bannerbanner
Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
Қанатты сөз – қазына. 1-кітап

Полная версия

Қанатты сөз – қазына. 1-кітап

Язык: Русский
Год издания: 2020
Добавлена:
Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля
На страницу:
1 из 6

Қанатты сөз – қазына

1-кітап


Кеңес Оразбекұлы

© Кеңес Оразбекұлы, 2020


ISBN 978-5-4498-7631-7 (т. 1)

ISBN 978-5-4498-7632-4

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

«Қанатты сөздер қайдан шықты?» сериясы

ҚАНАТТЫ СӨЗ – ҚАЗЫНА

1-кітап

Аңыз, әңгіме, ертегілерді жинап, құрастырған, қанатты сөздердің мән-мағынасын түсіндірген Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ ДҮЙСЕН.


«Қанатты сөз – қазына» – бұл кітапта халық арасына кең тараған мақал-мәтел, қанатты сөздер мен тәлімді сөз тіркестерінің қалай, қайдан шыққанын ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен ертегілер, шешендік этюдтар арқылы көрнекі мысал ретінде кестелеп беруге тырыстық. Қанатты сөздердің көбі халық өмір-тіршілігімен біте қайнасып ерте заманнан келе жатқандықтан, мән-мағыналары мен жекелеген сөздері ескіріп, көмескіленіп, ұғынып-түсінуге қиындық тудыратындай дәрежеге жеткен. Сол себептен, әр әңгіменің басында немесе соңында олардың түсіндірмелерін де қоса беріп отырмыз.

Туған тіліміздің көркем кестелері мен терең сыр-сипаттарын ұғынып-түсінуге ұмтылған балаларға, жастарға, көпшілік қауымға бұл кітаптың берер қазына-байлығы аз болмас деп ойлаймыз.

АЛҒЫСӨЗ

Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі – мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер – ежелден бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан жауһар қазыналардың бірі болып табылады. Маржан сөздер деп атайтыны содан да болса керек. Ауыз әдебиетінің бұл үлгілері өзге әдеби жанрларға қарағанда бүгінгі күнге дейін халқымыздың тіл қатынас құралы негізінде кең қолданыста. Ел-жұртымыз оларды тіліміздің құнарлы да мағыналы, икемді де оңтайлы, тапқыр да түйінді сөз бөлшектері ретіндегі маңызын жоғары бағалап, сөз қолданыстарына қосып, тіл байлығын арттыру үшін жаңаларын іздестіріп, қызығушылық танытып келеді. Содан да болар, әр қилы құрастырушылардың ізденісімен мақал-мәтелдердің неше түрлі жинақтары жиі щығарылып, кітап дүкендеріміздің негізгі қорын байытып келеді.

Дегенімен, әлгінде айтқанымыздай, ол жинақтардағы мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің негізі халқымызбен бірге көне замандардан бері жасасып келе жатқандықтан, құрамындағы сөздері ескіріп, көнеріп, сөз қолданысымыздан шығып, бүгінгі жұрттың, әсіресе жастардың тісі батпайтындай, мән-мазмұнын түсініп, ұғуға қиындық туғызатындай дәрежеге жеткен. Міне, осы олқылықтың орнын жабуға біздің құрастырып, дйындауымызбен шығып отырған «Қанатты сөз – қазына» атты кітабы көмегін тигізеді деп ойлаймыз.

«Қанатты сөз – қазына» екі кітаптан тұрады. Оның бірінші кітабы ел аузындағы шағын-шағын төрт жүзден аса этнографиялық әңгімелер мен аңыздардан, шешендік этюдтер мен тәмсілдерден, ертегілерден жинақталып құрастырылған. Осы әңгіме-тәмсілдерде баяндалған қызықты да тағылымды оқиғалар арқылы ел аузында кең тараған мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің мән-мазмұны мен олардың шығу тегін ашып көрсетуге тырыстық.

