Полная версия
Бақыт жолы
Екінші нюанс – күні бойы біз ТҮРЛІ ОҚИҒАЛАРҒА байланысты бір эмоциядан екіншісіне АУЫСА АЛАМЫЗ. Әрбір кішігірім жағдай да бізді шкала бойынша төмендетеді не көтереді. Мысалы, таңертең сіз бейтарап күйде оянуыңыз мүмкін. Кофе ішкен соң ақыл деңгейіне көтерілесіз. Ұйықтап жатқан балаларды көріп, сіз махаббат деңгейіне көтірілдіңіз. Ал кейінірек валютаның девальвациясы туралы жаңалықты оқығанда, қорқыныш деңгейіне құладыңыз. Содан соң кептелісте апатияға түстіңіз. Ал жұмыста жалақы алғаннан кейін бейтараптыққа көтерілдіңіз. Бұлар да кәдімгі жағдайлар. Біз үнемі ағартушылық күйінде болуды мақсат етпеуіміз керек. Осындай мақсат қойған адамдардың түсінігі қате деп айтуға болады. Егер үнемі эйфория, ағарту мен махаббат күйінде болатын болсаңыз, міне осыны қалыпты жағдай, кәдімгі жайт деп айта алмаймыз. Бұл ессіздіктің белгісі болар еді. Досыңыз сізге анасының қайтыс болғанын айтты делік. Осыдан кейін ағартушылық күйінде қалу есінен адасқандықты білдіреді ғой. Сондықтан түсінуіңіз керек басты нәрсе – сізде жан дүниеңіздің күйін тез қайта қалпына келтіре алатын қабілет бар әрі шкала бойынша жылдам көтеріле аласыз. Бар болғаны осы. Бұл пейнхантингтің түпкі мақсаттарының бірі.
Үшінші нюансқа көшейік. Біз БІР МЕЗГІЛДЕ БІРНЕШЕ ЭМОЦИЯНЫ сезінуіміз мүмкін. Егер сіз сезімтал адам болсаңыз, кейде адам бір мезгілде аралас эмоцияларды бастан кешіретінін байқаған шығарсыз. Мысалы, біреу балаға ұрысып айғайлап тұрып, сол сәтте айғайлағаны үшін өзін кінәлі сезініп тұруы да мүмкін. Нәтижесінде ол абдырап қалады, бақытсыз болады, оның көңіл-күйі де «шайқалады». Немесе, мысалы, университет бітірген жас түлек бір жұмысқа қабылданғаны туралы жаңалықты естиді, осы сәтте ол көптеген эмоцияларды бастан кешіреді: шаттық, қорқыныш, қуаныш және тіпті ұятты сезінеді. Нақтырақ айтсақ, жақсы жаңалыққа шаттық, жұмыстағы жауапкершіліктен қорқыныш, ата-анасының мақтан тұтатынына қуаныш сезінеді және жеткілікті жақсы оқымағанына әрі өз мамандығын жетік білмегеніне ұялады. Түсіндіңіз бе? Ал дәл осы сәтте сіз оның жүзінен таңдануды және эмоциялардың әр түрлі көрінісін байқай аласыз. Шындығында, өмірде біз жиі осындай жағдайларға тап болып жатамыз. Осы жағдайлардың барлығында көптеген ойлар мен эмоциялар, бәрі қатарынан бірер секундта пайда болады. Кейінірек ол бірнеше секундта орын алған осы оқиғаны достарына бір сағат бойы айтып беруі мүмкін! Сонда ол сонша мәліметті қайдан алады? Иә, ол өз санасындағы кинотаспадағы кадрларды жай ғана «баяулатып», бір сәтте пайда болған жүздеген ойлар мен эмоцияларды егжей-тегжейлі баяндайды.
