Полная версия
Желтоқсан желі
Екі бөлімді драма
Қатысушылар:
Баймырза – пәтер иесі, жасы 65-терде
Талшын – оның жұбайы, 60-жаста
Қайсар – демонстрацияға қатысушы, 21-жаста
Ақмарал – демонстрацияға қатысушы, 24-жаста
Мария Перовна – Баймырзаның көршісі, 45-50 шамасында
Тимур Қалдыбаевич – беймезгіл қонақ, 45-тер шамасында
Бірінші бөлім
Алматы. 1986 жыл. 18-желтоқсан. Қысқы кеш. Ел орынға отырған мезгіл. Бір бөлмелі қалалық жайлы пәтер. Үстіне пижама киген Баймырза залдағы диванның үстінде электр шамның жарығымен кітап оқып отыр.
Кенет пәтердің сыртқы есігі елеусіздеу ашылады да, үйге ентіге басып, Қайсар мен Ақмарал алқын-жұлқын кіріп келеді. Олар есіктің ішкі кілтін жайымен сырт еткізіп жабады да, алакөлеңке коридордың бұрышына тығылып тұра қалады. Екеуінде де өң мен түс жоқ.
Баймырза: /сол қолындағы кітапқа үңілген қалпы/.
Ке-ем-пі –ір!.. А, кемпешка!.. /Ешкім үн қатпайды./
Тағы да үнсіздік.Баймырза кітабы мен көзіндегі көзәйнегін бұрыштағы жатаған үстелдің үстіне қойып, орнынан тұрды да, тәпішкесін тырп-тырп басып, коридорға шығады.
Қайсар: /қысыла сыбырлап, ентігін әлі баса алмаған күйі/
Сәлеметсіз бе,аға!…
Ақмарал: Амансыз ба…
Пәтер иесі алғашында беймезгіл, шақырылмаған қонақтарға аңтарылып, таңданған кейіппен сілейіп тұрып қалады.
Баймырза: Саламатсыздар … Иә, бұл қай баласыңдар? Шынымды айтсам, жүздеріңді шырамыта алмай тұрмын.
Қайсар: Аға, сіз бізді танымайсыз. Біз…
Ақмарал: Біз демонстрациядан қашып шықтық. Ағай кешеден бері Брежнев алаңында қазақ жастарының Орталық комитет пленумының шешімдеріне қарсы болып, наразылық білдіріп жатқанын естіген шығарсыздар…
Баймырза: Иә-иә, естігем. Құлағы керең, немесе мылқау біреу болмаса, оны естімеген жұрт жоқ болар бүгінде.
Ақмарал: Ендеше, біз сол демонстанттардың біріміз. Жаңа солдаттар бәрімізді өрт сөндіргіш машиналардан су шашып, қару қолданып, алаңнан қуып шықты. Қолдарына түскендерін тұтқындап, түрмеге жауып жатыр…
Қайсар: Бізді де бес-алты жазалаушы осы араға дейін қуып келді. Әзер қашып құтылдық. Әйтеуір сіздің пәтердің есігі ашық тұр екен…
Баймырза: /әлі де аң-таң қалған кейіптен арыла алмаған күйі/ Иә,ашық болса, ашық тұрған шығар. Әлгінде осы үйдің кемпірі далаға мусор төгуге шыққан.
Ақмарал: /көздері боталап, жылап қоя береді/ Ағай, бізді қуып шыға көрмеңізші! Жаңағы солдаттар ұстап алса, бізді құртады!..
Баймырза: Ау, сендердің не жазықтарың бар соншалықты? Әлде…
Ақмарал: /ентігін баса алмаған қалпы/ Жазығымыз – демонстрацияға қатысқанымыз. Құдай біледі, қиянатымыз жоқ. Ағатай, бізді қуып шыға көрмеңізші…
Баймырза: Қой, жылама , қалқам. Қыстың көзі қырауда жетім торғайдай пана іздеп келген екенсіңдер, олай болса, мен сендерді қуып шыға алмаспын. Тәуекел…
Ақмарал: Алла разы болсын, аға!..
