Полная версия
Болмаған балалық шақ
Кейінгі уақытта, бұл жалғанда қарасы көрінбейтін әкені сағыну сезімі пайда бола бастады. Сол кісінің рухынан медет тауып, іштей сырласатын едім. Әр күнім мен үшін ғасырдан да ұзақ болатын. Әсіресе, кеш қарайған кезде өзімді қоярға жер таппай, ғаламат аласұратын болдым. Тезірек ұйықтауға асықсам да, маза бермейтін сансыз ойлар мен жанымды жегідей жеген сағыныш, тағдырдың жасаған әділетсіздігіне деген ыза бойымды билеп, ұйқымды қашыратын. Тәнімнен гөрі, санамның тез есейіп келе жатқанын мен сол ұзақ-ұзақ кештерде өте жақсы түйсінгем. Ауладағы балалардың сөздері сәбидің былдырындай әсер ететін болды. Еш менсібеймін. Сөйлескім де келмейді. Ойындары да қызық емес. Мұның бәрі жалғыздықты одан әрмен үдеткенін сізден несіне жасырайын, қадірменді оқырманым.
Адам қандай жағдайға түссе де көнеді екен ғой. Егер ол қуанышты жағдай болса, оны тудырған уақыт лезде жоғалады. Қиын жағдай болса, созыла береді. Менің балалық шағым да созылмалы дерттей бітпей қойды, өтпей қойды.
Өзім де ержетпей қор болдым. Кілет үйдегі (біздің елде артық-ауыс заттар тұратын қойманы «кілет үй» деп атайды) бағанаға сызып қойған межеге бойым әлі жетер емес. Турникке тартылып, сәбіз жесем де, бойым сол қалпы. Ал ойым бойымнан әлдеқайда өсіп кеткен. Сыртым – бала, ішім үлкен адам боп қақ жарылдым.
Ертерек ержетсем, мына адамдардан, мына үйден, мына ауылдан қарамды батырамын деп ойлайтынмын. Алматыда дүниеге келсем де, ол кезде менде қала туралы түсінік мүлде жоқ қой. Барлық ойым: әйтеуір үлкен адамдар сияқты бөлек тұру, ызғарлы жанарлар қарасынан құтылу болатын.
Алайда ол күндер әлі тым алыс еді. Ол күндерге жеткенше әлі талай қызық пен теперіш көруім керек екенін мен ол кезде әрине білген жоқпын.
Дегенмен бұл дүниеде мейірім бар, достар! Мәселен, нағашы апам мені керемет жақсы көретін. Менің әкем жайлы қызықты әңгімелерді де сол кісі айтатын. Тұңғыш күйеу баласын өз ұлындай көргендігін жиі айтып отыратыны жадымда. Есімде қалғаны, нағашы апам зауыттағы станокқа қырқып алған шолақ саусақтарымен күнұзаққа картоп аршып отыратын. Ырғағы әдемі бір әнді ыңылдап отырушы еді, жарықтық.
Сөйтіп жүргенімізде, кейінгі күндері нағашы апам мені «Құдайдың баласы» деп атайтынды шығарды. Бала болған соң, ойнап жүріп бірдеңені бүлдіріп қоясың. Онсыз да жүрегің езіліп жүргенде, қырсығып, айтқанды тыңдамайсың. Сондай кездерде нағашыларымның бірі қабағын шытып ұрысса, апам: «Әй, тиме оған, ол Құдайдың баласы емес пе!» – деп бетін қайтарып отыратын. Бір емес, екі-үш рет естідім. Беті жұп-жұмсақ, қызылшырайлы әжелер келіп, шай ішіп отырғанда: «Еее, Құдайым-ай, аман болсыншы әйтеуір! Енді бұл Құдайдың баласы ғой…» – дегенді тағы да естігем. Сонда мен «неге Құдайдың баласы? Ол кім Құдай деген?» деп ойлайтынмын. Апамнан осыны сұрайыншы деп жүргенде, өзі бір күні мені айналып-толғана қалды.
