Соңғы обыр
Соңғы обыр

Полная версия

Соңғы обыр

Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля

Тимур Мустафаев

Соңғы обыр


Алғы сөз


Сіз обырлар туралы естіп пе едіңіз? Адам нанғысыз ғажайып қара күшке ие олардың көбі бұл күні жер бетінде қалмаған. Қалған аз бөлігі бірігіп Тұманшаһарды мекендеуде. Осыдан 15 ғасыр бұрын ескі адамдар мен обырлар арасында түзілген бейбітшілік келісімі жалмауыз Жалман патшаның жарлығы кесірінен бұзылмақ… Адамзат тарихына киелі жазбаларда келген орасан зор сұмдықтың төніп тұрғанын сезген Мейстер Мамур Мұнаралы қаланы тастап, адамдардың соңғы үміті – әлемді әлемет апаттан құтқаратын “СОҢҒЫ ОБЫРДЫ” іздеп Ниневияға табан тірейді…


Тимур Мустафаев 2026ж


Мазмұны


Обырлар мен адамдар


Жарлық


Той


Өтірік


Қашу


Құрбандық


Көне гавань


Аттану


СОҢҒЫ ОБЫР

Бірінші арка

Обырлар мен адамдар


Обыр күнтізбесі 1456 ж. күздің басы. Мейстер Мамур халқы құжынаған ескі порт қаласы Ниневияға келіп түсті. Өмірін қара сиқыр мен ғылым жолына сарп еткен осынау Балұттай алып мемлекеттің ең абыройлы мейстері Мұнаралы қаланы, патша сарайындағы бас мейстер қызметін тәрк етіп, талай-талай шақырымды теңіз бетімен тіліп, бұл қалаға не үшін бас сауғалап келді екен?

Мейстер көнетоз шапанының шетін қайырып, гаваньға аяқ басты. Самал жел бетіне есіп тұр, Мамур айналасына көз тікті, теңізшілер көпестердің сандық-сандық саттықтарын алып кемелерден түсіріп жатыр, құлдар ауыр жүкті арқаланып әкетіп әлек, аржағында тарыдай жайылып жатқан Ниневия қаласы. Мамур терең күрсініп, өз-өзіне сыбдырлап: – Ее, бір сұмдық келе жатыр, орасан зор нәубеттің бетін қайтарар киелі кітаптардағы соңғы… – деп бір пәс үнсіз қалды.

Тұманшаһарда байырғы дағды бойынша ақ тұман тұр. Тысыр-тысыр еткен қылыштар айқасының жаңғырығы шығып тұр. Бұл Сағым мен ағасы Мәлібек күнделікті әдетінше жаттығып жатыр. Сағым оң жақ төбесінен түсіп келе жатқан қылыш жүзінен епті айламен сытылып шығып, Мәлібектің арқасынан екі қолын аспандап кеп қаруын серпімек еді, алайда жел жылдамдықпен ағасы үшкір қылышын алқымына тақап қалды да:

– Сен әлі де тым көп артық қимыл жасайсың! – деді.

– Көресің, келесі жолы мен… – сөзін аяғына дейін тыңдамастан, Мәлібек қаруын қынабына салып, інісінен бірен адым аттап, анадайда әлсін тұман басқан Тұманшаһарға көз тігіп, сөзін жалғады:

– Енді жақында сен үйленесің. Екеуміз бұрынғыдай бірге уақыт өткізе алмаймыз…

– Неге? Мен мен.

– Мәселе жалғыз тойда ғана емес, мен “ақтұманшылар” күзетіне өтпекпін… өзің білетіндей, ол ұйымға сарбаз болғандарға отбасы мүшелерімен байланыс құруға қатаң тыйым салынады.

– …


Обырлар мен адамдар атаобыр заманынан міне, бүгінде 15 ғасырға жуық Балұтта бейбіт келісім бойынша тыныш ғұмыр кешуде. Задында обырлар адам баласында жоқ ғажап күшке ие-тын. Әйткенмен де келе-келе олардың бұл құдыреттері сарқылып, соңғы үш жүз жылда ол күшті көрген пенде жоқ… тек көне кітаптарда қалған жазбалардан оқып білуге болады.

