
Полная версия
Қазақ хандығы
1711 жылы дүниеге келген Абылай Уәлиұлының бастапқы есімі Әбілмансұр болды. Ол жастай жетім қалды. 1731 жылы жоңғарлармен шайқаста көзге түсті.
Жоңғарияның ханы Қалдан Серен 1745 жылы өліп, оның мұрагерлері таққа таласты. Осы кезде оған Цинь империясы тиісе бастайды. Абылай осы сәтті пайдаланды. Ол сыр бойындағы қалаларды азат етуге кірісті. Ол бұл жорықта қазақ әскерлерін үш топқа бөлді. Оның бірінші тобын Қанжығалы Бөгенбай мен Үмбетей жырау басқарды. Бөгенбай басқарған 10 мың әскер Түркістанның солтүстік жағына, Созақ бекінісіне барып тиісуге тиіс еді.
Екінші қолды Жәнібек батыр басқарды. Оған Тәтіқара жырау қосылды. Олар Сырдың төменгі ағасына қарай кетті. Үшінші негізгі қолды Абылайдың өзі басқарды. Жорыққа қатысушылар Шиелі, Жаңақорған бойымен Түркістанның күнбатыс жағына қарай жылжыды. Бұл топта Қабанбай, Баян, Сырымбет, Малайсары, Жанұзақ болды.
Жоңғар әскерін басқарған Қалдан Сереннің ортаншы ұлы Цевен Доржи де өз әскерін үшке бөлді. Ол өзінің басты күшін Абылайға қарай бағыттады. Оның қару-мылтығы, түйе үстіне орнатқан 15 зеңбірегі бар еді. Қазақ жасақтары сойыл, шоқпар, садақпен қаруланды.
Цевен Доржи өзінің ауыр қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, Жаңақорғанға бекініп алды. Абылай Жаңақорған бекінісін алуды Қабанбайға тапсырды. Сырымбетті оң жақ қанатқа, Баянды әскердің сол жақ қанатына қойды. Олардың сыртынан үш мың қолы бар Малайсары, Оразымбет батырлардың әскерін топтастырды.
Бұл соғыс екі айға созылды. Қазақ әскерлері Жаңақорғанды, Шымкентті жаудан тазартты. Түркістанға дейін жетті. Бөгенбай басқарған әскерлер Созақ пен Сайрамды босатты. Батыр Баян Талас өзеніне дейін барды. Жәнібек батырдың әскерлері қарақалпақ жерін босатып, қалмақтарды Сырдың жоғарғы сапасына шегіндірді. Амалы таусылған Цевен Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болды.
Келісім бойынша Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қалалары Әбілмәмбеттің қарамағына өтті. Түркістан туралы мәселе кейінірек шешілетін болды. Абылай бұл жолғы жеңістерін жоңғар хандығының күйреуінің бастамасы деп есептеді. 1745 жылғы соғыс осымен бітті.[2]
Қазақ жерін қалмақтардан толық тазарту мақсатымен Абылай бастаған қазақ жасақтары 1750 жылы жауды Жоңғар қақпасы маңында оңдырмай талқандады.
1755 жылы жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. Осыдан кейін 1758 жылы Жоңғар мемлекеті біржолата құлады. 1758 ж. Цинь қытайлары Шығыс Түркістандағы қазіргі Синь-Цзянь жерін басып алды. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесті. Қытайлар дүркін-дүркін шабуыл жасап қазақтарға тыным бермеді. Абылай келісімге келу туралы Бейжінге адамдар жіберді. Сөйтіп, Қытаймен сауда, экономикалық қатынас орнату жолдарын іздестірді. Ол Ресеймен де қарым-қатынас орнатты.[3]
1771 жылы Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Абылайды Орта жүздің ханы етіп сайлады. Бір жылдан кейін 1772 жылы вице-канцлер М.Л. Воронцовтың жарлығымен Абылайға арналып Есіл өзеніне таяу жерде Жаңғызтөбеге ағаш үй салынды. Абылай 1780 жылы мамыр айында Ташкентте 69 жасында қайтыс болды. Орнына Уәли сайланды.[4]
Қазақ халқының басқа тайпалармен күресі
Қазақ халқының ойраттарға қарсы күресі
С.У.Ремезовтың сызба кітабындағы Қазақ Ордасы (Земля Казачьи Орды). Фрагмент.
