bannerbanner
Armanga bastar asular
Armanga bastar asularполная версия

Полная версия

Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля
На страницу:
2 из 4

Әбу Насыр әл – Фараби мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі XX -ғасырлардың 60-жылдарында ғана қолға алынды. Оған алғаш бастамашы болған қазақ ғалымдары Ақжан әл-Машани (Машанов) мен Қаныш Сәтбаев еді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай шығарылған ЮНЕСКО шешімі бойынша 1975 жылы Алматыда халықаралық конференция өткізілді.

Бұл күндері ҚР ҒМ Ғылым Академиясының философия институтында шығыс философиясы және Фарабитану бөлімі жұмыс істейді. Мұнда ғұламаның қазірге дейін қазақ және орыс тілдеріне аударылып, ғылыми түсініктемелері мен алғысөздері жазылып, 20-дан астам трактаттары жарық көрді. Бұл бөлім Әбу Насыр Әл-Фарабидің диалектикасы мен әлеуметтік философиясы мәселелері бойынша зерттеулер циклін жүргізіп келеді. ҚазМУ-де Фарабитану орталығы құрылған. Мұнда да Әбу Насыр Әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары Маркстік көзқарастардан арылған жаңа, тың бағыттар бойынша жүргізілуде. Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір жолы мен ғылым-білімге сіңген еңбегін бастама етіп жазуымның себебі, біздің келешек ұрпақ ата-тегінің қандай ғұлама ғалым болғанын білуі тиіс. Сонда ғана тағылымға толы тарихпен сусындаған болашақтың бағыты айқын болары сөзсіз. Адам баласы ең бірінші өзінің бітім-болмысы мен санасының қабілетін дұрыс жүйеге қоя білгенде ғана үлкен белестерді бағындыра алады.

Менің осы кітапты жазуыма түрткі болған елімізде өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың алғыр, есеп-қисапқа деген ынтасының жоғары екенін байқағаным еді. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болсам да, дүниеге келген тұңғыш қызым матеметикаға бейім болды. Қызымның тілі өте ерте шықты. Өзінің математикаға деген қызығушылығын байқаған соң, барынша қиынырақ тапсырма беріп, үш-төрт жасынан бастап көбейту кестесін жаттап шығуына себепкер болдым. Бірінші сыныпта математика пәнінен берілген барлық тапсырмаларды өзі менің көмегімсіз орындап жүрді. Сол жылдары, Алланың қалауымен мемлекет тарапынан жолдасыма үш бөлмелі пәтер беріліп, Тараз қаласынан Алматыға қоныс аудардық. Ол пәтеріміз Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты №178 физика-математикалық мектептің жанында орналасқан болып шықты. Сұрастыра келе, физика-математика бағытындағы атаулы лицей оқушыларды бесінші сыныптан бастап, тек емтихан арқылы қабылдайтынын білдім. Қызым емтиханды ойдағыдай тапсырып, сол шаңырақта оқуын жалғастырды. Негізінде әкесі екеуміз осы қызымыздың Республикалық физика-математикалық бағытында білім беретін О. Жәутіков атындағы мектепте білім алғанын армандап жүрдік.

Бағымызға орай, біздің бақытты шаңырағымыз мектептің тура жанында орналасқаны өте жақсы болды. Терезеден оқушылардың кіріп-шығып жүргенін көрудің өзі бір ғанибет қой шіркін! Адам армандай білсе міндетті түрде сол арманы орындалатынына осы уақытқа дейін көзім жетіп келеді. Жастайынан сен Жәутіков мектебінде оқисың деген сөз қызымның санасына сіңіп қалғандықтан ба, жоқ менің аналық арманым ба білмедім. Қызым білімін жетілдіріп, Жәутіков мектебіне де емтихан тапсырып, білім алу бақыты бұйырды. Бүгінде менің үмітімді ақтап үздік оқушы атануда. Биыл тоғызыншы сыныпты үздік бітірді. Ата-ана ретінде, қызым білім алып жатқан оқу ордасы жайында барлық мәліметтер мені өте қызықтырып жүрді. Әсіресе, шет елдегі олимпиадаларға қатысып жүлделі орын алып келіп жатқан ұл-қыздар жайында естіген шағымда өзімнен –өзім жүрегімді қуаныш билеп, мінекей қазақтың қаны сіңген ұрпақ осындай болу тиіс!– деп, көңілімді қуаныш билейтін. Бұл тектіліктің қайдан келіп жатқанын ұғып та отырған боларсыздар… Арғы аталарымыз әлемді мойындатқан ғұлама-ғалымдар болғанын ескерсек, сол текті ел ұрпағының қолынан да келетіні белгілі.