Обырлар Балұттың солтүстігін әзелден мекендеп келеді. Бүгінде олардың саны едәуір азайған. Баяғы алып Тұманшаһар да қалашыққа айналған-ды. Осы жерді мекендеген көне ақсүйек екі әулет Санжақтар мен Бозырғалар талай жылғы татулықтарын нығайту үшін ұл-қыздарын үйлендірмек ниетті. Сағым Санжақтардың кенжесі, келесі әулет басы болатын да осы, соған жараса мойнында үлкен жауапкершілігі де жоқ емес.

Әуелгі заманнан келе жатқан Атаобыр ғибадатханасының ішінде Әзім Санжақ пен обырлардың 45-ші дінбасы Әлім келер шараның дайындығын гүбір-гүбір талқылауда.

– Бұл той бұрын-соңды Тұманшаһары көрмеген айтулы мереке болуы тиіс!

– Әрине, Әзім мырза! Келесі жетінің соңында ай толады, ол күн күнтізбеміздегі неке рәсімін өткізуге сәтті күн деп есептеледі! Еш қам жемеңіз, мырзам! – деді дінбасы қулана.

– Лайым солай болғай, менің Сағымым үлкен өмірге қадам баспақ.


Күн ұясына батып, айналадан ақ шапақтың соңғы сәулелері кете бастады. Мәніш Бозырға қызы Мәрмәрдің белінен төмен қою қара шашын тарап жатып:

– Сағымды өзің де жақсы танисың… оның әулетімен байырғы тығыз қарым-қатынасымызды да жақсы білесің! – деді. Шешесінің алдында тізесін құшақтап жатар көлеңкешен отырған қыздың жүзі ду қызылға боялды…

– Сонсоң оның анасы Айлы ханым да өте биязы, жұмсақ кісі.

Осы сәт бөлме есігі қиқ етіп ашылып, ішке Мәрмәрдің әкесі Мәлік мырза кіріп келді. Ұзын қоңыр шапанын желпілдетіп, ол қызының қасына таяп кеп, ақ маңдайынан мейірлене сүйіп алды. Кейін әйеліне бірдемені таныта бір көз тастады да, теріс бұрылып шығып кетті. Мәніш қызына қайырлы түн тілеп, май шамдардың бірінен басқасының бәрін сөндіріп, бөлмеден шығып кетті.

Мәрмәр төсегінде дөңбекшіп жатып, түн жарымына дейін әрлі-берлі аунап, еш көз іле алмады. Толқынша жайылған шашын кереуеттің бетінде сырғытып, орнынан тұрды. Терезенің жанына келіп, шынтағын таянып, біразға дейін жұлдызды аспанға телміріп қарап тұрды…


Жарлық


Балұттың оңтүстігі Мұнаралы қала, Жалман патшаның сарайы. Үлкен залдың төріндегі алтын тағында Жалман патша отыр. Әрсілі-берсілі теңселіп жүрген бас мейстер Нәжім дегбірі шығып:

– Мәртебелім! Кешіріңіз, бірақ бұл барып тұрған сұмдық қой… бұл жарлығыңыз ата заңымыздағы обырлар мен адамдар арасындағы киелі келісімді аяқ асты ету ғой… егер… егер.

– Жап аузыңды! Менің пәрменіме қарсы шығатындай сен кім едің сонша ма?! – Патша орнынан атып тұрып қатулана:

– Бұл мылжыңды зынданға тастаңдар! Басын шаптырмай тұрғанымда дереу құрытыңдар көз алдымнан тез!!!

– Бірақ, мәртебелім..! Мәртебелім!

– Менің айтқаным жедел іске асырылсын! Тұманшаһардағы һәм күллі Балұттағы обыр атаулының барлығының көзін жойыңдар! Өртеңдер! Қырыңдар!!!

Әскерлер Нәжімді қолтықтап сүйреп бара жатты. Мейстер жұлқынып, артына көз сала:

– Мамур мейстер ескерткендей, киелі мәтіндердегі аңыз бойынша сол сұмдықтың болары заһыр! Өтінем, патшам, ақылға келіңіз!

– Ол сатқын шалды әлі-ақ қолыма түсіріп, басын сарайымның кіре берісіне асып қоятын болам, пәлем, – деді Жалман паңдана.

Той


Обырата ғибадатханасына Тұманшаһардың күллі ақсүйектері мен шенділері екі жасқа бақыт тілей жиналыпты. Әлім гүбірлеп неке мәтінін оқи бастады. Сағым хас сұлу қалыңдығы Мәрмәрға сүйсіне қарап тұр, қыз болса ұяңдыққа салып, көзін тек арагідік болашақ жанжарына тастап қойып жатты.

