
Полная версия
Дерт
– Билет бар, біреулер ұшпайтын болыпты, сол билеттерді біз алатын болдық, тез ақша бер! – деп, асыға сөйлеп, ештемені тыңдағысы келмейтінін байқатыпты.
– Айман, қара, теледидардан не көрсетіп жатқанын! Жағдай қиын, біз ол жаққа бармай-ақ қойсақ қайтеді!? – деп, Мақсұт дәрігер не істерін білмей қобалжып тұрды.
– Бол тез, ана билеттерді біреулер алып кетеді, ақша бер! – деп, Айман күйеуінің айтқан жаңағы сөздеріне мән берген жоқ. Ол ақшаны ала салып кассаға қарай жүгіріп кетеді. Әйел заты ер адамдарға қарағанда пысықтау келеді ғой деп ойлаймын.
Ал, Гүлнәрға келетін болсақ, оның билеті қолында, жаңағы теледидардан көргендерін ойлап, «мен осы қайда бара жатырмын? Бауырым болса қайтыс болып кетті, Рүстем баламды мектебінен шығарып алып ауылға жібердім, баратын жерімнің жағдайы болса мынау, не істесем екен? Бармай-ақ қойсам қайтеді?» деп екі ойлы болып тұрғанда Африкаға баратын әріптестерінің біреуі, «ты о чем думаешь, Телжан тебе выслал билет на самолет, он ждет тебя, ни о чем не думай, все будет хорошо, поехали?!» деп, Гүлнәрді жігерлендіріп жібереді.
Сонымен, көп ойланып жатпай, Гүлнәр алған бағытына, өзінің алға қойған мақсатына жету үшін ұшаққа отырып, ұшып да кетеді. Бужумбури-Бурундиға ұшып келген соң, сол жақтағы Телжан мен әріптестері қарсы алып, шамамен айтқанда екі ай бойы Гүлнәрдің жағдайын жасайды. Өйткені бұл жақтың ауа райына, уақыт айырмашылығына бойы үйренгенше де уақыт керек қой, былайша айтқанда адаптациядан өтуі қажет (адаптация – адам ағзасының қоршаған ортаға бейімделуі). Гүлнәр қалалық госпитальда (Лор), ал Телжан әскери госпитальда (Нейрохирург) өз міндеттерін атқарып, қызу жұмысқа кіріседі. Тып-тыныш жатқан бейбіт елден барған бұларға бір-бірін қырып жатқан елді, қантөгісті көру оңай тиген жоқ. Әсіресе жаңа барған Гүлнәрға қиын болды, ал Телжан болса 1986 жылдан бастап осы елде қызметін атқарып келеді, дегенмен де оның еті үйреніп қалған ғой және де бойында батылдық жігері бар ер азамат ештемеден қорқпайды ғой. Телжанның өзі ұстанған мынандай қағидасы бар: «ажал келсе тып-тыныш отырып-ақ, қайда болсам да өліп қаламын, ажал келмесе соғыста жүрсем де өлмеймін» дейтін еді. Негізінде Телжанды – сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» – десек қателеспейміз.
Бірде, қалалық госпитальға соғысып жүргендер кіріп кетіп, Калашниковтың автоматымен жан-жаққа оқтарын жаудырта бастаған екен. Мұндай сұмдықты көрмеген Гүлнәр оқшау орналасқан бұрышқа отыра қалады. Не істерін білмей, зөресі ұшып, қорқып отырған жерінен Телжан тауып, алып шыққан екен. Мұндай-мұндай жағдайлар көп болған ғой, бірақ олар бәрін айта бермейді. Кейін өздері бастарынан өткен шытырман оқиғаларын жазып, кітап шығаратын шығар деп ойлаймын, өйткені олар жазатын тақырып жетіп артылады.
Гүлнәр екі жылдан кейін еңбек демалысына шығып ауылға келеді. Гүлнәрдің ауылға келгенін естіген Бақыт тәте қызы Қарлығашқа:
– «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жастағы қария барып сәлем береді» деген ата-бабмыздан қалған жақсы сөз бар. Гүлнәр көкең демалысын алып келіпті, барып амандасып келейік, хал-жағдайын білейік, – дейді.
– Жақсы болды ғой, көкеммен амандасып келейік! Как у нее дела, какая стала? – деп Қарлығаш қуанып кетеді.
– Көкең Африкадан кап-қара болып келген шығар, – деп анасы қалжыңдайды.