Қайсар: Рахмет…
Баймырза: Ал, шешініп, былай шығыңдар. Жаурап та қалған шығарсыңдар.
Ақмарал мен Қайсар шешіне бастайды. Осы кезде біреу сырттан есіктің тұтқасын бұрайды да, оның жабық тұрғанын көргеннен кейін, шар еткізіп қоңырауды басады. Екі жас қонақ шошып кетіп, үрписе қалады. Ақмарал жаутаңдап, үй иесіне қарайды.
Баймырза: Қорықпаңдар. Қане, былайырақ тұрыңдар, есікті ашайын, бұл дәу де болса, осы үйдің кемпірі шығар.
Сыртқы есік ашылады. Есіктің көзінен үстіне шалының тонын желбегей жамылған талшын көрінеді. Қолында – қоқыс салуға арналған пластмасса шелек.
Талшын: Ойбай-ай, масқара!.. Көше толы – солдат, мілитса. Алаңға жиылған жастарды қуып жатқанға ұқсайды. Әлгі көктігілгір мусор салатын контейнерді домуправ төменгі көшенің қиылысына апарып тастапты, ауланың сәнін бұзады деп. Әзер жеттім. Біреу-міреу қағып кете ме деп, зәрем ұшты –ай тіпті.
Баймырза: /сыртқы есікті кілттеп жатып/ Ә, қартайсаң да жан тәтті, ә, кемпешка?!
Талшын: /тонын шешіп жатып/ Е, тәтті болмай! Қартайған адамға жан керек емес пе екен?..
Кенет Талшынның көзі бір шетте не істерін білмей тұрған екі жасқа түсе кетеді.
Талшын: /шошып кетіп/ Ойбай, көтек!… Мына балалары кім тағы?..
Баймырза: /әзілдеп/ Бұл сенің нағашыларыңның балдары. Жұрағаттарың.
Талшын: Қайдағы нағашы?.. Менде нағашы бар ма еді?
Баймырза: Ілгеріде Қытайға ауып кеткен нағашыларымыз бар деп жүретін едің ғой. Солардың үрім-бұтақтары болар.
Талшын: Қойшы әрі, кісінің жынын келтірмей. Ата сақалың аузыңа түссе де, әзілің қалмайды-ау. Одан да жөніңді айтпаймысың.
Қайсар: Апай, біз…
Баймырза: Бұ балдар әлгі өзің көрген жан алғыш солдаттардан қашып жүрген көрінеді. Демонстранттар. Алаңнан қашып шығыпты.
Талшын: Ойбай-ау, алаңнан қашып шықса, бізде несі бар, үйлерне бармай ма?!
Баймырза: Әй, кемпір, сен де қызықсың-ау, сол үйлеріне жете алмаған соң осында келіп отырған жоқ па? Бізге тамақ асырау үшін келіп отыр деп пе едің?..
Талшын: Кім саған тамақ асырау үшін келді деп отырған. Қой, мен ештеңені білмеймін. Бір рет халық жауының семьясы болғаным жетер осы өміріме, енді тағы қартайған шағымда түрме жағалап жүрер жайым жоқ.
Баймырза: Ойпырмай, енді қоя тұршы, қара аспанды қапылдыра бермей. Әуелі істің мәніне түсініп алсаңшы, жазған-ау!..
Талшын қолындағы пластмасса шелекті алып, ас үйге өтеді де, краннан су ағыып, қолын шая бастайды.
Талшын: Әй, шал, мен ойнап тұрғам жоқ сендермен. Ана балалар үйіне қайтсын. Айттым ғой саған – екінші рет халық жауы болар жайым жоқ деп. Қазір ана жан алғыштар үй-үйді аралап, тінтуден тайынбайды. Сонда не бетімді айтпақпын?.. Жоқ, айналайын, мәмілеңді айтпа маған!..
