bannerbanner
Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап
Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Полная версия

Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап

Настройки чтения
Размер шрифта
Высота строк
Поля
На страницу:
3 из 10

– Ол ағаңның не сөйлеспек ойы бар менімен?

– Ол кісі де поштабай болғысы келеді.

– Маған поштабайлыққа бір адам жетеді. Екі адам қажет емес.

– Ендеше мен үйге тағы бір барғанда түсіндіріп айтайын оған. – Осымен ағасы туралы сөз бітті. Шоң Жойқынбекке жұмыс жағдайын түсіндіре бастады.

– Пошта сонау Ақтаудан келеді. Сен оны Ақмолаға жеткізіп беріп, одан берген поштаны осында жеткізуге міндеттісің. Меніңше, бұл жұмыс оңай емес, кейде асығыс, поштаны сол күні Ақмолаға күндіз-түні жүріп жеткізесің. Жолда Тілен, Құлымбет ауылдарынан ат ауыстырасың. Бір-екі сағат жағдайға қарай дем аласың. Жедел поштаны айтқан уақытында жеткізу бірінші талап. Егер оны орындамасаң, маған да, саған да сөз келеді. Онда жұмыстан кетесің. – Турасын айтқан еді, Шоң сөзінің сонда.

Шоңның бірден бұлай жұмыстан кетесің дегені Жойқынбекке ұнамай қалды. Шоңның өзі де артықтау сөйлеп қойғанын сезді де:

– Ондай пошта жиі келіп тұрмайды. Айында екі-үш рет қана болады. Басқа уақытта асықпай апарасың. Тіпті, поштаның бес-алты күн келмейтін күндері де болады. Ондай кездерде менің атымды жегіп, атшым боласың.

Шоң атшылық туралы әуелінде айтпаған. Поштабай сөзі ұнап тұрғанымен атшы боласыңы ұнамады. Ойланып отырып қалды. Шоң мына жігіттің ойланып қалғанын сезе қойды да:

– Мен еңбегіңе ай сайын бір қой бермін. Ояз бес сом ақша төлейді.

Бес сом ақша, бір қой қыруар табыс еді. Шоңның мына айтқаны Жойқынбектің көңілінен шыққан болатын. Арада бес күн өткенде Ақтаудан пошта келді. Келген кісіге Шоң Жойқынбекті таныстырды.

– Бұдан былай сендер әкелген поштаны осы кісі апарады, – деп Жойқынбекті көрсетті. Ақтау бекінісінің бастығы да пошта тасып жүрген адамға айтқан алдында, «бұдан былай пошта тасу жаңа болыстың мойнына жүктеліп отыр. Енді біздің жұмысымыз жеңілдейді» деген еді. Расында, пәлен шақырым жерді салт атпен жүру оңай болмайтын. Енді бұдан былай Қараағаш пен Ақмола арасындағы поштаны басқа адам жеткізеді. Ақтаудан келген орыс қуанып қалды. Әлгі адам Ақмоладан келетін поштаны күтіп Шоң аулында қалды да Жойқынбек Ақмолаға тартқан. Шоң әкесіне айтып, бұл аса манызы бар мемлекеттік шаруа екенін түсіндіріп, бір ұшқыр ат бергізген. Бұрынғы болыстар орыс поштабайлардың тілегі бойынша кез келген ауылдың байларынан кезекпен ат алып беретін. Бірақ бұрын Телқозыдан сұрамайтын еді. Әкесі тұрып Шоңнан сұрады:

– Ыңғай менен алып тұра ма?

– Иә, бұдан былай сізден алатын болады.

– Мына Елгелділерде жүйрік ат көп, солардан неге әпермейсің?

– Бұл шаруаны ояз Елгелділерге емес, маған тапсырып отыр. Сондықтан мына сөзіңіз басы артық әңгіме. Бергенде ең жүйрік атыңызды беріңіз. Егер уақытында апармаса маған сөз келеді.

