
Полная версия
Труды IX Республиканской научно-практической конференции «Образование XXI века: проблемы, тенденции и перспективы»
Әлеуметтік интеллект теориясын зерттеген ғалымдардың қатарында Г. Айзенк, Д. Гилфорд, Э. Торндайк және басқа да зерттеушілер бар. Э. Торндайк әлеуметтік интеллектті адамның адамдарды түсіну және олармен тиімді қарым-қатынас жасау қабілеті ретінде қарастырған. Оның пікірінше, әлеуметтік интеллект тұлғаның қоғамда табысты өмір сүруіне мүмкіндік беретін маңызды қасиеттердің бірі болып табылады.
Әлеуметтік интеллектіні (Г. Айзенк, Д. Векслер, Дж. Гилфорд, Ч. Спирмен, Э. Торндайк және т.б.) адамдардың басқаларды қабылдау және оларға ықпал ету қабілеттері бойынша айырмашылықтары бар деген.
Әлеуметтік интеллект мәселесін зерттеген ғалымдардың қатарында Г. Айзенк, Д. Векслер, Дж. Гилфорд, Ч. Спирмен де бар. Бұл ғалымдар адамдардың басқаларды қабылдау, олардың мінез-құлқын түсіну және оларға ықпал ету қабілеттері әртүрлі болатынын атап көрсеткен. Яғни адамдар арасындағы айырмашылықтар тек интеллектуалдық қабілеттермен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және эмоциялық қабілеттермен де анықталады.
Осы теориялық негіздерге сүйене отырып, ата-аналар мен тәрбиешілер балалардың эмоциялық дамуына қолайлы орта қалыптастыруы қажет. Ата-аналар баламен ашық сөйлесіп, оның сезімдерін тыңдап, түсінуге тырысуы тиіс. Балалардың эмоционалдық интеллектісін дамыту — ғылыми тұрғыдан негізделген маңызды педагогикалық міндеттердің бірі.
Қорыта айтқанда, мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалдық интеллектісін қалыптастыру олардың тұлғалық және әлеуметтік дамуының маңызды шарты болып табылады. Эмоционалдық интеллект баланың өз эмоцияларын түсінуіне, оларды басқаруына және басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Балалардың эмоционалдық интеллектісін дамыту үшін мектепке дейінгі ұйымдарда қолайлы психологиялық орта құру, ойын әрекеттерін ұйымдастыру және тәрбиелік жұмыстарды дұрыс жоспарлау қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар баланың болашақтағы әлеуметтік бейімделуіне және тұлғалық дамуына оң әсер етеді.
Әдебиеттер тізімі
1. Выготский Л. С. Психология развития ребенка. — Москва: Эксмо, 2005. 2. Piaget J. The Psychology of the Child. — New York: Basic Books, 1969.
3. Запорожец А. В. Развитие эмоций у детей дошкольного возраста. — Москва: Педагогика, 1986.
4. Божович Л. И. Личность и ее формирование в детском возрасте. — Москва: Просвещение, 2008.
5. Қалиева С. Мектепке дейінгі педагогика. — Алматы: Рауан, 2012.
6. Қалиев С., Әлімқұлов Ж. Қазақ этнопедагогикасының негіздері. — Алматы, 2003.
Альмуратов Б. Т.
БІЛІМ БЕРУ АДАМ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШІ РЕТІНДЕ
(М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті, Тараз қаласы)Білімнің адам дамуындағы айқындаушы рөлін тану адам капиталының теориясына негізделеді, ол теория бір мезгілде адам дамуы тұжырымдамасының пайда болуының теориялық алғышарты және аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және ол тұтастық қалпында ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында қалыптасты.
Адам дамуы тұжырымдамасының мәні мен мағынасын анықтайтын өзекті элементтерінің бірі мемлекет, қоғам және тұлға үшін білімді жоғары басымдық дәрежесіне көтеру болып табылады. Адам дамуы тұжырымдамасының мәні мен мағынасын анықтайтын өзекті мәліметтерінің бірі мемлекет, қоғам және тұлға үшін білімді жоғары басымдық дәрежесіне көтеру болып табылады.
