bannerbanner
Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап
Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Полная версия

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля
На страницу:
8 из 10

– Бұл әлі үйрене алмай жүр, көреміз кейін талай пара алады. Онсыз болыс болып істей алмайды. Мен білемін, болыстардың алуы қандай көп болса, жоғары жаққа беру де сондай. Оны жасамаса біраз жылдан кейін Шоңды орнынан қуады.

Әлсеннің мына сөзі Әйімкүлге ауыр тиді. Енді Әйімкүл де Әлсенмен араздасып қалғандай еді.

– Сен Әлсен, аузыңа келгенді соға берме. Шоңкең осы жүрген болыстардың бәрінен де таза.

Әлсен тағы бірдеңе айтайын деп еді, сөз көбейіп кететінін білді. Және Шоң әйелінің тілін қатты алатын, кейін екеуін шатастырып қоятынын сезіп үндемей қалды. Жойқынбек басқа аттарды әкеп жекті. Сыртта біраз жүріп үйге кірген Шоңға Әйімкүл басқа аттардың жегілгенін хабарлады. Әуелідегі келісім бойынша Әлсен Әйімкүлдің төркін жұртына бірге баратын болған, Шоң мен Әйімкүлдің әлгі қылықтарынан кейін, қиқаңдай бастады:

– Мен бармаймын, өздерің жүре беріңдер.

Түндегі келісім болатын. Шоң жолай Әлсен үйіне соғып, әкесіне сәлем беремін деген. Біраздан бері есігін ашпаған. Әлсен әкесінің Шоңға өкпелі екенін өзі айтқан. Сондықтан міндетті түрде жолай соғып сәлем беріп кетпекші ойы бар еді.

– Әй, Әлсен сен ұмыттың ба, түнде жолда сенің үйіңе соғып әкеңе сәлем беруге келісіп едім ғой. Сенсіз барсам ол не дейді?

– Сен жүре бер, енді мен сенің пәуескеңе мінбеймін. Өзімнің салт атыммен барамын.

Бұлар жүріп кетті. Әлсен өзінің атымен салт келе жатты. Ауылына жақындай бергенде пәуескені тоқтатты да атын Жойқынбекке берді. Пәуескеге Әлсен мінді. Божыны алды, әлі ашулы еді, алдында бір қалыппен келе жатқан аттарды қамшымен тартып-тартып жіберді. Бұрын мұндай қамшы көрмеген, есі шыққан екі ат ала жөнелді.

Шоң үндемей отыр. Әйімкүлдің есі шығып кеткендей болды.

– Әлсен, өлтіресің бе? Бәрінен бұрын қазір пәуеске аударылып, мына балаға жазым болады.

Әлсен оны тыңдар емес. Аттарға қамшыны тағы басты.

– Ештеңе етпейді, Шоң аман болса, әлі талай бала табасың!

Шоң әлі үндемей отыр. Әйімкүлдің жаны шығып кеткендей болды. Аузынан сөз де шықпай қалған бір сәт. Әлсен сол аттың бар жүрісімен айдаған қалпы өз үйінің қасына келіп бір-ақ тоқтады. Шөміш көксау болатын, үй іші қапырық деп қысы-жазы есік алында отыратын. Пар ат жеккен пәуеске екпіндеп келіп есік алдына тоқтағанын жақтырмай қалды. Бірінші пәуескеден Әлсен түскен.

– Әке, Телқозының баласы саған сәлем беремін деп келді.

– Ол қай баласы?

– Әлгі болыс болған баласы.

– Атты айдап келген сол ма?

– Тап өзі!

– Телқозының мына баласы есірік екен ғой. Мені басып кете жаздады…

Бұл кезде Шоң пәуескеден түсіп, асықпай басып, Шөміштің қасына келген. Сөздің шет жағасын естіп қалды ол. Дәнеңе де деген жоқ, келіп қолын алды.

– Сен өзің атты қалай айдайсың?

– Сізге сәлем беруге асығып айдадым.

– Болыс болғандарға есірік тиеді деуші еді, сенде де сондай қасиет пайда болған тәрізді.

– Сізге сәлем беруге асығып келдім деп тұрмын ғой.

– Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? Мынауың болыс болудың қызуы ма?

– Иә, болыс болғандар солай жүреді. Мына балаң айтқан, әкем қалжау деген, содан кейін асығып келдім, сәлем беріп қалайын деп…

– Жоқ, мен өлмеймін. Қорықпай-ақ қой. Қартайған өлмейді, ажал келген өледі.