Талдықорғаннан шығып, екеуі ауылға келеді. Гүлнәрдің аман-есендігін көріп қуанып қалады. «Африкада тұрып келсең де қараймапсың ғой,» деп күлді бәрі. Елдегілер алыста жүрген бұлардың тілеулерін тілеп, «қайда жүрсеңдер де аман болыңдар» деп отырады. Телжан мен Гүлнәр демалыстарына келген сайын АҚШ долларларын елдегілерге шашу етіп шашып кетеді. Әрқайсысына жүз, екі жүз доллардан қолдарына ұстатып кетеді. Олар үшін жүз доллар дегенің тиын шығар, ал елдегілер үшін ол көп-көрім ақша. Ең маңыздысы, бұлардың доллар бергендерінде емес, қайда жүрсе де олардың аман-есен жүргендерінде. Бірде, қонақта отырғанда, «самое главное – что вы привозите домой доллары» деп, балам айтты, деп, Мақсұт жолдастары айтып күлген еді. Ол әлі оқушы бала ғой, оған бәрі оңай сияқты болып көрінеді. Ал бұл долларлардың қандай еңбекпен келетінін ешкім ойламайды, өйткені олардың қандай жағдайда жүргендерін түстерінде де көрген емес. Телжан күйеу бала ООН – ның ерікті мүшесі болып табылады (ООН – Біріккен Ұлттар Ұйымы). ООН қайда жіберсе, Телжан сонда және бұл ұйым адамды қайда болса сонда жібермейді ғой, қай жерде қызу қарбалас, апат, соғыс, бір сөзбен айтқанда дәрігердің шипалы қолы қай жерге қажет болса сонда жібереді. Ал енді Бужумбури-Бурунди мемлекетіне келетін болсақ, бұл жердің табиғаты өте сұлу, әуелі ол табиғаттың сұлулығын суреттеуге сөз жетпейді дейді. Ал климатына келетін болсақ, Рихтердің шкаласы бойынша ауа райының бір келкілігі сонша, жиырма бес градустан не төмен түспейді, не жоғары көтерілмейді екен. Жаңбырлы маусым кезінде жиырма үш градустан төмен түспейді дейді. Сондықтан бұл өңірді Африканың Швейцариясы деп атайды екен. Телжан Африка құрлығында 29 жыл, ал Гүлнәр 11 жыл тұрып қызметтерін жоғары деңгейде атқарды. Гүлнәр Бужумбури-Бурунди және Руанда мемлекеттерінде, ал Телжан болса Африканың оңтүстігі мен солтүстігінде, шығысы мен батысында дәрігерлік міндетін атқарып, сол жақтағы елдердің тұрмысын өз көзімен көрді. Сонда ол «өз жеріме, өз еліме жететін жер жоқ екен» деп ойлаған болар. Міне, қысқаша өз естігендерімді айтып өттім.
Енді, көп алға жылжып, Телжан аға жетпіске толғандағы мерей тойында Бақыт тәте ол бажтайына, құттықтау сөздерін былай деп жеткізген еді:
70 жыл – мерей тойың құтты болсын,
Ғұмырың дәулетті ұзақ болсын!
Талай жыл жүріп сен Африкада,
Ғұмырлық жарыңмен сен табыстың.
Емдедің басқаны, қараларды,
Тудырдың егізден балаларды.
Аталды Жүніс боп біріншісі,
Телжан боп аталды екіншісі.
Жарыңмен шыққанда демалысқа,
Әлемді аралап, бар алысқа.
Долларын АҚШ-тың шашу етіп,
Елге кеп ұстаттың қолымызға.
Мәселе пұлда емес, сенші маған,
«Қайда жүрсең аман бол!» дедік саған.
Гүлнәрмен қызығын бала-шаға,
Көріңдер, шат өмір сыйлап оған!
Бақыт тәтенің қызы Қарлығаш Алматыда, АГРО университетінің студенті. Ал бес жасынан қолында өскен Раушан қызы тұрмыста, бала-шағасымен Жансүгір ауылында ел қатарлы тұрып жатыр. Міне, Бақыт тәтенің әулеті туралы қысқаша айтып өттім.
Сонымен, Бақыт тәтенің денсаулығы күннен күнге түзелер емес. Бойын әлсіздік билеп, жата бергісі келеді және ешкімнің мазасын алғанын қаламайды. Бірде, осылайша жатқанда
үйге кенже інісі Сәбит келеді. Үйде, қысқы демалысына келген Қарлығаш пен Сергей інісінің Динара деген қызы бар еді. Інісінің келгенін байқаған тәте:
– Сәбит, ас үйде бір қап картоп тұр, соның жартысын салып ал да қыздарды да ала кет.
Лесхозға апарасың ба, Талдықорғанға апарасың ба, өзің біл, – дейді де жата береді. Ол кісі осылайша жатып, есін бірде білсе, бірде білмейтін жағдайға жетеді.