Адам дамуының аса маңызды факторы ретінде білім экономикалық, саяси, әлеуметтік және гуманитарлық проблемалардың тұтас жиынтығын шешуге айқындаушы немесе біршама елеулі ықпал көрсетуге лайықты. Ондай проблемаларға мыналар жатады: әр елдегі халықтың қазіргі заманғы өркениет деңгейі мен тұрмыс сапасына қол жеткізу, кедейшілікті бағындыру мүмкіндігі, тиімді жұмыспен қамтылуды қамтамасыздандыру, әлеуметтік теңсіздіктің деңгейін төмендету, гендерлік және этникалық теңсіздіктен арылу, қылмыстықты азайту, АИВ/ЖИТС ауруының таралуына қарсы күрес жүргізу, саяси және этносаралық жанжалдардан арылу және сақтандыру, орнықты дамуды қамтамасыз ету, азаматтық қоғамның құрылымдарын күшейту, адам құқықтарын сақтау және тиімді іске асыру, тұлғаның өз мүмкіндіктерін толық және жан-жақты іске асыруы үшін жағдайлар жасау қажет. Сондай-ақ, білімді аса маңызды адам капиталы ретінде қарай отырып, адам дамуының тұжырымдамасы білімнің кең ауқымды және көп қырлы әлеуметтік қызметтерін бекітіп, оған осы заманғы социумның іргелі проблемаларын шешуде басты рөл атқаратынын айта кеткен жөн.
Білім беру жүйесіне тікелей және жанама түрде бүкіл қоғамның қатысы бар. Білім жүйесін өзгерту қоғамның және жеке тұлғаның көзқарасын, ой-санасын, психологиясын, мүдделерін, қарым-қатынасын кешенді түрде өзгерту арқылы жүзеге асырылады. Осындай кең ауқымды, күрделі реформаны жасау мол қаржылық, кадрлық ресурстарға қосымша реформа бағыттары мен мазмұнын әдіснамалық негіздеуді, жан-жақты байыпты даярлық жасауды, ғылыми-теориялық зерттеулер мен практикалық сынақтар өткізуді, білім жүйесінің басшыларының, мұғалімдердің, оқушылардың, жалпы қоғамның арасында психологиялық даярлық, бейімдеу, ынталандыру жұмыстарын өткізуді қажет етеді. Сондықтан да жаңа білім моделін ғылыми-зерттеу зертханаларында ғана әзірлемей, озат мектептердің тәжірибелерін саралау, жаңашыл педагог-мамандарды, ата-аналарды, қоғам қайраткерлерін, білім саласына қатысы бар барлық мекемелер мен ұйымдарды кеңінен қатыстыру, олардың қызметтерін өзара үйлестіру арқылы жасауға тиіспіз.
Американдық жоғары білім беру жүйесінің ерекшелігі: жоғары оқу орындарының едәуір еркіндігі және автономиялылығы. Ал мұндай менталитет Қазақстан сияқты дәстүрлі қоғамда қалай көрініс табады? Білім беруде әлемдік стандарттың ұлттық санаға ықпалы қалай болады? Мәселен, ұлттық патриотизмге, ұлттық этикалық санаға, жеке тұлғаның өзіне өзінің тең келу мәселесіне, ұлттық мифтік санаға, ұлттық идентификация мәселесіне ықпалы қандай болмақ дейтін әртүрлі сұрақтар туындайды.
Болон Декларациясы, әлемдік бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру үрдісі бүгінгі жаһандану феноменінің құрамдас бөлігі, оның іске асырылу формасы десек болады. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда көрсетілгендей, білім берудегі бұл инновацияның түбірлі мәні мен сипатын әмбебап нарықтық-экономикалық рационализм, ал ол тікелей өндіріс қажеттілігі мен пайда іздеу мүддесімен байланысты болатынын мемлекет жасырмайды. Осының өзін методологиялық тұрғыдан пайымдайтын болсақ, кредиттік жүйенің идеологиялық мәндік болмысын білдірмек.
Неоклассик-экономист А. Маршаллдың пікірінше табиғат қайтарымы төмендеу тенденциясында болса, адам осы қайтарымды арттыру тенденциясына ие. «Білім біз үшін өндірістің ең қуатты қозғаушысы, табиғатты бағындырып, оның күштерін қажеттілігімізді қанағаттандыруға, пайдалануға мүмкіндік береді» [1].