Ал, екінші кітапта мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің шығу тегін танымал жазушылар мен этнографтардың, тарихшылар мен филологтардың, журналистер мен тағы басқа мамандық иелерінің халқымыз салт-дәстүрлері мен этнографиясына, тарихы мен өмір-тіршілігіне, ру шежірелері мен табиғи құбылыстарға қатысты ой-түйіндеулерінен, қызғылықты мысал-деректерінен мыңнан аса үзінділерді рет-ретімен жинақтап беріп отырмыз. Иә, бұл қызғылықты ой-түйіндеулерді өз авторларының атынан осылай жинақтап бермесек, ол қазыналар ел көзінен тасада, көнерген газет-журналдар мен кітаптардың қойнауында, уақыт, заман қатпарларында керексіз, ескерусіз болып қала берер еді. «Ел іші – кеніш» дегендей, біз оларды әр автордың сөз саптаулары мен дерек келтірудегі стилдерін бұзбай жинастырып ұсынып, бұл қазына-байлықтарды халықтың өзіне қайыра қайтарып отырмыз. Оған көзі тірі авторлар түсіністікпен, «өшкені жанған» риза көңілмен қарар деп ойлаймыз.

Осы екі кітаптағы қазына-байлықтарды жай ғана жинақтап бере салмай, әр материалдың үстіңгі немесе астыңғы жағына курсивпен өз тарабымыздан ой-түйіндеулеріміз бен материалдарды толыққанды аша түсетін қосымша деректерді де келтіріп отырдық. Сондай-ақ әрбір мақал-мәтел мен қанатты сөздердің, сөз тіркестерінің мән-мағыналары мен түсіндірмелерін, ескі, көнерген сөздердің түсініктерін, кейбір қанатты сөздердің ел ішінде айтылатын өзгеше варианттары мен синонимдерін де толықтырып беруге тырыстық.

Реті келгенде айта кетейік, екі кітаптағы аңыз-әңгімелер мен материалдардың көпшілігі ел аузынан, ел ішінен алынғандықтан, көнеден, ескіден келе жатқандықтан, олардың әр түрлі нұсқадағы варианттылығы да жиі кездеседі. Мәселен, бірінші кітаптағы «Абылай аспас сары бел» – ел аузындағы аңыз бойынша берілсе, екінші кітаптағы «Абылай аспас асу» жазбаша түрде, яғни Х. Досмұхамбетовтың дерегі бойынша ұсынылып отыр. Сондай-ақ, оқырман қос кітаптағы «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле», «Көп қорқытады, терең батырады», «Ұялған тек тұрмас», «Ұзынсары» және тағы басқа да қанатты сөздердің көп варианттылығын аңғарған болар. Оларды да біз қанатты сөздерің мән-мазмұнын жан-жақты аша түсетін болған соң бірнеше нұсқада ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, екінші кітапта бір қанатты сөзге орай айтылған бірнеше автордың ой-тұжырымдарын да қатарластыра жарияладық. Олар сол берілген қанатты сөздердің мән-мазмұны мен шығу тегін, төркінін бірде жан-жақты толықтырып, аша түссе, енді бірде түсініктері бір-біріне кереғар келіп қалады. Мәселен, «Елді ала тайдай бүлдірдің», «Ұлың – Үрімге, қызың – Қырымға», «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам», «Болат кездік қап түбінде жатпайды» және тағы басқалары. Олардың қайсысының пікірі дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айқындап, саралап жатпадық, көңілі даңғыл оқырманның өз ой-таразысына салдық.

«Қанатты сөз – қазынаның» бірінші кітабы 2010 жылы «Бәрекелді» баспасынан, екінші кітабы «Сенім» Жамбыл баспа орталығынан 2013 жылы аз тиражбен жарық көрген болатын. Кітаптардың жалпы оқырманға ұнағаны сондай, дүкендерде көп жатпай, тез таралып, байланыс телефонымыз арқылы жақсы пікір, лебіздерін айтып, іздеушілер көп екенін жеткізіп жатты. Міне, оқырмандардың сол аңсарлы тілектерін ескергендіктен, «Қанатты сөз – қазынаның» екі кітабын қайта аударыстырып, бұрынғы кемшін тұстарын түзетіп, қосымша материалдармен толықтырып, өздеріңізге жаңалап ұсынып отырмыз.