Енді төртінші ерекшелік туралы айтайық. ЖАЛҒАН және ШЫНАЙЫ ЭМОЦИЯ деген ұғымдар бар. Оларды анықтау және олардың арасындағы айырмашылықты түсіну соншалықты қиын емес. Бірақ егер қабырғасы қайысып тұрса да, адам үнемі күлімсіреп жүруі тиіс деп қабылданған Батыс әлемінде өмір сүрсеңіз, онда бұл жағдайда жаңылысып қалуыңыз мүмкін. Мұны әдетте ер адамдар онша байқай бермейді және шынайы емес эмоцияларға оңай сенеді, ал дәл сол сәтте олардың сезімтал әйелдері сол адамдардың шынайы бет-бейнесінің қандай екенін алғашқы секундтан-ақ түсіне алады. Демек, жалған эмоция – бұл өзгеге әсер қалдыру үшін, былайша айтқанда бетперде киіп ел алдында көрсетілетін эмоция. Ал шынайы эмоция – көңіл түбінде, жан дүниесінде сезініп жатқандары. Мысалы, сіз қонақтарды қарсы алып жатқанда іштей енеңізге ашулануыңыз мүмкін, бірақ бет-жүзіңізге қуаныш маскасын «киіп» аласыз. Егер сіздің енеңіз өте сезімтал болса, ол сіздің жалғандығыңызды түсіне қояды, ал егер олай болмаса, ол сіздің жалған эмоцияларыңызға сенеді.
Сонда бізге бұл нюанстар не үшін қажет? Ортақ мақсатымызды жақсы түсіне алуымыз үшін қажет. Ал біздің ортақ мақсатымыз – сізді бақытты ету!
Дәл осы кезде сіз, біріншіден, бізде пейнхантингте бақытты болғансып көріну деген мақсат жоқ екенін нақты түсінуіңіз керек! Біз сіздің жасанды, жалған эмоцияларыңызбен жұмыс жасауды мақсат етпейміз. Өкінішке орай, қазіргі заманғы көптеген коучтар, әсіресе Батыстағы, бізді позитивті эмоцияларды жасанды түрде жасауға талпындырады. Олар біздің жанымыз бұған бейімделеді, сондықтан сәлден кейін өзімізді шынымен бақытты сезіне бастаймыз дегенді айтады. Бұл қандай да бір шамада дұрыс-ақ, бірақ бұны кофе ішумен салыстыруға болады. Егер сіз сәл ұйқыңыз қанбай тұрсаңыз, қою кофе ішіп ояна аласыз, бірақ егер тек екі сағат қана ұйықтаған болсаңыз, онда ешқандай кофе көмектеспейді. Бұл жағдайда сізге өзіңізді азаптамай, жәй ғана ұйықтап алу керек. Яғни, егер қатты күйзеліске түссеңіз, ешқандайда жасандылық сізді бақытты етпейді. Пейнхантингте біз жан дүниеңізде сезініп тұрған шынайы эмоцияларыңызбен жұмыс жасаймыз. Жүздеген пайдасыз аффирмациялар, визуализациялар және медитация бізді жасанды эйфорияға итермелейді, бұның салдарынан жан дүниемізде тереңде жатқан жаралар мен жан азабы емделмей сол күйі қалады. Ал пейнхантинг көзбояушылық жасап, бақытқа жеткізгендей етпейді, ол азапты жан жараларыңыздан арылта отырып, жан дүниеңізге шынымен бақыт сыйлайды.
Екіншіден, пейнхантинг сізді «тәулік бойы бақытты» етпейтінін түсінуіңіз керек. Тәулік бойы бақытты боп жүретін адам – шындығында жан дертіне ұшыраған ауру адам. Мысалы бұл нашақор, өйткені ол дүниені дұрыс қабылдамайды. Бұл өзгелердің наразылығын түк елемей, бәрін сүйе беретін маскүнем. Бұл өзін Құдайдың елшісі санайтын жан дертіне ұшыраған науқас. Пейнхантинг сізді мұндай етпейді. Керісінше, дүниені бұрмалаусыз және әсірелендірілген жағымсыз бейнелерсіз адекватты қабылдауға көмектеседі. Пейнхантинг сізге күштірек, ақылдырақ және стреске төзімдірек болуыңызға көмектеседі. Сіз барлық басқа адамдар сияқты эмоциялар шкаласы бойынша төмен түсетін боласыз, бірақ сізде үлкен артықшылық болады. Яғни, шкала бойынша тез-ақ көтеріліп кетесіз және төменгі деңгейлерде қалып қоймайсыз.
Үшіншіден, пейнхантинг сізге түпсанаңызда босқа қажетсіз нәрселерді айналдыра ойлай беру процесін азайтуға көмектеседі. Миллиондаған адамдар шын мәнінде жоқ нәрсені саналарында айналдыра ойлай бергеннен қажып жүр. Пейнхантинг санаңыздан барлық қажетсіз бейнелерді алып тастайды, сонда сіз дүниені шындыққа сай қабылдайсыз. Пейнхантинг сізге жаныңыз тіреліп қалып қойған балалық шақтағы оқиғаларда емес, ҚАЗІР және ОСЫНДА болуға көмектеседі.