Адамның сапалық параметрлерін қалыптастырушы және жетілдіруші рухани өндірістің маңызды салаларының бірі — білім беру саласы. Білім беру бір жағынан, тұтас ұлттың интеллектуалды потенциалының дамуы және тереңдеуінің факторы болса, екінші жағынан — адам мүмкіндіктерінің барынша жүзеге асуының іргелі алғышарты. Білім беру экономикалық өсудің маңызды факторы, әлеуметтік теңсіздікті жеңілдетудің және жұмыссыздыққа қарсы құрал ретінде қарастырыла басталды. Әсіресе білімі және біліктілігі жоғары адам прогрессивті қоғамдық өзгерістердің көзі және қуатты қозғаушы күші ретіндегі өзекті мәселеге айналды.
Білім беру қоғамның әлеуметтік кәсіптік құрылымын қалыптасырушы, мәдениетті ұдайы өндіруші, жинақталған әлеуметтік тәжірибені, адамгершілік, мораль қағидаларын жалғастырушы, индивидтердің әлеументтендірілуін қамтамасыз етуші институт болып табылады. Сондай-ақ, білім беру индивидтердің, қоғамның интеллектуалды және әлеуметтік-психологиялық потенциялын қалыптастырады; жанама түрде, білім беру индивидтің дене және психофизиолгиялық жағдайына әсер етеді; адам капиталының моральдық тозуының орнын толтырады, адам капиталы потенциалының жойылуының алдын алады. (жұмыссыздар, зейнеткерлер), ұлттық қауыпсіздікті және қоғамда демократияның сақталуын, оның күшеюін қамтамасыз етеді.
Адам капиталының анықтаушы элементі — білім беру экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және өркениеттіліктің факторы; оның қалыптасуы елеулі экономикалық ресурстарды қажет етеді. Оның үстіне, білім беруді өндіруде «нарық шарасызығының» орын алуы да мемлекеттің білім беру қызметі рыногындағы мінез-құлқын анықтайды. Сондай-ақ, мемлекеттің білім беру қызметіне сұранысты осы қызметтің адам құқықтарының бірі екендігімен анықталады.
Адам капиталы теориясы шектеулілігінің басты факторының мәні былай, осы теория даму логикасы мен постиндустриялық өркениеттің іргелі әлеуметтік мақсаттарына сәйкес келе бермейді. Күн тәртібіне білімнің тар экономикалық мәселелері ғана емес, сонымен бірге оның әлеуметтік кең тиімділігі, қоғам және адам үшін өзіндік құндылығы, адам құқықтарының қамтамасыздығы контексіндегі білім туралы мәселелер көбірек ұсынылатын болды [2].
Адам капиталы адамның сапалық және сандық көрсеткіштерімен анықталатын, табиғи болмысы мен әлеуметтік мәні бар зор қабілеті, білімі, білігі, дағдысы. Бұл әлеуметтік құндылығы жоғары сипаттардың қалыптасуы индивидтің өзінің уақыты мен маериалдық мүмкіншіліктеріне және де мемлекет тарапынан жұмсалатын тікелей және жаңа шығындарға байланысты. Адам капиталының бұл қасиеттері біріншіден, субъектінің әлеуметтік статусын көтеруге, екінші жағынан еңбектің тиімділігін арттыруға, жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталады. Сондықтан да, адам капиталына инвестиция салу оның әлеументтендіру тәжірбиесіне терең өзгерістер енгізіп жалпы адам капиталының жиынтық қорының мазмұнына, құрамына, қалыптасуына оң әсер етеді. Адам капиталын қалыптастырудың қоғамдық сипаты басымырақ, бұған қоғамды әлеуметтік ұйымдастыру деңгейі әсер етеді. Адам капиталын ұдайы өндіру тұрғындарды, жалпы халықтың сандық және сапалық мәнінің дамып, қоғамның рухани және материалдық жүйесіне жинақталуымен байланысты. Адам капиталын қалыптастырудың және ұдайы өндірудің ішкі және сыртқы факторларына мыналарды жатқызуға болады. Сыртқы факторлар:
— Білім, ғылым, тәрбие, ақпарат, денсаулық, тұрмыстық қызмет көрсету, әлеуметтік институттарының дамуы. Олардың даму деңгейінің көтерілуіне инвестициялар жұмсау, адам капиталының сандық, сапалық көрсеткіштерінің қалыптасып жатқан құрылымдарының өзгеруіне терең әсер етеді.