Баймырза: Кемпір, сен енді айтқан тілді ал. Бұ балдар мен тұрғанда ешқайда кетпейді. Тәуекел.
Талшын: Тәуекелің әлі таусылмаған екен-ау, а. Құдайыңды ұмыта бастаған екенсің, байғұсым. Баяғы 59-жылы Сібірде он жыл отырып келіп, бізбен табысқандағы берген антыңды ұмытқан екенсің…
Қайсар: Қой, аға, біз кетейік. Кешіріңіздер…
Баймырза: Жоқ, кетпейсіңдер. Ана жазалаушылар сендерді қазір құр жібермейді.
Қайсар: Мейлі, аға, бір ыңғайы болар…
Баймырза: Балам, сен өйтіп енді менімен қасарыспа. Шешеңнің қазір ашуы сабасына түседі. Не болса да, күте тұрыңдар.
Ақмарал: Қайсар, сен енді қойшы. Ағам айтып тұр ғой…
Талшын (ас үй жақтан): Шырағым, ол ағаң айта береді. Не болса да ана баланың айтып тұрғаны дұрыс. Үйлеріңе жетіп алыңдар.
Баймырза: Әй, сен қоясың ба, жоқ па?! Біле білсең, бүгін маған бақ пен бақыт қонған күн!.. Кенесары бабамның аруағын тірілтем деп, сонау Сібірде отырған он жылда «Апыр-ай, бұ қазақтың аяққа тапталған ар мен намысын жақтайтын ерлер қашан туады, не қылған сорлы елміз, ез елміз…» деп, көкірегім шерге толатын еді. Кешеден бері сол сорлы елдің намысын қорғауға бел буған мына балалардай мыңдаған ұл-қызды көріп, төбем көкке екі елі жетпей тұр. «Бар екен ғой, иә, Жасаған!..» деп, ішімнен мың тәуба айттым жаратқанға түнімен. Сен оны қайдан түсінейін деп едің…
Талшын: Иә, біз нені түсінейік. Бізге ондай түсінік қайда?..
Баймырза: Кемпір, сен мені өйтіп шымшыма. Қазақтың ар-ожданын аяққа таптатпаймын деп, жас жүректері лүпілдеп соққан екі ер келіп отыр отыңның басына. Біле білсең, бұлар бізге келген – құт.
Талшын: Құт па, жұт па – оны бір Жаратушының өзі ғана біледі. Сен менің өйтіп тілімді қышытпа, білдің бе!.. Қазақ-қазақ дегенде көкірегің қарс айырылады. Сол қазақтың намысын жыртып, он жыл түрмеде, айдауда жүргенде солардың біреуі артында қалған жесірін мына мені мен ана қызыл иек, аш құрсақ шиеттей үш бала-шағаңа қол ұшын беріп пе еді? Соларды енді екі көзінен қанды жас ағызып, иттей тістелеп жүріп, кәмелетке жеткізген сол сенің айта беретін қазағың ба еді, әлде мына мен бе едім? Елуінші жылдың аяғында түрмеден арып-ашып келгеніңде саған қызмет тауып бермек түгіл, кеңсенің есігінен сығалатпай қойған төрелер де сол сенің айта беретін қазақтарың емес пе еді? Енді бүгін келіп… О, несі, жүдә, көсемси қалғаны.
Баймырза: Олар қазақтың асын ішіп, аяғын тепкен атқамінерлер ғой. Сен қарапайым халық пен билік үшін ар-иманын сатып жіберетін белсенділерді шатастырып тұрсың.
Кенет терезенің алдынан овчаркаларын арпылдатып, бес-алты солдат жүгіріп өтеді. Сырттан: Ддержите! Не упускайте! Бей!.. Пни! Не жалейте!!..» деген үн естіледі. «Апа!.. Апажан!…» деп, құлындағы даусы шырқырап шыңғырған қыз баланың дауысы түн тыныштығын тіліп өтеді. «Ах, ты дикарь, тебе надо было пасти овец, а не демонстрировать тут свою грамотность!..» деген қырылдай шыққан, тістенген, ызалы үн де естіліп жатады.