– Ерназардың үлкені менің бабам, қартайған адам жасы жеткен соң күнін санап отырады дейтін. Қартайғанға ажал жақын жүретін көрінеді. Бұлай сөйлегенді қойыңыз!

Шөміш Жанкелді қайтыс болғанда ауырып қалып топырақ салуға бара алмаған болатын. Мына ұлы атасының атын атап алыстан әдейі шолып айтып тұрға болжаған Шөміш. Сөз таусылып қалғандай болды. Дегенмен, мына жас болысқа тигізіп бірдеңе айтқысы келді де:

– Сені орыстар жайдан жай болыс қойып жүрген жоқ екен. Сен жеңдің, мен жеңілдім. Сөзіңнің қатесі жоқ…

Шоң мына сөздің арғы түп-мағынасын түсіне қалды. Бірде әкесі сұраған: «Сені осы болыстыққа ояз қойды дейді. – Телқозы бұл сөзді елден естіген сөзіне байланынысты айтқан еді. – Сол рас па?» Шоң әкесінің бұл сөзіне ренжіп: «Осында өңкей билер сайлады ғой. Оны өзіңіз көрдіңіз!». Телқозының көкейінде «билер сені ояздан қорыққанынан сайлады» сөзі тұр еді. Оны айтпады. Ел әдейі Шоң ояз қарамағында істегендіктен сол үшін сайлап отыр, бастығын сатып алды сөзін ойы-шыны аралас айтқанын естіген кейбір мықтылардан Телқозы. Шоң сонда әкесінің аузынан сол сөзді естігенде ренжіп қалған. Бұл менің дұшандарымның айтатын сөзі деп, әкесіне қатты өкпелеп қалғандай болған сонда. Шөміштің мына айтқанында да соған ұқсас бір мағына жатқанын түсінді Шоң. Соған орай:

– Мені орыстар емес, осындағы сіздердің билеріңіз қойды ғой. Сіз неге келмедіңіз?

– Мен барғанда болыс болып сайланбай қалатын едің!

– Әлі не кеш емес, Ақмолаға біраз билерді ұйымдастырып арыз жасаңыздар, орнымнан шығарады да тастайды.

Шоңның шындап бара жатқанын сезді де, Шөміш артықтау кеткенін білді:

– Тоқадан болыс сайланып жатса, неге ренжимін? Мен саған ойын үшін айтып отырмын ғой. Бұл басы артық сөзді доғар да, үйге кір.

– Басты шаруамды орындадым, сәлем бердім. Енді үйге кірмеймін.

Әлсен Шоңның әлгі өзінің ат айдағанына, әкенің мына сөзіне ренжіп қалғанын білді де:

– Әкей әзілдеп айта береді. Соны көңіліңе алдың ба?

Ауылдан шыққалы бұзылған Әлсеннің көңілін тағы да бұзғысы келмей Шоң үйге кірген еді.

Дастархан басында жап-жақсы әңгіме басталды. Көңілдері келісіп, Шоң Шөмішпен ұзақ әңгімелерге барып, түннің бір уағында дейін отырды. Шөміш бұл жолы Шоңның ойынан шыққан біраз әңгімелер айтты:

– Сен болған соң, Әлсен би болып сайланды. Мұның кисық мінезі бар. Алдында осында өзім қатарлы талай би шалдарға айттым, бірі қолдамады. Ақыры сенің арқаңда өтті.

– Әлсен турасын айтып тастайды. Сол себепті шалдарға жақпайтыны, тікесінен айту да әділдіктің белгісі. Нағыз өзіңізге тартқан. – Бұл сөзді Әлсеннің айтқан сан сөздері есіне түсіп айтып тұр еді. Әлсеннің кейде басы-көзі демей айтып салатынын білетін Шоң.

– Сен оны да, мені де мақтама. Талайдан сөз естідім. Содан өзімнен төмендер өтіп кетіп жатқан билікке зор дегенде өткемін кезінде. Сен мұны мақтай берме, арасында теріс-бұрысын да айтып қойып отыр.

Шөміштің бұл айтып отырғаны шын еді. Кезінде би боламын деп сан рет түсіп, өте алмаған. Кейін Қабайдың аузын алып, талай малын шашып зорға өткен. Билікке өтудің қаншалықты қиын екенін білетін. Баласының би болғанына риза еді. Бұның Шоңның арқасында өткенін түсінетін. Әлгі әңгімелері сөз тудыру үшін айтып отырғаны әзіл тәрізді сөздері еді.

– Мен Әлсеннің ол жағын білемін, тек кейін менің балама қатты кеттің деп ренжіп жүрмеңіз…

– Шындықты, әділін айтсаң неге ренжимін. Мына сөзіңе қарағанда сенің бойыңда үлкен әкең Жанкелдіге тартқан бір қасиет бар тәрізді.