«Маған сөз келеді» дегенінен Телқозы корқып қалған. Баласының айтқанын жасап, Жойқынбекке ең жүйрік атын берген. Жойқынбек сол күні қолма-қол жүріп кетті. Шоңның айтуымен Құлымбеттер ауылына соққан еді. Олар да сөз айтқан жоқ ат берді, содан әрі қарай кеткен. Бұл жердің биі Лау еді, пошта жағдайын жақсы білетін. Қолма-қол жүйрік ат бергізген. Жай жүріс жоқ. Жол бойы шауып отырды. Таң ата Ақмолаға келген. Омбы поштасы жүргелі тұр екен. Олар да енді міне жүремізбен Ақтаудан келетін поштаны күтіп шыдамсызданып отыр екен. Соған тапсырды. Ол жақтан Ақтауда тұратын әскер басына арналған арызды алып қайта шапты. Құлымбеттер ауылына келіп тыңайып тұрған атына мініп, тағы шапты. Бір тәулікке жетпейтін уақытта мың шақырымнан артық жер жүріпті. Аттан бұрын Жойқынбек өзінің шаршағанын сезді. Денесінің бәрі салдырап, әлі кетіп қалыпты. Қараағашқа келгенде қозғала алмай қалған болатын. Шоң оны сезіп, біліп отыр еді. Тағы да қайталап айтқан еді.

– Мұндай асығыс пошта келгенде бүкіл денеңді жақсылап тұрып байлап ал. Мына пошта тасып жүрген орыстар сүйтетін. Мен оны көргемін. Сонда шаршамайсың. Денеде күш сақталады.

Дегенмен, Жойқынбек бұл жұмысқа шыдай алмайтын шығармын деп ойлаған.

– Бұрын менің орнымда кім істеді?

– Бұрын бұл жұмысты орыстардың өздері істегенін айттым ғой. Енді бізге, қазақтарға сенген тәрізді. Сонсоң маған жүктеп отыр ғой. – Шоң Жойқынбектің пошта жұмысының ауыр екенін біліп қалғанын сезді. Ертеңгі күні мына жұмыс ауыр екен деп Жойқынбек шығып кетсе өзіне де ұят болатынын Шоң білді. Басқа емес, әкесінің өзі кінәлайтынын білді. Содан кейін сөз бастаған:

– Ақтау мен Ақмола арасында төрт бекет болатын. Олардың әрқайсысында бір-бір адамдар болатын. Соларды қысқартып отыр. Маған тапсырды. Екеумізге ұят болмау үшін сен дұрыстап істе.

Жойқынбек бір жағынан істемей жатып жұмысты тастап кетуді намыс көрді. Және төлейтін ақшасы да көнілінен шығып тұрған болатын. Ақыры шыдауға бел байлады.

Кейін асығыс пошта күн сайын бола бермейтінін байқады. Кейде пошта он күндеп Ақтау жатқан келмейтін. Келсе асығыс емес, араға екі-үш күн қонып жүруіне болатын пошталар еді. Жаңа тірлікке Жойқынбек үйрене бастады. Шоң да мазалай бермейтін. Көбіне салт атпен жүретін.

Бірде жанжал шығарып, Телқозы Жойқынбекке тиісті бір қойын бермей қойған еді. Шоңмен әкесінің арасында реніш туындап қалған, соған байланысты. Телқозы айтқан еді:

– Бұл саған ешқандай қызмет істеп жүрген жоқ. Мен айтқан қойыңды бермеймін, ояздың беретін ақшасы жетіп жатыр.

Өйткені, Телқозы Елгелділерге ызалы еді. Шоң әкесінің мына қылығына ренжіп қалып:

– Әуелгі келісім солай. Телқозы, онымыз ұят болады. Сен тиесілі қойды бермесең, мен ақылай беремін.

– Сонда қанша ақша бересің?

– Айына бес рубль береді ояз. Ал бір қой үшін өз қалтамнан айына екі сом беремін.

Мына сөзді естіп Телқозы жаман ашуланды.

– Сенің айтып тұрғаның не?

– Тәртіп солай, басында мұнымен екі сомға келіскенмін. Оны бұза алмаймын. Ұят болады. Оның үстіне менің мініп жүрген атымды баптап отырады. Бір жерге барарда ерттеп дайын етіп қояды.

