Полная версия
Өмір – сынақ
– Әрине, айта барамын, – деп елшімен қоштастым. Сол сәтте «бұндай жағдайдың бел ортасында» өзім де қалатынымды сезбеген едім.
Қолым бос күні Көркем сурет музейіне бардым. Ашық аспан, жарқын күн, тыныштық. Сонда да көңілім алаң. Астанадағы Агенттік не боп жатыр екен?
Түн ішінде бірінші орынбасарым Біржаннан смс келді. «Баятовты тұтқындады» (Санақ бойынша орынбасар).
– Не үшін?
– Анықтауға тырысып жатырмыз.
Ұйқы қашты. Алда әлі екі күндік конференция бағдарламасының жиыны бар. Бірақ, ойым мыңдаған шақырымдарға шапты.
Келесі күні жаңа смс. «Босатыпты». Арқамнан ауыр жүк түскендей.
Жарты күндік сессия өтті. Тағы смс: «Қайтадан тұтқындапты».
Не істеуім керек? Жұмыстағы шешімталдығыма қарамастан, көп адам елге тым сенгішсің деп сынайтын. Тым сенгіш деген қалай сонда? Шындық, бұл – шындық. Өтірік, бұл – өтірік. Ал, әр адамның бойында бар құнар – адамгершілік. Елге қайту керек. Ел басшысына бару керек. Олар тексеріп, бәрін анықтайды. Жібереді деп ойладым.
Сессия бітті. Елшілік қызметкері мені әуежайға шығарып салды. Тіркеуден өттім, паспорттық бақылаудан өттім, ұшаққа отырғызатын есіктің алдында отырмын. Рейс шегерілді. Сосын Германияда ауыстырып мінетін екінші ұшаққа кешіктім. Астанадағы полиция қызметкерлері қалай уайымдады десеңізші.
Қаржы полициясының қызметкері таңғы алтыда Астана әуежайында багаж алып жатқан жерде қасыма келді. Тергеуге шақырту алдым. Қол қойдым.
– Әуежайға не үшін келдіңіз? – дедім. – Қабылдау бөлмесіне қалдырып кетсеңіз де болар еді ғой.
– Сіз келмей қала ма деп қорықтық.
– Орынбасарым тұтқындалыпты. Қалай келмейін?
Төрт айдан кейін қайда ұшатынымды, елге оралма деген пәрмен алатынымды сол сәт біліппін бе?
Әуежайда мені қызметтік көлік күтіп алды. Жүргізушімнің көңіл күйі жоқ.
– Агенттік қалай? – деп сұрадым.
– Баятовты тұтқындады, – деді жүргізуші бәсең дауыспен.
Оның жауабына мен ләм-мим деп жауап қатпадым – бұл мен үшін жаңалық емес. Менің жүргізушім – жасы келген өте қарапайым кісі. Мені Агенттіктегі жұмысым тоқтағанша тасыды. Артық сөзі жоқ. Тек жаны ашып, күрсіне беретін.
Адвокат
Кеше маған телефон арқылы бір адвокатты кеңес етті. Қазір сол кісіге бара жатырмын. Адвокаттар мен клиенттер бір-біріне дөп қосылатыны таң қалдырады. Аты – Ботагөз. Орта жастағы, денесі шымыр келіншек. Маған бір көргеннен ұнады. Не нәрсені де сараптап отыратыны, тез ойланатын алғырлығы, адам баласына деген құрметі, әзіл-қалжыңы, тіпті спортты жақсы көретіндігі де жаныма жақты. Мен бірдеңе түсінбей, ол таң қалғанда: «Кешіріңіз, мен өмірімде бірінші рет адвокат көріп отырмын ғой», – дейтінмін.
Тек бір мәселеде пікіріміз түйіспеді. Санақ бланктерін басуға, типографияға қағаз іздеуге өзімнің де атсалысқаныма қатысты шындықты айту.
Біздің елде мемлекеттік органның басшысы тауар жеткізетін, қызмет көрсететін компаниялармен тікелей байланыста болмауы тиіс деген жазылмаған заң бар. Бірақ, біздің жағдайда алдан шыққан түйткілді өзім шешуге мәжбүр болдым. Бұл қылмыс боп саналатыны үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Түйткіл шыққанда – өзім шештім. Басқа не істеуім керек еді? Санақты болдырмай тастау? Бірақ, түйткілді шешуім – қылмыс болып саналады екен.