– Енді мақтай бастадыңыз ба, маған мақтау да, жамандау да керегі жоқ.

– Екеуі де емес, шындықты айтып отырмын.

Шоң Шөміштің мына сөзіне қуанып қалды. Қанша дегенмен қандай жағдайда болмасын дұрыс жағына бұрып сөйлейтінін білетін. Шоң сол сәтте, бағана Әлсенге қос жорғасын бекер жеккізбедім-ау деп ойлады… Түн ортасында қайыра дастархан жасалып, тағы ет келді. Шөміш сөз айтқан болатын.

– Келін, мына Шоңды күтіп ұста!

Әйімкүлдің де ретті жерінде сөз жібермейтін пысықтығы бар еді. Болыс әйелі екенін сезіне ме, кіші болсын, үлкен болсын айтатынын айтып салатыны бар еді. Уақыт өткен сайын ол қасиеті тіптен күшейіп кеткен. Манадан бері тамақ істеп жүрген Әлсеннің әйелімен әңгімелесіп отырған, бұлардың арасында не әңгіме болғанын естімеген. Туралап айтып жіберді.

– Аға, немене, Шоңкең сізге менің үстімнен арыз айтып отыр ма?

– Шоң сен жайында ештеңе айтқан жоқ. Мен біраз өмір сүрдім. Қандай жақсы еркек болсын, оның қадірі әйелімен артады. Айтпағым сол еді. Өмір жастарың ұзақ болып, өмірде көрер қуаныштарың көп болсын, – деп бетін сипады. Әйімкүлдің бұл үйдің табалдырығын аттап отырғаны бірінші рет емес еді. Келген сайын осылай батасын беретін Әйімкүлге. Шоңның осындай өрлеп, ел құрметіне бөленіп жүргені осындай адамдардың батасының арқасы шығар деп ойлайтын ол да.

Осы арада Шөміштің көңілін көтеретін бір сөз айту керек екенін түсініп Әйімкүл:

– Шоңкеңнің ел көзіне түсіп, шалқып жүргені сіздердің арқаларыңыз ғой.

– Келін, Жанкелді еңбегі де соның тәрбиесі болар. Оның үстіне Шоң жаратылысында басқалардан артық туған адам.

– Шөмке, енді мені мақтай бастадыңыз ба? – деді Шоң.

– Жоқ, мен шындықты айтып отырмын.

Шөміш бір сөз айтса, батасы қоса жүретін. Бұл жолы да сөйтті. Қолын жайып батасын берді. Оның мұнысына Әйімкүл риза болып қалды.

Жанкелді Шоңның жас кезінде үнемі құлағына әртүрлі жайды құйып отыратын. Сонау хан заманында да талай оқиғаны басынан өткізген. Шоңның осындай дәрежеге жететінін білгендей, ыңғай пара алу деген адамды азаматтық жолдан кетіретінін айтып отыратын. Тура Шоңның осы дәрежеге жететінін біліп отырғандай айтатын. Сондықтан да Шоң парадан қашып жүретін. Елдің беріп жатқандарының бәрі парадай көрінетін оған.

Ертеңінде жүрер алдында Шөміш өзі алып келіп, өз қолымен Шоң мен Әйімкүлдің арқасына қасқыр тон және күзен ішік жапқан еді.

– Шәке, бұл тонды не үшін жауып отырсыз? – деді Шоң. Баласы Әлсеннің би болғаны үшін беріп отырған пара тәрізді сыйлығы ма деп те ойлаған. Бірақ Шөміш сөздің ретін тауып кетті.

– Сенің, бабаң Жанкелді алдында кінәм болған соң беріп отырмын. Ал мына Әйімкүл келін өткен жолы келгенде бір жағалы киім кигізе алмай қалып едім. Келіннің біздің үйден жағалы киім киюі керек еді. Сол кемшілігімді түзетіп беріп отырмын.

Шөміш шын ауырып қалды ма, әйтеуір бабасы Жанкелді қайтыс болғанда топырақ салуға келмей қалған. Бірде үлкен әкесі Жәметтің аузынан әкем Жанкелді қайтыс болғанда мына іргелес отырған, бізге күйеу бала Тілен Шөміш те келмеді деген сөзді естіген. Сонда үйде біраз адамдар отырған еді. Солардың біреуі Шөміш құлағына жеткізгенін сезді. Мынасы сол өткеннің есесін қайтарудың амалы екенін Шоң біліп отыр еді. Айтар сөз бар еді, бұл арада айтпады. Орынсыз көрді.