— Адам капиталын құрушылардың өмір сүру әрекетінің сыртқы ортасына еңбек ету жағдайы, үй-тұрмысы, өмірлік тұрағының инфрақұрылымы жатады. Бұл саланы жетілдіру, инвестиция құю, аймақтардың, әр түрлі ұйымдардың әлеуметтік саласын дамытып, жалпы қоғамдық инфрақұрылымының дұрыс бағытта өзгеруіне әкеледі.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Үсенова Г. Қоғам және экономика: стратегиялық мақсаттарды қорландыру тетігі. / Қаржы-қаражат, 1998, №8, 22б.;
2. Левент К. Қазақстанның жоғары оқу жүйесінде қажетті реформалар: шетел тәжірибесінен пайдалану. АльПари, №2, 2003ж.
Альмуратов Б. Т.
ЭТНОМӘДЕНИ ОРТА ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОҒАМ ӨМІРІНДЕГІ РӨЛІ
(М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті, Тараз қаласы)Біздің елімізде болып жатқан соңғы жылдардың оқиғалары қоғам өміріндегі ұлттық факторлардың жоғарғы мәнге ие екенін көрсетуде. Полиэтностық полимәдениет жағдайында өмір сүріп отырған адамның ұлттық сипатта дамуына қоғамдық өмірдегі өзгерістер әсер етеді. Қазіргі уақытта біздің полиэтностық қоғамда өтіп жатқан экономикалық, әлеуметтік-саяси, мәдени, демографиялық және басқа да процестер елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностардың ұлттық сана сезімдерінің көтерілуімен түсіндіріледі. Жеке бір адамның және этностың этностық өзіндік санасының деңгейі, көп ұлтты қоғамның әлеуметтік-психологиялық және атмосферасын белгілі бір мәнді дәрежеде анықтайды. Этностық өзіндік сананың құрылымы, этностық эдентификация, өз «менің» бастан кешіруі, әсерленуі, өзіндік қатынасты белсендіру, этнорухани мәдениетке, ұлттық тілге, халық шығармашылығына, дініне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне деген психологиялық орнықтылық сияқты белгілермен анықталады. Этнофакторлардың мәнді өсуі этностық өзіндік сананы күшейтеді. Этностық өзіндік сана индивидуалды қасиеттердің әртүрлі деңгейдегі ерархиялық байланысын детерминациялайтын қасиетердің және интеграцияланған индивидуалдықтың дамуының жүйелі ұйымдастырушысы функцияларының орындайды, әрі реттейді. Этностың басты объективті тасушысы болып табылатын «ұлттық мәдениеттің» әлсіреуі барысында өтетін этностық өзіндік сананың күшеюін «этникалық парадокс» деп айтуға болады. Бұл парадокстың болу себебі ұлттық өзіндік сананың компенсациялаушы функциясымен байланысты, соны күшейту және бекіту, этнностық өзіндік сананың объективті негізі — этностың, ұлттың өзіндік қайталанбас мәдениеттің әлсіреуінде пайда болатын теріс әсерлерді теңестіреді.
Қазіргі жаңа этнопсихологияда өз бетінше дамып жатқан бақтардың бірі — психофизиологияның, когнитивті процестердің, естің эмоцияның, сөздің этностық ерекшеліктерін салыстырмалы — мәдени зерттеулері жатады. Этнопсихологияның методологиясы өте күрделі. Этносты құрайтын индивидтің қасиеті мен тұтастықты құрайтын ұлттық мәдениет қасиеттері бірдей емес, мәдениеттің және психологияның зерттеулері арасында этнопсихологияға байланысты үнемі белгілі бір ажырау болады. Сондай-ақ этностық ерекшеліктер жайлы бір қорытынды жасау үшін, қандай да бір салыстыру керек деген ой көлеңкелеп тұрады. Сондықтан да этноцентризм мәселесінен қашу үшін оны терең түсіну керек. Халықтардың психологиялық ерекшеліктері жайлы абстарактілі, негізделмеген қорытындылар ұлттық сезімдерді қорлауы мүмкін. Осы сұрақтарды талдауда пән аралық гуманитарлы ғылымдар атап айтқанда этномәдениеті бізге көмектеседі. Мұнда индивидуалды сана сезімдер сол мәдениетте қабылданған адамның жалпы моделінен тәуелді болады және олардың құндылықты — нормативті аспектілері талданады [1,410—417 бб]. Г. У. Кцоева этностық өзіндік сананың әлеуметтік топтардың этномәдени болмысқа белгілі бір қатынасы, әлемді қабылдаудың ерекше тәсілі ретінде қарастырады [2,55—56 бб]. Этномәдениет бағыттағы зерттеулер позитивті этностық және мәдени идентификацияның қалыптасуының психологиялық механизмдерін табумен айналысады.