Ілгері уақытта, біздің бала кезімізде ел ішінде көкірегі даңғыл, қазына, шежіреге толы қариялар көп болушы еді. Олар көпшіліктің, кейінгі жастардың алдында салт-дәстүр, батырлық, тарихи, шежіре әңгімелерді, аңыз, ертегілер мен тәмсілдерді майын тамыза айтып, ел-жұрттың құлақ құрышын қандырып, жастарға өнеге, тәлім беретін. Тағылымдарымен дұрыс жолға салып отыратын. Бүгінде ондай даңғыл қариялар сиреген, тіпті, ел ішінде қалмаған да болар. Біздің бұл кітаптарымыз сол олқылықтың орнын толтыра алмаса да, сондай әңгімелерге сусаған ел-жұрттың қажетіне жарап қалар деп ойлаймыз. Сөйтіп, бұл кітаптар оқырмандарымен қуанып табысатын, дүркін-дүркін қолына алып, ондағы ой-түйіндеулерді өмірлік бағдарына айналдырып, әр шаңырақтың қымбат рухани қазынасының қатарына қосар деп сенеміз.

Кітаптар жайлы пікір-ескертпелеріңіз, алып-қосарларыңыз, баға-лебіздеріңіз болса, мына электронды поштамызға жазып, хабарласуыңызға болады: kenes-0305@mail.ru.

Жинақ балалар мен шәкірт жастарға, ұстаздар мен көпшілік оқырманға арналған.

Автордан.

А

АБЫЛАЙ АСПАС САРЫ БЕЛ


Ел ішінде «Абылай аспас сары бел» деген қанатты сөз бар. Оның мәнісі былай:

«Аралбайдан туған Бәйтелі батыр төре тұқымынан адам өлтіріп, құнды болады. Абылай хан билерін жинап алып, құныкерге өлім жазасын бұйырғанын хабарлайды. Ханның сегіз биінің бірі – немере ағасы Байдалыға Бәйтелі жаутаңдап қарай берсе керек. Сонда Байдалы би: „Несіне қарайсың, лақ құрлы жоқсың ба, бауыздайын деп жатқанда ол да бақырады ғой“, – дейді. Байдалының сөзінің астарын түсінген Абылай өлім жазасын кешіріпті. „Жеті жарғыдағы“ құн төлеудің нарқы атам заманнан белгілі. Ал, қара бұқара төре тұқымын өлтірсе, бұдан былай екі кісінің құнын тартады. Сондықтан Бәйтеліге осы жаза қолданылсын», – дейді. Байдалыдан басқа билер бас шұлғып мақұлдайды. Байдалы: «Тақсыр хан ием, есік алдында сіздің торы төбел тұлпарыңыз байлаулы тұр. Соның төбеліндегі түгі көп пе, жоқ, тұла денесіндегі түк көп пе?» – депті. Абылай:

«Әрине, тұла денесіндегі түк көп», – дейді. Байдалы би сөзін жалғап: «Олай болса төре тұқымы ат төбеліндей аз. Мен жаңа тетелес інім Жәнекеңе (Бекше мен Аралбай бір әкеден, Байдалы Бекшеден, Бәйтелі Аралбайдан туған. Байдалы тетелес немере інісін Жәнекең деп еркелетіп атаған. Содан Бәйтелі аты ұмытылып, Аралбайдан тарайтын бір тайпа ел Жәнекең руы атанып кеткен): „Бауыздайын деп жатқанда лақ та бақырады ғой, бақыр“, – дедім. Ол бақырып аруақ шақырса, ұранға шаппайтын ел болмайды. Сізге қамтуыңыздағы қалың бұқара қарсы шығады. Арғысы Арғын, берісі Мейрамның бес баласы дүрліксе, хан болып тұра алмайсыз. Сондықтан адамнан адамның артықшылығы жоқ, төре тұқымына екі құн төлей алмаймыз. Бір кісінің құнын төлеуге, ол құн даулап отырған адамыңыз нағыз төре болса, талша мойнымыз қылша. Ал, бірақ Бәйтелінің жалалы болған адамы күңнен туған, түбі шикі. Сондықтан жарты құн төлейміз», – деген екен. Сонда Абылай «Сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім» деп Байдалының кесіміне тоқтапты. Сол даудан кейін Байдалы «Абылай аспас сары бел» атанып кеткен екен.

«Абылай аспас сары бел» – бұл хан Абылайдың өкім, үкімі жүрмейтін жері болады дегенді, былайша айтқанда, ұлық, әкім, төрелердің де айтқаны, үкімі жүрмейтін шек бар. Сол шекте тұрсың дегенді аңғартады.


АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА, АС КӨП,

АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА, АТ КӨП


Ағайынды екі жігіттің отбасы өзара тату-тәтті өмір сүріпті. Бірде «Осы тату-тәтті тұрмыстың ұйытқысы біз – ер-азаматтармыз», – деп мақтаныпты ағайындылардың кішісі әйеліне.

– Ал бізді – абысындардың еңбегін неге ескермейсің? – дейді жұбайы.

– Біз бас болсақ, сендер мойын емессіңдер ме. Ендеше бас қалай қараса, мойын да солай бұрылмай ма…

Әйелі бұған салғыласпай, өз шаруасымен жүре береді.

Бір күні олар жігіттің ағасын отбасымен қонаққа шақырады. Қой сойып, ет асып, мүше-мүшесімен дастарқанға қояды.

Ағайындылардың үлкені қойдың алдыңғы сирақтарын өз балаларына беріп, артқы сирақтарын інісінің балаларына ұсыныпты. Сонда кішісінің әйелі күйеунің құлағына: «Сирақтарды қалай бергенін көрдің бе? Алдыңғы аяқтарын – өз балаларына, артқы сирақтарын сенің балаларыңа берді. Яғни, ол өз балалары алда, озық болсын, ал сенің балаларың артта, соңында жүрсін дегені ғой», – деп сыбырлайды.

Ағасы інісінің балаларына жұлын берген еді, «Көрдің бе, сенің балаларың жұлындай үзілсін деген ойын», – деп қояды. Ағасы інісінің балаларына ми ұстатқан еді, «Әне, ол балаларыңның ақыл-ойы мидай былжырақ, су ми болсын деп беріп жатқанын түсіндің бе?» – дейді. Әйелінің осы сөздерінен кейін кішісі ағасымен ұрсысып, сөзге келіп қалады. Сонда кішісінің әйелі оларды қайта татуластырып, күйеуінің өткендегі әңгімесін есіне салады да, «Екі үйдің береке-ынтымағы біз – абысындарға да байланысты, „Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп“ деген», – деп ынтымақ-бірлікке шақырады.

Яғни, бұл мақал ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.


АДАЙ МЕН ТАЗ ЕМШЕКТЕС


Байұлының (Қыдырдың) Жанби, Ұлжан есімді екі әйелі болса керек. Жанбиінен туған Қанбибі есімді қызы болыпты.

Бір күні бойжеткен Қанбибі жақын құрбыларымен сейіл құрып сыртқа шығады. Табиғаттың толыса құлпырған кезі болса керек. Сейіл-серуен құрған қыз-келіншек гүл-құрағы жайқалған бұлақ басына келіп дамыл алады. Сол жерде Қанбибінің көзі ілініп кеткен екен, әлденеден тұла бойы шымырлай балқып оянып кетеді. Көзін ашып байқаса, көктен саулап құйылған нұр іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын балқытып жатыр екен дейді.

Осы нұрдан Қанбибінің бойына перзент бітіп, айы-күні толған соң босанады. Жай босанбайды, бойына әкесіз бала біткен соң, жасырын босанады да, баланы құндақтап, қыр астына апарып тастайды.

Ертеңіне серуендеп түзге шыққан Бай жылап жатқан құндақтаулы балаға тап болады. Баланы үйге алып келіп, Әспенбет деген көріпкелді шақыртады. Әспенбет баланы көріп, «Атыңды шығарар арысың осы болар» деп батасын береді. Бұған қуанған Бай ұлан-асыр той жасап, баланың атын Адай қояды.

Бұл кезде Байдың әйелі Ұлжанның Таз деген баласы емшекте екен. Ұлжан Адайды да бауырына алып, Таз екеуін бірге емізіп өсіреді. Әлгі, «Адай мен Таз емшектес» дейтін сөздің мәнісі осы.

Адай, таз – он екі ата байұлының ішіндегі рулар. Шежіре дерегі бойынша, Кіші жүз құрамындағы байұлы он екі ата, қыздың баласы – Адаймен он үш ата дейтін сөз бар. Мұның мәнісі, Байұлының Қанбибі деген қызынан туған Адай шешеден нәресте кезінде жетім қалады да, Таздың шешесі бауырына салып, Таз бен Адайды тел емгізіп өсіреді. Байұлының басқа бұтақтарына қарағанда, Таз бен Адайдың бір-біріне етете болатыны содан. Таз руынан шыққан Қашқынбай ақынның жеме-жемге келгенде «Емшектес адай қайдасың?!» – деп қолдау күтуінің де бір сыры осында. (А. Сейдімбек).