Үйдегілермен осы қалада тұратын туыстары не болғанын түсінбей дел-сал болады. Төсекте жатқан тәтенің өзі де «маған не болған? Еш жерім ауырмайды, бірақ бүкіл денемді әлсіздік билеп алды. Аяқтарым жүргісі келмейді, шай құйған кесемді екі қолыммен көтеремін,» деп кеииді. Ол кісі тізесінен төмен қарай ісініп тұрғанын байқайды. Осы кезде есіне – ісікті жылқының іш майы тартады, – деген үлкендердің айтқандары түседі. Ол кісі базардан жылқының іш майын алғызып тізесіне тартады. Бірақ бұл әрекетінен ештеме шықпайды.
Науырыз айының 27 күні анасының қайтыс болған күні. Осыған орай туған-туыстарды, көрші-көлеңді шақырып құдайы тамақ берілетін болды. Алматыдан Аймен әпкесі, жездесі Еркін бала-шағасымен келді. Сондай-ақ, ауылдағы туыстар, құда-құдағилар, көрші-көлеңнің бәрі жиналып Сәбиттің үйінде құдайы тамақ берілді. Бақыт тәте болса осы үйдің жатын бөлмесінде жатыр, өйткені дастархан басына отырар шамасы да болмай қалған еді.
Сонымен, келесі күні Бақыт тәтені апа-жездесі Алматыға алып кетеді. Алматыда бұл кісілерге туыс болып келетін Меліс аға мен Жақатай тәте бала-шағасымен тұратын. Меліс ағаның өзі де, қызы Айгүл де дәрігерлер. Айгүл Сов. Миннің ауыруханасында қызмет атқаратын. Аймен тәте Айгүлмен ақылдасып, осы ауыруханаға сіңілісін емдетуге жатқызады. Әрине, мұнда Серік жиені қомақты пұлын төлегенсоң ғана науқасты қабылдады. Сонымен, дәрігерлер Бақыт тәтені бастан-аяқ тексеруге кірісіп кетті. Күнде-күнде сараптама жасап, неше түрлі УЗИ тексерістерінен өткізіп, сонымен бірге рентген, компьютерлік диагностика жасап бір қортындыға келді де емін белгіледі. Және Талдықорғанның тубдиспансері қойған диагнозды жоққа шығарды. Бақыт тәте дәрігердің Аймен әпкесіне айтып жатқан сөздерін естіп қалды. Дәрігер былай деген еді:
– Бұл кісі күшті антибиотиктер қабылдаған және қатты күйзеліске түскен. Бүгінгі таңда мұндай дерт өте сирек кездеседі. Бұл қанның құрамының бұзылуына байланысты. Ал қанның құрамының бұзылуы ішкі ағзасына зиянын келтірмей қоймайды.
– Бұл дерттің емі бар ма? Сіңілім жазыла ма? – деп, Аймен әпкесі уайымдай бастайды.
– Уайымдамаңыз, қолымыздан келгенінің бәрін істейміз. Күнде-күнде қанын сараптама тексерісіне алып тұрамыз, – деп, дәрігер палатадан шығып кетеді.
Келесі күні медбике келіп Бақыт тәтенің саусағынан тағы қан алып жатқанда:
– Күнде, күнде саусағымнан қан ала бересіңдер ме? Мен өте қырсық адаммын, – деп, тәте медбике қызға ренішін білдіреді.
– Ия апай, мен де қырсықпын. Қаныңызды күнде тексерістен өткіземіз, берген дәрінің бәрін ішіп жүрсіз бе!? – деп, медбике әдемі қарақаттай көздерімен тәтеге қарап жымиды. – А деп келгеніңізде әрең жүріп келіп едіңіз, қазір жақсы болып қалдыңыз, тәуба.
– Ия, рахмет қызым. Менің сендей қызым бар, студент, – деді де тәте ойланып қалды.
– Ал, енді демалыңыз. Сәлден кейін таңғы ас келеді, сіз дұрыс тамақтануыңыз керек, – деп медбике палатадан шығып кетеді.