Бірінші тарау

Ұлы оқу ордасының құрылу тарихы, XX – шы ғасырдың, 1960-1970 жылдар аралығынан бастау алған. Сол кезеңде, әлемдегі екі ұлы держава СССР мен АҚШ бір-бірімен бақталастыққа түсіп, космосты бағындыруға деген ұмтылысы артып, елге білгір мамандар қажет болады. Совет өкіметі құрылғаннан кейін жоғарғы оқу орындары көптеп ашыла бастайды. Одаққа көптеген білікті мамандарды тәрбиелеп шығуға тура келеді. Оның ішінде қазақтан шыққан Қ. Сатпаев, О. Жәутіков аталарымыз болған. 1962-1963 жылдары Мәскеу университетінде математикалық мектеп ашылады, Ленинградтық, Киевтік университеттерде де, Новосибирскіде де дәл осындай мектептер ашылып одақ балалары білім ала бастайды. Осы мектептер ашылып жатқанда әлемді ғылыми зерттеу жобаларымен мойындатып үлгерген Қ.Сәтпаев Одақ басшыларынан, Қазақстанда да осындай мектептің ашылуын талап етеді. Алайда, жоғарыдағылар Союзға төрт мектеп жетеді деп шешкені белгілі болады. Өкінішке орай, Қ.Сатпаев 1964 жылы қайтыс болады. Ары қарай мектептің ашылуын академик О. Жәутіков қолға алған екен.

Жәутіков Орынбек Ахметбекұлы (1911-1989) – ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында дүниеге келген. 1920-1930 жылдары ауылдық мектепте, кейіннен Қарқаралы қаласындағы мектепте оқыған. 1934 жылы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) физика-математика факультетін үздік бітіріп, Ленинград мемлекеттік университетінің (Санкт-Петербор мемлекеттік университеті) аспирантурасын тамамдаған. 1934-1951 жылдар аралығында Қазақ педагогикалық институтында ассисент, аға оқытушы, доцент, декан, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі болған. 1945 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясында Математика және механика секторы ашылып, кейіннен Математика және механика институты құрылған. О.Жәутіков 1945-1965 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика секторында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, 1965-1969 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтының директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, 1969-1989 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясы Президиумының мүшесі, Физика-математика ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған. 1985-1989 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтында зертхана меңгерушісі болған. Негізгі ғылыми еңбектері қозғалыстың орнықтылық теориясына, математика, физика теңдеулеріне, дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелеріне, теориялық және қолданбалы механикаға, математика тарихы мен оның методологиясына арналған. О.Жәутіков – республикалық физика-математика мектебін ұйымдастырушылардың бірі. Бұл мектеп Орынбек Жәутіковтің есімімен аталған. Ол республикамызда математик ғалымдарды дайындауда және математиканы насихаттауда көп еңбек сіңіріп, отандық математиктер мектебін қалыптастырды. 1958 жылы академик О.Жәутіков алғаш рет қазақ тілінде математикалық талдау туралы оқулығын шығарған. Ол 200 – ден астам ғылыми еңбектердің, ғылыми-танымдық кітаптардың, методикалық жұмыстардың, көптеген оқулықтардың авторы. Белгілі ғалымдар А.Ляпуновтың, С.Ковалевскийдің, Н.Лобачевскийдің, С.Соболевтің, М.Лаврентьевтің, К.Персидскийдің, Қ.Сәтпаевтің, тағы басқалардың өмірі мен шығармашылық қызметтері туралы зерттеулерін ғылыми-танымдық кітаптары мен мақалаларында жариялаған. Академик О.Жәутіков Кеңес Одағы мен шетелдерде өткен осы замандағы математика және механика проблемаларына арналған көптеген съездер, конгрестер мен конференцияларға, симпозиумдарға қатысқан. Орынбек Ахметбекұлы Алматы қаласында оқушылардың Кіші ғылымдар академиясын ұйымдастырып, академияның көп жылдар бойы Құрметті президенті болды. О.Жәутіков математика ғылымын дамытуға және физика-математика білімдерін жетілдіруде зор үлес қосып, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлағаны үшін Октябрь революциясы, 2 рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты академик-ғалым Орынбек Жәутіков 16 мамыр күні 1989 жылы қайтыс болды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен академик-ғалым О.Жәутіковті мәңгі есте сақтау мақсатында Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі мен Қарқаралы қаласындағы №1 орта мектебіне есімі берілген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде үздік оқыған студенттерге арналып О.Жәутіков атындағы стипендия тағайындалған. Алматы қаласында ғалым О.Жәутіков тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған.


