
Полная версия
Сөнбес сезім
Әрі қарай Күлтәйдің не айтып тұрғанын Медет ақсақал естіген жоқ. Ол кісі өзімен өзі болып, жүрегі тулап, бей-жай болып отыр. «Міне осы дауыс, менің Күлтәйімнің дауысы. Мен қалайша бірден танымадым екен? Ол мені танымағанға ұқсайды. Қайдан танысын, менің оған бала кезімнен ғашық болғанымды ол білмейді де ғой. Мен оған сырттай ғашық едім. Ол десе ішкен асымды жерге қоятынмын, оған ешкімді жақындатпайтынмын. Осы балалық алғашқы маһаббатым өмір бойы жүрегімде сақталып келді. Жүрегімнің бір бұрышынан орын алып «мен мұндамын» деп, лүпілдеп тұрғандай еді. Ол кезде он үш, он төрттегі боз баламын. Күлтәйлардың үйлерінің маңында үлкен қой тас жатушы еді. Сол қой тастың үстінде шошайып, «кеудесінде қызыл кәжекейі бар, шашын екіге бөліп бұрымдарына шолпы таққан қыз, шолпыларын сыңғырлатып қашан үйінен шығар екен, бір көріп қалсам-ау,» – деп отыратынмын. Бір күндері: «осы бала қашан көрсем де осы жерде отырады, анау қызыл жейде киген баланы айтамын, не қылса да біреуді күтіп отыр-ау, ә,» – деп Күлтәйдің апасының айтып жатқанын естіп қалдым. «Ол балада не шаруаң бар, отыра берсін, одан дағы дастарханыңды жай, мал да келетін уақыт болды,» – деген Күлтәйдің атасының дауысын естідім. Ол кезеңде балалар әкелерін «ата», аналарын «тәте» деуші еді. «Енді міне, сол Күлтәйім, қолым жетпеген менің арманым, алдымда, той иесіне тілектерін айтып, ағынан жарылып тұр.» – Медет ақсақал осылайша ойланып, толқып отырды.
– … Нүрилә, бақытты бол, тойың тойға ұласа берсін. Ал осы отырған қауымның әр отбасында осындай той-думан бола берсін. Бар жақсылықты тілеймін! – деп, сөзін аяқтаған Күлтәй апай орнына отырды. Сөз тыңдап отырған ел қошеметтеп шапалақтай ала жөнелді. Біреулер «енді ән салсын» деді.
– Дәриға деген әнші апайымыз бар екен, кәне апа, өз тілегіңізді айтып, артынан тамаша дауысыңызды естіртіңіз мына тойшыл қауымға – деп, асаба жігіт, тіл мен жағына сүйенген жігіт Дәриға апайға сөз берді.
Дәриға апай осы той иесінің құрдасы, бірге оқып, бірге өскен екен. Ол кісі тілегін айтып болған соң, жұртты көп күттірмей «Гаухартас» әнін шырқай жөнелді. Ұйып, тыңдап отырған жұрт өз жандарына тамаша әсер алды.
– Тағы да, тағы бір ән сұраймыз! – деп, отырған жұрт ду қол шапалақтады.
– Сіз біздің филармонияның әншісі емессіз бе осы? – деп асаба жігіт мейірімге толы көздерімен апайға қарады.
– Жоқ, мен өмір бойы мұғалім болып істедім, енді міне зейнеткермін.
– Айналайын қазағым, өнерлі ғой, қай қазақты алсаң да ол ақын, ол әнші, ол күйші. Ал енді мына әжелеріміздің қол өнерлеріне келетін болсақ, қолдарынан жарқырап тамаша ою-өрнектер шығады. Өнердің бәрі қазағымда десем жаңылмаймын. Ал енді, Дәриға апай, мына жұрт сізден тағы бір ән сұрап отыр, – деп асаба елдің өтінішін білдірді.