– Апа, менің папам Құдай ма?
– Не дейт, пәтшағар! Әкең Құдай болса, неге өліп қалды? Үй, жүгірмек, қайдағыны айтпа!
– Апа, айтшы енді! Менің папам Құдай ма?
– Жоқ, сенің папаң Құдай емес!
– Енді сен ылғи мені «Құдайдың баласы» деп айтасың ғой, сонда қалай? Әлде мамам Құдай ма?
– Әй, баламысың деген…Мамаң қайдағы Құдай, Құдай болса, тағдыры анадай бола ма? – деп ауыр-ауыр күрсінді.
– Туу, апа, айта салшы, Құдай кім?
– Анау төбедегі Күнді көріп тұрсың ғой, анау талды ше? Соны сенің әке-шешең туды ма?! Ой, шіркін-ай деген! Мені де, сені де жаратқан Құдай бар. Ол бәрінен күшті, бәрінен мейірімді, балапаным.
– Ол қайда сонда?
– Анау жақта! – деп апам шолақ саусақтарымен аспан жақты нұсқайтын.
– Ол неге түспейді бізге, апа?
– Ол түссе, жер көтере алмай қалады Оны…
– Рас па не? Не, Ол соншалық алып па? – деп менің ауызым ашылып қалатын…
– Ол – дәу, Ол – өте күшті және құдіретті!
– Мен сонда кәдімгідей сол Құдайдың баласымын ба?
– Иә, құлыным! Бар ойнай ғой, бара ғой…Ииии, сары сапалағым, қайтейін…
Мәссаған, мынау қызық болды ғой! Мұны, бәлем, ана Татарков Женя білсе, шалбарын дымдап қоятын шығар, ә! Анау тракторист Жәкеңнің қарабұжыр баласына айтпасам осыны! Жақсы болды-ей! Енді маған көшедегі боқмұрындар «папаң да жоқ, мамаң да жоқ, кім сені қорғайды?!» – деп көрсін осыдан!
Көшеге атып шығып, жан-жағыма қарасам, Жәкеңнің қарабұжыры құмырсқа төбелестіріп отыр екен. Шалқая басып қасына бардым.
– Ей, қара маңқа, бері қара!
– Немене деп тұрсың-ей?! Кім қара маңқа? Көрсетейін қазір мен саған, қара маңқаны.
– Тұра тұр, тұра тұр-ей, ұрсаң, пәлеге қаласың! Сен менің кімнің баласы екенімді білесің бе?
– Иә, кімнің баласы екенсің? Ана байға тиіп кеткен шешеңнің баласысың да, басқа кімнің баласы едің?! Әлде, әкең тіріліп келді ме?
– Сен білмейді екенсің ғой, мақау-ей! Мен – Құдайдың баласымын!
– Құдайдың баласы? Хахахахахаха! Қайдағы Құдай? Құдай жоқ қой! Не тантып тұрсың?
– Қалай жоқ, бар?! Апам айтқан! – деп аңтарылып қалдым кәдімгідей.
– Апаң оттай береді, Ленин: «Құдай жоқ» деген.
– Кім ол Ленин деген? Ол менің апамнан артық біле ме, не?
– Ой, ақымақ, анау автобаздың маңдайшасында кімнің суреті тұр? Сол Ленин деген атамыз. Сол айтқан «Құдай жоқ» деп. Хахахаха, Құдайдың баласымын дейді ғой! Бері кел, сөзіңе жауап бересің қазір.