Пәтер ішіндегілер тілін тістеп алғандай, бір сәтке үнсіз қалады. Бір-екі минуттай бөлме ішін үрейлі тыныштық жайлайды.
Талшын: Ойбай, айттым ғой, әне. Шамды өшір…
Баймырза: Керегі жоқ. Қап, мыналар жас балаларды қыра ма, қайтеді-әй?!
Талшын: Өшір деймін…
Баймырза: Қойсаңшы енді. Шамды өшірем деп, қайта сезік тудырып аласың.
Талшын: Енді қайттік?!
Ақмарал: Ағамдікі дұрыс. Осылай түк болмағандай отыра берейік.
Талшын: Жаман айтпай, жақсы жоқ, қазір кіріп келіп, тінту жүргізсе қайтеміз?..
Баймырза: Өйте қоймас, қаланың қай пәтерін тінтіп тауысады.
Талшын: Сенің-ақ осы жайбарақаттығың қалмайды-ау. Басқаны басқа дейік, осылардың жайын біз екеуміз біліп болдық емес пе?!
Баймырза: Кемпір, маған бір ақыл келіп отыр. Былай болсын: сен шайыңды қайнат, мына балалардың да қарны ашқан шығар. Ал егер сен айтқандай, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей болып, әлгі жаналғыштар келіп, тінту жасап жатса, бұл балдар менің Қызылордадан келіп жатқан немере туыстарым. Племянниктер. Бітті, сөз осы – бұлардың жаңа кешкі пойыздан түскен беттері. Айтпақшы, қарақтарым, сендердің ныспыларың кім? Мен өзімнің племянниктерімнің аты-жөнін білуім керек шығар.
Қайсар: Аға, менің атым – Қайсар.
Ақмарал: Менің есімім – Ақмарал.
Баймырза: Ал, кәне, онда былай шығыңдар…
Бәрі ас үйге өтіп, үстелге жағалай отырады. Талшын шай жабдықтарын әзірлеуге кіріседі.
Баймырза: Қысылмаңдар. Қазір бірер кесе үнді шайын ішкеннен кейін, шешелеріңнің ашуы басылады.
Талшын: Иә, әйтеуір, мені алдарқата берсейші сол. Осы үйдегі жаман аттың бәрін маған жапсыра бер.
Баймырза. Қой, сен жаман болғанда, мен қайда барып адам болам. Сенен жақсыны мен бұ дүниеде әзірше кездестіре алмадым.
Талшын: Әзірше дейді тағы. Әлі де дәмесі бар-ау деймін өзінің.
Баймырза: Құдай сақтасын.
Кенет телефон қоңырауы безілдеп қоя береді. Баймырза орнынан тұруға ниеттенеді. Талшын демдеп жатқан пәрнегін қоя салып, телефон аппараты тұрған коридорға қарай жүгіреді.
Талшын: /Баймырзаға/. Ойбай, телефонды өзім алайын, сен тағы бірдеңені бүлдіріп жүрерсің. Әле-әле!.. Мәкентаймысың?! Амансыңдар ма? Балалар қайда? Үйде деймісің. Дұрыс-дұрыс. Ешқайда бармасын. Мектебі құрысын. Бір-екі күнге ештеңелері кетпес. Болатжан қайда? Дежурствода? Бастықтары дежурствоға қоятын содан басқа адам таппай қалған екен, ә! Мейлі-мейлі енді… Ана балаңа айт, алаңға барамыз деп, сорымызды қайнатып жүрмесін. Шетінен қамап, түрмеге тығып жатыр қазақтың өрімдей ұл-қыздарын. Мен де барам дейді?! Аяғына кісен салсаң да, үйден шығарма. Атасының он жыл Сібірде сарғайғаны да жетеді… Қазақтың намысы?!.. Намысы әдіре қалсын!.. Қазақтың намысын жоқтаған адам біздің үйдегідей-ақ шығар!.. Содан шыққан ұшпағымыз қайсы де оған!.. Айт, әжең қайта-қайта қақсап жатыр деп. Радио деймісің?.. Жарайт, оныңды да тыңдармыз, как раз шай ішейік деп жатырмыз. Ал жақсы, ана үлкеніңді тырп еткізбе Соған әлің келетін шығар енді. Жарайт-жарайт, ал, жақсы…
Талшын телефонның трубкасын орнына қойып, ас үйдегі үстелге келеді. Орындығына отырып, жағалай тізілген кеселерге шай құя бастайды.