– Ал енді қыздың әкесі мен анасының қолынан сүйіп, аманатыңызды өзіңізбен алып кетсеңіз болады, – деді дінбасы.

Сағым байыппен алдымен Мәлік мырзаның, кейін Мәніш ханымның қолынан сүйіп, қызды қолтықтап ғибадатхананың қақ ортасымен жүріп, сыртқа шықты. Дүйім жұрт Мәрмәрдің етегі толқынша жайылған әсем ақ көйлегіне, оның әрлі-сымбатына көздері тоймай, тамсана қарап жатты. Мәніш ханым шыдай алмай, жанарына толған моншақтарды төге бастады, Мәрмәрдің әкесі әйелін кеудесіне басып, тынышталдыруға әрекет етті.

Кешкілікте Тұманшаһарда бұрын-соңды болмаған ду-думан той болды. Көрші қалалардан келген көптеген әртістер мен әншілер қонақтардың көңілін түннің бір уағына дейін көтерді. Бөшке-бөшке боза ішілді. Еркектер сылқия мас, әйелдер әдемі майысып би биледі. Түн жарымынан ауғанда Әзім Санжақ қолына стақан тола бозасын алып, ортаға шығып сөз сөйледі:

– Енді сол сәт жетті. Менің ұлым нағыз ер атанатын сәт келді. – Мәнжәйды дереу түсіне қойған Мәрмәрдің құлағы ду қызылға боялды. Әзім ықылық атып, стақанын төңкерді де:

– Үй ханымдары қайда?! Жылдам Сағым мен келіншегін неке бөлмесіне апарсын!!! – деп қойып қалды.

Әкесінің нені меңзегенін енді ғана түсіне қойған Сағым да біраз қымсынып қалды. Бірнеше қатын келіп, қос жасты ішке алып кетті. Кейін көп ұзамай той да тәмамына жетті. Қонақтармен жалғыз Айлы ханымның қоштасуына тура келді, мыса масайған Әзімді Мәлібек зорға сүйреп бөлмесіне алып кірді.

Әлсін түсіп тұрған шам жарығы. Бөлме іші жарым-жартылай қараңғы. Ақ керуетте Сағымның ақ келіншегі әппәқ көйлекте отыр. Сағым біразға дейін бөлме ішін әрсілі-берсілі кез қылды. Соңсоң ақырын кеп жанына жайғасты. Қыз көзін күйеуіне бір тастап, тез тартып алды. Сағым қыздың мойнына қол қойды…

Ыстық түннен кейін, есікті таңымен тарсылдатқан үрейлі дыбыстан шошынып оянған екеуі бір-біріне тесіле қарады, қыз үрпейісіп қалды. Сәлден соң есін жиған Сағым атып тұрып, жатар көлеңкешен есікті ашты. Мәлібек, түсі қашып кеткен, ентігін әзер басып: – тез таярлан, бізді қоршауға алды…

Жалман патшаның жарлығын желеу еткен екі жүз мыңдық қарақұрым әскер Тұманшаһарды кешке дейін толық басып алды. Әзім шайқаста мерт болды. Мұнша алып әскерге шамасы келмейтін онсыз да аз обырлар құмырсқадай қырылды… қаланың көшелерін қып-қызыл қан жайлады.

Тірі қалған обырларды кезек-кезек орталық көшеге жағылған үлкен отқа тастап жатты. Мәлібек пен Сағымның көзінше Айлы ханымды шашынан сүйрелеп, қызыл алауға тастады. Жүректері қан жылаған қос ұл қанша тыпырласа да, байлаудан босай алмады… Жүзі қатулана Сағым:

– Мен сендердің бәріңді өлтірем! Міндетті түрде жандарыңды жаһаннамға жіберетін болам!! Ал әлгі Жалман жалмауыздың жүрегін өз қолыммен жұлып алатын болам! Ант етемін!!! – деп айқайлады. Сары шашты, сұңғақ бойлы капитан қасына төніп келіп, көзіне аз тесіле қарап, мырсия күліп жіберді де:

– Сен өзі қандай халде екеніңмен шаруаң бар ма? Іле шешеңнің артынан жөнелтеміз сені, сорлы неме, – деді. Ол арқасына бұрылып:

Конец ознакомительного фрагмента.

Текст предоставлен ООО «Литрес».

Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.

Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.

Конец ознакомительного фрагмента
Купить и скачать всю книгу