрайды. Сонда Мөңке оған:
– Құдай қосқан екеуміз жакжат болып отырмыз. Сенің қызың маған келін болып түсті. Ол үш шаңыраққа ие болады. Біріншісі – келген жұрты, екіншісі – нағашы жұрты, үшіншісі – өз төркіні. Сол сияқты менің ұлым саған күйеу бала болады. Ол да үш шаңыраққа ие: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Екі бала қосылып, алты шаңырақты шығарып тұрған жоқ па? Осы алты шаңырақты құрап отырған алты рулы елдің аузы бір, ынтымағы берік болмай ма? – деген екен.
АЛТЫН, КҮМІС – ТАС ЕКЕН,
АРПА, БИДАЙ – АС ЕКЕН
Баяғы бір заманда бай мен кедей көрші өмір сүріпті. Олардың араздығы сондай, бір- бірін көргісі келмейді екен.
Байдың үйі кең, әдемі болыпты. Іші толған алтын мен күміс. Ал кедейдің үйі ағаштан жасалған, төбесін бұтамен жапқан қора екен. Алтын мен күміс түгілі, нанын әзер тауып жепті. Егін егіп, оны суарып, күтіп, орып, өз күнін өзі көріпті.
Бір жылы көктемде алапат су тасқыны болыпты. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып кетеді. Ал кедей болса бір көмеш нанын қойнына салып, ол да ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір күні қарны ашқан бай кедейге:
– Әй, кедей, сен мына бір кесек алтынды ал да, маған бір үзім нан бер, —дейді.
– Жоқ, алтының өзіңе, нан бере алмаймын, —деп, жауап береді кедей.
Екінші күні бай кедейден тағы да нан сұрайды.
– Алтынымның жартысын берейін, —дейді ол бұл жолы.
– Жоқ, бере алмаймын, —деп бұл жолы да кедей келіспейді.
Ақыры аштан өліп бара жатқан соң шыдамай, бай үзім нанға бар алтынын айырбастайтынын айтады. Кедей бәрібір көнбейді. Бойынан күші кеткен бай басы айналып, суға құлап кетеді. Ал, келесі күні су тоқтап, кедей ағаштың басынан түседі. Халықтың: «Алтын, күміс—тас екен, арпа, бидай—ас екен» дейтіні осыған орай айтылған екен.
АЛТЫН, КҮМІС – ТАС ЕКЕН,
АРПА, БИДАЙ – АС ЕКЕН
(Екінші нұсқасы)
Бұл нақыл тәубесіне келіп, астамшылық жасағанын мойындағанда, нанның, азықтың, тағамның қадір-қасиетін жете түсінгенде айтылады.
Ерте заманда бір әйел дүниеқұмар болыпты. Өзінше «алтын, күміс дүниелерің болса, басқаның не керегі бар» деп есептепті. Сөйтіп, өңшең алтын-күміс заттарды, тіллә теңгелерді жиыпты.
Бір жылы астық шықпай, елде ашаршылық болып, нан тауып жеу қиынға түседі. Алғашқы кездері әйел зат, теңгелеріне бидай нан алып күнелтіпті. Ел күйзеліп, онша-мұнша жиған қорлары таусылатын болған соң, бұрынғыдай айырбас жасауды қойыпты. Әйел: «Аштан өліп барамын, бір уыс астық беріңдерші», – деп жалынып-жалбарынса, ешкім көнбепті. Әлсіреп, көзі қарауытып бара жатқан әйел: «Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен», – деп, алтын, күміс дүниеліктерін лақтырып жіберіп, құлап түскен екен.
АЛЫС, АЛЫС ТА БОЛСА ЖАҚЫН,
ЖАҚЫН, ЖАҚЫН ДА БОЛСА АЛЫС
Ауылдың тұсындағы өзеннен өте алмаған жолаушы:
– Мынау өзеннің өткелі қай жерде? – десе, Жиреншенің жұбайы Қарашаш оған:
– Ана жерде бір өткел бар, алыс, алыс та болса жақын, мына жерде бір өткел бар, жақын, жақын да болса алыс, – депті. Әлгі жолаушы «жақын, жақын да болса алыс» деген өткелден өтемін деп, балшыққа батып малтығыпты. Содан айналып барып «Алыс, алыс та болса жақын» деген өткелден ешқандай кедергісіз тез өтіп кетіпті деседі.
Бұл мақалдың айтпағы, біріншісінің жолы алыс немесе жұмысы көп болғанымен, өткелімен өтуі оңай, нәтижесі тез. Ал екіншісінің жолы қысқа немесе еңбегі аз болғанымен, өткелі жоқ, өтуі қиын, машақат-әуресі көп дегені.