Этномәдениетті түсінуге деген алғашқы ықпал социосфера парадигмасында этностық процестерді зерттеумен байланысты болды. Ол парадигманың бастапқы алғы шарты этнос әлеуметтік құбылыс, сондықтанда қоғам даму заңдарына бағыну керек, өзінің меншікті заңдары жоқ деген сеніммен байланысты болады. Этнос жүйелі деген идея біртектілік, идентификация ретінде түсініліп сана сезімдердің бөлінбес бөлігі деп аныталады. Этностық жүйедегі мәдениеттің маңызды функциясына — этносты сигнефикативті жүйе ретінде анықтайтын белгі-символикалық функциясы жатқызылды. Сигнефикативті жүйеге тіл ғана емес этнос құрылымында коммуникативті рөл атқаратын басқа да элеметтер жатады. Ұзақ жылдар бойы этномәдени мәселесін дәстүрлі жағдайда тек фольклор мәнінде карастырды. Оны ұлттық дәстүрлердің рухани және тұрмыстық аспектілеріне апарады. В. Бромлей осы сұрақты талдай отырып, мәдениетті этностық аспектісі жайлы айтып, оны «өндірістен тыс мәдениет» деп аталады, яғни мәдениет адамдардың күнделікті материалды және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру сферасында қаралады [3, 351 б].
Шындығында тұрмыстық мәдениет этностық қатынаста дәстүрлі қырларды көбірек сақтайды. Этномәдениет мәселесін қарастыруда этномәдени реттеу жүйелеріндегі дінді аттап кетуге болмайды. Этностық тарих этногинез факторлар жүйесінде діни комплекстердің маңызды ролін көрсетеді, әсіресе этномәдени интеграциядағы діни құндылықтар, «Провославиелік» және «Ислам» әлемі сияқты супер этностық тұтастықтар құру сұрағы, сондай-ақ этностық бірлікті қалыптастыру мен сақтаудағы діннің маңызды ролін корсетті. Сөйтіп, «социосфера» ықпалындағы зерттеулер этномәдениеттің көп функцияларын ашады — рухани, тұрмыстық, материалды өндірістік, саяси-тәрбиелік, гуманитарлы білім салаларын осы функциялардың біреуін азайту немесе мойындамау ерте ме кеш пе этностық мәдениеттің тұтастығын бұзуға әкеледі. Этномәдениет пен этногенезге деген екінші ықпалға Л. Н. Гумилевтің биосфералық концепциясын айтуға болады. Л. Н. Гумилевтің пікірінше, этностық мәдениет өз элеметтері мен байланыстарының өзара әрекетін беретін күрделі көпдеңгейлі құрылу [1, 410—417 бб].
Этномәдениет ол тұтастай феномен, оны этностық немесе этностық емес белгілері бар фрагменттерге бөлу дегеніміз, этномәдениеттегі шығармашылық тарнсформацияға деген қабілеттен бас тарту. Ең маңыздысы сол этномәдениетте архаистік мағыналар мен түсініктер бар, соның арқасында этномәдениет тек қана кеңістікті ғана емес әрі рухани әсерленуге қолайлы уақыт өлшемдерін де береді. Этностық тұтастықтың негізгі белгісі ерекше сипаттағы этностық мәдениет, оны қалыптастыратын элементтер — біріншіден, белгілі этносқа ғана тән мінез құлықтың ішкі қайталанбас стереотипі (психикалық құрылыс), екіншіден, обьективті шарттар мен факторларды қалыптастыруға әсер ететіндер: табиғи (территория, ландшафт, геокосмостық аномалия), әлеуметтік (жергілікті өндірістік-экономикалық жағдай және өркениеттің деңгейі, қоршағандар, байланыстар және саяси мұра), этномәдени (күрделілік пен белсенділік деңгейі, яғни этностардың жасы, көршілер, этнос-субстраттар, алдыңғы мәдениет, олардың элементтері, тіл, идеялық мұра), антропоморф (этностардың антропобиологиялық ерекшеліктері). Л.Н.Гумилевтің пікірінше, мәдениет пен этнос әртүрлі жоспардағы құрлым. Этнос органикалық сфераға жатса, мәдениет жасанды құрлым, этностар өзінің этногенетикалық бағдарламасын жасайды. Сондықтанда, техника, жасанды этностық процестердің индикаторы [4,153—155].