Баймырза: Мәйкен бе?
Талшын: Иә, әлгі Болатты мекемесін күзетуге кезекшілікке жіберіпті. Түн ішінде жау алады дей ме екен сол көктігілгірді.
Баймырза: Жалғыз өзін бе?
Талшын: Жоқ, қасында адамдар бар көрінеді.
Баймырза: Жарайт, онда бір сыласы болар.
Талшын: Ана радиоңды қосшы. Жаңа Мәкентай хабар береді, тыңдаңдар деп жатыр еді.
Баймырза қабырғада тұрған радиоқабылдағыштың түймесін басып қалады.Радиодан диктор үні естіледі. «Бүгін 1986 жылдың 18-желтоқсаны. Алматы уақыты бойынша кешкі сағат 22.00. Соңғы хабарларды тыңдаңыздар. Үстіміздегі жылдың 17 және 18 желтоқсан күндері астанамыздағы Л.И.Брежнев алаңына бір топ наркомандар мен олардың ықпалына ерген оқушы жастар ереуілге шықты. Олар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің соңғы пленумының шешімдеріне наразылық білдіріп, ұлтшылдық, экстремистік, сепаратистік ұрандар көтеруде, сөйтіп, сүйікті партиямыздың айбынды авангардының салиқалы, парасатты шешімдеріне шәк келтіруде. Қазір алаңға шыққандардың арасында наркомандармен бірге маскүнемдердің де, түрмеден қашқандардың да үлкен тобы бары анықталып отыр. Республика еңбекшілері бұзақыларға қарсы өздерінің әділетті ашу-ызаларын білдіріп, олардың іс-әрекетін қатаң айыптауда. Осы кезге дейін редакциямызға сондай әділетті ашу-ызаға толы хаттар легі толассыз келіп түсіп жатыр. Енді сіздерді солардың бірнешеуімен таныстыра кетейік. Хат авторларының арасында қарапайым еңбекшіден бастап үлкен қоғам қайраткерлері, әйгілі халық әртістері, жазушылар, ғалымдар, интеллигенция өкілдері бар…»
Баймырза ызалана мырс етіп, радиоқабылдағышты өшіріп тастайды.
Баймырза: Бізді құртып келе жатқан осындай жандайшаптар ғой. Интеллигенция өкілдері дейді тағы ұялмай. Интеллигенциядан садаға кеткірлер.
Талшын: Неменеге өшіріп тастай қойдың, тыңдайық та шамалы.
Баймырза: Тыңдарсың. Құлағыңыздың құрышын қандырар әлі талай әлгі интеллигенттерің бұлбұлша сайрап. Апырай, қасиетті қара жер ана да шыдамды екен осындайларды көтеріп жүрген.
Талшын: Әне, енді өзінікін дұрыстап шыға келеді. Сені бір Құдайдың өзі болмаса, ешкім түзете алмас.
Баймырза: Мені түзетудің қажеті жоқ.
Талшын: Ойбай, қойдық-қойдық… /дастарқан үстінде манадан бері үнсіз отырған Қайсар мен Ақмаралға кезек бұрылып/. Ал, шырақтарым-ай, шай алдырыңдар. Мені іштей кінәлап отырған шығарсыңдар. Мына бір кемпір де бәле екен шапылдап деп. Уһ!..