Сонымен қатар, мектеп оқушылары О. Жәутіков жайында «TULGALAR» аудио жазбасында жариялап жан-жақты дәріптеуге тырысып жүр.








Қазақтың қайсар ұлдарының алған бетінен қайтпай, мақсатқа жету жолындағы талмас табандылықтарының нәтижесінде, 1968 жылы 1 қыркүйекте Алматы қаласындағы №56 мектептің ішінен физика-математикалық бағытында білім беретін екі сынып ашылған. Бұл сыныптарға еліміздің түкпір-түкпірінен математикаға қызығушылығы бар, алтыншы сыныпты тәмәмдаған оқушылар қабылданады. Сол жылдары мектеп басшысы болған Шкарлет Иван Иванович жаңа мектептің іргетасы қаланып, құрылысының жандануына барынша атсалысқан. 1970 жылы Ботаникалық бульвар көшесінде физика-математика бағытында білім беретін еліміздегі ең алғашқы мектептің құрылысы басталған еді. Мектеп жанында ауылдан келген балалар жатып оқитын, интернаттың құрылысы да бірге жүргізілген. 1972 оқу жылы мектеп іске қосылғанымен интернаттың құрылысы әлі бітпеген екен. Мектептің де бірнеше кабинеттері ғана жұмыс жасаған. Сол кездегі орыс тілі пәнінің мұғалімі Нурсеитова Райхан Нурмашевнаның айтуынша физматтың қалыптасу кезеңі оңайға соқпаған. Мектепке келген мұғалімдердің де жағдайы болмаған. Алайда, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қазақтың қара домалақ балаларының білімге деген құштарлығын көрген сәттен бастап, барлық қиындыққа төтеп беруге болатынын түсінгенін айтады. Орыс тіліне шорқақ балаларға барынша жәрдем беріп, екінші анасы атанған осындай ұстаздардың жангештілігі мен балаға деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде мектептің дәрежесі биік болған. Мектептің алғашқы түлектерінің айтуынша, интернат құрылысы аяқталғанша балалар мектептің бөлмелерінде тұрған. Шкарлеттен кейінгі мектептің басшысы Александр Арсеньевич Чернобай болған. Александр Арсеньевич Чернобай мектептің толықтай қалыптасып, аяғынан нық тұрып кетуіне үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар, математика пәнінің мұғалімі Алиева Фатима Жумагазиевнаның айтуынша қазақ тіліндегі кітаптар мүлде болмаған, мұғалімдер өздері аударма жасап отырған. Бұл да үлкен еңбектің нәтижесі екенін көрсетеді. Есептерді Кванттан, Сканавиден аударма жасап, қазақ тілінде білім алатын балаларға тапсырмалар беріліп отырған. Қазақтың үш бәйтерегі іспеттес Ә. Жәутіков, Т. Аманов, А .Д. Тайманов мектептің ары қарай дамуын үнемі қадағалап, барынша қолдау көрсеткен. Мектептің алғашқы түлектері Асқар Жұмаділдаев пен Ержан Байсалов Союз бойынша өткізілген олимпиадалардың алғашқы жеңімпаздары атанған.