Қызмет көрсетушілер және басшы араласпауы тиіс деген ереже – жазылмаған заң. Мен бизнеспен араласпадым. Мен көрші ел басшыларының кеңесшілеріне қағаз бен типография сұрап, өтініш жасадым. Типографиялармен байланыста болмадым. Олардың кім екенін де білмеймін. Алдыма қойылған міндетті орындаймын деп заң бұзбадым. Телефонмен сөйлескенде жасырынбадым. Нөмір ауыстырмадым. Қылмыс болып саналмайтын дүниені жасырып қайтем? Алайда, тергеу мен сот тәжірибесіне қанық адвокат Агенттікті модернизациялау мотивтерім мен түйткілді шешуге атсалысуымды Қаржы полициясы және солардың тәжірибесі тұрғысынан – жеке басымды байыту үшін қолданған әрекет деп санайтынын түсіндірді.
Бұл адвокатты шынында да өмірімде бірінші рет көруім. Егер тағдыр тәлкегіне түспесем, білмей өтер ме едім? Әрине, адвокаттың бәрі өз ісіне берілген ұстанымы мықты болып кездесе бермейді. Ботагөз атқарған істің көптігіне қарасам, соның бәрі адвокатқа тиесілі ме екен деп ойланамын. Ол бүкіл құжаттарды мұқият оқыды. Жазғанымның бәрін көз майын тауысып зерттеді. Менің кінәсіздігіме дәлел іздеп, кездесші деген адамның бәрімен жолықты. Туыстарыма түрмеде қажет болар деген заттар тізімін жазсам, соны апарып беретін. Маған тамақ таситын. Керек болады деген тұрмыстық заттарды әкеп беретін. Толып жатқан істерге білек сыбана кірісетін.
Қаржы полициясындағы бір тергеуші адвокатым туралы маған ойын ашық айтты: «Адвокатыңыз өте жақсы. Бірақ, әділетті екен».
– Маған сондай адам керек, – дедім.
– Ол ымыраға кеп, келісе алмайды.
– Біз ешкіммен ымыраға келуге тиіс емеспіз. Мен – кәнісізбін. Соны дәлелдейміз.
Ол кезде шындыққа қатты сеніп ем. Алдан мың күндік түңілу күтіп тұрғанын қайдан білейін?
Ал, бүгін біз жай ғана таныстық. 10 минуттай сөйлестік.
– Тергеуге сағат қаншада барасыз? – деп сұрады адвокат.
– 09.00. Соған дейін Премьер-министрге кіріп шықсам деп ем.
Үкімет құрылымы ішіндегі тікелей басшым сол кісі еді.
– Ендеше асығу керек. Тергеуге кешігуге болмайды.
Үйге бара жатырмын. Қызым әлі ұйықтап жатыр. Шабаданды ашып тастадым. Тұра сала сыйлықтарды көрсін дегенім. Үкімет үйіне келе жатырмын. Таңғы 08.30. Қабылдау бөлмесінде күтіп отырмын. Адвокат қоңырау шалды. «Қайдасыз?»
– Қабылдау бөлмесінде отырмын.
– Жақсы. Мен сізді Қаржы полициясының жанында күтем.
Премьер-министрмен кездесу
Премьер-министрге кірдім. Бірнеше жыл қызметтес болғалы алғаш рет көмек сұрадым. Менің тек 5 минутым бар екенін ескерткен.
– Не боп қалды?
– Менің орынбасарымды тұтқындапты.
Таң қалған кейіп жасады:
– Рас па?
Көп жылдық тәжірибесі бар саясаткерлер өз эмоциясын көрсетпейді. Өз басым орталық мемлекеттік органның орынбасарын тұтқындауды Үкімет басшысына ескертпей жүзеге асыру мүмкін дегенге ешқашан сенбеймін.
– Ант етейін, біз ештеңе ұрламадық. Баятов санақты басқарды. Мен де, ол да, мердігерлердің қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстырғанын білмедік.
– Жақсы. Мен бұл мәселені ескерейін.
– Ал, орынбасар ше?