Әкесі Жәметтің бұлай сөйлейтін жөні бар еді. Өйткені, Шөміштің әйелі де Ерназар тұқымынан еді. Бабасына топырақ салуға әкесінің келмегенін бірде әзіл қосып айтып кеткен Шоң Әлсенге. Әзіл астарында шындық жататын. Дәл іргеде отырып келмегенін жақтырмайтын. Соны сезді ме, соған орай өзіне тон кигізіп, Әйімкүлге ішік жауып отырғанын білді. Шоң соған орай сөйледі:

– Шөмке, үлкен атама топырақ сала алмағаныңды кінәләймін, оны еске алмай-ақ қойыңыз. Менің алдында айтқандарым ағайындық назым ғой, сіздің сөзіңіздің ретіне қарай айттым оларды. Ол үшін маған қасқыр ішік жаппай-ақ қойыңыз. Алмаймын.

– Алмасаң өкпелеймін. Жанкелдіге жапты деп есепте. Оның үстіне Тоқада сенен биік тұрған адам жоқ қазір.

Шөміштің Жанкелдіге шапқан шапаным дегені ауырлау болып кетті. Қазір алмай кетсе, бабасының аруағын сыйламағандай болып табылады. Ертеңгі күні мына әкесі де, баласы да талай жерге жеткізеді. Соңғы кезде шапан жапқан адамдар көбейіп кеткен. Шоң ол шапандарды өзіне емес, болыстығына жауып отырғанын сезетін. Мына тон астарында сондай мән жататынын сезгендей болды Шоң. Соған орай сөйлеген:

– Маған тон кигізгеніңмен ол Жанкелдіге жапқан болып есептелмейді. Егер олай десеңіз бабама арнап бір құран шығарыңыз кейін. Содан ол кісінің аруағы да, мен де риза боламын, – деп бастай келіп Шоң көкейінде тұрған сөзін айтты, – Шәке, кім болыс болмай жатыр? Бір жағынан менің болыстығымды сыйлап беріп отырған шығарсыз. Олай болса, бұл тоныңызды кимеймін.

– Болыс көп болғанмен, солардың ішінде саған жетері жоқ. Сен айрықша болыссың…

– Шәке, оны қайдан білесіз? Менімен бірге жүрген адамдай сөйлейсіз…

– Менде құлақ бар, елде жеткізетін тіл бар. Елден естіп отырамын. Қалың қазақ жайдан жай мақтамайды. Ел көңілінен шыққан бір шаруаларың бар ғой. Кешегі хан болған Кенесарыны да мақтағам жоқ. Сенесің бе, сенбейсің бе, өмірімде ешкімді мақтаған адам емеспін. Мен турасын айтып саламын. Бұл арада ешқандай мәймөңке жоқ.

– Мына сөзіңіз жалған болса да сенуге тура келеді. – Әлі де күдігі арылмаған Шоң әзіл араластырып сөйлегендей етіп айтқан. Оның мына сөзіне Шөміш ренжіп қалғандай.

– Мен осы қартайған шағымда сені мақтап, сенің алдында жақсы көрінейін деп отыр деймісің. Сөздің шынын айтып отырмын.

Шоңның бұдан да айтатын сөзі бар еді, балаңның ертеңін ойлап беріп отырсың деп айтпақшы болды да, бірақ айтпады. Шалдың көңіліне келіп қалатынын, Әлсеннің де ертеңгі күні өкпелейтінін білген еді.

Өзін мақтаушылар соңғы кезде тым көбейіп кеткен. Кейбіреуі көзін бадырайтып койып айтады, сонысы ұнамайтын Шоңға. Ыңғайсызданып қалады, солары жараспайтын сияқты. Олар мақтау емес, болысқа жағыну, жалбарыну, бірдеңені тапсыру үшін күн ілгері осылай сөйлеп отыратынын болжайтын. Сондай шамадан асып бара жатқан кейбіреулерін тоқтатып тастап отыратын. Қазір де Шөмішке соны жасамақшы болды, бірақ жасамады. Ондайда әкесі Шоңға ренжіп, сен адамның көңіліне қарамайсың дейтін. Ондайда Шоң әкесіне: «Телқозы, сен түсінбей отырсың бұлардікі болысқа жағынудың бір белгісі емес пе, ертеңгі күні оны ісіммен, сөзіммен қайтаруым керек. Ал мұны мен әркімнің көлгір сөзіне қарап орынсыз іс жасағым келмейді» – дейтін.

