
Полная версия
Тау мен теңіз ертегілері. Үлкен краб
– Тәуба! – әлгі адам басын көтеріп, Куафуға қарап: – Құбыжық! – деп айтты да, іле-шала: – Сізді айтып тұрған жоқпын, кешіріңіз, әлгі құбыжықты айтамын. Ол өте қорқынышты болды, бірақ бізге тиіскен жоқ. Дегенмен біздің елдің адамдары одан қатты қорықты. Ол еш аялдамастан, алға қарай тартып кетті. Оны көргендердің бәрі қорыққаннан мына мен сияқты екі құлағын тартып созып тастады. Ал оны көрмей, тек естігендердің өзі де біз құсап құлақтарын созып, ұзартып тастады. Сенбесең, жүр, біздің елге барып көр, бәрі әлі қолдарын құлағынан алған жоқ.
– Бұл жер…
– Сөйтіп, біздің ел «қолы құлағынан түспейтін ел» деп аталып кетті.
– «Қолы құлағынан түспейтін ел», «құлағын ұстаған ел» дейміз бе, әлде «құлағын шымшыған ел» дейміз бе? …Бәрі де сол құбыжықтың кесірінен болған болды ғой?! Кешір… – деді Куафу. Ол әлгі кісінің басынан саусағымен нұқып: – Сен оның қазір қайда қашып кеткенін білесің бе? – деп тағы сұрады.
– Білмеймін. Ол біздің елден қашып кетті. Біздің елдің «құлағын ұстағандар елі» деген аты болған соң, оған ие болатын патша болуы керек қой, солай емес пе? Сол себепті, мен енді осы елдің бірінші патшасы боламын. Мен бүгін таққа отырамын. Кешіріңіз, менің кетуім керек.
– Құтты болын! – деп күлді де, Куафу: – Сен әлгі құбыжықтың қай жаққа қашып кеткенін білесің бе? – деп тағы сұрады.
– Анау жаққа кетті, – деп, әлгі адам бір қолын құлағынан алып, шығыс жақты нұсқады да, артынша қолымен құлағын қайта ұстай қойды.
– Рақмет! – деді де, Куафу алға тартты. Ол қызық көріп өзінің екі құлағын екі қолымен ұстап, күн шығысты бетке алып, алып крабты іздеп кете барды.
Куафу үш көзі, бір қолы бар адамға кез болды. Ол ағаш шауып отыр екен. Куафу оны қорқытып алмайын деп, тізесін бүгіп, дауысын бәсеңдетіп:
– Сен алып крабты, яғни құбыжықты көрдің бе? – деп сұрады.
– Құбыжық дегенді ауызға алушы болма, – деді әлгі адам қолындағы балтасын жерге қойып.

– Құбыжық деп мен сені айтып отырғам жоқ, кешір! Менің атым Куафу, мен Бофу елінен келе жатырмын. Сен өзің не істеп отырсың? – деді ол.

– Мен ұшатын арба жасап жатырмын, – деп, әлгі адам балтасын қолына қайта алды. Ол ағашты жонып жатып, қолындағы балтасын қойып, екі көзін жұмып, жалғыз көзімен ағаштың түзулігін көрді.
– Ұшатын арба дейсің бе? Куафу бұл сөзді алғаш рет естіп тұр.
– Мұның бәрі сол құбыжықтың кесірінен болды. Әлгі кісі қолындағы ағашты жерге тастай салып: – Өзің көріп тұрғандай құбыжық менің бір қолымды жеп кетті. Ол жалғыз менің ғана қолымды жеген жоқ, көп адамның қолын жеп қойды. Тіпті бұдан да ауыр жарақат алғандар бар…
– Не болды? – деп, Куафу уайымдай бастады.
– Біздің көрші ауылдағылардың бәрін де құбыжық жарақаттап кетті, – деп, алыстағы ауылды нұсқап: – Біздің бір қолымызды ғана жеп кетті ғой, ана ауылдағыларға тіпті қиын болды, – деп әлгі адам сөзін жалғады.
– Оларға не болды? – деп, Куафу тағатсыздана сұрақ қойды.
– Ондағылардың бір қолы, бір көзі ғана қалды, қалған денесін құбыжық жеп кетті. Олар «бір қол елі5» деп аталып кетті. Оған қарағанда біздің жолымыз болды. Біздің патшамыз жарақатына қарамастан, жалғыз қолымен түні бойы ұшатын арба жасап, бәрімізді соған салып алып, осында алып келді. Әйтпегенде, біздің күніміз не боларын кім білсін, сол себепті патша бізге ұшатын арба жасаңдар деді… – деп айтты әлгі адам.
– Ағаш арба ұшушы ма еді?