– Сен орынбасарың үшін де сұрап тұрмысың?
– Әлбетте. Ол еш жамандық істемеді. Оның көзіне қалай қарамақпын?
Тергеуші
Тергеушілер әртүрлі болады. Олардың түсінік алуы тәсілдері де қилы-қилы. Қаржы полициясы ғимаратына 09.15 келдім. Кіргізетін қағазды рәсімдеуді күтіп отырмыз.
– Тергеуші кім? – деп сұрады адвокат.
Шақырту қағазына қарасам – Әміров Марат деп тұр екен.
– Марат – салыстырмалы түрде айтсақ, жақсы тергеуші, – дейді адвокат.
Менің түрім бұзылып кетсе керек. «Жақсы тергеуші бола ма?»
– Рас-рас, ол басқаларына қарағанда боқтап сөйлемейді, әдепті әңгімелеседі, – деп қосып қойды адвокат.
Адвокат сөзінің растығына тергеу барысында көзім анық жетті. Біздер қуықтай кабинетке кірдік. Компьютерде жап-жас, сымбатты жігіт отыр.
Тергеу басталды. Мен үндемей қалсам, адвокат мен үшін жауап береді.
Тергеуші:
– Анар Ертөлеуқызына сөз беріңіз.
Ол кезде маған әлі де әкемнің атын қосып айтатын. Себебі, әлі де Үкіметтің мүшесімін ғой.
Адвокат:
– Анар Ертөлеуқызы басында сәл қиналыңқырап отыр, – деді.
Тек басында ғана қиналмадым. Адвокат әркез не айту қажетін білді. Тергеуші көп сұрақ қойды. Тергеу біткенше сансырап қаласың. Адвокат мұндай істерде маған қарағанда тәжірибесі мол адам.
Мен, әйтеуір, басшы болып жаным қалған секілді. Қызметкерлер жұмыс істеу қиын боп кетті деп айтып жүрді. Себебі, Қаржы полициясы таңертеңге шақырады да, күні бойы сарылтып дәлізде күттіртіп қояды. Тергеуге кешке таман бір-ақ кіргізеді. Бірақ, менің қолымнан түк келмеді. Құқық қорғау органдары басқа органдардан бір саты жоғары тұрады. Егер олар елдің көзінше біреуді айыптаса, ары қарай тоқтамайды.
Тергеуші шын мәнінде әдепті екен. Өзін өте ұстамды ұстайды. Оны маған арнайы тағайындаған секілді. Тергеушілердің бейәдеп қылығына арызданбасын деген ғой.
Бір жолы ғана ашуыма қатты тиді. Кезекті тергеуде жас тергеуші дауыс көтеріп, пафосты сөздер айтты:
– Сізге Президент орталық мемлекеттік органды басқаруды тапсырды…
Шыдамай кеттім:
– Мені бағалайтын адам сіз емес, – дегенде дауысым жарықшақтанып шықты. Алайда, адвокат қандай жағдай болса да дауыс көтермеңіз деп ескерткен.
Төрт ай бойы сол тергеушінің тергеуіне барып жүрдім. Төрт жылдан кейін экстрадиция жасалған соң мені тағы да соның алдына әкелді.
2009-жылы тергеу жасағанда ол шындықты түсінуге, анықтауға тырысқан еді. Бірақ, барлық қатысушылардың әрекетін Қаржы полициясының тәжірибесіне сүйеніп қана бағалады. Ол мемлекеттік басқарушылардың арасында пара алмайтындары бар дегенге сенбеді.
Егер мемлекеттік тендер қаржысы жалған фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналса, онда оларды тек сол мемлекеттік органның басшысы алды дегенге сенеді Қаржы полициясы. Ешкімнің ала жібін аттамайтын, бизнестің салық төлемеу үшін түрлі схемалар жасайтынын білмейтін адал мемлекеттік қызметкер бар дегенге Қаржы полициясы сенбейді.
Төрт жылдан кейін ол ештеңені анықтауға тырысқан жоқ. Менің орынбасарларыма қатысты сот үкімі кесілген. Менің қолыма «Статистер ісінің» 35 томын ұстатты.