Осы орайда «Аққу мен қаз егіз, адай мен таз егіз» деген мағыналас мақалды да айта кеткен жөн.


АДАЛ ДОСТЫҚ ӨМІРЛІК НҰСҚА БОЛАДЫ,

АМАЛ ДОСТЫҚТЫҢ ӨМІРІ ҚЫСҚА БОЛАДЫ


Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:

– Достық нешеу? —деп сұрақ қояды.

Сонда Әйтімбет тұрып:

– Достықтың екі түрі болады. Бірі адал – достық, екіншісі – амал достық.

– Дұрыc-ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз? —дегендерге:

– Адал достық өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өмірі қысқа болады, – деп жауап берген екен Әйтімбет шешен.

Адал достық – өмірде шынайы берілген, адамгершіліктен тұратын нағыз достық. Ол өмір бойы жалғасады. Ал амал достық—бір есепке құрылған достық. Ертең есебі түгелденсе, сені тастап, танымай да кетуі мүмкін деген мағынаны білдіреді.


АДАМ ТІЛІ ТАС ЖАРАДЫ, ТАС ЖАРМАСА БАС ЖАРАР


«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген жұтшылық болып, ел шұбырғанда, малдың ішіндегі семізін бас салып сойып, жей берген екен. Сонда бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарапты, бір мерген он бес ауылды асырауға жарапты. Биеден бір сауғанда, бір үлкен көнек сүт шығады екен. Иесі «көз тиеді, тіл тиеді» деп, сайдан-сайға жасырып, байлап жүріп сауады екен. Даладан сүтін сабаға толтырып артып алып келіп, үйге ашытып, рулы елге қымызын жеткізеді екен. Бір күні бір сайда елден-жұрттан жасырып сауайын деп биенің бұтына көнегін салып отырса, көз ұшында төрт кісі көрініпті. Келіп қалады-ау деп асығып сауа береді, бие иіи береді. Қашан төрт кісі келіп жеткенше сауып бола алмапты. Төрт кісі келген соң, амалсыз биенің бұтынан түрегеліп, бір қара тасты алып, «тіл болсаң, тасқа ти» деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнектің бетін жаба қойды. Төрт кісі сәлемдесіп, амандық айтысып болған соң айтты:

– Мана көз ұшында біз көргеннен биенің бұтында отырып едің, сонан бері биеңді сауып отырдың ба, жоқ жай отырдың ба? Біз соның жайын білейін деп жаныңа келіп едік, – депті.

– Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы иімей, жаңа ғана сіздердің алдыңызда зорға иіді, – дейді.

– Бәсе, солай ғой, онан басқа манадан бері сауып отырған болсаң, бір көл болып ағарлық болды, – дейді жолаушылар. Кісілер былай кетісімен, сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара тас төрт бөлінген екен. «Адам тілі тас жарады, тас жармаса, бас жарар», – деген сонан қалған екен. Егер ол тасты салмағанда, биеге кәдік* болады екен.


АҒАЙЫН АРАСЫН ЛАСТАМА

СЫРТТАН ӨСЕК АЙТЫП ДАТТАМА


Сүлеймен деген ағайын болыстықтан дәмесі болып Мәтжан бидің сыртынан күңкілдеп сөз жүргізсе керек. Осындай алып-қашты сөзді сырттай естіген Мәтекең бір күні Сүлейменнің үйіне келіп, «Осы мөрді бір ыңғайлы болса тапсырам деп ойлап қоямын. Бір ойым осы Сүлейменнен артық кім бар деп те қояды», – деп Мәтекең сөз бастайды. Сонда Сүлеймен: «Ойбай, Мәтеке, айта көрмеңіз, мен тек отбасынікімін ғой. Ортаға түссем бүрісіп-тырысып қаламын ғой», – деп ақталыпты.

Сонда Сүлекеңе қарап: «Ағайын арасын ластама, Сырттан өсек айтып даттама», – деп жеңілауыздығын бетіне басқан екен.

Ағайын арасына от салып, бір-біріне айдап салып, шағылыстырма, ұрыстырма. Олардың сыртынан өсек – сыпсың сөз айтып, бір-біріне жамандама. Одан саған пайда түспейді, осы ерсі істерің ертелі-кеш жұрт құлағына жетіп, жаманатты боласың деген астарлы ой жатыр.