ХВЫЫЫ ғасырдың бірінші ширегінде қалыптасқан геосаяси жағдайды сипаттайтын француз картасы
Қазақ хандығындағы 1-азаматтық соғыс.
16 ғасырдың соңында ойраттар(қалмақтар) төрт тайпалық бірлестіктен тұрды. Олар Тарбағатайдан Шығысқа қарайғы өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғары ағысында қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының маңындағы хошауыттар, Іле өзенінің жоғары жағындағы шоростар еді.
Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылым жер үшін күрес 15 ғасырда-ақ басталды. 16 ғ. соңында ойраттардың шағын бөлігі қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Хонтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Қазақ-жоңғар қатынастары Батур хонтайшы (1634-1654) билік құрған кезде шиеленісе түсті. Онан кейінгі жоңғар хандары (Сенге, халдан) Оңтүстік қазақстанды, маңызды сауда жолдары өтетін қалаларды өздеріне қаратуға тырысты.
Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі
1718 жылы Тәуке хан қайтыс болып, орнына Болат хан болды. Оның кезінде қалмақтардың қазақ жеріне жорығы күшейді. Бұл жорықтардың табысты болуына шведтің артиилерия сержанты Иоганн Густав Ренаттың әсері күшті болды. 1709 жылы Полтава түбінде орыстардың қолына түскен Ренат Тобыл қаласына айдалды, осында Ертістің бойында Бухгольцтің экспедициясы құрамында Кереку қаласының маңында 1715 жылы қалмақтарға тұтқынға түседі. 1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болды. Ол қалмақтарға зеңбірек құюды, баспахана жасап, әріп құюды үйретеді.
Жан-жақты әскери дайындығы бар жоңғарлар 1710-1711 жж. қазақ жеріне басып кіріп соғыс жүргізді. Олар 1717 жылы жазда Аякөз өзені жағасында қазақтардың 30 мың жасағын талқандады. Келесі жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өзендері бойында тағы да қырады.
Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама
1723 жылы ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне тағы да соғысуға келді. Шуна Дабо деген қалмақ басқарған бұл шайқас екі бағытта жүруі тиіс еді. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт қазақтарға соққы беріп, Шыршық өзеніне жету болатын. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды. Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзені бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағынадғы Кетпен тауы баурайына орналасты.
Бейғам отырған қазақтар аямай қырылды. Жоңғарлар Жетісуды, Ұлы жүзді қырып-жойып, Ұлы жүз, Кіші жүз жеріне де жетті. Халық басы ауған жаққа шұбырды. Ұлы Жүз бен Орта Жүздің қазақтары Самарқан пен ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазағы хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың біразы Сырдың сол жағындағы Алакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңді «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады. «Елім-ай» деген ән туды.
Халық ең соңында бірігудің қажеттігін түсінді. 1728 жылы Әбілхайыр бастапан Кіші жүз жасақтары, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастапан әскерлер Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға қарсы соққы берді.
1730 жылы көктемде Балқаш көлі маңында тағы соғыс басталды. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, сияқты батырлар бастапан қазақ жасақтары жоңғарларға аяусыз соққы берді. Бұл жер кейін «Аңырақай» деп аталып кетті. Шуно Дабо бастапан қалмақтар Іле өзені бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Қазақ жерін азат ету жолындағы соғысты жеңіспен аяқтау үшін Үш жүздің әскерлері Шымкентке таяу Ордабасы деген жерге жиналды. Қолбасшы болып Әбілхайыр мен Бөгенбай сайланды.