Команда
Тергеуден кейін жұмысқа келдім. Агенттікте – өлі тыныштық. Ел сыбырласып сөйлесуге көшкен. Сол сәтте тыныштықтың қорқынышты болатынын сезіндім.
Соңғы екі жылда Агенттікте тыныштық деген мүлде болмаған. Тұтас Агенттік бір команда болып жұмыс істеді. Команда – жақсы сөз. Команда – бәрі бір идеяға жұмылып, бір-бірін қас-қабақтан, ыммен-ақ түсінісе жұмыс істеу.
Жұмысты әр қызметкер модернизацияға қатысатындай етіп ұйымдастырдық. 200 статистикалық форманың бәрін қарап шықтық. Алдымен форманы бас маман оңтайландырды. Сосын бөлім басшысы тексерді, сосын департамент директорының орынбасары, артынша департамент директоры қарады. Форма Ақпараттық-есептеу орталығына өтті. Сол жерден оны электронды түрге айналдырады. Қорытынды жұмысты бірінші орынбасарым қарайтын. Содан кейін бүкіл компания – әр форманы жасауға қатысқандар – бәрі бірге маған келетін.
Менің қатал бағалаушы екенімді білетін. Формаға статистер көзімен емес, қарапайым қолданушының көзімен қарайтынмын. Сондықтан қызметкерлер қатты алаңдайтын. Бірақ, ол алаң – қуаныштың алаңы еді. Әрбірі өзінің ортақ іске үлес қосқанын сезінетін.
Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығы Алматыда қалған. Сондықтан статистикалық көрсеткіштерді есептеуді ескі әдістермен жасайтын. Әр программистке бірнеше форма бекітіледі. Программист ауысқан кезде жаңа бағдарлама жазылатын. Соның кесірінен электронды ақпараттық базаны жасақтау оңайға түспеді. Агенттіктің сәйкеспейтін мәліметтерін ешкім түзегісі келмеді. Сондықтан Ресейде рейтинг бойынша үшінші боп тұрған IT-компанияны жалдадық. Олар РФ Орталық банкінің мәліметтер базасын жасап берген. Әртүрлі саладан алты түрлі статистикалық формалар таңдалды. Мәскеулік программистер, алматылық Ақпараттық-есептеу орталығы, сосын кейіннен оларға соңғы екі жылда құрылған астаналық Ақпараттық-есептеу орталығы қосылды. Бәрі бірге жұмыс істеді. Жаңадан алғашқы мәліметтерді жинап, өңдейтін IT-бағдарламалар жазылды. Ақырғы мақсатымыз барлық форманы электронды форматқа ауыстырып, Агенттік департаменттеріне қарасты қызметкерлерді статистикалық шығыс деректерді электронды есептеуге оқытқымыз келген.
Параллельді түрде құрғақ статистикалық цифрларды жинақ, буклет, Статистика агенттігі мен өңірлік кеңселер сайттарына көшіріп басып, ел көретіндей жасадық. Бұны шақыртылған финн сарапшысымен және Норвегияның Орталық статистика бюросымен бірлесе отырып жүзеге асырдық.
Лауазымына қарамастан Агенттіктің әр қызметкеріне жаңа идеясы бола қалса, маған келуге рұқсат болды. Төрт жылдан кейін сотыма келген Статистика агенттігінің бір департамент директоры сөз сөйлеп тұрып:
– Біздің идеяларымызды жүзеге асыруға жол ашты. Кімнің қандай бастамасы болса-дағы, бәріне карт-бланш берді. Меніңше, сол кез Статистика агенттігінің алтын кезеңі болды, – деп еді.
Шығармашылық еркіндік болды. Қызметкерлер жұмысқа қуана келетін. Мемлекеттік органдарда мұндай атмосфера жиі кездесе бермейтін.
Бірінші орынбасар
Мұндай атмосфераны жасап, әрдайым қолдау білдіретін – бірінші орынбасарым Біржан еді. Оның аты да өзінің рөліне сай еді. Біржан десе, Біржан еді. Біз қызметкерлердің тату болғанын қаладық, Агенттіктің жаны бір болсын дедік.