– Жалғыз мен ғана айта беремін бе, бәріміз қосылып Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін шырқайық. Мен бастайын, сіздер қостаңыздар, – деп Дәриға апай әнді бастап кетті. Шәмшінің әндерін кім білмейді, кім айтпайды? Отырған жұрттың бәрі қосылып шырқай жөнелді. Асаба жігіт әнді өрнектеп, екінші дауысын айтып, құлпыртып жіберді.
– Ал енді рұқсат болса, көршілерге кезек келді. Талай жылдан бері көрші болып, нанын бөлісіп жеген, Медет ақсақал сізден бастайық – деп, асаба мирофонды ол кісіге ұсынды.
– А, мен бе? – деп, қалың ойдың үстінде отырған Медет ақсақал селк ете түсті.
– Саған сөз берді, сөйле, – деп, жанында отырған Жамал апай сыбыр ете түсті.
Ақсақал орнынан тұрып бір-екі ауыз тілектерін айтып, «енді әрі қарай жолдасым сөйлесін» деп микрофонды әйеліне бере салды.
Сонымен, тілектер айтылды, ән шырқалды, той мәресіне жақындайын деді.
– Той бастар! – деп асаба жігіт қолындағы домбырасын қағып-қағып жіберіп, «Той бастар» әнін шырқай жөнелді. Қыз-келіншектер, әдемілеп ораған «Той бастарларын» дастарханға әкеліп қойды.
– Ал енді «Той бастар» айтпай, алдарыңызға әкеліп қойған табақтарды ашпайсыздар! Қазақтың осындай тамаша дәстүрін сыйлайық. Кімнен бастасақ болады, төрде отырған әжелер бастасын?! Әннің бәрі осы кісілерде, – асаба төрде отырған үлкен кісілерге жақындады.
Әжелер, жарықтықтар, шетінен суырып-салма ақындар, ел ішінде айтып жүрген той бастарды да, өз жандарынан суырып салып та шырқатты-ай кеп. Тіптен тоқтамайды. Сонымен, микрофонсыз-ақ бір ән екінші әнге жалғасып, жасы бар, үлкені бар бәрі «Той бастарларын» айтып, алдарында тұрғанды аша бастады.
– Ендігі сөзді осы той иесі болған Нүрилә апайымызға берейік, – деп, асаба микрофонды төрде отырған апайымызға берді.
– Балаларым, келіндерім, қыз-күйеуім, немерелер бәрің бері жақындаңдар! – деп апай отбасын өзінің жанына жинады. – Құдайға тәубә, осы балалардың әкесі Қайрат жарықтық көзін жұмып бақилық болса да, балаларым өсіп-өніп жатыр. Менің ендігі қызығым осыларда. Осылар қайда жүрсе де амандықтарын тілеймін. Осылардың арқасында ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, көйлегім көк, үйім жылы. Бұлардың әкесі де бір аунап жатқан шығар, жатқан жері жайлы болып, жаны жаннатта болсын деп тілеймін. Жаңа асаба бала «қай қазақты алсаң да ақын» деп айтып еді. Мен ақын емеспін, бірақ сонда да болса бір-екі шумағымды оқиын. Сөзім келісе ме, келіспейме, сыншы мына отырған өздеріңізсіздер, – деп, Нүрилә апай қалтасынан бір парақ қағазды алып шықты:
Аңқылдап алпысым да келіп қапты,Жиырма бесте көңілім менің әлі.Қартаймайды екен көңіл шіркін,Байқамадым ұлғайып қалғанымды.Кәрі деуші ек бала кезде қырық жасты,Адамның қылшылдаған екен кезі.Мойындап тұрмын міне артыма қарап,Менің бүгін алпысқа толғанымды.«Анасы бар адамдар қартаймайды», —Деп, халқым айтқан екен дана сөзді.Анам үшін әрдайым сәби болып,Ойламадым анам бар да көп нәрсені.Қандай үлкен дана сөз «АНА» деген,Бүкіл әлем тіршілігі анада екен!Мейірім, күш-қуат – бәрі анада,Жаңылмаймын, сарқылмас бұлақ десем.Келдіңдер мерей тойға міне бүгін,Көп сөйлеп бастарыңды ауыртпайын.Би билеп, ән шырқаңдар күліп-ойнап,Келмейді алпыс деген күнде ағайыным!Бас иіп айтайын мен рахметімді,Сыйлап келген өздеріңе бүгін мені.Осындай туыстарым, достарым бар,Мақтанышқа бүгін менің жаным толы! —– Денсаулықтарың мықты болып, әр отбасында осындай той бола берсін! – деп, Нүрилә апай сөзін аяқтады.