АҒАРЫП АЛДЫМА ТҮСПЕ

ҚАРАЙЫП СОҢЫМНАН ҚАЛМА


Бәйдібек бидің бәйбішесі – Сарықыз, екінші әйелі – Зеріп, кіші әйелі – Нұрила (Домалақ апа, Домалақ ене) деген кісілер болған. Сарықыз бәйбішелік жолын арқа тұта ма, жоқ әлде табиғаттың бойына дарытқан қасиеті ме, әйтеуір, төңірегіне қатал, адуын мінезімен танылады. Әсіресе ақыл-парасаты кемел Нұриланы Бәйдібек биден қызғанып, қисынсыз жерде мінез көрсетеді екен.

Бірде Нұрила тезек теріп үйіне қайтып келе жатса, алдынан Сары (Сарықыз) бәйбіше шығып, қамшы жұмсай бастапты. Сары бәйбішенің Нұриланы жазықсыз зәбірлеп жатқанын көрген келіні Сыланды (Иісті) жүгіріп шығып араша түседі. Адуын бәйбішенің сермеген қамшысына арқасын тосып, Нұриланы қорғаштайды.

Осы оқиғадан кейін Сыландыға риза болған Нұрила: «Ағарып алдыма


Кәдік* – қауіп, зақым.


түспе, қарайып соңымнан қалма», – деп батасын береді.

Дуалы ауыз, қасиетті Нұриланың батасы қабыл болып, Сыландының ұрпағы өсіп-өнеді. Бірақ, көптігі жөнінен Нұриланың ұрпағынан асқан емес. Бұлай болуы Нұриланың «Ағарып алдыма түспе, қарайып соңымнан қалма», – деген батасына байланысты еді дейді.

Бәйдібектің тоқалы Нұриладан – Тілеуберді (Жарықшақ), Жарықшақтан – Албан, Суан, Дулат тарайды. Бұларды қараүйсін деп те атайды.

Жалмамбеттің екінші әйелі Сыландыдан – Ысты, одан – Ойық, Тілік, Сызық туған. Жалмамбеттің кіндігінен тараған шапырашты, ысты, ошақты аталарын жинақтап «Ақүйсін» деп те атайды.


АҒАШ ЕКСЕҢ, КҮНӘҢ ЖЕҢІЛДЕЙДІ


Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:

– Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Алла күнәмді кешеді? – деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:

– Жол жиегіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына паналасын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, – дейді.

Қарақшы жолдың жағасына көп ағаш егіп, баптап өсіреді. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бауға айналыпты Жолаушы дем алып, керуен ат шалдыратын саялы баққа айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бауына кезігеді.

– Бұл кімнің бағы? – деп сұрайды.

– Баудың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты дейді.

Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бағында отыр екен. Төбесінен нұр құйылып тұрады.

Шайқы:

– Ей, Алла, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін себезгілеп тұр? – деп сұрайды.

– Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп дем алды. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ақиретте өшпес азыққа айналды, – дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.

Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді» деген қанатты сөз қалыпты.

«Бір тал кессең, оң тал ек», «Мазар басына ағаш ексе, сауабы тіріге де, өліге де тиеді» деген қанатты сөздерде де жоғарыдағыдай тағылымды ойлар жатыр.


АЖАЛ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ


Қорқыт ата өлімге қарсы тұрып, мәңгілік өмірді және адам баласы қайғы-мұңсыз, бақытты өмір сүретін Жерұйық мекенді ұзақ іздейді. Бірақ қайда барса да, көр қазып жатқан адамдарға жолығады. «Бұл – кімнің көрі?» деген сұрағына үнемі «Қорқыттың көрі» деген жауап алады. Содан ойлана келе, «Мәңгілік өмір – тек қана өнерде» деп түсінген дана қобыз аспабын ойлап тауып, астындағы Желмаясын сойып, терісінен соған шанақ жасайды. Сөйтіп, Сырдарияға кілем жайып, үстіне отырады да, қобызын күндіз-түні тарта береді. Сол уақытта бүкіл жер-жаһан, жүгірген аң, ұшқан құс, бәрі-бәрі дарияның жағасына анталап келіп, күй тыңдап тұрады екен. Қорқыттың қобызы күй төгіп тұрған кезде оған ажал да батып келе алмапты. Бірде шаршағаннан көзі ілініп кеткен кезінде судан кішкентай жылан шығып, дана қартты шағып алады. Сөйтіп, Қорқыт жантәсілім етеді. Ел аузындағы «Ажал айтып келмейді» деген нақыл осыдан қалса керек…

Бұл жерде нақыл ажал, өлім алдын ала айтып, хабарлап келмейді, кенеттен, күтпеген жерден келеді деген мәнде ұғынылады.