Зытып бердім. Қашқан бойда, жүгіріп кеп қой қораның артындағы көңнің үстіне отыра кеттім. Апам «Құдай бар» дейді, қарабұжыр «жоқ» дейді. Апам «бар» дейді, Ленин «жоқ» дейді. Қарабұжырдың Ленині бар. Менің апам бар. Апамның сөзі маған қанша жерден жақын боп тұрса да, әлгі Ленин дегенің бір пәлені білетін сияқты. Тұра тұр, сонда апам өтірік айтқан ба? Жо-жоқ, апам ешқашан өтірік айтпайды. Ленин апамнан ақылды болса, ақылды шығар, бірақ апам өтірік айтпайды. Ол нақты. Онда неге Лениннің суретін автобаздың маңдайшасына жапсырған? Егер апам ақылды болса, автобаздың маңдайшасына апамның суретін ілер еді. Қап-ай! Құдай бар ма, сонымен жоқ па? Әлде ана Күнді, талды және апамды Ленин жаратты ма екен? Миым ашып кетті, құрысын. Татарков Женяға айтпаймын деп шештім. Тағы да күлкіге қалып жүрермін.
Құдай бар болса, Оның Өзі аспанда. Өмірдегі ең жақын адамдарымның барлығы алыста. Екеуі – о дүниеде, екеуі мен бара алмайтын аймақта. Жарайды, бірдеңесі болар. Солай да солай боп жүргенде қыс өтіп, жайнаған көктем жетті.
Көктеммен бірге Талдықорғаннан бойжетіп, бәденді өңі ажарлана бастаған Маржан келді бір күні. Мереке күндері болу керек, демалысқа келіпті. «Урррааааааа!!!» Әкейден қалған екеуміз ғана. Көрісіп, көзайым боп, мәре-сәре болдық та қалдық.
Мен апайымның жанынан қалмаймын. Қайда барса да, еріп алам. Құшағына тығылам, айтқан әр сөзіне құнығып, тоймаймын. Әр қимылын жіті бақылаймын. Түріне қарай бергім келеді. Менің апайым! Бірдеңелерді былдырлап айтып жатырмын, айтып жатырмын. Менен назарын алып кетпесе екен деп сөйлей беремін, сөйлей беремін, бірдеңелерді сұрай беремін, сұрай беремін. Бар өнерімді көрсетіп әлекпін. «Міне, мен бір аяқпен көп уақыт тұра аламын!» «Міне, мен төбелескенде былай ұрамын!» «Міне, мен демалмай осыншама уақыт шыдай алам!» «Қарашы маған! Менің бойым кішкене өсті!» «Қарашы маған, Маржан! Міне, мен ән айта аламын! Үнді әні! Тыңдашы, Маржан!» «Үстелдің үстінен кәмпит ұрлап әкелейін бе?» Жауап күтпей, кәмпит әкелем. Әйтеуір, апайымның көңілі мен жақта болса екен деп тілеймін. Бақыттан басым айналып жүр. Ең қуанышты күндерім сол күндер еді. Апайым мамама барып келіп, маған көйлек әкеп кигізді. Мамамыздың әзір келе алмайтынын айтты, ауруханада ма, бір жақта бөпелі боп жатыр екен. Оған да аса назар аударғам жоқ. Есіл-дертім қаладан келген апайымда.
Сол күндері уақыт дариғаның ұшқыр болғаны-ай! Апайыммен өткен әрбір сәт – мені тағы да жалғыздықпен бетпе-бет қалатын болашаққа қатігездікпен сүйреп, жақындатып алып келе жатыр еді.
Жалғыз туысыңмен сағынысып қауышқан тәтті мезеттер келмеске кетті. Көздің алдында ащы жастың алғашқы дымқылы мен иекті алатын кемсеңнің алғашқы дірілі пайда бола бастайтын уақыт та жетіп келді.
Мен ол кезде мықты психолог болып алғам. Үлкендердің мені қалай алдағысы келіп тұрғанын, менен нені жасырғысы келетінін, не ойлап, не қойғанын беске біліп, көкейім сайрап тұратын ғой!
Қысқасы, апайым мен ұйықтап жатқан кезде, таңғы автобуспен оқуына тартып кетпек болды. Тапқан екен, алданып қала салатын баланы! Түні бойы ұйықтамадым. Апайымның бауырына тығыла түсіп, қимастықпен құшақтап шықтым.