Телқозы бұдан кейін тиісті қойын беріп тұрды. Шоң Жойқынбектен берген қойы арық па, семіз де бе деп сұрап жүретін. Шоң мен Телқозы арасында шатақ шығып кетпесін деген оймен, Жойқынбек берген қойлары ыңғай арықтау болса да семіз дейтін. Сөйтіп жүргенде Ақтау бекінісі жабылатын болып, енді пошта сонау Аягөзден Қарқаралы арқылы Ақмолаға қатынайтын болды. Оны орыстардың өздері жүргізетін еді. Ілуде-шалуда болмаса Ақтаудан Ақмолаға пошта тасылмайтын еді. Енді көбіне Жойқынбек Шоңнын ат-арбасын жегіп беріп жүрді. Шоң әуеліде оны жұмыстан қысқартуды ойлаған еді, бірақ Жойқынбектің мінезі де, ісі де ұнап қалған болатын. Телқозыға да тіл алғыш Елгелді ұнаған еді. Телқозы бір жерге барайын десе атын жегіп дайындап қояды. Баяғыдай ояздың беретін бес сомы жоқ. Жойқынбек бір қойға жалданып жүре берді. Арасында Шоң ақша да беріп қоятын.

Әйімкүл Ақмолада жатыр. Енді Шоңның қалаға баруы жиіледі. Оның үстіне Карбышев те тапсырма беріп, Шоңды жер мәселесіне байланысты шаруасына жұмсап қоятын. Әуеліде келісім солай болған соң, Шоң бармаймын деп айта алмады. Мұндай жүрісте де арбамен, салт жүрсе де Жойқынбекті қалдырмайды. Өйткені, барған жерде атына қарайтын адам керек. Келген жерінде басқа болыстар тәрізді сол ауылдың адамын жұмсауды ұнатпайтын. Сондықтан қасына Жойқынбекті алып жүретін. Бірде Шоң Ақмолаға барғанда Карбышев айтқан:

– Шоң Телкозинович, сіз ел арасында үлкен ауыл болып отыру туралы үгіт жүргізетін көрінесіз. Оның қажет жоқ, қазақтар бұрынғы қалпынша отырып өмір сүре берсін. Мұны жеткізіп отырған Қабай маңайындағы адамдар екенін білді Шоң.

– Ана казак-орыстар тәрізді отырғанның несі жаман? – деп жауап берді Шоң.

– Әр халықтың үйренген өз әдеті бар. Сонымен тұрсын.

Карбышев Шоңның Темештерге Қорғалжын көлінің жағасынан жер бергенінен қорқып қалған. Нұра бойынан да соны жасай ма деп ойлап тұр еді.

– Шоң, оны жасасаң, екеуміз бірге жұмыс істей алмаймыз.

– Семен Иванович, одан қорықпай-ақ қойыңыз. Басқа түгілі, менің әкем де отырған жерінен қозғалғысы келмейді.

– Ол сөзді айтпастан бұрын менімен ақылдасуың керек, ал мен губернатормен ақылдасып отырамын.

Шоң бұған қарсы сөз айтқан жоқ. Егер Нұра бойына қазақтар қоныстанып алса оған ояздың да, губернатордың да қарсы шыға алмайтынын білетін. Содан кейін ояз сөзіне бас ауыртудың қажеті жоқ екенін білді. Бәрі жергілікті адамдарға байланысты екенін түсінген. Ал олардың жасап отырғаны анандай. Бұдан кейін ояз да жер туралы әңгімені қозғаған жоқ. Шоң әкесінің де, басқалардың айтқанына көнбейтінін білген еді. Дегенмен, реті келгенде үлкен ауыл болып тұру жайында айтып жүретін.

Би сайлауы

Дуанның уезге көшуіне байланысты қазақ өмірінде де көптеген өзгерістер кіре бастады. Орыстар қазақ өмірінде билердің алатын орыны айрықша екенін жақсы білетін. Қай ауыл болмасын, ең алдымен бидің айтқанын екі етпей орындайтынын түсінетін орыс шенеуніктері. Билердің өздеріне тәуелді болуын ойластырған еді. Содан кейін жаңа сайланған билерді ояз алдынан өткізіп отыруды әдетке айналдырған. Ыбырай кезінде аузы күйіп қалған Карбышев билерді тек өз алдынан өткізіп отыратын болды. Ол шаруаны болыстарға да тапсырып қойған. Орыстар саясатына онша тереңдеп бара бермейтін Ыбырай мен Карбышев арасында билерге байланысты дау шығып қалатын. «Билер шетінен мұсылман, қалай сенің алдыңда ант береді» деп те айтқан бірде. «Мемлекет орыстікі, сондықтан олар менің алдымда ант беруге тиісті» дейтін Карбышев те ондайда. Ал заңда кез-келген би ояздың өзіне болмаса, орынбасарының алдынан өтуі керек деп жазылған болатын. Карбышев соны өзгертті. Жаңа сайланған билер орынбасарларым алдынан емес, тек менің алдымнан өту керек деген еді. Билер жергілікті жерден сайланбастан бұрын ояздың алдынан өтуіне Карбышев жоғары жақпен келісіп осындай нұсқау берді. Бұл жұмысты басқаратын жергілікті болыстар тапсырған ояздар. Болыстарға байлар мен билердің тәуелділігі арта түскендей еді. Бұл орыс саясатына орай әдейі жасалып отырғанын Шоң жақсы білетін. «Сарыарқа» болысына Шоң сайлануына байланысты Тоқалар арасында би сайлануға үміт ететіндер саны көбейді. Соған орай, Телқозы үйінің есігін ашушылар қатары молайды.