АЗДЫҢ АТАСЫ БІР


«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім-бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түркі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөздің мәнісі осында.

Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген.


АЙДАБОЛ, ҚАРЖАС – ЕМШЕКТЕС


Көшкіншілік-үркіншілік кезінде Мейрамсопыдан туған Қуандық пен Сүйіндік бір бала тауып алады. Балаға екеуі таласып, бір пәтуаға келе алмайды. Сөйтіп, шешесі Нұрпияға жүгінеді. Нұрпия ана асық қаржылаңдар (иіріңдер) депті. Қуандық жасының үлкендігіне, мінезінің адуындығына бағып, «алшы түссе де, тәуке түссе де, бүк түссе де, шік түссе де менікі» деп отырып алыпты. Сүйіндік шешесіне шағынып: «Апа-ау, осындай да қиянат бола ма екен?» – десе, Нұрпия шешесі: «Балам, бұйырғаны болар, асықтың омпа деген бесінші жағы да бар емес пе?» – депті. Содан, асықты қаржып жібергенде омпа түсіп, бала Сүйіндікке бұйырып, сол баланың Қаржас атануы осыдан еді дейді.

Бұл кезде Сүйіндіктің әйелі жас босанып отырса керек, Айдабол деген баласы бар екен. Жас ана Айдабол мен Қаржасты қатар емізіп өсіріпті. Әлгі, «Айдабол, Қаржас – емшектес» деген сөз содан қалған дейді.

Шежіре деректерінде Арғыннан – Дайырқожа, одан – Қарақожа туыпты дейді. Қарақожаның бәйбішесінен – Мейрамсопы туады. Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан (кейде Нұрқия, Әргүл) – Қуандық, Бегендік, Жегендік, Сүйіндік туған.


АЙДЫ АСПАНҒА БІР ШЫҒАРДЫМ


Көзге түсетіндей, әйгілі болатындай, жұрт таңғаларлықтай ерекше іс жасадым, деген ауыспалы мағынаны береді.

Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» – деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауға айға ілініп қалған екен ғой», – деп Қожа жұлқа тартып алғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып:

– Не болса, ол болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! – депті.


АЙРАН ІШКЕН ҚҰТЫЛАР,

ШЕЛЕК ЖАЛАҒАН ТҰТЫЛАР


Ел ішінде «Айран ішкен құтылар, аяқ жалаған тұтылар» деген нұсқасы да айтылады. Бұл сөз тіркесі «айып-кінәсіз, нақақтан жазаға душар болды», – деген мағынада қолданылады.

Өткен заманда екі ұры болыпты. Екеуі бір үйге ұрлыққа түссе, әлгі үйдің айраны бабымен ұйытылған екен. Әлділеуі айранды ішіп қойыпты да, екіншісіне тек шелектегі жұғыны тиіпті. Шелекті жалап отырғанда, үй иелері келіп қалып, ұстап алыпты. Арғысы қашып кетіпті. Ұсталып қалғаны:

– Мен тек шелегін ғана жалап едім, – деп ақталыпты. Үй иелері ұрының бозарған сиқына қарап:

– Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар, – деген екен.


АҚҚАН СУҒА ДА БІР ТОСУ


Алуа заманында ақын да, керекті жерінде тапқыр екен. Сол елде Кенже деген атағы шыққан адам болыпты. Сол Кенже көптің алдында, тар жерде Алуаға:

– Әй, қатын, бері кел! – депті. Алуа:

– Кенже, атың бар-ау, әйтпесе барып сыбағаңды берер едім, – дегенде, көптің арасында отырған қарт:

– Шырағым, реті келген жерде тартынып қалма, – депті.

Сонда Алуа:

Кел дейсің, келгің келсе, сен келе кет,

На страницу:
1 из 6