АЛЫСТАН АРБАЛАҒА, ЖАҚЫННАН ДОРБАЛА
Ыбырайдың азамат атанған кезінде қазақ егін егуді намыс көреді екен. Байқосақ деген бір кедей құрбы-құрдастарына кеп, қаладан көрген жаңалықтарын айтып, «кент жұрты егін салады екен, қаптап азық алады екен, біз де соны байқасақ қайтеді?» – десе, олар мазақ етіп: «Байқосақтың сөзі ылғи „байқасақтан“ келеді» деп, күліседі.
Үлкендер сөзін тыңдамаған соң, Байқосақ ауылдың балаларын жинап, аядай жерге аз ғана егін ексе керек. Егіннен әжептәуір астық алған Байқосақ таңданып қалған елге: «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағаным» – деп жауап беріпті. Кейін нақыл болып кеткен осы сөз сол Байқосақтан қалыпты-мыс.
Ыбырай ұстаздық қызметінде жүріп, ауылға келгенде, осынау жұмысқа қатты сүйсініп, әлгі Байқосақты іздеп барыпты да:
– Сіз үлкен іс атқардыңыз. Оныңызды көпшілік ұға қоймапты. Сол үшін көп атынан кешірім сұрағалы келдім, бастаған ісіңіз ұлғая берсін, біз егінші болуымыз керек, – деп разылық білдіріпті.
Осы сөзден соң елдің бірталайы егін салу жұмысымен айналыса бастапты. Кейін Байқосақ: «Ыбырай қалқам мені егінші деп айтты, елге білім еккен шын егінші өзіңсің ғой», – депті.
Керек зат, дүниені алыстан, біреуден, шет жұрттан көптеп, қымбаттап алғанша, соны аз-аздан болса да, өзің еңбектеніп, жасап, өндіріп алғаның игі, тиімді деген ой, ұғымды береді.
АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖҮРМЕЙДІ
Ертеректе бір жігіт жалғыз анасын асырау мақсатында жұмыс іздеп жолға шығыпты. Жолай бір ақсақал кезігеді. Жөн сұраса келе мән-жайға қаныққан ақсақал жігітке өзінің үйінде бір жыл жұмыс істесе, ақысына өмірлік азық болар нақыл сөз айтамын деп ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс көкейіне қонған жігіт келісе кетеді. Күн өтеді, ай өтеді, жыл өтеді… бір жыл тынымсыз еңбектенген жігіт мерзімі жетіп, қайтуға жиналады, көкірегін ерекше сезім билеп, керемет сөз естірмін деген үміт жүрегін өрекпітеді. Сонда ақсақал:
– Балам, ешқашан өтірік айтпа, – дейді. Бұл сөзді естіген жігіт жатып кеп ашуланады.
– Бір жылдық еңбегімнің құны осы сөз бе еді, мұны өзім де білемін ғой, – дейді.
– Онда тағы бір жылға қал, келесі жылы мен саған мұнан да жақсы нақыл сөз айтамын, – дейді.
Онсыз да бір жылым текке кетті ғой, қалсам қалайын деген оймен жігіт жұмыс мерзімін жалғастырады. Ай өтіп, жыл толады. Уағдалы уақытта ақсақал:
– Құран оқылып жатқан жерде міндетті түрде отырып тыңда, – дейді.
– Бұл сөзді де бұрыннан білетін едім, зая кеткен уақытым-ай, – деп жігіттің өзегі өкініштен өртенеді. Ақсақал және бір жылға қалуын өтінеді. Амалы таусылған жігіт келіспеске болмайды. Үшінші жылы тәмамдалған жігіттің естіген сөзі төмендегідей еді:
– Ешқашан аманатқа қиянат етпе. – Бұл сөз де жігітті қанағаттандырмайды. Қайтуға бел буған жігітке ақсақал қоштасарда үйдегі апаңа апарып берерсің деп нан береді.
Жол бойы өзіне қанағаттанбаған жігітті бір топ ұры қолға түсіреді.
– Не мақсатпен, қайда барасың? – деп қыспаққа алады. Қалтасындағы азын-аулақ ақшаны шығарып, бар шындықты айтады. Шынайы жауапқа риза болған ұрылар мейірімі түсіп, анасына алып бара жатқан нанын қайтарып, өзін бостандыққа жібере салады. Үйіне бет алған жігіт сапар барысында ойда жоқта адам етімен қоректенетін қарақшыларға тап болады. Қарақшылардың тұтқынында мұнан өзге бірнеше адам бар екен. Адамжегіш жауыздың алдында тұтқындарды кезегімен бауыздап беріп отыратын жандайшап болатын. Кезек әлгі жігітке келеді, амалсыз жандайшаптың алдына қадамын санап басып келе жатқан сәтте алыстан талып жеткен құран даусы құлағына шалынады. Сол-ақ екен жігіт отыра кетеді. Аштықтан өзегі талып отырған жауыз жеңсік асының кешеуілдегеніне тағатсызданып, себебін білмекке шыға бергенде, аңдаусызда жандайшаптың қолынан жан тапсырады. Басшылары мерт болып, абдыраған қарақшылар өзара керілдесіп, берекесі кеткен сәтін пайдаланып бірнеше тұтқын бас сауғалап қаша жөнеледі. Біршама уақыт өткенде әлгі қашқындар аштыққа душар болады. Арып-ашып келе жатса да, жігіт өзіне аманат етіп тапсырылған қойнындағы анасына арналған нанды қайтсе де аман-есен жеткізбек. Көп қиындықтан соң жігіт анасымен қауышады. Аманат-нанды анасына тапсырады. Наннан ауыз тимекке ниеттенген анасы нанды үзсе, арасы алтын теңгелермен толтырылған екен.