2007-жылы Агенттікке Президент әкімшілігінен бірге келгенімізде жұмыс деген бастан асатын. Мәселен, Агенттікті Алматыдан Астанаға көшіру керек, жаңа есептеу орталығын жасақтау, статистиканы электронды форматқа көшіру, жаңа маркетингтік стратегияны жасау, құрылғыларды жаңарту, қызметкерлер мен статистиканы қолданушыларды оқытатын орталық ашу. Агенттікті ішінен толықтай реформалау керек еді. Статистикалық қызметтердің жаңа имиджін қалыптастыру қажет болды. Қызметкерлердің тең жартысы жылы Алматыдан желі аңырап тұратын Астанаға көшкісі келмеді. Біржан күн сайын тізімдеп алған міндеттерін нақтылап алуға кіретін.
Менің мәскеулік ауқымды мәселелерді шешу тәжірибемнен кейін бәрі тез әрі тиімді шешілуі керек болатын. Жалпы екі күнде бітіруге болатын нәрсені не үшін екі аптаға созатындарды мүлде түсінбеймін. Жұмысымыздың нәтижесі БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комитеттің Статистикалық департаментінің Жаһандық бағалауында көрсетілген. Қазақстанның Статистика агенттігі өзге елдер он жылға созатын реформаны небәрі 2,5 жыл ішінде жасады. «Бағаланды», әрине, сын да айтылды. Бірақ, мен сол бағалауды ашық түрде ЕЭК және біздің Агенттіктің веб-сайттарында жариялап қоюға рұқсат бердім. Посткеңестік аймақта мұндай есепті ашық жариялаған бірінші ел болдық. Осы ашықтық кейін өзге елдердің де осы тектес есептерді ашық жариялауына түрткі болды.
Міндет тым ауқымды болып кетсе, Біржан орнынан тұрып: «Мен өз-өзімді атуға кеттім», – деп шығып кететін. Бірақ, бір қызығы сол міндеттерді мен көрсеткен мерзімде бітіріп үлгеретін.
Ол менің барлық тапсырмамды бұлжытпай орындайтын. Өзінікін ойлап табатын. Өңірлерден перспективалы қызметкерлерді тауып алатын. Департаменттермен қызу жұмыс істейтін. «Электронды» деп басталатын мәселенің бәріне жауапты болды. Қызметкерлерге спорттық демалыстар ұйымдастыратын. Отбасының ұйытқысы еді. Келіншегі де өте белсенді болатын. Екі кішкентай ұлы болды. Әйелінің қолы бос болмай қалса, балаға өзі қарайтын. Кейде жұмысқа ертіп әкелетін. 2009-жылы мамырда дүниеге қызы келді. Бүкіл Агенттік қуанып, сүйінші сұрасқан.
Тұтқындау
Маусымда Біржанды қамады.
Тергеу Біржан менің көңілдесім болды деген сөзді шығарды. Ақылға қонымсыз. Қолдарында – бүкіл әңгімеміз тыңдалған, аңдылған мәліметтер бар. Мұндайды қалай ойлап тапқаны түсініксіз.
Егер қызметкерлер бір команда болып жұмыс істеп, бір-бірін қас-қабақтан түсінсе, қолдаса – ендеше мекеме тиімді жұмыс істейді деген сөз. Басқа түк те емес.
Біржанның келіншегі оны тұтқындаған соң қоғамдық қорғаушысы болып рәсімделді. Оны күнде көру үшін, қорғауды өзі ұйымдастыру үшін солай етті. Балаларына әкесі оқуға кетті деп айтты. Балаларына айтпай, өзі күйеуіне түрмеге қажетін тасыды, лагерьге де барып тұрды.
Мені Агенттікке тағайындаған соң Біржан екеуміз қызметкерлердің дені жұмыс істеп жатқан Алматыға бардық. Агенттік ғимараты сұп-сұр, суық еді. Қызметкерлерге жиналысты бірінші қабаттағы холлда жасауға мәжбүр болдық. Статистиканы дамыту үшін қандай стратегияны жүргізетінімізді айттық. Сосын барлық кабинетті араладық. Бір бөлмеде шаң басқан сөреде дискілер жатты.
– Бұл не?
– Статистика. Көп жылдан бері жиналған мәліметтер.
– Қалай статистика? Өрт шықса ше?
Үнсіздік.