– Апай, өзіңіз ақын екенсіз ғой! Кәне, ду қол шапалақ! – деп асаба жігіт бәрін биге шақырды.
Тойдың қалай аяқталғанын онша сезбеген Медет ақсақал үйіне қарай жылжыды.
– Өзіңе не болған, көңіліңді көтеріп, жарқырап отырмадың ғой?! Анау Күлтәй деген әйелден көзіңді алмадың, – деп сөйлеп, Жамал апай да бір елі жанынан қалмай келе жатыр.
– Қойшы, не болса соны айтпай. Бәріне қарап отырдым ғой. Қан қысымым көтеріліп кетті ме, әйтеуір басымның ауырғаны басылмады. Одан дағы көп сөйлемей, үйге жүріп қан қысымымды өлше, – деп, Медет ақсақал өз жайын әйелінен жасырғандай болды.
– Басың ауырса барып дәріңді ішпедің бе, – деп Жамал апай да қояр емес.
Сонымен қойшы, тойдан кейін біраз уақыт өтті. Бір күндері Медет ақсақал бір нәрсені сылтауратып Нүрилә көршісінің үйіне барды. Нүрилә апай қоюлап шығарып, дәмдеп шай ішіп отыр екен.
– Аманбысың көрші, хал-жағдайың қалай? Тойдан кейін демалдың ба? – деп ақсақал көршісіне сұрақтарын жаудыртты.
– Рахмет, аманбыз, құдайға тәубә. Кел, менімен бірге шай іш. Өзім жалғыз шай іше ала алмай отыр едім, келгенің жақсы болды, – деп Нүрилә апай да бәйек болды. – Жамал қайда? – деп сөз арасында сұрап қояды.
– Жамал әлгі кішкентайды суға түсіріп жатыр. Ұл мен келін жұмыстарында. Менің саған айтар кішкене ғана бұйымтайым бар еді. Қалай айтарымды да, неден бастрымды да білмей отырмын.
Ана Жамал замандасыңа айтып қойма, ол түсінбей жүрер, – деп ақсақал ескерту жасады.
– Ол не бұйымтай еді? Сұрайын деп отырғаның адамның басы, аттың құны емес шығар? – деп, Нүрилә апай көршісіне қарап күлді.
– Мен айтайын, бірақ сен күлкіге айналдырма, – деп өтінді ақсақал – анау күні Күлтәй деген қызметтес құрбың келіп еді. Алдында оның әкесінің атын сұрап едім ғой өзіңнен, есіңде ме?
– Ия, ия есімде. Ол Күлтәйға не болыпты? – деп апай жұлып алғандай көршісіне қарады.
– Жо-жоқ, ештеме болған жоқ. Сол Күлтәй ма, жоқ басқа Күлтәй ма деп алдында сонша мән бермеп едім, анау күні көргенде өзін әзер таныдым. Бала кезімізде ауылда көрші, көрші болғанда да бір көшеде тұрып едік. Содан бері елу жылдан астам уақыт өтіпті. Ол, әрине мені таныған жоқ, тіптен шырамытқан да жоқ.
– Әрине, «елу жылда ел жаңа» деген сөз бар емес пе. Ол кезде бала болдыңдар, енді міне өстіңдер, өндіңдер, ұлғайдыңдар, біреуің кемпір, екіншің шал болдыңдар. Қайдан танысын ол, замандас-ау?! – деп апай көршісіне қарап қулана жымиды. Апайдың көздерінде бір от жалт-жұлт етіп сұрақ тұрды, – өзің сол кезде Күлтәйға ғашық болғаннан саумысың? – деп апай күліп жіберді.