Осы тұста Тәуке ханның баласы Үлкен Орда иесі Болат хан қайтыс болды. Таққа талас басталды. Болат ханның інісі, Орта Жүздің ханы Сәмеке (Шахмұхамед) тақтан үміткер болды. Сондай-ақ қалмақты қыруда үлкен ерлік танытқан Кіші жүз ханы Әбілхайырда тақтан дәмеленді. Алайда аға хан болып Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбет сайланды. Әбілхайыр бұған наразы болып, майдан шебінен әскерін алып кетті. Сәмеке де Шу бойымен Бетпақдалаға қарай өз әскерін алып кетті. Жоңғарларға қарсы майдан әлсірей бастады. Ұлы Жүздің ханы Жолбарыс жоңғарлармен мәмлеге баруға мәжбүр болды.
Осы тұста әрбір жүздің ішінде феодалдың бытыраңқылық күшейді. Кіші жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбілхайырдың баласы) өз алдына ел биледі. Сол сияқты Орта жүзде Күшік пен барақ сұлтандардың да өз иеліктері болды. Қазақ хандығының Бұхара, хиуамен қатынасы да нашар болды. Еділ өзені бойында қалмақтар мен башқұрттар Кіші Жүздің жеріне шабуыл жасап, үнемі қауіп туғызды.
Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік жағдайы
Қазақтардың өзара саяси қарым-қатынасы
16 ғасырда қазақ хандығы солтүстікте құрылған Сібір хандығымен (орталығы Түмен) шектесті. 1563 жылы Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті.
Сібір хандығының халқы түркі тілдес қырық рудан құрылған және угар тайпаларының жиынтығынан тұрды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес «Сібір татарлары» деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақс хандығымен саяси және сауда байланысын жасап тұрды.
1552 ж. Ресей Қазан қаласын жаулап алғаннан кейін, ол Сібір хандығымен көрші болып шықты. 1581 ж. Ермактың сібірге жорығы басталды. Көшім хан жеңілгенмен, Ермак жеңісті баянды ете алмады, ол 1584 ж,. қаза тапты. Бірақ Сібір хандығы да көтерілмеді. Сөйтіп ол 1598 жылы Ресей құрамына енді.
17 ғ. 2 ж. Қазақ хандығының жағдайы нашар болды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып осы аймақта көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұқара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастапан кезде, қазақ хандарының бірі Жәңгір Бұқар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652 ж. қаза тапты. 17 ғ. 90-ж-да жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл кезде қазақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті жүрді.
Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік шағы
Феодалдық қанау көптеген салық түрін енгізді. Малшыдан зекет, егіншіден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушы хандар болды. Олар тек Шыңғыс тұқымынан шықты. Феодалдық шартты жер иеленушілік, жерге меншіктің тұрақты түрлері, әсіресе Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Сыр бойындағы қалалар аймағында қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлері болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жерді иеленушілер онда тұратын егіншілерден, қолөнершілерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеуметтік шығу тегі негізге алынды. Жоғары аристократтық топ ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері хандар, сұлтандар, оғландар төрелер, қожалар жатты. Ал басқа халық әл-ауқатына қарамастан қара сүйекке жатқызылды.
Қазақ хандығының аймақтық-әкімшілік бөлінісі
Толық мақаласы: Қазақ хандығының дәстүрлі аймақтық-әкімшілік құрылымы
Қасым хан кезінде Қазақ хандығы велаяттарға бөлінді.
Қазақ хандығының Қасым хан кезіндегі аймақтық-әкімшілік бөлінісі
Қазақ хандығының хандары
Хандарды сайлау дәстүрі
Толық мақаласы: Хан көтеру
Таққа үміткер сұлтандар мен ақсүйектердің көпшілігінің келісімін алған соң, хандықтағы ең беделді сұлтандар мен билер оны жұқа ақ киізге отырғызған, киіз шетінен ұстап үш рет көтеріп, бірнеше рет “Хан! Хан! Хан!” деп айқайлаған”. Ақ киіз дала шөбіне тиер-тиместе көпшілік оны аспанға қайта-қайта көтеріп түсірген. Содан кейін жиналған жұртшылық хан отырған тақ есебіндегі киізді “хан талапай” жасап осы тарихи оқиғаға қа-тысуының куәсі әрі тәбәрік ретінде бөліп-бөліп алған. Кейін той басталып, ол бірнеше күнге жалғасқан. Хан көтеруге келген көпшілік мұнда бірнеше күн тыныққан, сондай-ақ беделді қайраткерлер мемл. маңызды істерді ақылдасқан. Жаңа ханға ел ішіндегі жайттарды мәлімдеген.