Бұлардын арасында көбіне өздеріне ағайындас Айтқожа, Сатыпалды, Барғана рулары адамдарынан би болуға үміті бар адамдар жиі келетін. Олар бірден Шоңға бармайды, ескі көз туыстары Телқозыға баратын. Жай келмейді, бірдеңелерін ала келеді. Мынау Шоңның болыс болуына байланысты әкелген сыйлығымыз, көрімдігіміз деп жүйрік аттардын үстіне күміс ер тоқымдарын жауып ала келеді. Телқозы қайтармайды, ала береді. Сөз соңында әлгі адамдар бәріне біріне-бірі ұқсас сөз айтады. «Телеке, басқа рулардан би болғандар көбейіп барады. Біз де Шоңның осы қызметін пайдаланып өтіп қалсақ» дейді.

Телқозының да қулығы мол еді. Болады, болмайды деп бірден айтпайтын. Келгендерге тек үміт арқалатып жіберетін. Сөз аяғын көбіне Шоңмен сөйлесіп көрейінмен бітіретін. Келген адамдардың бәрі туралы Шоңға айтпайтын әкесі. Талғап-тандап айтатын. Телқозы кімнің кім екенін жақсы білетін. Өз көнілінен өткізіп лайықты дегендері туралы ғана Шоңға айтатын.

Шоң олардың неге келіп жүргенін білсе де, ауыздарынан сөз шықпаған соң сезбеген болып жүре беретін. Шоң оларға үлкен бір ауыл болып отырайық деген сөзін қолдамағаны үшін көбін ұнатпайтын. Соны түсіне ме, байлар бірден Шоңға тікелей келіп айтуға батылдары бармай, көбіне Телқозы арқалы айтатын. Ал оның жасайтыны жоғарыдағыдай еді. Содан тікелей келіп Шоңның өзіне айтқандары да болатын. Шоң оларды көрейін, әуелі оязбен ақылдасып алайынмен шығарып салма сөз айтып жіберетін. Шоң өйткені көбінің би болып жұмыс істеу үшін емес, би атану үшін келгендерін білетін. Сондықтан ондайларға ашып ештеңе айтпайтын. Бұл шаруа менің қолымдағы ғана емес, анау ояз бен өздеріңнің ауылдарыңдағы билердің шаруасы деп сөзін біретін. Оның үстіне тілек еткендер тым көп еді. Шоң сондықтан олардың байлығына, атасының мықтылығына қарай емес, колынан іс келетіндерді, ауылында беделі бар адамдарды ғана алғысы келетін. Содан сол адамдар туралы айлар бойы толғанып жүретін. Бұл ойлануы ұзаққа кетіп қалатын. Талай адамдардың тілектері жиналып қалған. Ақыры бір күні отырып әкесі сөз бастады:

– Анау Қабай кезінде өзіне жақын адамдарды билікке тартқан. Өткен сайлауда оны қалай қолдағанын білесің. Сен де мына ағайын-туыстарыңның арасынан би сайлап ал. Ертеңгі күні сөзіңді тындап, сені қолдайтын адамдар керек. Сондай адамдарды таңдап алмайсың ба? – Реті келгенде Телқозы ыңғай қайрағандай, осындай сөз айтатын.

Шоң әкесінің бұл сөзінде шындық жатқанын, Шоң әкесінің қандай адамдарды өткізгісі келетінін білетін. Ол ыңғай өзіне қолы ашық адамдарды таңдайтын. Ал Шоң болса ондай адамдар көңілінен шыға қоймайтын. Содан кейін әкесіне де, басқаларға да: «Билерді сайлауды қазір анау Ақмолада отырған ояз шешеді. Менің, осындағы билердің айтқаны емес, соның айтқаны болады» – деп, әкесіне: «Сіз көрінгенге уәде беруді қойыңыз» дегенді айтып, ескертіп қоятын.