Мәднеиеттің этнос тағдырларындағы рөлі қайшылықты болып отыр. Неге? «Неосфералық концепция» бойынша мәдениет тарихында этностық процестердің жоғарлауы мен құлдырауы болды, бірақ олар фаза бойынша бір-бірімен сәйкес келмейді [4,153—155]. Бұл сәйкессіздік этногенездің ішкі стимулдарымен байланысты туындайды, этностың өскенін көрсетеді, әрі мәдениеттің гүлденгенін білдіреді. Негізгі жұмыс біткен соң енді биосферамен араздық басталады. Бұл фазада этнос тіршілікпен байланысын жоғалтып, құлдырайды. Сөйтіп, Л. Н. Гумилев этнос пен мәдениет бір-бірімен кері пропорционал қатынаста болады дейді. Сондықтанда өздігінен ұйымдасу прогресстің обьективті қажетті жағы. Біз үшін мәдениеттің этностық, рухани комплекстерінің әртүрлілігі және этномәдениетін еркін дамыту негізгі мәселе.
В. К. Шабельниковтың пікірінше өркениет процесі екі құрылымның өзара әрекетіне байланысты болады — сұйық (Европа; Америка) және қатты (Азия) әлеуметтік жүйелердің қатты және сұйық құрылымдарымен қарсыласуы қазіргі әлемдік саясаттың негізгі мазмұнын құрайды. Біз сол қатты әлеуметтік құрылымның өкілдеріміз. Ол қалай сипатталады? Қатты қоғамдық жүйеде адам этностың отбасының ажырамас бөлігі. Өндірістің отбасылық рулық типі көп деңгейлі мықты иерархияны жасайды, онда адам өзінің жасына, жағдайна қарай іс-әрекет пен мінез құлық мазмұнына ие болады. Еврогенетикалық мәдениет қатты этнос жүйелерге қуатты қысым көрсетуде. Мәселен, транспорт байланысы, баспасөз, телеақпараттар арқылы рефлексиялы мәдениет қатты құрылымның орнықтылығын бұзуға әкелуде. Қазіргі жаңа өркениеттің дамуында қатты әлеуметтік құрылымдардың әлсіреуі қашып құтыла алмайтын процесс. Этномәдениет ортаның өзгеру мәселесі этностың қайта құрылу мәселесінің бір бөлігі немесе бұрынғы қатты жүйелердің еріп кетуі. Қатты құрылымдардың еруінің қажетті шартының бірі полиэтникалық және полимәденилік, өз кезегінде олар сол не басқа мәдени типтерді анықтайды.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Гумилев Л. Н. Этногенез и биосфере Земли. М.,1995 г. — 450 с.
2. Национальное и интернациональное в воспитании// Сб научных трудов АГУ им Абая./Под ред. Шабельникова В. К., Алматы,1994 г. — 355 с.
3. Коул М. Культурно- историческая психология: наука будущего — М.:Когито-Центр, ИП РАН,1997г.-351с.
4. Джакупов С. М. Этнопсихологические проблемы социализация ичности//Этнопсихология и этнопедагогика. Вып. Х. Алматы, 1998 г. — 285с.
Болтаев А. Д.