Шөміштің сөзін жақтырмай, әлі де құбылмалы көңілде отыр еді. Дегенмен, қадірлі шалға қарсы келуді лайықсыз көрді де, үндемеді. Қасқыр ішігін қанша алғысы келмей тұрса да, алды. Алмаса тентек шал жанжал шығаратынын білді. Ертеңінде атасының ауылына жүріп кеткен. Жолда келе жатқанда Әлсеннен сұрады:

– Осы әкең маған қасқыр ішікті сен би сайланған соң беріп отырған жоқ па?

Әлсен Шоңның мына сөзін жақтырмай қалды да, Шоң көңілінен шығатын бір сенімді сөз айтқан сол жерде:

– Алдыңғы жылы Қаржастан Шорманның Мұстафасының баласы келіп қонақ болып, сонда осы ішікті көріп маған бер дегенде, мен өлгенде келіп сүйегіме түсіп аласың, тірі күнімде бермеймін деген. Саған қалай бергеніне мен өзім де таң қалып келемін.

Шоңның тереңнен ойлап сөйлейтіні болғанымен, кейде кейбіреулердің сөзіне ренжіп қалып, асығыс бірдеңе айтып тастайтыны да болушы еді. Әлгі арада сөйткенін түсінді. Енді Әлсен аузынан әлгі сөзді естіген соң, басқаша сөйледі.

– Олай болса әкең шын көңілден берген екен, – деді. Баласының мына сөз Шөміштің айтқан сөзі шын, адал екенін дәлелдегендей болды. Жалпы, Шөміштің турасын айтатынын білетін. Әлсеннің кейбір сөздеріне көңілі толмай жүрсе де, мінезінде әкесіне тартқан турашылдық барын да білетін.

– Әлсен, маған берген екі бозды енді аламын, – деді Шоң.

– Жоқ, мен саған бергем жоқ. Телекеңе әкелгемін.

– Өтірік айтасың, маған әкелгенсің, білемін. Оның үстіне аттарың маған ұнайды.

Әйімкүл мырс етіп күліп жіберді. Әйелінің бұл қылығын жақтырмай қалды Шоң.

– Сен неге күлесің?

– Кеше аттарды жеккізбей, енді мына айтып келе жатқаныңды айтамын…

– Ол кешегі көңіл күй, ал бүгінгі басқа. Адамда ондай-ондай сәттері бола береді. Бұл Әлсен екеуміздің арамыздағы шаруа. Сен оған араласпай-ақ ақ қой, – деді Шоң.

Әйімкүл қасында жатқан әйелі болса да, Шоңнын осындай бір түсініксіз мінездеріне таң қалып отыратын. Қазір де сондай бір күйде еді… Шоңдар әуелі Әйімкүлдің үлкен әкесі Сәттібайдың үйіне ат басын бұрған еді, шалы өлгелі кемпірі оның орынын жоқтатпақшы боп бөлек отырған. Еркек орнында отырған кемпірге сәлем беріп, кіріп шығуы Шоңның соңғы кезде шал жоқ болса да әдетіне айналған. Бұл жолы да сөйтті. Кемпір мәз болып қалған. Сол екі ортада Азна бар, Сәттібайдың үлкен баласы Нартай бар, бәрі келген еді. Сәттібайдың кемпірі Әйімкүлді жаңа көргендей құшақтап бетінен сүйді. Бала кезінде Сәттібай үйінде өсіп еді. Қазір сол кездерін еске алып, кемпірдің көзінен қуаныштың жасы да шығып кеткен.

– Балам-ау, өзің өсіп кетіпсің ғой, – деді ұзара түскен тал бойына қарап.

– Тамағы тоқ, көйлегі көк, бұл семірмегенде кім толады, – деді Әлсен.

– Мен толғанын айтпаймын, бойының өскенін айтамын, – деді кемпір өзінің де, Әлсеннің де сөзін түзеткен болып… Енді ғана жиырма бестен асып, үшінші бала тапқан Әйімкүлдің бойының өскені рас болатын. Кемпір соны бірден байқап қалып, айтып отыр еді.

Расында, Әйімкүл еттеніп, үшінші қызын тапқан соң бойы ұзара түскендей әсер қалдырғандай еді, бұрын көрген адамға.

– Мұнда Әйімкүлден де көп өскен бір адам бар, – деп өзінің әзілқой әдетіне басып, Әлсен барды да пәуеске ішінде ұйықтан жатқан кішкентай қызды алып келді. Бәрі дуылдасып жүріп оны ұмытып кетіпті.

– Мына жиендеріңізге қайсыңыз көрімдік бересіңдер?