Әрине, төртіншіден, пейнхантинг сізге өміріңіздің барлық салаларын жақсартуға көмектеседі. Біз сізге өзіңізді әлдеқайда жақсы сезінетін салада ғана жетістікке жетуді үйретпейміз. Ұнамаған ортаны тастап, сүйікті елге көшіп сонда өмір сүруге, жалықтыратын жұмысыңызды тастап, басқа сүйікті мамандығыңызды іздеуге кеңес бермейміз. Біз сізге өміріңізде болып жатқан жайттардан қашпай, яғни шындыққа тура қарап, өміріңіздің барлық саласында жеңіске жетуді үйретеміз! Бақытты болу үшін қоғамнан Тибетке қашу – бұл жеңіс емес, жігерсіздік пен қорқақтық. Жайсыздықты сезінбеу үшін достарыңыздан оқшаулану, бұл керемет емес, қайта күлкілі жайт! Руханилыққа қол жеткізу үшін материалдық игіліктерден бас тарту – бұл даналық емес, нағыз ақымақтық. Шын мәнінде, пейнхантингтің көмегімен сіз отбасылық өмірде де, материалдық істерде де, рухани нығаюда да жетістікке жете аласыз, өмірдің рахатын барынша сезінесіз.
Ал енді қорытындылайық. Біз басты вектор – эмоцияларды қарастырдық. Эмоциялар шкаласын зерттеп, оны түсіне бастадық. Бұл шкала алда сізге көп пайдасын тигізбек әрі осы кітаптың барлық идеяларын тереңірек түсіну үшін оған қайта-қайта оралып тұрасыз.
Енді пейнхантингтің келесі векторына көшейік. Бұл біздің ойымыз, сеніміміз бен көзқарасымыз. Өмірімізде жақсы не жаман жайттар орын алғанда, ойымызбен не болатынын қарастырайық. Ендеше кеттік.
1.5 тарау. О ВЕКТОРЫ— теріс көзқарастар мен ұстанымдар қалай пайда болады
Ой – материалды десем, ешкімді таң қалдырмаспын. Яғни, өмірімізде болып жатқан оқиғалардың бәрі кешегі ойларымыздың нәтижесі. Жүздеген кітаптар, мыңдаған тренингтер осы идеяға арналған. Қуанышқа орай, миллиондаған адамдар тағдыры өз қолдарында екенін, өз өмірлерін өздері жасайтындарын жақсырақ түсіне бастаған. Саналы адамдардың көбісі бұған қатысты дауласпаса да, кейде өмірімізде болатын жағдайлар бұл сөздерді шындыққа жанаспайтындай етіп көрсетеді. Мысалы, күтпеген жерден жақын досыңыз сатқындық жасап «арқаға пышақ сұғады». Ал осы сәтте сіз бұл шындықты өзім қалап жасамадым ғой деп ойлайсыз. Сонда неліктен бұлай болды? Немесе күтпеген жерден сүйіктіңізден айырылып: «Сонда мен ойлап, осындай қатыгез жолмен іске асқан соншама қай ой?» деп таңырқайсыз. Я болмаса, кенеттен айықпас дертке шалдыққаныңызды білесіз. Қандай ойларым мені осындай жағдайға душар жеткізді деп ойларсыз.
Бұрынғы ойларды еске түсіріп, санасына қазбалай үңілген адам кейде басынан өткен барлық қайғылы оқиғалар үшін өзін кіналай бастауы мүмкін. Нәтижесінде, оған «ойлар материалдық» деген идея тым қатал бола бастайды, сондықтан оны қабылдағысы келмей санасынан лақтырады да, дүние хаосқа толы екеніне және бұл хаосқа еш әсер ете алмайтынына сене бастайды.
Сондықтан, ақырында, жағымсыз жағдайдың түп-тамырын табудың, яғни СЕБЕБІН іздеудің орнына, САЛДАРЫНА ұрынады. Ол басқаларды кінәлай бастайды және жүріс-тұрысына жауапкершілікпен қарамайы. Өз өміріне еш әсер ете алмаймын деп санап, барған сайын өмірін басқарып отырған ата-ана, мемлекет, апаттар, планеталар, сандар мен күндер және т.б. дегенге сене бастайды.