– Неге ұшпайды? Ұшқанда қандай, тіпті тез ұшады. Бірақ ол кезде батыстан жел тұрғандықтан, бізді осында алып келді. Бұл жердің біздің елден қаншалықты алыс екенін білесің бе? Қырық мың шақырым тұрады. Біз енді онда қайтып бара алмаймыз. Өйткені патшамыз жасаған арба қонған соң, шағылып қалды, өте ауыр жүкке шыдай алмады. Қазір біз бәріміз арба жасап үйреніп алдық. «Әр істің бір қайыры бар» деген осы болар, бәріміз осы өнерді үйреніп алдық. Сенбесеңіз сұраңыз, Цзигун елінің6 ұшатын арба жасайтын өнері бар екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ біз қайта алмаймыз.
– Неге?
– Шығыс желін күту керек! Мына құрып кеткір жерде шығыс желі соқпайды екен. Шығыс желі шығатын болса, біз келген жолымызбен кері қайтып кетер едік. Енді міне, шығыс желін күтіп жүрміз… Сізге арба керек емес пе, мен арзанға жасап беремін…
– Менің мына бойыма қандай арба шақ келеді? – дейді Куафу.
– Рас айтасыз! Ондай үлкен ағаш та табылмайды ғой. Сіз онсыз да жүйріксіз, сізге ұшатын арбаның керегі де жоқ қой. Оның үстіне, жел соқпаса, арба да ұшпайды… – деді әлгі адам.
– Рақмет! Сау бол! Мен алып крабты қуып…
Куафудың қимылы шапшаң болғандықтан, әлгі адам оның сөзінің соңын ести алған жоқ.
Куафу алып крабты қуып кетті.
Түрлі қауесеттер тарап жатты. Куафу да жүрісін одан әрі жылдамдата түсті.
– Саған не болған? – деп сұрады Куафу жол-жөнекей жолыққан кейпі сиырға ұқсайтын жалғыз аяқты құбыжықтан.
– Менің атым Куй, мен туғанда жалғыз аяқ болған жоқпын. Менің үш аяғымды қорқынышты құбыжық жеп кетті.
– Қорқынышты құбыжық дейсің бе? Ол қандай құбыжық? – деп сұрады Куафу.
– Мен оны тіпті есіме де алғым келмейді. Оның сегіз аяғы бар, бадырайған екі көзі бар. Маған қарай төніп келе жатқанын білем, байғұс аяқтарым…
«Дәл соның өзі!» деп ойлаған Куафу:
– Оның қалай қарай кеткенін білесің бе? – деп сұрады.
– Анау жаққа қашып кетті, – деп, құбыжық кеткен бағытты көрсетеді Куй. Куафу:
– Онда сен патшаға бар, оған керек боларсың – дейді Куйге. Куафу өзі Куй көрсеткен бағытқа қарай тартып кетеді.
– Патша кім? Ол қайда? – деп сұрайды Куй. Ол кезде Куафу әлдеқашан ұзап кеткен еді.
Куй патшаны іздеп барады, ол патшаны тауып алады.

Патша оның терісімен «Күй барабаны» деп аталатын барабанды қаптайды, содан кейін лэйшэннің сүйегінен барабан таяқшасын жасайды, барабанның дауысы бес жүз шақырымға дейін жетеді, сөйтіп, патша Чи Юды жеңеді. Бұл әңгіме туралы кейінірек баяндайтын боламыз.
Куафу далада түнеп, алыс сапар шегіп, үлкен крабты7 іздеп жүреді.
Бұл жол дәл күн шығатын жаққа баратын жол болатын.
Күндердің бір күні Куафу иен далаға келеді. Ол білегімен маңдайындағы терін сүртіп жатқан кезде иығына бір құс келіп қона кетеді. Куафу оны үркітіп алмайын деп, жайлап отырады.
– Мынау не деген биік тау?
– Тау дейсің бе? Меніңше, ағаш сияқты?
– Осындай сидам ағаш бола ма?
– Осындай тақыр тау бола ма?
– Тау деймін!
– Жоқ, ағаш деймін!
– Ағаш жүре алушы ма еді?
– Тау қозғалушы ма еді?
– Таудың басы жасыл желек болмай ма?
– Жоқ, ол ағаштың жапырағы.
…
Куафу қайран қалды, бұл өзі не сиқыр?! Жаңа жалғыз құс сияқты еді, қалайша екі құсқа айналып кетті. Куафудың екі иығында екі құс. Екі құстың сөзіне оның қатты күлкісі келді. Бірақ құстарды үркітіп алам ба деп, күлмеуге тырысты. Ол көз қиығымен құстарға көз салып қарады. Құстар тым өзгеше екен, екеуінің де бір көзі, бір қанаты, бір аяғы, жарты басы бар болып шықты…

Куафудың екі иығындағы екі құсты біріктірсе бір бүтін құс болатындай екен.