Елден бұрын келіп Нартай Әлсеннің қолынан баланы алды.

– Бұл Тілендер біледі, кімге көрімдік сұрайтынын, – деді ол.

– Өзің бір көрімдік алатындай сөйлейсің. – Әлсеннен Нартай біраз үлкен болса да оның қылықтарына қарай ретті жерінде кейде өзінің мінезіне салып еркін сөйлейтіні бар еді. Қазір де соны жасап тұр еді…

Нартай Әлсеннің сөз төркінін қайда бұрып бара жатқанын білді де жым болды. Нартай ана бір жылдары аулының бір қызын Тілендерге әкеп беріп соның ақысына жігіттен үш жылқы алған. Соны реті келгенде Әлсеннің Нартай өзі қарындасын әкеп беріп, ақысына жылқы алды деп мазақ етіп жүргенін естіген. Қарындасы мен күйеу баласының көзінше айтса ұят болатынын ұғып тұр еді ол да.

Сол орайда Тіленмен әзілдесудің қиын екенін түсінді. Қазір сол ойына түсіп кетті де, мына Азна Шоң көзінше бірдеңе айтып қоятынын ойлап, жым болды. Дегенмен Әлсен аузынан шыққан сөзді басуды ойлаған:

– Әлсен, көрімдік ешқайда қашпас, сөзді көбейтпесейші, – деп қоя салған. Осының аузын қалай жабамын деп жүрген Нартай тағы қайталап айтты. – Жиенімізге бермеген көрімдікті кімге береміз?

Мына сөзден кейін Әлсен де тоқтаған. Осы жолы қайтсе де Нартайға айтқанын жасататынына сенімді еді. Осыдан кейін екеуінің арасындағы етек алып кете жаздаған сөз басылып қалғандай еді.

Телқозының өкпесі

Бір күні келіп әкесі Шоң алдында сөз бастаған еді.

– Мына Қояншы-Тағайлар Кеттебекке біздің жылқыларымызды ұрладыңдар деп өтірік жала жауып жүрген көрінеді. Сен солардың болысымен сөйлесіп көрші…

Шоң білетін, Аралбайлардан Ортау болысына болыс болған Кеттебек еліне жақпай болыстықтан шығып қалған еді. Қазір туыстарымен ренжісіп, Шоң ауылына жақын жерде іргелес отыратын.

– Көрші отырған олардың дауы баяғыдан бері бар. Ол үшін мен жүре бермеймін, өздері шешіп алады. Ел арасында сәл бірдеңе болса мен шапқылай беремін бе осы? Ана билері отыр. Соларға неге жүгінбейді?

– Кеттебектің аталары пәлен жылдан бізбен көрші отырған ел. Екіншіден, мен тілек етіп отырмын. Барып барлық жағдайды біліп қайт. Әрі-беріден соң бұл – сенің міндетің. Кеттебек ауылы саған қарайды.

– Ана Құтжан биді неге жібермейді?

Кұтжан өзін Шоңнан артық санап жүрген Аралбайдың биі еді. Және Ыбыраймен құдандалы болатын. Кіші баласы Әліммұсаға оның қызын алып берген. Енді келіп оның туысы Кеттебек туралы әкесі мынандай сөз айтып отыр. Мұнда бір мән жатқанын Шоң біле қалды да, мен оның шаруасына араласпаймын деп бірден айтқан. Сонда да әкесі болмады:

– Шоң, оның Қояншы-Тағайлар алдында сендей беделі бар ма, соның бәрін есептеп келіп саған тоқтап отыр ғой олар да.

Шоң мынау бір шатақ шаруа екенін сезді де:

– Мен ондай шаруаға бармаймын. Қалай шешсе олай шешсін! – деді.

Телқозы бұдан кейін сөз бітті дегендей, үндемей кетті. Әңгіме осымен біткен сияқтанды. Шоң болыс болып келгелі әкесі бөлек шығарған. Шоң өз алдына отау болып Қызылағашта отырған. Әкесімен бірге Малай тұратын. Балаларының ішіндегі өзінің тілін алғыш Малайды әкесі басқа балаларынан жақсы көретін. Балалары өз алдына үй болып кетіп жатқанда, әкесі Малайды жібермей қасында қалдырған.

Арада тағы екі күн өткен еді. Таңертенгі шақ болатын. Шоң өзінің үйреншікті әдетімен серуендеп есік алдында жүр еді, әкесінінің ауылы жақтан екі атты адам осылай қарай келе жатыр екен. Жақындағанда Шоң әкесі мен інісі Малайды таныды. Телқозы мұнда бұрылмай анадайдан өтіп кетті де, Малай ағасының қасына келді. Сәлем берді.