Хандар тізімі
Толық мақаласы: Қазақ хандары
Толық мақаласы: Қазақ хандарының шежіресі
Керей хан, Болат сұлтан ұлы, Орыс хан шөбересі 1465—1473 жылдары билеген.
Әз-Жәнібек хан, Барақ хан ұлы, Орыс хан шөбересі 1473—1480 жылдары билеген.
Бұрындық хан, Керей хан ұлы, 1480—1511 жылдары билеген.
Қасым хан, Әз-Жәнібек хан ұлы, 1511—1521 жылдары билеген.
Мамаш хан, Қасым хан ұлы, 1521—1523 жылдары билеген.
Тахир хан, Әдік сұлтан ұлы, 1523—1533 жылдары билеген.
Бауыш хан, Әдік сұлтан ұлы, 1529—1533 жылдары билеген.
Бұйдаш хан, Әдік сұлтан ұлы, 1533—1538 жылдары Жетісу өңірін билеген.
Тоғым хан, Жәдік сұлтан ұлы, 1533—1537 жылдары билеген.
Ахмат хан, Жаныш сұлтан ұлы, 1533—1535 жылдары Сырдария маңын билеген.
Хақ-Назар хан, Қасым хан ұлы, 1538—1580 жылдары билеген.
Шығай хан, Жәдік сұлтан ұлы, 1580—1582 жылдары билеген.
Тәуекел хан, Шығай хан ұлы, 1582—1598 жылдары билеген.
Есім хан, Шығай хан ұлы, 1598—1628 жылдары билеген.
Жәнібек хан, Есім хан ұлы, 1628—1643 жылдары билеген.
Салқам Жәңгір хан, Есім хан ұлы, 1643—1652 жылдары билеген.
Батыр хан, Бөлекей сұлтан ұлы (Әз-Жәнібек хан ұлы, Өсеке сұлтанның ұрпағы), 1652—1680 жылдары билеген.
Тәуке хан, Жәңгір хан ұлы, 1680—1715 жылдары билеген.
Қайып хан, Құсрау сұлтан ұлы (Есім хан ұрпағы), 1715—1718 жылдары билеген.
Болат хан, Тәуке хан ұлы, 1718—1729 жылдары билеген.
Әбілмәмбет хан, Болат хан ұлы, 1740—1771 жылдары билеген.
Абылай хан, Көркем Уәли сұлтан ұлы, 1771—1781 жылдары билеген.
Кене хан, Қасым сұлтан ұлы, (Абылай хан немересі) 1841—1847 жылдары билеген.
Қазақ хандығының мәдениеті
Қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары Шалкиіз (15 ғ.), Доспамбет (16 ғ.), Жиембет (17 ғ.). Қазақтың батырлар жыры тарихи оқиғаларға құрылған. Мысалы: Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыс, Ер Сайын, Қамбар батыр дастандары. Ислам діні толық тарады. Араб жазуы қолданылды.
18 ғасырда қазақтар үз жүзге бөлініп өмір сүріп жатты. Әр жүздің өз ханы болды. Кіші жүзді Әбілхайыр, Орта жүзде Сәмеке (Шахмұхамед), Ұлы Жүзде – Жолбарыс, Түркістан қаласын астана еткен Үлкен Орданың ханы Тәуке еді. Қазақ жерінде орталықтанған мемлекет болмауын көршілері өз пайдасына шешуді ойлады. Оңтүстік-батыстан Жайық казактарының қолдауымен Еділ бойындағы башқұрттар, қалмақтар Кіші жүзге тынымсыз шабуыл жасады. Солтүстіктен Сібір казактары тыным бермеді. Орта Азиядағы Бұқара мен Хиуа хандықтары да қазақ жерінен дәмелі болды. Олардың бәрінен асып түскен жоңғарлар еді.
