
Полная версия
Тау мен теңіз ертегілері. Юйминь елі
Қаз бауыр бұлттар сонау көкжиекте қаз-қатар қонақтап қалған. Зеңгір көк аспан мөп-мөлдір. Көк аспандағы құстар емін-еркін қалқып жүр. Бірақ аспанды тамашалап бір орында тұра беруге болмас! Өйткені бұлттар көшіп, құстар қалықтап ұшып барады. Сол себепті бо-и де жан-жақты көргісі келеді. Бірақ оның көзі арқасында болғандықтан, жолды көре алмайды. Ақырын алдыға қарай жылжып, тарс етіп ағашқа соғылады. Тарс етіп тасқа ұрылады. Тағы тарс ете түседі.
– Мұның не? Менің бұзауымды емізіп тұрғанымды көрмедің бе? – деп, бұзауын емізіп тұрған сиыр айғайлап жіберді.

– Апа, мен қорқамын, – деп, бұзау енесінің артына тығыла беріп:
– Ол соқыр екен, – деді. Сиыр бұзауына:
– Балам, қорықпа, мен қасыңдамын! – деді де, бұрылып бо-и-ге қарап: – Кешірші, мен сенің көзің көрмейтінін білмедім… – деп кешірім сұрайды.
Бо-и аспаннан көзін алмай:
– Мен соқыр емеспін, көзім бар, көзім арқамда, – деп жауап береді.
– Көзің арқаңа біткені қалай? Сен аспанға қарап жүргенді ұнатасың ба? – деп сұрайды сиыр.
– Жоқ. Мен туғаннан осылай. Аспанға телмірген маған да ұнамайды, амал нешік? Тас лақтырып аспанды жарып жібере алмаспын… – деп, бо-и зәбір көрдендей, көзі боталап шыға келді.
– Сен, Нюйваға7 барып көрсеңші, соның бір көмегі тиер, – дейді сиыр. Бо-и соны ести сала Нюйваны іздейді.
Ол жол-жөнекей көрінген нәрсеге бір соғылып жүріп, Нюйваны әрең іздеп табады. Нюйва:
– Мені неге іздеп жүрсің, менде шаруаң бар ма? – деп сұрайды. Ол бес түрлі тасты қайнатып, аспанның жыртық-тесігін жамайтын тас дайындап жатады.
– Сіздің көмегіңіз қажет, көзім арқамда болғаны маған қиындық тудырды, – дейді аспаннан көзін алмаған бо-и. Ол аспанның шынымен тесіліп қалғанын байқады.
– Иә, қиындық тудыратыны даусыз, – деді Нюйва. Ол тасты ерітуін жалғастыра берді, ал оттың жарығы оның мейірімді жүзіне түсіп тұр:
– Олай болса көзің қайда болғанын қалайсың? – деп сұрады ол.
– Көзім алдыңғы тұяғымда болсыншы. Сонда жолды анық көріп, шөпті оңай тауып аламын, – деді бо-и.
– Жарайды. Сен қайта бер, – деді де, Нюйва отқа тағы отын салды. От одан әрі лаулап жана бастады.
Бо-и әрең дегенде өзі тұратын мекенге жетті. Ол үйіне жеткен заман екі көзінің екі бақайының басында пайда болғанын байқады да қуанып кетті.
Ол енді жолды анық көреді, қалаған жерге жайыла алады. Бірақ аспанды жиі көре алмайды.
Ол аспанға қарау үшін екі сирағын кезек көтеріп қарауға тура келеді.
Бастапқыда бұған үйрене алмағанымен, жүре келе оған да көндігіп кетеді.

Бо-и алдыңғы екі тұяқтың айналасындағы нәрселерді анық көретін болады: құмырсқалар, жауын құрттары, ұлулар, шегірткелер, әр жерде тор құрып жатқан өрмекшілер мен тезектен доп жасап домалатып жүрген қоңыздарды кездестіреді. Олармен жиі сөйлесіп тұрады.
Бо-и бір жағынан жайылып, бір жағынан кішкентай жәндіктермен әңгіме-дүкен құрып, еш зерікпейді. Ол бір күні кіп-кішкентай ергежейлілерді кезіктіріп қалады. Олардың әрбірі саңырауқұлақтан үй жасап алыпты. Саңырауқұлақ үйлері тозған кезде олар оны жамағанға ерініп, жей салады екен. Олар тозған үйін, яғни саңырауқұлақтарды жеген күні тап бір мереке болғандай мәз-мейрам болады. Ергежейлілер оны жеп болған соң, басқа бір саңырауқұлақты үй қылып тұра береді екен.