Телқозы Шоңның бұл айтқандарын жақтырмайды. Бидің қалай сайланатынын жақсы білетін еді. Соған орай:

– Ол бұл жақтағы қазақтарды қайдан біледі. Сенімен ақылдасатын шығар…

Әбден маза бермеген соң Шоң әкесіне сіз осы жұмысқа араласпай-ақ қойсаңыз қайтеді деді. Шоңның бұл сөзін ол жақтырмай қалды. Өйткені, оның көкейінде не тұрғанын білетін. Егер Телқозы айтқанын қолдаса Жанкелді тұқымдарының, анау пара беріп жүрген адамдардың бәрі би болатынын Шоңның іші сезетін. Соған орай, әкесінің айтқанын жүре тыңдап сыртқа шығып кететін. Телқозы байқағыш, аңғарғыш адам еді, Шоңның ренжіп қалғанын бірден сезіп, үндемей қала береді. Шоңның көнілі-күйі түзелген шаманы байқап жүріп, өзінің үйреншікті сөзін бастайтын қайтадан.

Шоңның өзі де биге бірнеше адамды өткізіп алуды ойлап жүрген. Көңілінен шығып жүрген бірнеше адам бар еді. Бірақ бәрін бірден өткізуге болмайды. Шама-шарқынша екшеп, байқап өткізу керек. Көп адамды алып келгенді ояз да жақтырмайтынын білетін. Соған орай Шоңның өз ойы бар еді, бірақ бұл туралы тіс жарып әкесіне де айтпаған. Ондай адамдар ішінде жүретін. Бүгін әкесінің үйреншікті әдетіне айналған сөзінен кейін ойланып қалды да:

– Казір қазақта не көп, би көп. Көпшілігі ақылымен емес, байлықтың арқасында би болып алған. Сіз көрінгенді әкеп маған тықпалай бермеңіз, – деді.

Телқозы баласының мына сөзін ұнатпай, ренжіген рай танытып, дастархан басынан тұрып кеткен. Әкесі кетіп, дастархан басында жалғыз қалған. Шоңның Телқозы айтқан адамдардың көпшілігінің би болуын көңілі қаламайтын. Айтып жүрген адамдары ел арасында сыйлы болса да, көбісі Шоң ойынан шықпайтын. Содан кейінге сырғыта беретін. Айтар ойы бар адамдарды сайлатып алғысы келеді. Болыс болып келгелі бірталай уақыт өтсе де әлі билікке бір адамды да өткізбеген. Әзірге әлі де ойда жүрген еді.

Шоң үйде біраз отырып тысқа шықты. Сыртта біраз жүріп үйге оралса үйде Әлсен отыр. Күміс дастархан жасап қойыпты. Шай қайнап тұр. Баяғыда Күміс келін болып түскенде алып келгендердің бірі осы Әлсен еді, келіннің бірінші бетін ашқан ыстық болады дейді қазақ. Сол шындық болуы керек, Әлсен келгенде Күмістің жаны қалмайтын. Шайын жасап, қазанын көтеріп есі шығады да жатады. Шоң оны осында келгелі байқап жүр. Мына дастархан жасасы да соның белгісі еді. Әлсен де бұрынғыдай емес, Шоңның болыс болып келгенін сыйлай ма, әйтеуір, бұрынғы еркіндік жоқ, байқап-байқап сөйлейді. Шоң «жай жүрсін бе» деп сұраған еді одан.

– Мені Телекең шақыртып жіберіпті. Жаңадан билер сайлайды дейді ғой, соған сенімен ақылдасқалы келдім.

Телқозының Әлсенді шақыруында сыр бар еді, өйткені би болуға өнкей қаусаған шалдар тілек айтып келіп жүретін. Олар тым көп еді. Телқозы да ақылды адам еді, ондайлардың айтқанына жығыла бермейтін, қулықпен сөйлейтін: «Анау ояз айтады екен, билер жас болсын, жергілікті билердің алдынан өтпес бұрын маған әкел деп жүрген көрінеді. Сонсоң Шоң ешкімді өткізе алмай отыр ғой» дейтін. Телқозының мазасын алып жүрген жастардың бірі Әлсен еді. Келген сайын Телқозының миын жейтін. Төрт-бес тәуір жылқысын да, Шоңға сездірмей әкеп тастаған. Телқозы соған құлап қалған. Ол жақсы білетін, кейбір билер өзімен теңдесіп төрде отырған жастарды ұнатпайтын. Би болуға шаштары ағарған карттар құмар еді. Телқозы Шоңмен қатарлас адамдардың би болуын қалайтын. Олардың Шоңмен тіл табысатынын білетін.