– Ана әкең қайда бара жатыр?

– Мына Аралбайлар аулына барып қайтамын дейді.

– Жайша ма? – деді Шоң.

– Ол жағын білмедім…

Шоң өзінен Малайдың бірдеңені жасырып тұрғанын білді. Телқозы не болса да Малаймен ақылдаспай жұмыс істейтін. Інісі әкесінің неге бара жатқанын білсе де айтпады, бұл да қазбалап сұрамады.

– Әйімкүлдің шайы қайнап түр. Үйге кіріп шай іш, – деді.

– Шай ішетін уақытым жоқ, асығыс шаруам бар. – Малай атына мініп, тебініп қалып жүріп кетті. Шоң да үй сыртына қарай серуендеп кетті. Әкесінің Аралбайлар аулына бара жатқанына көңілінде белгісіз бір күдік жатса да онша мән бере қоймаған. Өйткені, баяғы заманнан қатынастары бар, туыстай болып кеткен адамдар еді. Солардың біреуіне бара жатыр ма деп ойлаған. Шоң ел байқай бермейтін әр руға тән мінез-қылық барын білетін. Аралбайлардың өздерінікі қисық болып тұрса да, өздерін дұрысқа бағалайтын мінездері бар еді. Шоң сол мінезіндерін жақтырмайтын. Кешегі әкесінің сөзі есінде еді, содан ба, көңілін бірдеңе мазалағандай болып, есік алдына қайта оралғанда, үй алдында тұрған інісі Малайды көрді. Оның мына қайта оралуынан бірдеме айтқысы келіп жүргенін білді.

– Неғып тұрсың, үйге кір.

– Асығыс шаруам бар. Кетейін деп тұрмын.

– Әкенді күтіп тұрсың ба?

– Сол да бар…

Сөздің бетін тағы да Аралбайларға бұрды:

– Аралбай көп, кімдікіне кетті?

– Кеттебектікіне.

Кеттебек анау-мынау адамды менсінбейтін, оның үстіне тентектеу мінезі бар адам болатын. Соны біле ме, әкесі онымен онша жақындаса қоймайтын. Әкесінің сол Кеттебек үйіне кеткеніне таңқалды да қойды. Кеттебекте бір шаруасы бар ма деп, тағы да інісінен сұрады.

– Білмедім, – деді Малай.

Малай бір әке, бір шешеден туса да Шоңға ұқсамайтын, жаратылысы басқа еді, айналдырғаны алдындағы малы, сөзі аз, ешнәрседе шаруасы жоқ адам болатын. Әке сөзін екі етпей орындайтын мінезі барын және білетін Шоң. Содан ба, Шоң мен Малай бірімен-бірі онша ашылып сөйлесе бермейтін. Казір Малай сонысын жасап тұр еді.

Ағасының көніл-күйін сезді де, ол кетіп қалды. Әкесінің бірдеңе айтқанын Шоң сезді. Бірақ інісі үндемеген соң бұл да қазбаламады. Әдетте Шоң таңертеңгілік серуеннен келгеннен кейін жазуға отыратын. Бүгін оны жасамады. Әкесінің Кеттебек үйіне бара жатқандығы туралы інісінің сөзі ойын бөле берді. Серуендеп жүргенде Шоң жайдан-жай жүрмейтін. Жазатындарын ой елегінен өткізіп алатын. Бүгін үйреншікті сол әдет тартпады. Басқа жаққа кете берді. Кеттебек үйіне кеткен әкесіне көңілі ауа берді. Енді әкесі туралы, Кеттебек жайында ойлады. «Бұл Телқозы мен Кеттебекті жақындастырып жүрген қандай шаруа» деген ойға беріліп, өзінен өзі мазасызданған. Бұрын Кеттебек туралы әңгіме бола қалса, Телқозы: «Сол Аралбайды қойшы» деп отыратын. Шоң оны білетін. Әкесі Кеттебектің кекірік мінезін онша жақтыра қоймайтын, ашық айтпаса да, Шоң соны сезетін. Осындай екі адамды жақындастырып жүрген не екен, өзіне өзі сұрақ беріп, онысына іштей жауап таба алмады.