Бірақ ащы шындық мынадай – сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз тағдырыңыздың, өз өміріңіздің иесі сіз өзіңізсіз. Қалай болған күнде де, Құдай, жұлдыздар мен планеталар, өмірімдегі суреттерді салады деп ойласаңыз да, өз ойларыңызбен өміріңіздегі «бейнелерді салуды» өзіңіз жалғастырасыз.
Бұған, әрине, бірден сену қиын, бірақ онкология, қант диабеті немесе инфаркт сияқты аурулар да өздігінен пайда болмайды. Олардың белгілі бір психологиялық себептері бар. Бұл аурулар санада қалған күйреткіш әсері бар бұрынғы ойлардың нәтижесі. Тіпті көшедегі бомж осылай үй-күйсіз адам болуға өз еркімен шешім қабылдаған. Ер адаммен ешқашан жақын қарым-қатынаста болмаған 40 жастағы әйел де, өмірінің белгілі бір кезеңінде осылай жалғызбасты өмір сүруге шешім қабылдаған. Көлік апатынан қайтыс болған адам да, апатқа дейін өлуді шешкен. Мен мұны теорияшы-пәлсапашы ретінде айтып отырған жоқпын. Мен мұны тәжірибеші ретінде айтып отырмын. Мен және пейнхантерлер тобым, клиенттердің ойларының «түпкі тамырын» мыңдаған рет сәтті тапқан болатынбыз, осы ең түпкі ойлары өмірлеріндегі бүгінгі проблемаларына әкелген. Сондықтан мынаны растай аламыз: иә, ойлар шынымен де материалды!
Бірақ бұған қатысты абыржымаңыз деп айтуға қуаныштымын. Кітапты оқу барысында үнемі осы шындықты есіңізге түсіріп, қайта-қайта сендіріп отыратын болады деп уайымдамаңыз! Біз бұдан әрі қарай жүреміз! Мен сізге осы түпкі ойларды дәл анықтауды және оларды жоюды үйретемін! Көптеген рухани гурулар, тәлімгерлер қайғы-қасіретіңіздің себебі сіз өзіңіз екеніңізді растап, бұның шешімдерін ұсынады, бірақ бұл шешімдердің сізге көмектесетініне еш кепілдік жоқ. Бақытымызға орай, пейнхантингтің көмегімен бұл жетіспеушіліктің орны толтырылады. «Ойлар – материалдық» дегенге сеніп қана қоймай, мұның рас екеніне іс жүзінде бірнеше рет көз жеткізетін боласыз және бастысы, ойларыңыздың көмегімен шынымен де өз өміріңізді оңай және сенімді басқаруды үйренесіз.
Алдыңғы тараулардағы төрт жасар қыздың мысалына оралайық. Жоғарыда айтқанымдай, бірдей жағдайға тап болған әр түрлі адамдар өздері үшін түрлі ұстаным-нанымдарды таңдайды. Бірі өмір бойы өзінің дұрыстығын басқаларға дәлелдеуге шешім қабылдайды, екіншісі – әрқашан осындай жағдайлардан аулақ болуды, ал үшіншісі – дүниеден мүлдем жасырынып, өзімен-өзі болып, тұйықталуды шешеді. Бұларды болжау мүмкін еместей көрінер. Бірақ, біріншіден, сіз осы тараудың соңында, эмоцияларды болжап айтуға болатыны сияқты, бұл ойларды да болжауға болатынын түсінесіз. Екіншіден, осыған дейін орын алған оқиғаларға, яғни бұрын болған жағдайға оралып, сол кезде қабылданған барлық шешімдерімізді еске түсіріп, оларды жойып, жаңа, әлдеқайда позитивті шешімдер қабылдай отыра, сол ойларымызды түзете аламыз.
Егер төрт жасар қызымыз енді ешқашан сурет салмаймын деп шешсе, онда кейін оның шығармашылық өнерінде қиындықтар туындайды. Мысалы, егер болашақта оның досы сурет салуды өте жақсы меңгеріп алса, біздің қызымыз іштей «мен де жақсы суретші бола алар едім ғой» деп қатты қамығады. Немесе оны көркем өнер студиясына жіберсе, ол сурет салуға ішкі қарсылық сезіп тұратын болады. Өйткені, оның жан дүниесінде «сурет салма» деген ой бар.