Телқозы айтар сөзі бар, баласына көмегі тиетін адамдардың сайланғанын қалайтын. Сондай адамдардың біріне Әлсенді санайтын. Бір ғажабы, екеуінің көңілдері жақсы болса да, ол Шоңға тікелей бармай жүрген еді. Бүгін келіп Телқозыға тағы айтқан Әлсен.

– Телеке, менің осы үйдің алдында еңбегім бар ғой. Онымен коса туыс адамдармыз. – Әкесінің Ерназардан әйел алғанын көлденең тартып отырған еді. – Ана Шоңға бірдеме айтып жібермейсіз бе? Бұл жолы кейінге қалдырған жоқ Телқозы. Әлсеннің көңілін қимай барып Шоңға айтқан еді. Ол не болады, не болмайды деген жоқ, өзінің әдетіне салып жүріп кеткен. Жүріп кетуі ұнатпағандықтың белгісі екенін Телқозы білетін. Келіп Әлсенге айтқан еді:

– Мен айтып көрдім. Қатар жүрген құрбысың ғой, өзің де барып сөйлессейші.

Бұл әңгімені Әлсеннің бастағанына біраз уақыт болған. Енді соза бергісі келмеді. Ақыры, Шоңның алдына өзі барған.

Әлсен сөзді әріден бастап біраз сөйлеп би мәселесіне келген еді. Шоң да тындап отырды да, айтқан ақыры:

– Олай болса үйіңе қайта бер. Мен ешқашан Телқозы айтқан адамды би сайламаймын. – Би болуға келгендер ыңғай Телқозының тамағынан бірдеңе өткізіп жүргенін сезетін Шоң да.

– Ештеңе бергем жоқ. Кеше шақырып кісі жіберген соң, бүгін келдім.

– Мен өзіме жақын жүрген адамды ешқашан би сайлауға көмектеспеймін. Екіншіден, сен әлі би болу жасына келген жоқсың, үшіншіден сенің мінезің билік айтуға келмейді. Тым қызбасың. Сол жақтарың маған ұнамайды. Сол себепті, сені би етіп сайлауға келіспеймін.

Әлсен сөзге тапқыр еді. Сол арада Шоңды ұстап алған.

– Сен менің жасымда неге болыс болып отырсың? Сен өйтіп мені кемітпе!

– Мені ояз ұсынған, сені билер сайлайды. Ал сені Құдай біледі, билер өткізбейді.

– Ол қырт шалдардың өткізбейтінін білемін. Қазір билер ояз алдынан өтіп жатыр дейді ғой. Сен мені сол ояздың алдына апаршы, сөйлесіп көрейін. Ол мақұлдаса мұндағы билер түк жасай алмайды.

Әлсеннің мына сөзінде орынды бір қисын жатқанын Шоң білді. Сонда да айтқан:

– Әлсен, есіңде болсын, би болған адам болыстықтан да жоғары тұруы керек. Болыс анау жоғары жақтың айтқанын орындайды, ал би өз ақылына сүйеніп жұмыс істейді. Ақыл айтады. Ал қазіргі би баяғы заманның билеріндей болмауы керек. Өзінің руларының пайдасына тартпай, ел қамын ойлайтын және анау ояз көңілінен шығатындай билік айтуы керек.

– Сенің осы айтып отырғаныңның бәрін білемін. Мен өзің ойлағандай, бос қуыс кеуде адам емеспін. Осы саған келер алдында бәрін ақылға салып толғанғанмын.

Шоңға Әлсеннің мына сөзі ұнамай қалды. Баланың сөзіндей болып кеткендей көрінді.

– Нені ойландың, нені толғандың? – деді Шоң.