Кеттебек Шоңмен қатарлас еді. Осының алдында Аралбайлардың жартысы, Ортау болысы ашылып, соған қарап кеткен. Аралбайдан Құтжан би болыс болған. Құтжанның болысқа өтуіне Шон көмектескен. Кеттебек қанша талпынса да бола алмай қалған. Содан Құтжан үстінен жазу көбейді. Кейін ретін тауып ояздың аузын алды ма, Ыбырай қанша сүйесе де үстінен жазу көбейді. Ояз да сасып қалған сыңайлы. Бір барғанда Шоңмен ақылдасқан еді. «Мына Құтжан үстінен арыз көбейіп кетті, не істейміз» деп сұраған. Бұл айтқан: «Ел жайдан-жай жазып жатқан жоқ шығар, бір себебі болуы керек». «Ендеше, сол болысқа қайта сайлау өткізіп кел» деген ояздың ұсынысынан Шоң бас тартты. Аралбайлар арасында болыс сайлауын өткізсе өзіне пәле болатынын сезді. Содан ояз Шоңмен ақылдаса келіп, Герасимов пен Ыбырайды жіберген. Кеттебек пара берудің арқасында болыс болып алған. Содан өзіне қарсы болғандарға қырғидай тиеді. Бұл хабар Шоңға да жетіп жатады. Шоң Ақмолаға барғанда Ортау болысында болып жатқан жағдайды айтады. Ашуланған ояз Герасимовты жіберіп, Кеттебекті орнынан шығарып тастайды.

Кеттебек Шоң мен Герасимовтың көңіл жықпас достар екенін білетін. Кеуделі Кеттебекке болыстан шығып қалғаны қатты әсер еткенін Шоң сезіп жүретін. Содан бірде Шоңға мінез көрсетіп айтқан: «Сен анау оязың арқылы Құтжанды өткізіп жібердің ғой» деген. Бұл сөзде шындық жатқанын түсініп Шоң сөзді көбейткісі келмей, үндемей жүре беретін. Содан бері кездескен жерде соны еске түсіріп айтып жүретін. Әкесі Телқозы да мұны білетін. Шоң әкесінің Кеттебек үйіне барып жүргенін бір нәрсеге ұрындыру үшін жасап жүрген қулығы ма деп ойлаған. Ала көңіл болып тұрғаны осыдан еді.

Барлық ойды сырып тастап сыртта біраз жүріп келіп Шоң Карповпен кездескеннен кейін жаза бастаған қазақ тарихы туралы жазбасына кіріскен еді. Бұл мәселе де күнделікті үзілмейтін тақырыпқа айналған соңғы кезде. Бүгін үйеншікті болған шаруасына кіріскенде тіптен ұзаққа кеткен отырысы болды. Шоң сонау Қоңырқұлжамен болған әңгімеден кейін жазамын ба, жазбаймын ба деп екі ойлы боп жүрген қазақ тарихи жайындағы еңбегін Карповпен кездескеннен кейін біржола қолға алған. Айтар ойлары көбейіп кеткендей еді. Онымен қоса қазақ жеріне орыстардың көшіп келуіне байланысты да пікірі бар еді басында. Бәрін біріктіріп, бір мәселеге айналдырған. Шоңның жазуы тіптен молайып кеткені содан еді. Кейінгі кезде бос уақытында бұрындай қаршыға алып, құс аулауға, ілуде-шалуда болмаса шықпайды, бірнеше сағат отырып ойға беріліп жазатыны бар еді. Шоңның не жазып жүргенін ешкім білмейді. Анада бірде Әйімкүл Шоңнан не жазып отырсыз деп сұрағанда ол айтқан, өткен-кеткен, алдағы шаруалар жайында толғаныстар ғой деген. Әйімкүл оның бұл айтқанын онша түсіне қоймайтын. Содан кейін Шоңның жазуында жұмысы болмайтын. Содан бері біраз уақыт өтті – шегі жоқ, бітпейтін шаруа тәрізді. Ойдан ой туа беретін. Шоң бұған жалықпайтын, қайта құмарта түсетін. Күн сайын түннің біраз уақытына дейін отырып жазатыны бар. Әйімкүл бұған да үйреніп алған. Дегенмен, сағаттар ойы күйеуінің тапжылмай отырғанынына мазасызданатыны және бар. Әйімкүл кейін тағы да бір-екі рет сұрап еді, күйеуі өзім де білмеймін деп, екіұшты, жұмбақтап жауап берді. Оған ашуланып қалған Әйімкүл атымен сұрамайтын болған еді. Шоңның күндіз-түні отыруына қарағанда, мұның бір маңызды шаруа екенін Әйімкүл түсіне бастаған. Кейде тіпті, біреулер сұрай келсе үйде жоқ деп, жазу жазып отырғанын жасыратын. Шоңның жазуына кедергі келтірмеуге тырысатын.

На страницу:
8 из 10