Атақты ғалым, математик А. Жұмаділдаевтың айтуынша, 1969 жылы Қазақстан пионері ғазетінде мектеп жайында мақала жарияланған екен. Ал, «Лениншіл жас» газетінде бір бет есеп беріліп, сол есептің бәрін дұрыс шығарып жіберген математик, О. Жәутіковтен шақырту хатын алады.

1981 жылы мектеп қабырғасында, Союз көлемінде алғаш рет оқушылар арасында олимпиада ұйымдастырылған. Тағы бір естелік ретінде, 1997-2000 жылдары осы мектепті басқарған, мектеп түлегі Ә.О. Қоңырбайұлының айтуынша мұғалімдер күніне 50-ге жуық тапсырма беретін, қатал талап қоятынын айтқан. Сол кездегі түлектер, үш жыл ғана бірге оқыған оқушылардың өмірлік досқа айналып кететінін мақтанышпен еске алады. Мектепте көптеген тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіліп отырған. Балаларға атақты ақын – жазушылармен, әншілермен кездесу ұйымдастырылған. Олардың қатарында, ақиық ақындар Қадыр Мырза Әли, Мұхтар Шахановтар, жезтаңдай әнші Роза Бағланова апаларымыз болған. Жалпы оқушылар математика пәнінен ғана алғыр болғанымен, жан-жақты өнерге де бейімделген. Ә.О. Қоңырбайұлының естеліктерінде өзі музыканы да өте қатты жақсы көргенін айтады. Мектеп қабырғасында жүргенде балалармен бірігіп ансамбль құрып, шығармашылық кеш ұйымдастырып, тіпті Дос-Мұқасандық ағаларын шақырған екен. Әбдімәжит Қоңырбайұлы өлең шығарғанды, ақындардың өлеңін нақышына келтіріп оқығанды жақсы көретін.



Өтеш Әбдімәжит Қоңырбайұлы

(1958-2017)


Мен алғаш рет ол кісіні 2017-жылдың сәуір айында кездестірген болатынмын. Қызым білім алып жатқан жоғарыда аты аталған №178-лицейдің сол кездегі басшысы қызметін атқарған уақыты еді. Өзім де жастайымнан зерек болып өстім. Мектеп қабырғасында да, онан соң Жоғарға оқу орнын да үздік дипломмен тәмәмдағанмын. Кейіннен тұрмыс құрып, бес баланы дүниеге әкеліп, бала тәрбиесімен айналысуыма тура келді. Бесінші баламды дүниеге әкелген соң, үйімнің жанындағы мектепке барып еңбек жолымды бастауды жөн санадым. Алайда, бүгінде жайдан-жай мектепке орналасу мүмкін емес екенін ескеретін болсақ, он төрт жыл бойы сандықта жатқан қызыл дипломды кім мойындар екен деп жүрексінгенім рас. Бірақ, осы мектеп басшысының жүзінен бір мейірімді сезетінмін. Бірде, қызымды сабақ аяқталған соң күтіп алып тұрғанымда, кездесіп қалып мектептің жанында құрылыс жүріп жатқандықтан үлкен кран балалардың өтетін жолына қауіп төндіріп тұрғанын айтқан болатынмын. Айтқаным сол екен, екі жұмадан соң балалар үшін қосымша есік орнатып қауіпсіз жол ашып қойыпты. Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі, кешке таман мектептің маңайын тексеріп, балаларды өзі шығарып салып тұратын. Бүгінде дүниеден өтіп кеткен ұлы тұлғаның маған жасаған жақсылыған ешқашан жадымнан шығармасым анық. Ең алғашқы еңбек жолымның басталуына себепкер, менің көзімнен ұзтаздық ұшқынды көре білген ардақты азамат болатын. «Өлеңге менің дағы бар таласым»– демекші оқушы кезімнен өлең шығарып, аудандық, облыстық газеттерде өлеңдерім жарияланым жүрген мен, тайсалып қалмадым. Ертесіне қолыма қалам алып, белді бекем буып ағайға жолығып жұмыс сұрауды жөн көрдім. Ол кісіге арнап мынандай өлең шығарған едім.