Ақмарал: Апа , шынымды айтсам,мен сізді әбден түсініп отырмын. Шамасы, ағай бір кезде халық жауы ретінде ұсталып кеткен-ау деймін…
Талшын: Қарағым-ау, бақандай он жыл отырып келді ғой бұл ағаң. 49-да кеткен, содан 59-да оралды ғой арып-ашып. Кенесары Қасымов деген ханды естулерің бар шығар, бұл ағаң со кісіні ұлт-азаттық көтерілісінің батыры деп еңбек жазған. О бастағы мамандығы тарихшы еді ғой. Ал басқа дөкей тарихшылар содан бұ байғұсты шибөрідей жабылып таласын кеп, «ұлтшылсың, байшылсың» деді, әйтеуір ағаш атқа теріс мінгізіп, соттатып тынды ғой. Жылап-еңіреп, шиеттей үш баламен мен қалдым. Әйтеуір көз жасымызды Құдай көріп, аман-есен оралды он жылдан соң. Әйтпесе талай арыстардың мәйіті қалды ғой Сібірдің құрт-құмырсқасына жем болып.
Ақмарал: Түһ, ағам, шынында да, герой екен ғой!..
Талшын. Ойбай, қарағым, өйдеме – біреу-міреу есітіп қалып, тағы бәлесіне қалып жүрерміз. Герой болмай-ақ, өсітіп қалқиып жүргеніне шүкір дейміз біз. Қазақ атаң: « Екі елі ауызға – төрт елі қақпақ» деген. Менің мына өмірден ұққаным, басқа асып-тасқан жұрттар не десе , о десін, ал біздің қазақтың екі елі аузына төрт елі қақпақ жарасқан, айналайын. Сендер жассыңдар, еріндеріңнен әлі уыз дәмі кепкен жоқ, ойбой, айналайындар-ай…
Қайсар: Шеше, сонда немене, қазақтың өмірбақи осылай мүсәпір болып өтуі керек пе?.. Біздің , жастардың, енді құл болғымыз келмейді, мен манағы ағайдың айтқанына қосыламын, ар-намысымызды қашанғы кім-көрінгеннің табанына таптата береміз?!
Талшын: Қарағым, өзіңнің шешең бар ма елі?…
Қайсар: Бар. Ауылда. Тура жасы да сіз шамалас. Манадан бері таң қалып отырмын – тіпті сіздің кейбір дауыс ырғағыңызға дейін біздің апамдікіне ұқсас екен.
Талшын: Әне, шырағым, ендеше сол. Анаға ананың даусы да, тілегі де ұқсас. Біз ең алдымен сендердің амандықтарыңды тілейміз. Ойбай-ау, үкіметтің мұздай қаруланған әскеріне құр қолмен қандай қайран қылмақсыңдар? Құдай да күштіні жақтайды ма деймін кейде, босқа қырыласыңдар ғой, шырақтарым-ау.
Сыртқы есіктің қоңырауы шылдырайды. Дастарқан басындағылар үрпиісе қалады. Бір сәттік үнсіздік.
Талшын:/сыбырлай сөйлеп/ Е, Алла, жар бола гөр!… Бұ қайсысы тағы түн ішінде? Мен барып «глазоктен» сығалайын. Сендер дымдарыңды шығармаңдар…
Талшын: /аяғын ақырын басып, коридордың бойымен сыртқы есікке қарай беттейді. Сәлден соң қайтып оралады.Баймырзаға сыбырлап: Мәрия сылқым келіп тұрған. Маңдайын орамалмен таңып алыпты.
Баймырза: Орамалы несі?
Талшын: /жақтырмай/ Е, мен қайдан білейін…
Баймырза: Қой, аш не де болса. Өзінің шаруасымен жүрген шығар жай.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «ЛитРес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на ЛитРес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.