Қыздың басқа ойлары да болуы мүмкін. Мысалы, ол өзі үшін ешқашан бірдеңені ойластыруға және жасауға болмайды деп шешуі мүмкін. Немесе өнерін анасының алдында ешқашан көрсетпеу керек деген тоқтамға келген болар. Я болмаса, керісінше, егер ол анасының әрекетін әділетсіздік деп есептесе, болашақта анасына өзінің дұрыстығын дәлелдеуге деген қалауы бастан кетпей тұратын болады.
Бұл ойлардың туындауы не нәрсеге байланысты? Адам бұрын болған эмоционалды күйге байланысты. Сонымен, егер қыз бастапқыда қуаныш күйінде болса, онда анасының жәй наразылығы оны бейтарап күйге түсіреді, мүмкін оның көзқарасы да бейтарап болар. Мысалы, ол: «Анам сұрамаған нәрсені жасауға тырыспаған дұрыс» деп ойлайды. Бұл ойы оның жанын ауырта қоймас.
Ал егер анасы наразылығын білдіріп қана қоймай, баланы ұрып жіберіп, ұрсып, ақымақ деп атаған болса, онда ол ашу деңгейіне, тіпті одан да бетер, апатияға дейін түсіп кетеді. Сәйкесінше, балада: «маған айқайлауына анама ешқашан жол бермеймін» деген ызалы ойлары немесе «Бұл дүние әділетсіз және қатал, сондықтан жақындарыңның қолдауына арқа сүйеме» деген үнжырға түсіретін ойлары болуы мүмкін. Мәнін түсіндіңіз бе? Ойлардың шын мәнінде өзіндік «көлеңкесі» болады. Олар әрқашан эмоцияларды «қамтиды»! Бұл теорияның ғылыми түсіндірмесін іздеуге тырыспаңыз, өйткені аса маңыздысы бұл емес. Ойлар немқұрайлы, ызалы, қайғылы не керісінше, позитивті және қуанышты болуы мүмкін екенін жәй ғана қабылдап елестетіп көріңіз.
Сонымен, қорытындылайық. Сіз бір мезгілде екі векторға, ойлар мен эмоцияларға, назар салуды үйрендіңіз. Олар бір-бірімен өте тығыз байланысты.
Осы екі вектордан басқа, біз әрі қарай қалған екеуімен, дене және жадымыздағы бейнелермен, жұмыс істеуді үйренеміз. Бірақ әрі қарай жылжымас бұрын, ойлардың тағы бір қызықты табиғатын қарастырайық. Біз олардың «өмір сүргіш» сипаттамаларын қарастырамыз. Сәлден кейін сіз санаңызда күніне он мыңдап туындайтын ойларыңыздың ешқайсысы да, арнайы қайта еске түсіріп, олардан өзіңіз бас тартпайынша, ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз.
Балалық шақта қабылдаған көптеген шешімдер, нанымдар, ойлар, тұжырымдар мен постулаттар түпсанамызда тұратынын және олардың ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз. Олар ұмытылмайды да, жойылып та кетпейді!
1.6 тарау. Үлкен корпорация сияқты ақыл-санамыз
Мынадай қызықты құбылысты байқағансыз ба: өзіңізге бірдеңені ұмытпауға уәде бердіңіз, сосын бұл уәдеңіз ішкі дауысыңызға айналады, кейінірек бұл ішкі дауыс ұмытпау тиіс нәрсені еске салады.
Мысалы, іссапарға бару керек болғанда, сіз заттарыңызды жинау үшін үйге барар жолда: «Құжаттарды чемоданға салуды ұмытпа» немесе «сөмкеге смартфон зарядтағышын салуды ұмытпа» деп ішіңізден ойлаған шығарсыз. Кейінірек қажет нәрсенің бәрін жинап болған соң сіз түпсанаңызда алаңдаушылық сезіндіңіз де, сізге онымен «сөйлесуге» тура келді. Сөйтіп сіз оны мұқият тыңдағанда, кенеттен ол: «Құжатты чемоданға сал» немесе «Зарядтағышты сөмкеге сал» деген ақпарат береді. Бұл ақпарат ойлар, ішкі дауыс немесе бейне түрінде келуі мүмкін. Бұл аса маңызды емес, десе де бұл сізге таныс жайт қой? Жоспарлаған заттардың бәрін салып болғаннан кейін ғана тынышталып, мазасыз күй кешпейтініңіз сөзсіз.