Әбдімәжит Өтеш Қоңырбайұлына!


Таласымнан тәлім алған қыз едім.

Үкілеген үміті едім, гүлі едім.

Өлеңдерім естігенді еліткен,

Елімменен бірге соқты жүрегім.


Бекежанов Балтабайдың қызы едім.

Еңбек еткен түріп жүріп білегін.

Қонаев пен Аухадиев аталар,

Жас кезімде берген бата-тілегін.


Жолдасбеков, Байгелдиев, Біртанов

Өсиетін тыңдағанның бірі едім,

Елге әйгілі талай жанды жүзбе-жүз,

Жастайымнан үлгі тұта білемін.

Ата-анам ақ дастархан басында

Топтастырған зиялының кілеңін


Бүгін міне ұзатылдым қияға

Сол кезеңді санамызға жиі ала

Бес баланы дүниеге әкелдім,

Бірақ өнер тар кеудеге сия ма?


Көп ойландым сізге қадам жасарда.

Салмақты боп көріндіңіз қашанда.

Сол себептен өтінішім болып тұр,

Жарасаңыз бір жақсылық жасауға.


Ұстаз болу бала кезгі арманым.

Төл тілімді сондықтан да таңдадым.

Он екі жыл бала-шаға өсіріп,

Жасауменен өтіп кетті жар қамын.


Енді міне етек-жеңім жиналып,

Алдыңызға келіп тұрмын жыр алып.

Категория, тәжірбие, мадақтау,

Ештеңені ел сияқты жимадық.


Тек диплом қолымдағы барлығы.

От өнердің осы екен қалдығы.

Бар ойымды ақ қағазға түсірдім.

Енді сіздің қолыңызда, ағатай!

Еңбек жолын бастауымның тағдыры…


06.05.2017 жыл


Не керек, ақ параққа өлеңді қолыммен жазып алып, сандықта жатқан қып-қызыл дипломды қалтаға салып, тәуекелге бел буып, мектепке кіріп бардым. Барып директорға кіруге рұқсат сұрап едім, күзетші ағай ол кісі қазір ғана шығып кеткенін айтты. Салым суға кетіп, үйге кірсем үшінші қызымның сабағы аяқталатын уақыты болып қалған екен. Ол үйден сәл қашығырақ орналасқан, жай мектепте оқитын. Дереу үш жасар ұлымды арбаға отырғызып алып мектепке бет алдым. Алланың құдіреті шексіз ғой шіркін! Ағайымның дәл алдымнан шыға келмесі бар ма? Мен де, уақыт жоғалтпай амандаса сала, қолына дипломым мен бір жапырақ өлеңімді ұстата салдым да

–Ағай түстен кейін сізге жолықсам бола ма? – деп сұрақты төтесінен бірақ қойдым. Ағай өте қарапайым арда азамат еді ғой жарықтық!

– Жарайды, жарайды сағат екіде күтемін, – деді маған таңырқай қарап.

Мен аласұрып қызымды үйге әкеле салып, мектепке тағы бардым. Ағайым, мені тағатсыздана күтіп отырғаны түрінен-ақ көрініп тұр. Бірденнен күлімсіреп қарсы алды.

–Келе ғой, отыр,-деді.