Құсты ортасынан екіге бөліп кеткен сияқты.
Куафу екі қолын ақырын көтеріп, екі құсты еппен ұстап алады. Құстар жалғыз қанатымен ұша алмайды да екен.
Куафу қолындағы екі құсты біріктірді.
Ол енді жаймен орнынан тұрып, қолындағы құсты ұшырып жіберді.
Әлгі құс Куафуды айналып ұшып жүріп:
– Сен тау да, ағаш та емес екенсің ғой, – дейді. Куафу:
– Сен жалғыз құс екенсің ғой, – деп күледі де: – Менің атым Куафу, сенің атың кім? – деп сұрайды құстан.
– Куафу дейсің бе? Біздің атымыз Би-и-няо. Бізді екі құс деуге де болады.
– Мен қателеспесем, сендерді құбыжық айырып кеткен болар?
– Дұрыс айтасың! Өте қорқынышты құбыжық екен. Ол бізді қайшымен қаққа бөліп кетті. Бір құс екі құсқа, екі құс төрт құсқа, төрт құс сегіз құсқа айналып кеттік… кейін қайта бірігіп, сегіз құстан төрт құсқа, төрт құстан екі құсқа, екі құстан қайтадан бір құсқа айналдық.
– Сол себепті Би-и-няо аталып кеттіңдер ме?
– Иә. Өйткені біз ешқашан ажырағымыз келмейді.
– Сен құбыжықтың қалай қарай кеткенін білесің бе?
– Анау жаққа, – деді.
– Сау бол! Ауырсынуды махаббатпен жеңген құс, – деді де, Куафу құсқа қош айтысып алға тартты.
– Хош бол, қозғалатын тау! – деді әлгі құстың жартысы.
– Хош бол, жүре алатын ағаш! – деп қала берді әлгі құстың қалған жартысы.
Куафу күншығысты бетке алып, крабты іздеп кете барды. Ол жол-жөнекей талай кемтар адамдар мен жануарларға жолықты. Оның бәрі алып крабтан зардап шеккендер еді. Куафу қатты қапаланды. Оның алып крабты ұстауға деген сенімі арта түсті. Ол оны ұстап, көп адамдардың, жануарлардың оның кесірінен кемтар болып қалмауына көмектескісі келеді.
Ол жол бойы крабтың қандай лаң салғанын ет құлағымен естіп, көзімен көрді. Бірақ краб Куафуға жеткізбей қашып кетіп отырды.
Куафу сонда да алған бетінен қайтар емес.
Ол дамылсыз жүріп келеді.
Куафу шаршаған шақта ағашты таяқ қылып жүреді.
Бұл таяқтың тағы бір қажеті бар, ол алып краб бір жерде жасырынып жатпасын деп, кез келген жерді таяқпен нұқып көріп келеді.
Куафу тумысында мұндай таңғажайып құбыжықты көрген емес!
Оның кейпі шошқаға ұқсайды, бірақ екі басы, төрт аяғы бар екен. Бейне екі шошқа дерсің. Оларды құбыжық дәл ортасынан жұлып кеткен, яғни денесінің арт жағын жеп қойған. Тек олардың алдыңғы бөлігі қалған. Сол себепті екеуі бірігіп, бір бүтін болған екен.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «Литрес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.
Примечания
1
Башэ – қытай мифологиясында піл жеп қоятын алып питон (ауд.).
2
Шуху деген уақытты билейтін екі құдай. Ежелгі Қытайда Шуху уақыт деген мағынаны білдіреді. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
3
«Таулар мен теңіздер классикасы: Ішкі теңіздер», «Таулар мен теңіздер классикасы: Батыстағы шөл дала» деген еңбекте кездесетін уақыт құдайы. Хоутудың ұрпағы, ол бір жылды он екі айға бөлген. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
4
Куафу «Таулар мен теңіздер классикасындағы» мифтік кейіпкер. Ол күнді қуып жетем деп ойлайды. Сөйтіп, күнді қуам деп, шөлге шыдамай, Хуанхэ мен Вэйхэ өзендерінің суын тауысып ішіп қояды, ақыры шөлден өледі. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
5
«Таулар мен теңіздер классикасы: Қытай теңізінің солтүстігі» деген еңбекте айтылатын ел. Тұрғындарының жалғыз қолы мен жалғыз көзі бар. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
6
«Таулар мен теңіздер классикасы: Қытай теңізінің солтүстігі» деген еңбекте айтылатын ел. Тұрғындарының жалғыз қолы мен үш көзі бар. Олар шетінен ұшатын арба жасайтын өнерлі болып келеді. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
7
Үлкен краб деген аңыздарда айтылытын алып краб. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.