Бо-и мұны бірінші рет көріп тұр. Өйткені бұрын оның көзі арқасында болған. Ол аспаннан басқа ештеңені көре алмайтын еді.
Күндердің бір күні бо-и қиындыққа тап болады.
Ол бір бұғымен жерге таласып қалады. Бұрын ол бұғыдан қорықпайтын еді. Екеуі соғысып қалған кезде мүйіздерін пайдаланатын. Өйткені екеуінің де мүйізі бар. Кейде тебісіп те қалатын. Бо-и тебіскен кезде алдыңғы аяғымен тебісетін-ді. Ол енді алдыңғы бақайына біткен екі көзіне зақым келмесін деп алаңдайтын болды.
Уайымдамауға да болмайды. Көзіне зақым келетін болса, ештеңе көрмей соқыр болып қалады ғой. Бо-и осыны ойлап тебіскенді қояды.
Сөйтіп, бо-идің жерін бұғы басып алады, бұл оған ауыр тиеді.
Бо-и басқа жер іздеп кетеді, ол сөйтіп жүріп баяғыдағы сиырға тағы жолығып қалады.
– Саған жайылым керек пе? Қарның аш сияқты ғой, – деп сұрайды сиыр.
– Иә. Менің жерімді жалмауыз бұғы тартып алды, – деп жыларман болады бо-и.
– Бұл жердің шөбі қалың, қалағаныңша жей бер, – дейді ақкөңіл сиыр.
Сөйтіп, бо-и сиырдың жерінде уақытша қалып қояды.
Бұзау бо-идің көзін таппай, оны қадағалай бастайды. Ол оның көзінің тұяғында екенін біліп алады. Бұзау енесінің қасына шауып барып:
– Бо-идің көзі неге тұяғына біткен? – деп сұрайды.
– Бо-и демей, ағай деп айт! – деп, сиыр бұзаудың сауырынан жалап қойып:
– Дүние кең, әркім өз таңдауымен өмір сүреді. Сен енді ағайыңның шөп жеуіне кедергі жасама, – дейді.
Шөп жеп тұрған бо-и сиыр мен бұзаудың әңгімесін естіп, еріксіз көзіне жас алады.
Ол Нюйваға тағы жолығуға бел байлайды. Бо-и мейірімді сиырмен, оның қызық бұзауымен қоштасып, жолға шығады.
– Сен тағы келдің бе?! – дейді Нюйва. Ол сол баяғы бес түсті тасты әлі ерітіп жатады. Ол бо-иден:
– Бұл жолы көздеріңнің қайда болғанын қалайсың? – деп сұрайды.
– Меніңше, артқы бақайда болғаны дұрыс сияқты. Мен алдыңғы аяғыммен тебісуім керек, – дейді бо-и.
– Жарайды, қайта бер, – дейді Нюйва.
Бо-и сиырдың мекеніне қайта барғысы келмейді. Сиыр оны қашанда жылы жүзбен қарсы алады, оның бұзауы да өзін ұнататынын біледі. Қанша дегенмен де, мекен солардікі. Ол бірден өз жеріне қарай тартады.
– Менен жеңіліп қалып едің ғой, ақымақ! Меннен таяқ жегелі келдің бе? – деп ақырады бұғы.
– Жайылымымды қайтар, қарақшы! – деп бо-и тебініп, бұғыға қарай тұра жүгіреді. Соғыс осылай басталып кетеді.
Бұл жолы бо-и алдыңғы екі аяғымен қарымды тойтарыс жасайды. Артқы тұяқтағы екі көзімен қарсыласының әр қимылын анық байқап тұрады. Алдыңғы және артқы аяғы өте жақсы үйлесім тауып, айқас тартысады.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «Литрес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на Литрес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.
Примечания
1
Башэ – қытай мифологиясында піл жеп қоятын алып питон (ауд.).
2
«Соу Шэн Цзиде» айтылған жәндіктердің бір түрі, түпнұсқадағы сілтемеге қараңыз.
3
Ван Цзыхай: «Таулар мен теңіздердің классикасы» кітабында айтылған адам. Оны Ван Хай деп те атайды. Ол Шантанның жетінші ұрпағы. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
4
Линшань: Ежелгі таудың аты. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
5
Нишуй: Ежелгі өзен атауы. Қазіргі Шэньсидің солтүстігіндегі Лошуй өзенінің жоғарғы ағысын білдіреді. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
6
Бо-и «Таулар мен теңіздердің классикасы·Наньшань классикасында» айтылған қой тәрізді аң. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.
7
Нюйва – аңыздарда айтылатын адамзатты жаратушы. Ол бес түсті таспен аспанның жыртық-тесігін жамаған деседі. Түпнұсқаға сілтемеге қараңыз.