Қайтар жолда деректерді бұлай сақтауға болмайды деп шештік. Келесі жылы Агенттікке IT-қауіпсіз бөлмесін сатып алдық. Оны жасақтаған соң төртінші қабатқа көруге шақырды. Қабырғалары, едені, төбесі бастан-аяқ герметикалық қорғаныш, вентиляциясы бар. Бұл бөлмеге өрт те, жер сілкінісі де қорқынышты емес. Соның ішінде қаз-қатар серверлер орналастырылды.
Бір жылдан кейін Санаққа байланысты сақтайтын деректер көбейді. Қорғаныш бөлмеге қосымша сервер кіргізу қиындық туғызды. Агенттік ақшасын үнемдеп, екінші IT-қауіпсіз бөлмені сатып алды. Құрылғылар уақтылы келді. Бірақ, сол құрылғыны құрып беруге тиіс испандық инженерге Қазақстанның Мадридтегі елшілігі виза бермей қойыпты.
Елшіге хабарластым.
– Сәлеметсіз бе?! Статистика агенттігінің төрайымы – Мешімбаева Анар.
– Сәлеметсіз бе?! Өте қуаныштымын.
– Қазір Халық санағын жүргізіп жатқанымыздан хабарыңыз бар ғой?
– Әрине. Өте маңызды шара. Елшілікте де санақ уческесі болады.
– Санақ деректерін сақтайтын сервер сатып алып едік. Соны IT-қауіпсіз бөлмеге орналастыру қажет. «Бөлме» келді. Ал, соны құратын инженерге сіздер виза бермей қойыпсыздар.
– Неге ертерек хабарласпадыңыз?
– Сіздердің виза бермей қоятындарыңызды білмедім ғой.
– Тағы бір рет өтініш берсін. Міндетті түрде виза береміз.
Жоспарланған уақыт өтіп кеткен соң, инженердің басқа шаруасы шығып қалды. Ол Қазақстанға кешігіп келді. Сол уақытта ҰҚК әлдекімдердің түртпектеуімен бөлмеге сүргі қойып кетті. Енді бөлмені құрау мүмкін емес боп қалды. Ақырында бұл маған қатысты қылмыстық істің екінші «эпизодына» айналды.
Мен құрылғыны қабылдау актісіне, оны қолданбай тұрып қол қойғанмын. Елдегі бюджет желтоқсанның соңында жабылады. Актіге қол қоюым қажет болды. «Бөлмені» құру мәселесі созылып кетті. Бірақ, мәселе шешілді, мен одан еш проблема көрмедім. Алайда, «бөлмені» сүргілеп кету, оны құруды мүмкін емес етті. Сол бөлменің құрылмағаны маған қарсы айыптаудың бір бөлігіне айналды. Ақылға қонымсыз. Саналы адам үшін бұл қисынсыз нәрсе. Ал, құқық қорғау органдары үшін бұл – қылмыс.
Бюджеттік реформа басталып, ақырына жетпеді. ПӘ істеп жүргенімде бюджеттік жоспарлауды реформалау тәжірибелерін зерттеу тобымен бірге бюджеттік жүйесі тиянақты елдерге барып көргенмін. Сол елдердің тәжірибесі бойынша бізде де үш жылдық жылжымалы бюджет қалыптасуы тиіс еді. Яғни, бір жыл бойы жүргізілген іс-шара келесі жылға автоматты түрде (бұл қылмыс болып саналмайды) көше береді. Бір бағдарламаның ішінде қаржы қайта бөлініп (бұл да қылмыс емес) қарастырылады. Біздің елде үш жылдық бюджетті бекітті. Сонымен реформа бітті.
Актілерге желтоқсанда қол қойғаным да қылмыс болып шықты. Біздің бюджеттік жүйе заң бұзушылықты жасау үшін арнайы ұйымдастырылған сияқты. Неге өнім кешігіп жатса, актілерге қол қоюды келесі жылға заң жүзінде жылжытуға болмайды? Не сен жұмыс істейсің, не нұсқаулық бойынша қарап отырасың. Бюрократиялық жүйе адам амалсыз заң бұзатындай етіп жасалған.