Таңертең апайым тез-тез жиналып, үйден шығып кетті. Бәрін ап-анық біліп жатырмын. Амалым жоқ. Үлкендерге не деп айтасың? Олардың өз шаруалары бар. Сенің сағынышың, сенің қимастығың оларға керек пе еді?! Сен еріккен баласың, ал, оларды үлкен шаруалар күтіп тұр!
Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлеген біреу Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті.
Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын…
Сосын мен өзім бар я жоғына көзім анық жетпеген Құдайға жалбарындым. «Құдай аға, егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, маған өте жаман болады. Маған Маржансыз өте қиын! Өтінемін Сізден, Құдай аға!».
Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Маржаным үйге қайтып келді. Қарабұжырдың Ленині қателескен екен! Әп, бәлем, кім айтты Құдай жоқ деп саған? Ей, қарабұжыр, Құдай бар екен! Алақай! Сөйтіп, апайым тағы бір күн қасымда болды.
Сол күннен бастап мен Құдайдың мейіріміне, Жаратқан Хақ пендесінің дұғасын қабыл ететініне көзім де, жүрегім де анық жеткен еді. Содан бері мен анама да, апайыма да үміт артып, оларды тосуды доғарған болатынмын.
Сол күннен бастап менің жалғыз қорғаным, жалғыз панам – тек жаратқан Аллам болды. Осы күнге дейін. Ертең де солай болары хақ! Мен сол күннен бастап, кез келген пенде құдіреті шексіз, мейірімі шексіз Жаратушының назарында болатынын ұғынғам едім. Шын тілегенге Алланың жәрдемі тез келеді екен.
***
Бұл оқиға 1986 жылдың мамырында болған екен. Арада 26 жыл өткен. Бәріміз Маржанның туған күнінде үйінде жиналдық.
Содан әркім туған күн иесіне ақ тілегін ақтарып, құттықтап жатты дегендей… Кезек маған келгенде, Маржаннан сұрадым:
– Маржан, сен 86 жылы Үржарға көктемде демалысқа келгенің есіңде ме? – дедім.
– Білмеймін, бірдеңе еміс-еміс есімде бар – деп жауап берді.
– Нақтырақ есіңе түсіру үшін былай сұрайын: сол демалыстан Талдықорғанға қайтып бара жатқаныңда автобус сынып, үйге оралып едің ғой? Тағы бір күн болып, қайттың. Солай ма?
– А, иә, иә! Тура солай болған!
– Мхм…
– Үйбай, ол сенің есіңде қалай сақталып қап жүр! – деп апайым аң-таң болды
– Қалай есімде сақталмасын, сені Талдықорғанға оқуға жібермеген мен болатынмын…
– Қалай сонда?
– Құдайдан тілегем.
Сосын жоғарыдағы әңгімені айтып бердім. Солқылдап жылаған Маржанды сол күні әрең жұбатып алған едік…
Олешка
Талдықорған демекші, сол жаққа көшіп кеткен бір көршіміз бар еді. Талдықорған маған ол кезде жұрттың бәрі көшіп жатқан Германияның маңында сияқты боп көрінетін. Кейін ер жеткенде ол ғажап шаһарды талай басып өттік.
Сол Талдықорғанға жалғыз бір сырласым көшіп кетті. Қазір бар ма, жоқ па, Құдай біледі.
Керемет әдемі бала болатын. Аты – Олешка. Заты грек болса да, маған ерекше жанашырлық танытып тұратын еді. Данышпан қайтыс болғанда, үлкендер сияқты маған көңіл айтқаны есімде. Сол Олешка бар ғой, әкесі қалаға кетерде тапсырыс беретін ойыншықтарын екі дана қылып алдыратын. Бір данасы – маған. Әйтпесе, маған ойыншық әперетін адам кәне?!
Бір күні Олешканың әкесі су жаңа велосипед сатып алып берді баласына. Жалғыз велосипед. Ол да бала емес пе, жарқыратып көшеге шыға келді. Үймелеп қасына бара қалдық. Сипап ұстап, көріп жатырмыз. Қызығып тұрмыз. Маған велосипед жоқ екенін бірден түсіндім. Жүрегім шым ете қалды.