Немесе, мысалы, сіз көйлегіңізді үтіктеп жатқанда, балаңыз ойыншығына қатысты көмек сұрап сізді шақырып жатқанын естисіз. Осы сәтте өзіңізге: «Қайта келіп үтікті міндетті түрде өшіруді ұмытпа» деген боларсыз, сөйтіп бала отырған бөлмеге барасыз. Содан кейін көршілер есік қағып, коммуналдық төлемнің қымбаттағаны туралы жаңалық айтады, кейін қал-жағдайыңызды білу үшін ата-анаңыз телефон шалады. Осылай сіз үтіктеу процесін ұмытып кеттіңіз. Алайда соған қарамастан бір ішкі алаңдаушылықты сезіп тұрасыз. Беймаза болып, сізге бір нәрсе аяқталмағандай көрінеді. Ал егер босаңсып, ішкі дауысыңызды тыңдайтын болсаңыз, бірден «Үтікті өшіру керек» деген ақпаратты аласыз.
Осы қарапайым мысалдар арқылы мен сізге түпсананың атқаратын маңызды функциясы бар екенін жеткізгім келеді. Бұлар бұйрықтарды сақтау және оларды орындау функциясы! Әр адам түпсанасының осы функциясын интуитивті түрде қолданады, соның арқасында атқару керек әр іс-әрекетімізді қойын дәптерге жазып отырмай көптеген істерді жақсы атқара аламыз.
Бірақ бұл функцияның бір ерекше қасиеті бар. Түпсанаға өзіміз беретін бұйрықтар ешқашан жоғалмайды. Олар сіздің жадыңызда, былайша айтқанда «жазулы тұрады» әрі алаңдаушылық тудырады. Ол смартфон немесе ноутбук сияқты. Егер сіз көп қолданбалар топтамасын ашып, оларды жаппасаңыз, онда оперативті жады өте аз болады, сондықтан сіздің гаджетіңіз қарапайым функциялардың өзін өте баяу орындайтын болады. Үтікпен мысалдағыдай, қолданбаның барлық терезелерін жапсаңыз, смартфоныңыз «тынышталып», кез келген тапсырманы тез әрі оңай орындай бастайды.
Екінші ерекшелік – санамызға берілген командалар, кейде олардың орындалуының енді қажеті болмаса да орындалады! Бұдан сананың дұрыс емес есептеулері пайда болады, ал бұл ең ақымақ әрекеттерге, наным-сенімдерге және нәтижесінде өз істерінен зардап шегуге әкеледі. Бұл болса, өз кезегінде, сәтсіздікке және түрлі ауруларға ұшыратады.
Осы мысалдардың көмегімен сіз бір маңызды ойды түсінуіңіз керек. Түпсанаңыз не істесе де, барлығын сіздің бұйрығыңыз бойынша ғана істейді! Түпсанаңыз ешқашан сізді басқарып отырмайды. Егер өзіңіз рұқсат етпесеңіз, түпсанаңызды бөтен адамдар ешқашан басқара алмайды. Бірақ неге кейде түпсанамыз бізді тыңдамайтындай жағдай болады? Емтиханға үш күн қалғанда, түпсананың оған дайындалғысы келмеген кездері есіңізде ме? Жұмысыңызға қатысты көп іс атқару керек болғанда, саналы түрде диванда демалуды таңдаған кезіңіз есіңізде ме? Аудитория алдына шығып, сенімді сөйлеу керек болғанда, түпсанаңыздың неге екені белгісіз, қорқыныш пен ұялуды қосып, бұның салдарынан қызарып, қолдарыңыз дірілдеп кеткен сәттер есіңізде ме? Егер түпсанамыз біз берген бұйрықтарды қатаң түрде орындайтын болса, онда неге ол кейде бізді тыңдауды қояды? Бұл оның зорығып кеткенін білдіре ме? Әлде шамадан тыс жүктелгені ме? Сонда түпсана жұмысы мінсіз болмағаны ма?