МҰҒАЛІМНІҢ ЭМОЦИОНАЛДЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ
(М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті, Тараз қаласы)Қазіргі заманда білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуының басты қозғаушы күші саналады. Оның негізгі тірегі — мұғалім. Мұғалім тек білім беруші емес, сонымен қатар рухани құндылықтарды қалыптастырып, жас ұрпақты тәрбиелеуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан педагогтың кәсіби және эмоционалды жағдайы жеке мәселе емес, бүкіл білім беру сапасына әсер ететін маңызды фактор болып табылады. Қоғам дамыған сайын педагог мамандығына қойылатын талаптар да артып келеді. Қазіргі мұғалім жоғары кәсібилікті, заманауи технологияларды меңгеруді, психологиялық сауаттылық пен эмоционалды тұрақтылықты қажет етеді. Күн сайын ол оқушылармен, ата-аналармен, әріптестермен және әкімшілікпен түрлі эмоциялық жағдайларды бастан өткереді. Мұндай факторлар педагогтың психологиялық тепе-теңдігіне айтарлықтай әсер етеді. Зерттеулерге сүйенсек, мұғалімдердің көпшілігі кәсіби күйзеліс белгілерін сезінеді. Ұзақ мерзімді стресс пен шамадан тыс жұмыс жүктемесі эмоционалды сарқылуға, мотивацияның төмендеуіне, кей жағдайда мамандықтан кетуге дейін апарады. Бұл білім беру сапасына және мұғалімнің жеке өміріне кері әсерін тигізеді. Сондықтан педагогтың эмоционалды тұрақтылығы мәселесі қазіргі таңда психологиялық қана емес, әлеуметтік және басқарушылық тұрғыдан да өзекті. Эмоционалды тепе-теңдік — мұғалімнің кәсіби табысы мен шығармашылық әлеуетінің негізі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кәсіби стрессті «жиырма бірінші ғасырдың ауруы» деп атайды, себебі мұндай стресс түрі әлемнің кез келген кәсібінде кездеседі және бүгінде ол «жаһандық індетке» айналған [1; 5]. Қазіргі зерттеулер кәсіби күйзеліс синдромының дамуы тұлғаның құндылық-мағыналық саласының бұзылуымен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Бұл құбылыс психологиялық жатсынудың түрлі белгілері арқылы байқалады. Аталған синдромның симптоматикасы көбінесе ішкі еңбек мотивациясының әлсіреуімен, кәсіби өзін-өзі жүзеге асырудан қанағат алу сезімінің жоғалуымен, еңбек нәтижелерінің және жеке құндылық бағдарлардың маңыздылығының төмендеуімен сипатталады.
Мұғалімдерге жүргізілген эмпирикалық зерттеулер көрсеткендей, өмірдің өткен кезеңдеріндегі жетістіктер мен болашақ өмір мәнінен алыстаған сайын күйзеліс белгілері айқындала түседі. Н. Е. Водопьянова мен Е. С. Старченкованың әдістемесі бойынша анықталғандай, кәсіби күйзеліс синдромының дамуы өмірдің мағыналылығының төмен деңгейімен, өткен, қазіргі және болашақ уақыт локустарындағы мағыналардың үйлесімсіздігімен, сондай-ақ кәсіби қызметтің когнитивті-мағыналық ресурстарының жеткіліксіздігімен байланысты [2; 166].
Эмоционалды тұрақтылық — тұлғаның сыртқы және ішкі әсерлерге қарамастан психологиялық тепе-теңдігін сақтай алу қабілеті [3;158]. Ол адамның эмоциялық реакцияларын басқару, қиын жағдайда сабыр сақтау, мінез-құлықты бақылау және ойлау икемділігін қамтамасыз етеді. Бұл қасиет кәсіби педагогикалық іс-әрекетте шешуші рөл атқарады, өйткені мұғалімнің эмоциялық жағдайы оның оқушылармен, ата-аналармен және әріптестермен қарым-қатынасының тиімділігіне тікелей әсер етеді.
Психология ғылымында эмоционалды тұрақтылық тұлғаның мінез-құлықтық тұрақтылығы мен өзін-өзі реттеу қабілетінің көрсеткіші ретінде қарастырылады. К. Роджерс, Р. Лазарус және А. Бандура сынды зерттеушілер адамның эмоцияларын тану мен басқару қабілетін жеке тұлғаның жетілу деңгейімен байланыстырған. Ал отандық зерттеушілер (Қ. Жарықбаев, А. Алдамұратов, С. Қалиев) эмоционалды тұрақтылықты мұғалімнің кәсіби мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі деп есептейді.
Эмоционалды тұрақтылықтың құрылымын бірнеше негізгі компонент арқылы сипаттауға болады [4; 289]:
1. Когнитивті компонент — адамның өз эмоцияларын және сол эмоциялардың себептерін түсіну қабілеті. Бұл мұғалімнің өзіндік рефлексиясын дамытып, түрлі педагогикалық жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді.
2. Эмоциялық компонент — сезімдердің тұрақтылығы мен тереңдігін, эмоцияларды реттей алу дағдысын білдіреді. Мұғалімнің сабырлылығы мен позитивті көңіл күйі оқушыларға да беріледі, сондықтан бұл компонент оқу-тәрбие процесінде аса маңызды.
3. Мінез-құлықтық компонент — эмоционалды жағдайдың сыртқы мінез-құлықта көрініс табуы. Мысалы, сын жағдайында мұғалімнің өзін ұстауы, дауыс ырғағы, ым-ишарасы, шешім қабылдау стилі оның эмоционалды мәдениетінің деңгейін айқындайды.