Түске таман Аймен әпкесі Сәлима деген құрбысымен Бақыт тәтенің халін білуге келді. Ол кісілер науқастың халін сұрап көңілін көтергендей болды. Үйден әкелген мантыны тәтеге беріп тамақтандырды да өздері ананы-мынаны айтып сөйлесіп отырды. Бірақ, Бақыт тәтенің бұл кісілермен шаруасы жоқ, өзімен-өзі, мәңгіріп отырғандай болып көрінді. Тамырынан құйып жатқан дәрілердің және күнделікті ішіп жатқан мықты-мықты дәрілердің әсері ме, әйтеуір есеңгіреп отырады. Осы қабылдап жатқан дәрілердің әсерінен болар, ол кісінің
шашы да түсе бастады. Химия жолымен жеңіл бұйралап қойған, қысқа қиылған шашы қалың және қайратты еді. Бірақ, шашының түсіп жатқанын бұл кісі байқаған да жоқ. Қолының саусақтарымен шашынан тартса болды уысы шашқа толады. Ол шашты төсектің алдында жатқан кішкене кілем тәрізді төсенішке тастай береді. Бірақ, «шашым неге түсіп жатыр» деп ойламайды. Бөлменің шаңын сүртіп, еденін жуып жүрген санитар әйел де бұл кісіге «шашыңды жерге тастама» деп айтпайды. Осылайша күндер өтіп жатады.
Аймен тәте де сіңілісінің жайын ойлап, осы палатаға жатып, бір жағынан сіңілісіне қарап, екінші жағынан өзі де біраз ем алуды ойлайды да, ойлаған ойын жүзеге асырады. Бақыт тәтенің қасындағы төсек бос болмады. Ол төсекте бір әйел ем алып жатыр еді. Бұл палата екі кісілік болатын және мұнда дәретханасы да, жуынатын бөлмесі де осы жерде. Палатаның ішінде тамақ ішетін стол, екі орындық, сонымен бірге емделіп жатқан кісілердің киім-кешектерін жинап қоятын шкафы да болды. Бір сөзбен айтқанда, емделушілерге барлық жағдай жасалған екен. Сонымен, Аймен тәте көрші палатаға орналасты. Өзі де ем алып, арасында сіңілісін суға түсіріп, киімін ауыстырып дегендей, өз қамқорлығын аянбай көрсетті. Бір күні медбике келіп:
– Тәте, дәретханаға үш литрлік шыны банка мен бірнеше екіжүз грамдық шыны банкаларды қойдым. Сол шыныларға зәріңізді жинаңыз, – деді тәтеге қарап.
– Сонша зәрді қалай жинаймын? Ол мүмкін емес қой! – деп тәте біртүрлі болып қалды да күліп жіберді.
– Бүгін, ертең жинағаныңызша жинаңыз, ол сараптама өткізу үшін қажет, – деп медбике жымиды да палатадан шығып кетті.
Медбикенің осы сөзін естіген Аймен тәте, «си, си» деп, сіңілісінің мазасын ала берді.
– Ақырындап жинап жатырмын ғой енді! – деп, Бақыт тәтенің дауысы қаттырақ шығып кеткенге ұқсайды, өйткені мұны естіп қалған медбике қатаң үнмен:
– Да оставьте вы в покое Мадимову! – деді Аймен тәтеге қарап.
Осыдан кейін Бақыт тәте заболды да, «ал ендеше» деп, бір шыныға отырған зәрін кішкене шынылардың бәріне бөліп құя салды да орнына барып жатты. Әпкесі өзінің палатасында күре тамырынан система алып жатыр еді. Осы кезде бұл кісілердің кенже бауыры Сәбит жолдасы Қадишамен палатаға кіріп келді.
– Аманбысың, Бақыт? Халың қалай? Тәуір болып қалдың ба? – деп, інісі әпкесінің бетінен сүйді.
– Сәлеметсіз бе, жағдайыңыз жақсы ма? – деп, келіні де халын сұрап бетінен сүйіп жатыр.
– Қазір жақсымын. Үйден келесіңдер ме? Өздерің қалайсыңдар, балалар аман-есен бе?
– Бәрі аманшылық. Біз Тараздан келеміз, – деді Сәбит бауыры. – Балаларды көктемгі демалысына орай нағашыларына апарып келеміз.
– Сендер машинамен жүрсіңдер ме? – деп, шыдамсыздана сұрады әпкесі.
– Ия, машинамен жүрміз, енді үйге қайтып барамыз, – деп жауап берді Сәбит.
– Көрші палатада Аймен жатыр, соған барыңдар, – деп, Бақыт тәте қояр да қоймай бауыры мен келінін Аймен әпкесіне жіберді.
Сәбит пен Қадишаның ойларында ештеме жоқ, палатадан шығып кетті.