Бұның жауабы қарапайым. Егер түпсанаңыз кейде сізге бағынбай, бұйрықтарыңызды орындамаса, онда сіз оған мұның алдында, қазіргі командаңызға қайшы келетін басқа команда бергенсіз. Бар болғаны осы. Егер сол ескі команданы тауып, одан бас тартсаңыз, онда сіздің түпсанаңыз толық қуатпен қосылады да, қазіргі тапсырмаңызды өте жеңіл әрі тез орындайсыз. Мысалы, бір әйел 15 жасында көлік апатына ұшырап, енді ешқашан көлікпен алыс жерлерге бармаймын, оның орнына пойызбен жүремін деп шешкен делік. Сосын ол бұл ойды ұмытады, 10 жыл өткен соң күйеуі оған басқа қалада тұратын ата-анасына көлікпен баруды ұсынады. Әйелдің алдында бұйырылған «Басқа қалаларға көлікпен баруды таңдама» деген командасы болғандықтан, ол бір түсініксіз қорқыныш пен жайсыздықты сезінеді. Егер бұл қорқынышы күшті болса, онда әйел күйеуін ата-анасына пойызбен баруға көндіруі мүмкін.
Бұл мысалда түпсанадағы ескі ой жеңді. Бірақ кейде жаңа ой жеңеді. Мысалы, сіз әрқашан дәрігер болғыңыз келген делік. Сіз мектепте биология мен анатомияны оқығанды ұнататынсыз. Бір күні дәрігерлердің сәтсіз аяқталған, ауыр ота жасағандарын көрдіңіз, кейін сіз дәлізде қайтыс болған науқастың туыстарының зар еңіреп жылағандарын естідіңіз. Сол кезде сіз дәрігер болу өте ауыр іс деп шештіңіз, сөйтіп өлім мен қан жиі кездеспейтін басқа мамандықты таңдадыңыз. Демек бұл жағдайда кейін пайда болған ой жеңді, бірақ бұған дейін сіз үнемі дәрігер болуды армандаған болатынсыз. Неге осылай болды?
Байқаған боларсыз, бұл екі мысалда да болуы мүмкін қауіп пен жанға батар ауру туралы ой жеңді! Бұл түпсана қасиеттерінің бірі. Біздің түпсанамыз ең қауіпсіз жолды таңдайды. Егер кедей адамға еркін және жайлы өмір сүре алатынын, бірақ бұл үшін кәсіпкерлікпен айналысуы қажет екенін айтса, ол, ең алдымен, кедейшілікке апаратын болса да, неғұрлым тәуекелге апармайтын жолды таңдайды, өйткені жайлы аймақтан тыс жерде түпсана кілең қауіптерді көреді. Демек, түпсана қауіпі бар, бірақ жарқын жолдан гөрі, қауіпсіз, бірақ қараңғы жолды қалайды.
Көріп отырғаныңыздай, түпсана өте көп мөлшерде ойларды сақтайды және оларды маңыздылық дәрежесі, қауіпсіздігі және басқа да критерийлер бойынша сұрыптайды. Одан әрі қарай жүрейік.
Түпсанамызды үлкен корпорация ретінде елестетіп көрейік. Сіздің санаңыз – сіз өзіңіз делік және корпорацияның иесі, басты акционері сіз боласыз. Жүздеген, мыңдаған, тіпті мүмкін миллиондаған сізге бағынышты қызметкерлер – бұл түпсанаңыздағы ойларыңыз, олар әр секунд сайын өзіңіз бір кездері сеніп тапсырған көп істерді атқарады. Егер бұл корпорацияны басқарғыңыз келсе, онда сіз осы қызметкерлермен жұмыс жасай білуіңіз керек. Яғни, егер өз ақыл-санаңыздың қожайыны болғыңыз келсе, түпсанаңыздағы ойларыңызбен жұмыс істеуді үйренуіңіз керек. Әрине, егер акционердің басқару қабілеті болмаса, ол әр процеске өзі араласып кетеді, яғни, бухгалтер орнына өзі бухгалтерия жұмыстарын жүргізуге тырысады, сату бөлімінің орнына саудамен және күзетшілердің орнына күзетпен айналысады. Дәл осылай, егер өз түпсанаңызды басқаруды білмесеңіз, үнемі өзіңізді санаңыздағы тұжырым-ұстанымдармен жұмыс жасауға мәжбүрлеп отыратын боласыз.