Олешкада бөтен ой жоқ, «темір тайына» қарғып мініп ап, көше бойымен зырылдай жөнелді. Жұрттың балалары күбірлесіп, әркім өз ойынымен тарап жатыр. Менің көкірегім ашып кетті. Ешқандай ой жоқ, состиып тұрып қалдым. Состиып тұрып қалдым да… кенет Олешканың артынан қуып бердім. Ол жеткізбей заулайды. Мен жанталасып соңынан жүгіріп келем. Бір заматта іштегі шер сыртқа жас боп ыршып шықты. Көзімнен жас парлап, жүгіріп келем. Олешка мені көріп бара жатқан жоқ. Ол бақытты бала! Ол мәз. «Темір тайының» жүрісі неткен әсем! Дөңгелектері неткен жіңішке еді, «темір жануардың!». Екеуі біте қайнасып, сондай үйлесімді қимылдайды. Шіркін-ай, десеңші!
Жылап жүгіріп келем, неге жылап келе жатқанымды өзім де ұқпаймын. Қазір қалып қойсам, мәңгіге қалып қоятын сияқтымын. Қайда қалып қоям, неге қалып қоюым керек, ол да беймәлім. Дымымды шығармай, жылап, жүгіріп келем. Өкпемнің өше бастағанына мән берер емеспін. Әйтеуір қалмау керек.
Олешка автобаздың қасынан кері бұрылды. Мен де жеттім. Беті-ауызым айғыз-айғыз боп кеткен болу керек, Олешка түріме бажырая қарады. – Что с тобой? Что с тобой?
– Нет, нет, – дей беріппін.
– На, хочешь покататься?! – деп ол велосипедін ұсынды.
– Нет, нет, – деп, Олешканың иығына басымды қойып жылап жатырмын, жылап жатырмын…
– Ну, не плачь, не плачь! Успокойся. Почему ты плачешь? – деп аң-таң боп ол тұр.
– Незнаю…
Басқа не айтайын саған, Олешкам-ау!? Сен менің шешем де емессің, әкем де емессің. Өзің де мен секілді бүлдіршін бала ғанасың. Не түсінесің сен, Олешка! Қайда саған мені түсіну, досым-ау… Әкең ше? Ол міндетті емес ешкімге. Ол тіпті қазақ та емес қой, Олешка?!.
Үйге құр сүлдерімді сүйретіп қайттым. Олешканың «темір тайына» мінгем жоқ. Өйткені мен ол кезде велосипед тебе алмайтын едім.
***
Жалғыздық – адамға әуелі қорқыныш сезімін сыйлайды екен. Жалғанда өзің ғана секілдісің. Тіршілік біткеннің барлығы саған жау, бәрі саған қауіп төндіретін секілді. Қорқынышты жеңген адам ғана бұл дүниенің төріне шыға алады. Мен де сөйттім. Абалаған итке қарсы жүгірдім. Биік боп көрінген жардан секірдім. Жұдырығын тигізген балаға қарсы атылдым. Ешкімнен қаймықпайтын болдым. Жарақат алсам, жыламайтынмын. Көңіліме тисе, іштей ғана егілетінмін. Іштегі жасқа көбірек малынғаннан ба, әйтеуір, жүрегім ешқашан қатайған емес. Елжірек болсам да, былжырақ болғаным жоқ.
Шөпті де, талды да еркелетіп, ұшқан құсқа сәлем жолдап, жәндік біткеннің барлығына жаным ашып тұратын. Тіпті, төрт түлігі сай баланың жылағанына дейін жүрегіме ауыр тиетін. Сотқар болғаным рас. Бірақ менің сотқарлығым – қорғаныс еді, ардақты оқырманым. Қорғаныс еді.