Мен бағанағы қылығыма қымсынып отырмын. Бірақ, ағай бірденнен хатшы қызға :

–Манағы өлеңді теріп болсаң алып келші,– деді. Мен аң-таң болып отырмын. Ол кезде өлеңді компьютермен теруді мүлдем ұмытып қалғанмын ғой! Оқу бітіргеніме бірнеше жылдар өтіп кеткен, оның үстіне үй шаруасында жүріп компьютерді мүлдем қолданбаған екенмін. Дайын, әп-әдемі болып терілген өлеңіме өзім ғашық болып қалдым. Ағайым, екі дана етіп шығартып қойыпты.

–Ала ғой, біреуі саған, біреуі маған естелікке,– деп алып қалды. Сөйтті де бірденнен :

–Жұмысқа қай күні шығуға дайынсың?– деді. Мен қазір ақ дайын екенімді айттым.

–Онда жүре ғой, -деп, мектептің кадр бөліміне апарып таныстырды.

– Оқу жылы аяқталып қалуына байланысты, қазір сағат жоқ, бірақ мектеп кітапханасына лобаранттық жұмысқа келе бер. Қыркүйек айынан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боласың, – деді де, мені сол жерге қалдырып кетті. Қасы-көзі қияқтай, өзі сымбатты апайым маған сұрақ қоя бастады.

–Компьютер білесіз бе? –деді.

Мен:

– Жоқ,-деп көзім бақырайып қарап тұрмын.

– Компьютер білмейтін мұғалім бола ма екен?– деп таңданып қарап тұрып, жақтырмаған сыңай танытып…

– Жарайды, ағай айтса болды,– деп менің өтінішімді қабыл алды. Кейіннен Алмагүл апай мені қатты жақсы көріп, екеуміз тіпті құрбы болып кеткен жайымыз бар!

Ағай сөзінде тұрды. 2017 жылдың қыркүйегі менің өмірімде еш ұмытылмайтындай ұстаздық мәртебесіне ие болдым. Онымен қатар, сынып жетекшілік міндетті де тапсырып, үлкен сенім артқан еді. Мектепшілік ұстаздардың жиынында мені сахнаға шығарып, әріптестеріммен таныстырып өзінің көрегендігін тағы да дәлелдеп еді. Алайда, мезгілсіз келген кеселден, арқа сүйер ағама айналған, талай қазақтың баласының жүрегіне математика ғылымына деген сүйіспеншілігін оята білген, аяулы ұстаз, мәңгілік тарихта қалу үшін, қоңыр күздің қара суығында келмес сапарға аттанып кетті! Алматы қаласының тұрғындары мен өзі білім берген талай тарландар шыққан Республикалық физика-математика мектебінің түлектері бірігіп, мектеп ұжымы мен көптеген жора-жолдастары, замандастары болып, Алатау аудандық мәдениет үйінен ақтық сапарға шығарып салдық. Жиналған қауымның көптігі сондай, ғимараттың ішіне сыймай барлығымыз ашық алаңда ағайымызбен қимай қоштастық!