Біржанның Агенттіктегі басты міндеті – ақпараттық технологиялар еді. «Халық санағы мен тұрғынүй қоры» іс-шарасында Біржан деректердің тек электронды өңдеуіне ғана жауапты еді. Санақ департаментінің дайындық жұмыстары созылып кеткендіктен, осы департаментпен жауапты хатшының нашар коммуникациясынан соң, Біржанға Санақты «құтқаршы» деп мен өзіне қатысы жоқ уческені басқаруын өтінген едім. Өзім де санақтың сауалдары мен санақ жүргізушілердің нұсқаулығын реттеуге қатыстым.
Ол санақ бланктеріне тапсырыс беретін тендердің техникалық тапсырмасын даярлаған. Оны сол үшін тұтқындап, соттады. Екі жарым жыл қарқынды жұмыс істеп кеп, марапатына – бес жыл түрмеге отырды.
Менің Канададан келгеніме бір апта өткен.
Дүйсенбі күні түстен кейін ол кезекті тергеуге кеткен. Сол жерден смс жазды: «Қаржы полициясы Баятовты тұтқындағаны туралы ақпаратты БАҚ-қа жариялапты».
Бұл өте жаман хабар еді. Санақты өңдеу әлі жүргізіліп жатқан. Қорытынды нәтиже әлі жарияланған жоқ. Мұндай хабар ел ішін дүрліктіріп, санақтың қорытындысына күдік тудыруы мүмкін.
Ақырында солай болды.
Кешкі жетіде смс жаздым: «Өзің тәуірсің бе?».
Жауап: «Иә».
Келесі күні таңертең сегізінші қабаттағы жеделсатының маңында оның жүргізушісі мені күтіп тұр екен. Бір нәрсе болғанын түсіндім. Жүргізуші жаныма жақын кеп: «Біржанды тұтқындады» деп сыбырлады.
– Қалайша?
– Кешке таман тергеуден кейін босатқан. Түнгі 22.00 қайта шақырып алды. Содан босатпады.
Енді менің екі орынбасарым да тұтқындалды.
Президентке жазған бірінші хатым
Екінші орынбасарымды тұтқындаған соң жағдай мүшкіл бола бастады. Қызметкерлер дәлізге шықпауға тырысатын. Бәрі өз кабинеттерінде отырады. Агенттіктің ұзын дәлізінде өлі тыныштық орнады. Ең көңілшектері арасында жылап алады.
Күн сайын Агенттікті аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Өңірлік кеңселердің басшыларына ішкі пошта арқылы хат жаздым. Қызметкерлердің көңіл күйін қадағалаңдар, қолдаңдар, санақтың қорытындысын бітіру керек дедім.
Осы уақытқа дейін Премьер-министрге кіріп шыққанымнан бірдеңе өзгереді деп күттім. Тергеу бәрін дұрыс тергеп, мәселе шешілер деп үміттендім. Бірақ, ештеңе де өзгермеді. Сондықтан енді Президенттен көмек сұрайын деп шештім.
Хат жаздым – өте қысқа, бір беттік. Президентке қысқа да нұсқа, анық жазу керек. Көлемді хатты оқып отыратын уақыты жоқ.
«Құрметті Президент. Ант етейін, мен де, менің екі орынбасарым да санақ қаржысын ұрламадық, қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстыру схемалары жөнінде ештеңе білмейміз».
Тағы бірнеше жол қостым. Хатты алып Премьер-министрге бардым. Хатты беріп жіберудің басқа амалы жоқ. Әзірге елдегі екінші басшының алдына бара алатын мүмкіндігім болды. Бұлай жалғаса берсе, одан да айырылатын түрім бар…
– Мен апарып беремін, – деді Премьер-министр.
Әйтеуір, маған сенетін шығар деп үміттенем.
Бір аптадан кейін маған Президент әкімшілігінің бір қызметкері келіп: «Президент жиналыс өткізді. Статистер кінәлі емес, бизнесмендердің сазайын беріңдер», – дегенді сыбырлап айтып кетті. Мұндай сәттерде елдің бәрі сыбырлап сөйлесуге көшіп кетеді. Немесе мүлде сөйлеспейді.
Сәл де болса, жеңілдеп қалдым. Осымен біткен болар деп ойлаппын. Қаржы полициясы бәрін анықтап, менің орынбасарларымды босатады деп күттім.