Қалаң
Бір күні кезекті бұзақылығымның арқасында жеңгемнен күштілеп тұрып шапалақ жедім. Содан ойбайға басып, нағашы апамның қойнына тығылдым. Ешқашан дауыс көтермейтін апамның айқайға басқанын көрсеңіз сол күні! Маған емес, әрине.
Мен шапалақ жеген күні үйдің іші салқын тартты. Ертесінде шешем келді. Апам шақыртқан екен.
– Әй, Тұрлығайша, балаңды қолыңа алып, өзің тәрбиеле, менің енді оған шамам жоқ. Оның үстіне мына жақта жүріп, жеңгелеріне жексұрын болғанша, жейтін таяқты өзіңнен жесін.
Шешем үнсіз мені қолымнан жетектеп, көлікке отырғызды.
Біз силикат кірпіштен қаланған, ақ қаңылтырмен төбесі қапталған, ауласы ат шаптырымдай үйдің алдына кеп тоқтадық. Анамның осы үйде тұратынын айтпай-ақ түсіндім. Әлгінің үйі шынымен үлкен екен, өзі бақуатты тұратын кісі екені анадайдан көрініп тұр.
Аулаға имене кірген мен, ең алдымен, сиыр сауып келе жатқан бір апаны көрдім. Апа жүрген жердің бәрі мейірімге толы болады деп ойлайтынмын. Оным бекер болып шықты. Қора жақтан шапшаң жүріп жеткен кейуана сүйкімсіз қап-қара кемпір екен. Мені көре сала кемпірдің көзі бағжаң ете қалды. Мойнын сол иығына әнтек бұрып, шырт түкірген ол жарты шелек сүтін қоюға кілет үйге кіріп кетті. Мен бүрісе түсіп, шешемнің бауырына тығылдым. Біздің жарылқаушы әкеміз малда жүрген болып шықты. Онымен таныстығым жоқ әзірге. Сыртынан бір көргенім болмаса.
…Кешке жақын машинасын гүрілдетіп «әкеміз» де үйге жетті. Бойы биік, мойыны жуан. Білектерінде бұлшық еттері ойнақшып, тамырлары білеуленіп тұр. Құстұмсық. Өне-бойынан қара күштің қорқынышты ызғары еседі. Қабағы үнемі түксиіңкі жүреді екен. Екі сөзінің бірі «әкеңнің ауызын бәлен қылайын…». Шашы бурыл тартқан. Атжақты, дөңқабақ. Көзі үлкен, көкшіл. Бірдеңе ұнамай қалса, тісін шықырлатып қояды. Қысқасы, мендей нәзік балаға мұндай қуатты, қарадойыр адам ұнаған жоқ. Қатігез екенін байғұс жүрегім бірден сезді. Барар жер, басатын тау жоқ, осы ызбарлы кісімен бірге өмір сүретін болдық.
Мені шешем оған таныстырып, сөзі үйлеспей кібіртіктеп бірдеңе айтып жатыр: «Нағашы апасы осында жіберіп еді… Осында тұрса деп едім… Қасымда болсыншы… Апаратын жерім жоқ… Туыстарым тәмам бала-шағасымен қуықтай ғана үйде тұрады… Бұл өзі көп тамақ та жемейді…Киім-кешегін үкімет төлейтін зейнетақыдан алып берем ғой… Бұзық емес… Тілді алады… Бір жағынан қолқанат бала да керек дегендей…»
Анау маған ызбарлана бір қарады да: «ой, әкеңнің ауызын…» – деп бір сыбап өтті. Көшедегі балалар осы бір сұмпайы боқтық сөзді маған қарата айта қалса, жағаласа кетуші едім. Қазір оның іске асуы өте қиын екенін түсініп тұрмын. Әзірге әліптің артын бағайын деп өзімді өзім сабырға шақырдым. Кейін оның боқтығына етім үйреніп кетті. Әуелі ішімнен «сенің де әкеңнің ауызын ұрайын», – деп күлімсіреп тұратынды шығардым.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «ЛитРес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на ЛитРес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.