Осы палатадағы екінші төсекте бір науқас емделіп жатыр деп жоғарыда айттым. Ол кісі Бақыт тәтенің мына қылығына таңқалды және дертінің аса оңай еместігін де, сары уайымға салынғанын да байқаған еді. Бауыры мен келінін көрші палатаға жібере салып, Бақыт тәте орнынан тұрып, шкафтан пальтосын алып киді де «үйге кеттім» деп, дәлізге шығып кетті. Далаға шығып, бауырының көлігінің арт жағына жайғасты. Көліктің ішінде бауырының екі ұлы отыр екен. Олар – Еламан мен Елдос, мектеп оқушылары. Еламан жоғарғы сыныпта, ал Елдос бастауыш сыныпта оқиды. Тәтенің көлікке жайғасып отырғаны сол еді әпкесі, бауыры, келіні, соңдарынан медбике мен дәрігер келді.
– Түс машинадан, түс деймін! Еміңді соңына дейін ал! Қазір недәуір жақсы болып қалдың ғой! – деп, әпкесі жылап, пальтосының жағасынан ұстап өзіне қарай тартса да Бақыт тәте оңайлықпен түсер емес.
– Түспеймін, үйге барамын! – деп, тәте бой бермеді.
– Қанша ақша төленді мында, білесің бе!? – деп әпкесі шырылдап жүр.
– Білемін, ақшаңды кейін қайтарамын.
– Жарайды, тиіспеңіз ол кісіге. Диагноз қойылды, қандай ем қабылдайтыны туралы белгіленіп жазылды. Талдықорғанда да дәрігерлер бар, емін сол жақтан алса да болады. Біреулеріңіз менімен жүріп ол кісінің құжаттарын алыңыздар, – деді, мұнда келген дәрігер.
Сонымен, тәтенің құжаттарын алып, бұл кісілер жолға шықты. Үйіне қалай жеткені тәтенің есінде жоқ, тек есінде қалғаны, бесінші қабаттағы пәтерінің есігін Динараның ашқаны.
– Динара, мен ауруханадан қашып кеттім, – деді де Бақыт тәте сырт киімін шешініп, төсегіне барып жатты. Осыдан кейін тағы не болғаны есінде жоқ.
Біраз уақыт өткеннен кейін, тәтенің Аймен әпкесі ортаншы ұлы Серікпен бірге Алматыдан келді. Қалалық емханаға барып учаскелік терапевке кіріп, Алматыдағы дәрігерлердің, науқас туралы шығарған қортындысын көрсетіп кеңес сұрады.
– Сіздер алдымен жүйке ауыруларын зерттейтін дәрігерге барғандарыңыз дұрыс болар. Ол кісі қазір өзінде, кабинеті төртінші қабатта, – дейді терапевт.
– Төртінші қабатқа ақырындап өзім көтерілемін, – деп, Бақыт тәте қос қолдап, баспалдақтың қанатынан ұстады.
– Пока вы таким образом будете подниматься целый час пройдет. Давайте, я вас возьму на руки и быстренько поднимемся на четвертый этаж, – деді де Серік тәтесін көтеріп алып төртінші қабатқа шықты.
Дәрігер – жүзі жылы, ұзын бойлы, орта жастағы адам екен. Ол кісі тәтенің қолындағы қағаздарын алып оқыды да өзінің кәсіби тексерісіне кірісті. Одан кейін алдындағы науқасқа қарап:
– Где у вас болит? – деп сұрайды.
– У меня нигде не болит, у меня слабость во всем теле. Мне даже трудно поднять свою сумочку, ноги плохо слушаются. Сейчас меня на четвертый этаж на руках принесли. И память плохая. Я временами ничего не помню. – деді Бақыт тәте дәрігерге қарап.
– Зачем, надо было меня вызвать, и я пришел бы к вам, – деді де өзінің шығарған қортындысын жазып, тәтемен бірге дәлізге шықты.
Дәлізде Аймен әпкесі мен Серік тұр еді.
– Здраствуйте, вы привели пациентку!?
– Да, добрый день. Что скажете по поводу моей сестры? – деп сұрады әпкесі қобалжып.
– Не переживайте, ей надо серьезно лечиться. Если сказать по моей части, то у нее нарушено координация движения и атеросклероз. Это все последствия ее основной болезни.
Я все здесь написал. Ей нужно амбулаторное лечение, – деп, дәрігер Бақыт тәтенің емдік құжаттарын Аймен тәтенің қолына берді.
– Хорошо, спасибо вам большое, – деп, Серік Бақыт тәтені көтеріп алды да төменге түсті.
Кешке жақын үйге Берік аға мен Алма тәте келді. Шай үстінде Бақыт тәтенің жағдайын сөйлесті.
– Мына қиын-қыстаң заманда ауыруханаларда сонша жағдай жоқ. Аймен, ертең екеуміз қалалық ауырухананың бас дәрігеріне барайық. Мен ол кісіні жақсы танимын, – деді Алма тәте.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «Литрес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.