Қазақ хандығының батырлары
Өтеген батыр – Дулат
Райымбек батыр – Албан
Есет батыр – Тама
Қабанбай батыр – Найман
Есет батыр – Шекті
Бақай батыр – Тама
Төленді батыр – Адай
Баян батыр – Уақ
Тоқсанбай батыр – Тама
Баян батыр – Тама
Бақ батыр – Тама
Бұзау батыр – Тама
Қонақай батыр – Найман
Қойгелді батыр – Дулат
Ақпан батыр – Дулат
Наурызбай батыр – Шапырашты
Алатау батыр – Қоңырат
Алтай батыр – Кете
Арал батыр – Кете
Есберді батыр – Найман
Ер Қаптағай батыр – Найман
Жайнақ батыр – Жалайыр
Бөлек батыр – Суан
Барақ батыр – Найман
Жидебай батыр – Арғын
Досқара батыр – Керей
Көктаубай батыр – Есентемір
Көбек батыр – Арғын
Тұрлан батыр – Шеркеш
Саурық батыр – Шапырашты
Смайыл батыр – Қоңырат
Жантай батыр – Арғын
Жаназар батыр – Төлеңгіт
Жарылғап батыр – Арғын
Елшібек батыр – Суан
Баубек батыр – Арғын
Ер Жәнібек батыр – Керей
Сыпатай батыр – Дулат
Қазақ хандығының 550 жылдығы
Толық мақаласы: Қазақ хандығының 550 жылдығы
Мерейтойдың шығыны шамамен 23 млрд теңге ($124,19 млн) болады деп күтілуде. Қазақ хандығының 550 жылдығы Қазақстанның бүкіл аймақтарында тойланады. Ал маңызды іс-шаралар қыркүйек айында Жамбыл облысы, Тараз қаласында өтеді. Себебі осы аумақта хандықтың негізі қаланған деп есептелінеді. Тараздағы іс-шараларды өткізуге 13,47 млрд теңге жұмсалады. Бірақ, кейбір тарихшылар Жәнібек пен Керей хандардың мемлекетінің орталығы Алматыға жақын аумақта болған деп, мерейтой жоспарын сынға алды. Қазақ хандығының мерейтойын тойлау шеңберінде 1 млрд теңгеге 10 бөлімді «Қазақ елі» атты сериал мен осы атаулы 375 млн теңгеге анимационды сериал түсіріледі. Қазақ хандығы туралы деректі фильм түсіруге 250 млн теңге бөлінеді. Ілияс Есенберлинның «Көшпенділер» трилогиясын баспадан шығаруға 106,6 млн теңге бөлінеді. Таразда шығыны 506,8 млн теңге болатын театрланған қойылым болады. «Мәңгілік ел» тақырыбына ақындар айтысы өтеді. 550 жылдық құрметіне монумент тұрғызылады (501,8 млн теңге). «Тараз – ғасырлар куәсі» атты көрме өтеді. Қазақша күрес пен басқа да ұлттық спорт түрлерінен халықаралық турнир өтеді. Басқа да шығындар: «Ұлы көш» фильмі (150 млн теңге) түсірілуіне, «Тамгалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени табиғи қорық-музей құрылысына (100 млн теңге), «Керей-Жәнібек», «Қазақ елі» спекталі қойылуына және «Қазақ хандығы» балетіне (68 млн теңге), Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына (20,4 млн теңге) жұмсалады.
Дереккөздер
↑ [1]
↑ Қазақ Энциклопедиясы
↑ Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 жыл. ЫСБН 9965-607-02-8
↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ЫСБН 9965-17-272-2