Үлкен кісі, жақын дос-туысың немесе кез келген бір адам саған сенім артып, бір зат (мұра, өсиет) табыстаса немесе біреуге апарып бер деп өтініш, аманат етсе, ол аманатты міндетті түрде (өз басыңа қауіп-қатер төнсе де) орындауға тиіссің. Ол аманатқа немқұрайды қарап, орындамай қойсаң, біреуге табысталатын затты қараулықпен жымқырып қойсаң, әйтеуір аманатқа қиянат жасасаң, ол сенің ар-намысыңа үлкен сын, аманат алдында опасыз болғаның.
АНАНЫҢ АҚ СҮТІ
Жаугершілік заманда ері соғыста опат болған ана баласын бауырына басып қала береді. Ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп, жесірді бір жақындарына қоспақшы болады. Қарияларға әйел шарт қойыпты. Ол тостағандағы ақ түсті қоймалжың сұйықтан бәрінің дәм татып көріп, оның неден жасалғанын тауып берсе ғана ақсақалдар ұйғарымына бас иетінін айтады. Үлкендер дәм татып, тамсаныпты. Бірақ, оның неден жасалғанын таба алмапты. Сонда жесір әйел:
– Уа, қадірменді қариялар, бұл – ананың ақ сүті. Ақ сүтімді таттыңыздар, сіздердің жастарыңыз үлкен болса да, баламдай болдыңыздар. Ендігі тілегім: мені өзім қалаған жанға қосыңыздар, – депті. Ананың ақ сүтінен аттай алмаған ақсақалдар жесір ананың сөзіне тоқтаған екен.
Ананың ақ сүті – қасиетті, киелі, барлық асыл қасиеттер мен ата тектің бастауы деген ұғымды білдіреді.
АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕР
«Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі» деген нұсқасы да бар. Алды-артын ойлап-пішіп алмай, жеңілтек сөйлеген адам ұятсыздыққа қалады, ағат сөйлегеніне қатты опынады деген мағананы білдіреді.
Өмір, Темір, Қайыр, Естемес атты төрт ағайынды болыпты. Ажал жетіп, ағайындылардың біреуі қайтыс болады. Оған көңіл айтуға келген келіндердің бірі былай депті: «Өлмейтін өмір жоқ, үзілмейтін темір жоқ, арты қайырлы болсын». Бұны естіп жеңгелері беттерін шымшып, келген қонақтардың алдында не айтарларын білмепті. Келіндері онымен қоймай: «Ой, есте жоқ, есімнен шығып кетіпті», – деп ақталыпты.
Осылайша келіні төрт атасының атын атап жеберіпті. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер» деген сөз содан қалыпты.
АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ (Екінші нұсқа)
Көтібар деген батырдың аты қалай қойылған? Қазақ кейде не болса соны қоя береді деуге бола ма? Жоқ. Ел ішіндегі аңыз бойынша, бір қатал бай бір кедейдің қызын қалың мал беріп, тоқалдыққа алады. Ол қыздың аяғы ауыр (жүкті) болып, айы-күні жетіп, босануға таянғанда бай былай депті:
– Егер тоқал қыз туса, оны сол бойда өлтіріңдер. Ал егер ұл туса, онда сәбиді алақанға салыңдар.
Сәби дүниеге келгенде босандырушы әйелдердің бірі: «Әй, көті бар, көті бар», – деп айқаласыпты. Сірә, мұнысы қуанғанынан ер бала, ұл бала туды дегені ғой. Осы хабар сол бойда байға жетеді.
Бай айтыпты:
– Сол көті бар деп айқайлағанды құдай да, сәби де естіпті ғой. Олай болса сәбидің аты Көтібар болсын!
Сөйтіп, сәбиге Көтібар деген ат осылай қойылған екен.
Ал Көтібар кім? Ол – әрі батыр, әрі мырза, әрі заманының абзал азаматы болған адам.
Сол Көтібардың үйінде бір жолаушы қарт кісі намаз оқып, сусындап кетейін деп түседі. Намазын оқып, бір аяқ қымыз ішіп отырғанда, Көтібар батыр әлгі қарттан:
– Қосағасы, атыңыз кім? – деп сұрайды.
– Атым Адыраспан, – дейді қарт.
– Апыр-ай, адыры адыр болсын, аспаны несі екен? – леп таңданады Көтібар.