Қарапайым мысал келтірейін. Сіздің түпсанаңызда: «Алдын ала есеп тапсырудың пайдасы жоқ, бәрібір оларды ешкім бағаламайды», – деген бұрын орнатылған тұжырым бар. Бір күні сіз есеп жүргізуді қалайсыз, бірақ сіздің денеңіз диваннан тұрғысы келмейді. Негізінде, осы кезде, сіз бір кездері жұмысқа «жалдаған» белгілі бір «бағынышты қызметкер» сіздің түпсанаңызда «Қажетсіз күш салма, өйткені оны ешкім бағаламайды» деген бұйрықты орындап тұр. Бірақ бұл әріптесті елемей, денеңізді диваннан тұруға мәжбүрлейсіз. Әрине, сөйтіп ісіңізді атқарасыз. Бірақ осы кезде түпсанаңыз абдырап қалады. Өйткені түпсанаңыздағы «бағынышты қызметкер» жұмыстан шығарылмаған ғой! Сондықтан ол өзіне бұйырылған команданы орындауын жалғастыра береді. Сіз өзіңізге айқайлайсыз, өзіңізді ынталандырасыз, ұрысасыз және қайта көтерілесіз. Осылайша сіз бір күні шаршамайынша, өзіңізді көп рет «мәжбүрлеп отырасыз». Егер акционермен ұқсастыққа қайта оралсақ, акционердің маңызды істері өте көп екені анық. Ол бухгалтерия бөлімі бола тұра, бухгалтерлік есепті үнемі өзі жүргізіп кетпейді ғой, я болмаса бірнеше заңгерлері бола тұра, келісімшарттар жасаумен үнемі айналыспайды ғой. Сізде де тура солай. Бір күні сіз диваннан тұру үшін тым көп күш жұмсайтыныңызды түсінесіз. Басқа жағынан, «жалдаған жұмысшыңыз» сізге «Неге орныңнан тұрасың? Бізді бәрібір ешкім бағаламайды!» деп сан рет қайталап тұрды. Егер ішкі дауысыңызды ести алатын өте сезімтал адам болсаңыз, түпсанаңыздың сізді әрекетсіз күйде ұстауы бекер емес екенін түсінесіз. Демек, беріліп тұрған команданы «ести аласыз». Осы кезде дәл сол қызметкерді «жалдаған» кезіңізді есіңізге түсірсеңіз, оған бұл функцияның енді қажет емес екенін түсіндіріңіз, сонда түпсанаңыз денеңізді селқостықта ұстауды тоқтатады. Осылайша күш пен энергияның артқанын тезірек сезінесіз.
Ендеше, ұқсастығы бар мысалға қайта оралайық. Сіздің ақыл-санаңыз – үлкен корпорация. Сіз, сіздің санаңыз, осы корпорацияның акционерісіз. Ал түпсанасыз – сіздің қарамағыңыздағы қызметкерлер, сіз оларды корпорацияңыздың белгілі бір тапсырмаларын орындау үшін жұмысқа жалдап отырсыз.
Енді осы корпорациядағы күнделікті жұмысты елестетіп көріңізші. Күн сайын, минут сайын корпорация жүздеген және мыңдаған хаттарды, хабарламаларды және т.б. қабылдайды. Яғни, сіздің түпсанаңыз әр минут сайын дауыс, дыбыс, сурет, иіс, мәтін және т.б. түріндегі жүздеген, мыңдаған деректерді талдайды, бұдан басқа сіздің денеңізді, жүйке жүйесін, ас қорытуды, бұлшықет жүйесін, гормондарды, қан айналымын және т.б. басқарады. Осы ақпараттардың барлығын бір ғана акционердің өңдеп отыруы мүмкін емес. Яғни, күнделікті істерді атқарып, белсенді түрде жұмыс жасай отыра, тәулік бойы Осында және Қазір болу сана деңгейінде мүмкін емес. Біз істей алатын нәрсе – түпсанамыздың жұмысын бақылау. Саналы түрде жүрегімізді соққызуға, көзді ашып-жұмғызуға, өкпемізді тыныс алғызуға, сонымен қатар айналамызда болып жатқан оқиғаларды белсенді түрде талдау әрі уақытында жауап беруге – бұның барлығына санамыздың энергиясы жеткіліксіз болар еді. Бұларды бізге түпсана атқарып беруде. Сондықтан сіздің міндетіңіз – түпсананы ретке келтіріп отыруды үйрену және ондағы ақаулар мен қарама-қайшылықтарды болдырмау.
Ендеше, әрі қарай жүрейік. Біз бір маңызды мәселені түсініп алдық. Сана түпсананы жеңе алады, бірақ уақытша ғана. Корпорацияның әлдеқайда тиімді жұмыс істеуі үшін сізге түпсанаға терең үңілу керек, жауапты «қызметкерді» тауып, оған жаңа команда беруіңіз немесе оны ескі функцияны орындаудан босатуыңыз керек.