Бір ай өтті. Бәрі баз баяғыша. Жүйкем жүн болды. Президентке көлемді екінші хат жазуға оқталдым.
Бір бетке толық түсініктеме бердім. Санаққа дейін жарты жыл ғана қалғанын, елде қажетті көлемде қағаз болмағанын, басатын қуатты типографияның табылмағанын жаздым. Осы проблемаларды шешуге білек сыбана кіріскенімді, санақты орта жолда тоқтатып қоюға болмайтынын айттым.
Тағы да Премьер-министрге бардым. Ол хатты оқыды. Үстел үстіне қойды. «Егер сені тұтқындаса, мен осы хатпен Президентке кірем».
2009-жылы бұл хат адресатқа жетпеді. Мені тұтқындаған 2013-жылы да жетпеген.
Қақпанға түсу
Телефон тыңдалады, электронды пошта оқылады. Менің көлігімді органдардың көлігі аңдиды. Жаяу жүрсем, айналамда бірнеше адам мені бақылап жүреді. Олар көзге көрінбеуі тиіс. Бірақ, мен оларды көремін. Пәтерде отыра беру мүмкін емес. Сыртта қыдыру – үнемі бақылауда болу деген сөз.
Таңертең – Агенттікке жұмысқа келу. Күндіз – Үкіметте жиналыстар, санақ қорытындысы бойынша Ақпараттық-есептеу орталықтарымен жұмыс істеу, тұрақты түрде – Қаржы полициясына тергеуге бару. Сыртымнан бағып тұратын жұрттың көзқарасын байқаймын. Қызығып, абайлап, таңғалып, қорқып, аяп, сенбей, жаны ашып қарайды. Өзімді күтіп, бағып, жақсы жүріп-тұруым керек. Байсалды болуым қажет. Менің қазіргі ұсқыныма Агенттіктің бүкіл жұмысы тәуелді. Менің саспай, сабырлы жүргенім түрмедегі екі орынбасарыма жетеді деп ойладым – олардың да жүректері орнына түссін.
Жылауға болмайды. Көзім ісіп кетеді. Ұйқы қашты. Тамақ іше алмаймын. Пәтерде де тыңдайтын құрылғы болуы мүмкін.
«Жүз сомың болғанша, жүз досың болсын» деген мақалға көзім әбден жетті.
Менің достарым
Менің жүз досым жоқ. Одан аз. Бірақ, олар адал дос.
Екі орынбасарым тұтқындалған соң апайым қасыма өзінің қызын жіберді. Немерелес сіңілім. Университетті енді ғана бітірген жас қыз. Аяқ астынан мен күтпеген батылдық әрі қайсар мінез танытты. Оның жастығы, қолдауы, достарының көмегі 2009-жылдың жазын өткеруіме көп септесті.
Жақын құрбым: «Біздікіне көшіп кел», – деді. Тату-тәтті отбасының ортасына барып үрей мен күдікті сепкім келмеді. Олар күнде кешке таман маған келіп, тамақ ішкізіп кететін. Бүкіл отбасын ертіп келіп, мені серуендеуге шығаратын. Кішкентай қыздары тәтті қылықтарымен күлдіретін, сондайда қиындығымды бір сәтке ұмытып кетуші ем.
Достарым келіп тұрды. Бәрі де тәулік бойғы бақылаудың бар екенін білді. Дәмханаларға апарып түстендіретін, көңілімді аулайтын. Батыл жандар ештеңеден үрікпейді. Солардың тең жартысы – түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ, олар «біз туралы не ойлайды» деп шошымады. Адалдықтары үшін алғысым шексіз.
Шын бақыттың дәмі қандай?
2009-жылдың жазын орталап қалған кез. Таңертең қызметтік көлікпен жұмысқа бара жатқанмын. Бағдаршамда кішігірім жүк көлігінің қасына кеп тоқтадық. Күн шығып, керемет боп тұрған. Жүк көлігінің жүргізушісі жас жігіт терезеден басын шығарып отыр. Бетіне қарадым. Бақытты жүзін көрдім. Осы жігіттің орнында болғым кеп кетті. Ескі жүк көлігін жүргізетін жас жігіт – мемлекеттік қызметтің ауыр жауапкершілігін сезінбейтін еркіндік. Бақыт деген – жанның тыныштығы.