Сол күні сөз сөйлеген кісілердің бірі Асқар Жұмәділдаев еді. Ол кісінің жүрек тебірентер сөздері жиналған қауымды еріксіз егілдіріп жіберді. Шынында да, білім шыңын мойындатып қана қоймай өскелең ұрпақтың Фараби сынды жол бастаушысының ғылымымен сусындауына үлес қосқан осындай тұла бойы ізгілік пен мейірімге толы ұстаздардың қатары сиреп бара жатқаны жанымды жабырқатады. Өткеніміздің қаншалықты қымбат та қадірлі екенін жас ұрпақ санасымен сезінсе ғой шіркін! Маған демеу болып, көңілімді жайландырар мәселе Әбдімәжит, Асқар ағалар сынды ұлағатты ұстаздардан тәлім алған шәкірттердің білім саласына қосып жатқан теңіздің тамшысындай болса да үлестерінің бар екені. Алайда, көптеген материалдың өзге тілдерде жарық көруіне байланысты, әлі де математика саласын ана тілімізде анық сөйлете алмай жүргеніміз қынжылтады. Жоғарыда аты аталған ағаларымыз да, барынша аударма жасап, оқушыларға қазақша есеп-қисаптардың баламаларын үйретіп, қазақ ғылымына толағай табыстар әкелді. Сонымен қатар, ана тілін сүйген шәкірттің математика біліміне деген құштарлығының арта түсетінін ағайым әрдайым ескертіп жүретін. Менің де осы уақытқа дейін бір байқағаным, тарихтағы көптеген математиктердің ақындық қабілетінің байқалып тұратыны. Өлеңге деген құштарлығы. Негізінде, өлең шығару да өзінше бір формуланы талап ететін тың дүние. Кез-келген адам екі сөздің басын қосып, ойын дұрыс жеткізгенімен, Абай атамыз айтпақшы айналасы жұп-жұмыр, өлең шығару екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осы орайда, мен де бір батыл шешімге келе отырып, математика мен поэзияны егіз ұғымға теңер едім. Байқасаңыз, табиғатты суреттейтін әсем туындылар болса, оны жүйеге түсіріп ғылыми тұрғыда түсіндіріп жүрген ілім – математика! Республикалық физика-математика мектебін басқарып, онда білім алып, ұстаздық еткен барлық азаматтар мен азаматшалардың осал болмағанын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Мәселен, төмендегі елімізге елеулі тұлғалардың барлығы Республикалық физика-математика мектебінен түлеп ұшқан азаматтар.

РФММ түлектері




Құлыбаев Тимур Асқарұлы – "Kazenergy" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының төрағасы.



Мәсімов Кәрім Қажымқанұлы— Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, бұрын – екі рет Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болған.



Волож Аркадий Юрьвиеч – Яндекстің негізін қалаушы.



Сегалович Илья Валентинович(1964-2013) – Яндекстің негізін қалаушы.



Келімбетов Қайрат Нематұлы-Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы, сонымен қатар – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы болған.



Қаппаров Нұрлан Жамбылұлы (1970-2015) – Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі болған. "Қазатомөнеркәсіп" АҚ Президенті, Гарвард университетінің үздік түлегі. Ол кісі 2015-жылдың 26-наурызында дүниеден озды.



Қожамжаров Қайрат Пернешұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметін атқарған.



Сұлтанов Бақыт Тұрлыханұлы-Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі, Астана қаласының әкімі болған.



Досаев Ерболат Асқарбекұлы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі.




Қаниев Берік Сералыұлы – Lancaster Group Ltd және "РФММ" КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.



Ким Вячеслав Константинович – "АҚ ірі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Kaspi.kz".




Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі.




Біртанов Есжан Амантайұлы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының Орынбасары қызметтерін атқарған.


Бұл жай ғана тізім емес. Айтулы тұлғалардың барлығы математика ғылымына терең бойлап, жан-жақты тәлім-тәрбие алған. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, талай бәйгеде оза шауып өз білімдерін әлемге мойындатқан азаматтар! (Кітаптың жазылу барысында біраз азамттардың қызмет орындары өзгерген)

Тілге тиек ететін жайттың бірі, Яндекстің негізін қалаған Волож Аркадий Юрьевич пен Сегалович Илья Валентиновичтің бағдарламасы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының қосымша білімдерінің артуына зор үлесін қосып отыр. Менің қызым да дәл осы «Яндекс лицейдің» оқушысы ретінде білім алып келеді. Программа құрудың тілдерін меңгеріп, пандемия кезінде ерікті ретінде Республикалық физика-математика мектебі жанынан құрылған «Үміт» академиясында дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің, көпбалалы аналардың балаларына, қамқоршысынан айырылған балаларға онлайн сабақ беріп отырды. Яғни, Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары өз білгендерін басқа да елді мекендерде тұрып жатқан оқушылармен бөлісуге әрдайым дайын екендігінің дәлелі.

На страницу:
2 из 4