Әлсен сол сәт аузына сөз түспей айтары болмай қалғандай, үнсіз қалды. Алдында елдің тәуірлерімен үлкен ауыл болу туралы сөз болғанда соларды жақтап жүргенін естіген еді Шоң. Сонысын жақтырмай қалған. Мынадай сөз айтып тұрғаны содан еді. Шоң отырып айтқан:

– Екеуміздің пікірлерміз қабыспай жатыр. Қалай бірігіп жұмыс істейміз?

Әлсен мына сөздің қайдан туындап отырғанын біле қалды да, сәлден соң сөз бастаған:

– Қазаққа үлкен ауыл болып отыр дейсің. Ал соны анау ояз қолдай қоя ма?

– Қазақтар өз жерінде үлкен ауыл болып жатса, орыстардың онда қандай ақысы бар?

Дегенмен Шоңға Әлсеннің мына сөзі Карбышевтің сөзімен қабысып жатқандай көрінді.

– Сен Нұра бойының Тоқаларының үлкен ауыл болып отырғанына неге қарсы шығып жүрсің?

– Мен қарсы шығып жүргем жоқ. Ана Телекең бастаған адамдар ғой. Сен әуелі әкеңді көндір, содан кейін мен қарсы болмаймын.

– Сен әуелі мені қолда, содан кейін биге өткізуді ойланып көремін.

– Сен әуелі мені өткізсейші. Содан кейін сенің айтқаныңды қолдаймын.

– Мына арада сен маған билікті қимай отырған тәріздісің. – Әлсеннің қатты ашуланғанда есікті тарс еткізіп жауып үйден шығып кететін әдеті бар еді, бұл жолы да соны жасады. Шоңға бар ашуын сонымен білдіретін. Телқозыға да кейде соны жасайтын. Телқозы оның онысына мән бермейтін. Әлсен кеткен соң Телқозы кірді. Ол Шоңнан сұраған еді:

– Сен ана Шөміштің баласын ренжітіп жібердің бе?

– Ренжісе қайда кетеді? Ертең айналып өзі келеді.

– Сен Шоң Әлсен тәрізді өзің қатарлы жастарды ренжітпе. Өзіңе тарта бер. Анау шалдармен ренжіскенде сені қолдайды.

– Мен Әлсенді ренжіткем жоқ. Мені ренжітіп жүрген сізсіз.

– Шоң, сенің өткен жолы айтқаныңды жасай алмаймын. Пәлен жүз жыл отырған ата қонысыңнан көш деген не сұмдық. – Осыны айтты да Телқозы орнынан тұрып кетті. Шоң оның мына сөзіне сөз таба алмағандай, үндемей қалған. Сөйтіп отырғанда үйге Малай кірген еді.

– Сен ана Тіленді шақырып келші, – деді Шоң інісіне.

Сәлден соң екеуі бірге кірді.

– Сен бара тұршы, – деді інісіне Шоң. Ағасының айтқанын екі етпейтін орындайтын Малай шығып кеткен болатын. Ол кетісімен Шоң сөз бастаған еді.

– Сен есікті неге қатты жабасың? Сол екі ортада мінезіңді көрсеткің келе ме? Сенен қандай би шығады?

Әлсен Шоңның мына айтқанына тосылып үндемей қалды. Оның кейде қанша даукес болса да, дұрыс жерінде осындайда тоқтайтынын ұнататын Шоң.

– Шоң есікті қатты жапқанымды өзім де байқамай қаламын. Ол үшін сен мені кінәлама!

Шоң оның мына айтқанына сенерін не сенбесін білмей қалды, бірақ сенді. Әлсеннің қызба екенін білетін.

– Сен менің есігімді де, басқалардың да есігін қатты жапқанды қой. Сен есікті қатты жапқанында елді басынатының жатыр. Сонымен қоса мені де басынып отырсың. Әлгінде, есікті қатты жапқаның мені басынғаныңның белгісі.

– Сен Шоң енді қатардағы адам емессің, болыссың. Есі дұрыс адам болысты басына ма?

Шоң Әлсеннің мына сөзінде бір шындық жатқанын білді. Бәрі қызбалықтан болып жүргенін түсінді. Енді іштегі бір ашу басылып қалғандай болды. Соның ықпалымен сөйлеген еді.

– Мен ертең Ақмолаға жүремін. Жолға дайындал. Ояз өткізсе би боласың.