– Күлме дедім ғой, күлетін болсаң айтпаймын. Оданда шайыңнан тағы құйып жібер, дәмді екен, – деп ақсақал қысыла сөйледі.
– Күлмеймін ғой, күлдіріп отырған өзіңсің. Алдымда бозбалаша қызарақтап отырсың, күлмей қайтейін енді, – деп, Нүрилә апай күлкісін тия алмады. Медет ақсақал өкпелеген сыңай білдіріп, томсырайып қалды.
– Жә-жә, күлмеймін, айта бер, – деп апай күлкісін тыйды.
– Күлкілеріңіз анау жақтан естіледі ғой, қандай қызықтар айтып отырсыздар, мен де күлейін?! – деп Гүлжән көрші кіріп келді.
– А, сенбісің, жоғарлат, шайға кел. Мына замандасым күлдіргі әңгіме айтып күлдіріп отыр.
– Ол не әңгіме, мен де күлейін, – деп, әр нәрсеге әуестік танытатын Гүлжан көршісі дастарханға жайғасты. Бұл кісі естіп қалғанын аяғына дейін естіп құмарын қандырмаса түн ұйқысынан айырылады.
– Е, немерелердің қылықтарын айтып күліп отырмыз ғой, одан басқа қандай әңгіме айтар дейсің. Жоқ әлде мені бір шалға айттырып келіп отыр деймісің? – деп апай күлді де қойды. Апайдың бұл сөзіне үшеуі де күлді.
– Ел ішіне мынандай бір күлдіргі әңгіме тарап кеткен екен. Айта отырайын, қызық болсын, – деп, елудің мол ішіне келген Гүлжан көрші алдымен өзі әбден күліп алды.
– Өзің ғана күлмей бізге де айтып күлсеңші, біз де күлейік те, – деді бұған қарап күліп отырған апай. Ал Медет ақсақал болса сөзін бөліп жіберген Гүлжан көршісіне, «әттеген-ай» дегендей томсырайа қарады.
– Баяғыда бір кемпірді баласы арқасына салып алып, айдаламен кетіп бара жатыпты. Күн ыстық, әлгі жігіт терлеп-тепшісе де шешесін арқасынан түсірмейді. Осылайша кетіп бара жатқандарында бір үлкен қария жолығып, «қайда барасыздар?» деп сұраған екен. Сонда кемпір:
– Мына жас жігіт менің кіші ұлым еді. Бармаймын десем болмай мені Меккеге апарамын деп, арқалап келе жатыр, – дейді кемпір қарияға.
– Апырай ә, Меккеге апарғанша қасыңа бір шалды отырғызып қоймады ма екен! – депті қария.
– Е, бала деген оны біле ме екен? – деген екен ұлының арқасында отырған кемпір.
Отырғандар бұл әңгімені естіп күліп жіберді.
– Нүрилә шырағым, шайыңа рахмет, үй жаққа барайын. Нағашы апаңның жиен ұлы келген соң биыл көмірдің жайы қалай болар екен, соны сұрай салшы?! Немесе кешке жақын өзім де кіріп шығармын. Сау болыңдар, – деп Медет көрші кетіп қалды.
– Ол көмірге не болыпты? Жылдағыдай аламыз ғой, осы кісі қызық өзі, – деді Гүлжан көрші тыныш отыра алмай.
– Былтырғы көмір нашар болды ғой, пешке салсаң болды ағаш сияқты жанып кетеді, еш қызуы жоқ. Сондықтан алдын-ала ойлап жүргені ғой, бір үйдің азаматы емес пе, – деп, Нүрилә апай Гүлжан көршісіне қарады.
Конец ознакомительного фрагмента.
Текст предоставлен ООО «ЛитРес».
Прочитайте эту книгу целиком, купив полную легальную версию на ЛитРес.
Безопасно оплатить книгу можно банковской картой Visa, MasterCard, Maestro, со счета мобильного телефона, с платежного терминала, в салоне МТС или Связной, через PayPal, WebMoney, Яндекс.Деньги, QIWI Кошелек, бонусными картами или другим удобным Вам способом.