Әйімкүлге бармағанына біраз уақыт болып еді. Қатты сағынып жүрген. Бара жатқанын пайдаланып осы жолы Әлсенді оязбен бір кезіктіріп қайтуды ойлады. Соған орай айтқан әлгі сөзді. Әлсен Шоңның мына сөзін шығарып салма сөз бе деп ойлап қалды. Шыдай алмады:

– Ол оязың да сенің айтқаныңнан асып кетпейді. Қай заманда қазақтың биін орыс сайлап еді. Сен турасын айтсайшы… – Әлі сеніңкіремей тұр еді. Шоң оның осы күйін түсінді де:

– Әлсен әр уақыттың өз заңы бар. Сен әуелі билердің талқылауына түспей тұрып, ояз алдынан өтіп алғаның дұрыс шығар.

Әлсен Шоңның мына сөзінде бір дұрыстық бар екенін, билер алдына бірден барса, оңдырмайтынын білді. Сол сөздің дәлеліндей Шоң айтқан:

– Ана кәрі қырт билер би саны көбейгенін ұнатпайды. Өйткені, онда олардың дәрежесі түседі. Қалтасына түсетін байлық азаяды. Үшіншіден, көпшілігі сенің мінезіңді ұнатпайды. Түсініп отырсың ба?

Әуелі Әлсен ләм демеді, артынан: «жарайды, сенің айтқаның болсын» деді.

– Ендеше, ертең дайын отыр, жолай сені Ақмолаға ала кетемін. – Шоңның өз көңілі мақұлданғанын осылай екі рет қайталап алатын әдеті бар еді. Әлсен оны білетін. Мына сөзді шын көңілден айтып отырғанын түсінді де, сол күні Әлсен үйіне қайтып кеткен. Шоң Әлсеннің әлгі сөзінен кейін ойланып қалған. Жалғыз Әлсенді би етуге ояз алдына апарады екенмін, барған соң үш-төрт адамды апарған дұрыс деген ұйғарымға келді ол.

Кешкісін Телқозы дастарханының басына Жанкелдінің тірі жүрген балалары Әнет, Қарақозыны шақыртты. Байқозы Түркістан жақта жүрген. Әлсенмен болған әңгімеден кейін Шоң көңіліне бір ой келген еді. Ертеңгі күні өзі ойлаған адамдарды би етіп сайласа, мына екі үлкен әкелері дау шығаруы мүмкін. Жанкелдінің бес баласынан тараған ұрпақтар толып жатыр, Әлсенді би болуға ояз алдына апарғанын естісе, біздің балалардың бірін неге би сайламайсың деп айтары анық. Шоң отырып дастархан басында сөз қозғады:

– Мен ертең Ақмолаға жүремін. Би болуға лайықты екі-үш адамды оязға апарып көрсетіп қайтпақшы едім. Жанкелді тұқымдарынан бір адамды би етіп сайлайық. Екеу етуге әзірге ертерек болады. Ертеңгі күні ел сөз етеді, ана жаңа болыс өз туыстарын би етіп жатыр дейді. Соған Жанкелді бабаның ұрпағынан кімді лайықты дейсіңдер?

Қарақозы мен Әнет отырып ана баласын, мына баласын айтып мақтай жөнелді. Әрқайсысы өзіне тартып отыр еді. Бұл адам жаратылысын қойыңыз, енді мынау бір қаннан жаратылып, бір жатырдан шыққан екеуі бөлініп әркім өзіне қарай тартып отыр. Есіне баяғыда Жанкелді бабасының айтқан сөзі түсті: «мал байлық, туысқандыққа қарамайды» дейтін. Атақ-дәрежені бөлуге келгенде сондай екенін ағайын екеуінің мына сөздері көрсетіп отырғандай еді. Бір мезгілде дастархан басында отырған Телқозы да әкелерімен жарыса сөйлеп кетті. Оны өзі де аңғармай қалғандай.

– Анау Жұман, Оң, Малайдың біреуіне билікті бермейсің бе? Бұл кісілер өз балаларын айтып отыр ғой. Сен, Шоң, мен айтқан үшеуінің бірін ояз алдына апар. – Шоң әкелерінің мына қылығына ренжіп қалды.

– Әрқайсыңыз өзіңізге қарай тартып отырсыздар. Ол болмайды. Би болу үлестіріп беретін дүние емес. Билік айту адамның ақылына, санасына байланысты. Сондықтан Жанкелді тұқымынан би болуға лайықты әзірге біреу болса, ол Қаспақ дер едім. Басқаларын қоя тұрыңыздар!

На страницу:
3 из 10